«Қоғамдық сананы жаңғыртудың өзекті мәселелері»


Дәріс №10. Туған жер-мемлекет негізі



бет12/18
Дата24.10.2023
өлшемі1,38 Mb.
#188127
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   18
Байланысты:
« о амды сананы жа ыртуды зекті м селелері»

Дәріс №10. Туған жер-мемлекет негізі
Жоспар
1. «Туған жер» жобасы және оның мәні
2. «Туған жер» жобасының қосымша бағдарламалары
3. Өлкетану- елді тану

Туған жер - әр адам үшін қастерлі де қасиетті ұғым. Туған жерге, туған елге деген махаббат әр адамды алға жетелеп отырады. Кешегі өткен заманда ата – бабаларымыз мынау байтақ жеріміз үшін аянбай күресіп, тер төккен. Білектің күші, найзаның ұшымен жерімізге көз алартқан жаулардың әрдайым бетін қайтарып, тойтарыс беріп отырған. Одан бері де қилы замандар орын алса да, өз туған жеріне деген халқымыздың дүркін – дүркін көштері әр заманда да орын алып келеді. “Айшылық алыс жерлерден” ат арытып келгендегі басты себеп, ол – туған жерге деген мәңгілік сағыныш. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтылмаса керек. Әйгілі Бейбарыс баһадүр туған жерін сағынғанда, туған ұлысы – Дәшті-Қыпшақ даласынан алдырған бір түйір жусанды иіскеп, сағынышын басқан екен. Алыстан ата – жұртын аңсап келіп жатқан ағайындардың легі бұл күнде де жалғасын табуда. «Сақалын сипап дау шешкен» Орта жүздің биі, Қаз дауысты Қазыбек бабамыз: «Алтын ұяң – Отан қымбат... Туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат», - деп туған жердің қасиетін ерекше бағалап кеткен. Әр адам үшін өзінің туған жері ыстық. Әр адам үшін өз туған жерінен асқан жер жоқ. Ата – бабамыз аманаттап кеткен біздің жеріміз ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын Алтайдан Атырауға дейін, Алатаудан Арқаға дейін жалғасып жатқан кең байтақ атырап. Осынау ұлан – ғайыр даланы көзінің қарашығындай қорғау, шексіз сүю, әр тауы түгілі тасын да қастерлеу басты міндетіміз болып табылады. Әрине, қазақ баласы үшін байтақ жердің қай пұшпағы болса да ыстық қой. Дегенмен, кіндік қанын тамып, өсіп – өнген жерін саф алтыннан да қымбат


Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған.
Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.
Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады.
Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер.
Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.
Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.
Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі.
Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.
Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.
Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?
Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.
Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.
Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек.
Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс.
Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет.
Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек.
Бұл жерде де көп жұмыс бар.
Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жо¬ғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады.
Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады.
Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.
Төртіншіден, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек.
Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек.
Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.
Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі.
Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген.
Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз.
Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.
Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.
Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды.
Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек.
Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құн¬ды¬лықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.
Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.
Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз.
«Туған жер» жобасы жүзеге асырылған уақыттан бері 17 мектеп, 62 балабақша, 36 мәдениет нысаны, 23 денсаулық сақтау нысаны, 169 спорт нысаны, 32 балаларға арналған алаң салынды және 59 мектеп, 26 балабақша, 51 мәдениет нысаны, 43 спорт нысаны, 15 денсаулық сақтау нысаны қалпына келтірілді.
2018 жылдың І жартыжылдығында меценаттардың арқасында 43 нысан бой көтеріп, 1 нысан жаңғыртылды.
Республика бойынша жаңа инфрақұрылымдық нысандар іске қосылып, олардың жұмыс істеп тұрғандары жаңғырылды.
Ақмола облысында меценаттардың есебінен жас мамандарға арналған 2 үй салынып, 32 пәтерлі үш тұрғын үй, 3 мектепке дейінгі мекеме және 10 мектеп, 2 денсаулық сақтау нысаны жаңғыртылды және қалпына келтірілді, 2 ауылдық округ үшін жедел жәрдем автомобильдері сатып алынды, 5 мәдениет нысаны мен 9 спорт нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Қорғалжын мемлекеттік қорығының аумағында орнитология орталығы құрылды.
Ақтөбе облысында неке қию сарайы, «Аналарға тағзым» атты Қазақстандағы тұңғыш рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығы, Балаларға арналған шығармашылық академиясы, «Жұбановтар әлемі» өнер орталығы, Ойыл аулындағы «Мейірім» әлеуметтік үйі, 1 200 орынға арналған ерекше концерт залы бар СНПС-Ақтөбемұнайгаз компаниясынан өнер орталығы, Ақтөбе қаласындағы хоккей спорт-жаттықтыру кешені және облыс бойынша тағы басқа 11 спорттық нысан, жыл бойы жұмыс жасайтын балалар лагері, жазғы аквапарк, 4 балабақша, дәрігерлік пункт және 6 мәдени нысан пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, меценаттардың қаражаты есебінен Ақтөбе қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылысы басталды. Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен өңірдегі бірқатар мектеп, ауыл клубары және басқа да әлеуметтік нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді және әлеуметтік әлсіз топтарға жататын азаматтарға түрлі мереке кезінде әлеуметтік көмек көрсетті.
Алматы облысында «Рухани жаңғыру» мамандандырылған орталығының ғимараты, Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы, «Батыр бабалар» музейі, халықтың әлеуметтік әлсіз тобына арналған 37 үй, жылыжай кешені, 3 балабақша (120, 100 және 65 орынға арналған), түрлі спорттық және білім беру нысаны мен ауан деңгейіндегі жолдар салынды.
Сонымен қатар, Еңбекші ауданында қосымша білім беру орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Айтөбе ауылдық округінде мектеп құрылысы жүргізілуде.
Атырау облысында 6 балабақша, 4 балаларға арналған спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді, мәдениет және ардагерлер үйлері, «Атамекен» мен «Жеңіс» парктері, «Ырысты» спорт кешені және тағы басқа нысандар ашылды.
«Адай-Ата» тарихи мазарлар кешеніне көлік жолы төселді.
Шығыс Қазақстан облысынды оңалту орталығының, Өскеменде «Нұрлы жол» демалыс паркінің, 3 спорттық модульдің құрылысы қамтамасыз етілді, жалпы саны 14 балабақша салынды және қалпына келтірілді, 2 денсаулық сақтау мекемесі қажетті керек-жарақпен жабдықталды. «Менің мектебім» жобасы аясында меценаттар Назарбаев зияткерлік мектебі стандарты бойынша 277 толық жинақты мектеп жасақталып жатыр.
Сонымен қатар, Семей қаласында жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрайтын «№1 Восток стадионы» салынды. Оның ішінде, FIFA стандарты бойынша өлшемдерді сақтай отырып, жасанды көгалы бар футбол алаңы, шеңбер бойынша 450 метрлік жүгіру жолы бар.
Жамбыл облысында аз қамтылған отбасыларға арналған 9 үй, 7 спорт алаңы салынды және пайдалануға берілді, аудандық маңызы бар жолдардың жекелеген учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары тегін жатып оқитын Балалар интернаты салынды және алдағы уақытта Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне берілетін музей ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Батыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» музейі, 13 балалар алаңы, 16 спорт нысаны, ауыл клубы, фельдшерлік пункт, балабақша, Шыңғырлау өзені арқылы өтетін көпір салынды және демалыс саябағына қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Меценаттар қаражаты есебінен Ақсуат аулының орталық жолының жөндеу жұмыстары және Жанғала ауданының Бөрік аулында ауыл клубы салынды, сондай-ақ, Махамбет аулындағы спорт стадионы мен БҚО-ның бірқатар елді мекеніндегі басқа да 25 спорт нысандарының құрылысы қамтамасыз етілді.
Қарағанды облысында «Туған жер» аула клубы бар спорт кешені салынды, 5 балабақша аумағы абаттандырылды, 5 тұрғын үйдің алдыңғы беті жөнделіп, жас туристер станциясы салынды, жабдықтарды ауыстыру және дәрігерлік құрамға қосымша төлемдерді қаржыландырумен ауруханаға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қостанай облысында 100-ден аса білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт мекемелеріне жөндеу жүргізілді, 61 әдеуметтік нысанның материалдық-техникалық базасы жақсартылды, 18 балалар және спорт алаңдары құрылды, өлкетану музейі ашылды. Облыстың 8 ауданындағы мектептерде цифрлық технологиялар кабинеті ашылды.
Қызылорда облысында дәрігерлік пункт, жылыжай кешені, Қызылорда облысында заманауи рухани жаңару орталығы, «Аналар аллеясы», «Ардагерлер аллеясы», «Тағзым» алаңы салынды. «Мектебіме тағзым» акциясы аясында облыстағы 60 мектепте 44 млн теңгеге спорт алаңдары салынып, кабинеттер жасақталды.
Маңғыстау облысында Жаңаөзен қаласында гемодиалезді орталық, 500 орынға арналған аз қамтылған отбасыларға арналған жатақхана, сондай-ақ, демалыс паркі және басқа да спорт нысандары ашылды.
Павлодар облысында студенттер жатақханасы, балабақша салынып, 17 ауыл клубына жөндеу жұмыстары жүргізілді, ірі мультимедиялық-музейі кешені, 1200 орынға арналған концерт холл, жеңіл атлетикалық және футбол манежі, мұз аренасы, 50 метрлік жүзу бассейні және олимпиадалық резервті дайындау орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар нысандардың құрылысы мен жаңғыртуы қамтамасыз етілді: білім беру саласында 30 жоба, мәдениет саласында 12 жоба, әлеуметтік көмек саласында 5 жоба, спорт саласында 9 жоба, денсаулық сақтау саласында 4 жоба.
Оңтүстік Қазақстан облысында Шымкент қаласында рухани даму орталығы ашылып, Кентау қаласында және Қазығұрт ауданында балабақша құрылысы жүргізілуде, Халықаралық теннис орталығы, бокс залы ашылды. «Ажарлы үй – ырысты», «Табиғат – тіршілік нәрі» жобалары іске қосылып, аудандар мен қалаларда өткізілген «Тал күні» акциясы аясында 12 мың адамның қатысуымен 47,5 мың көшет және түрлі ағаш отырғызылды.
Алматы қаласында емхана, мектеп-гимназия, 4 балабақша, жеңіл атлетика стадионы, балаларға арналған спорт және велосипед алаңдары ашылды, 4+ көппәтерлі тұрғын үйдің алдыңғы аумағына жөндеу жүргізілді, 3 саябақ жаңғыртылып, Боралдай сақ қорғаны паркінің аумағында сақ дәуірінің қалпына келтірілген ғимараты ашылды, 2 мектеп салынып, пайдалануға берілді.
Астана қаласында заманауи экомешіт салынды, «Астана триатлон паркі», «Нұрал» спорт мектебі және мектептегі жабық футбол алыңының құрылысы жүргізілді.
«Туған жер» арнайы жобасының 11 базалық бағыты
1.«Тәрбие және білім»
2.«Атамекен»
3.«Рухани Қазына»
4.«Ақпарат толқыны»
5.«Өлкетану»
6.«Отаным – тағдырым»
7.«Саналы азамат»
8.«Кітап – білім бұлағы»
9.«Әлеуметтік бастамалар картасы»
10. «Жомарт Жүрек»
11. «Туған жер – туған ел»
Тарихты білу ең алдымен өзіңнің туған өлкеңді танудан басталады. Сондықтан, «өлкетану» дегеніміз – туған өлкені жан-жақты зерттеп білу болса, сол өлкені зерттеумен айналысатын адамды – «өлкетанушы» деп атаймыз. Өйткені, өлке тарихы ел тарихымен және белгілі бір өлкеде өмір сүретін халықтың ана тілімен тығыз байланысты. Демек, туып-өскен жерін, ана тілі мен салт-дәстүрін қастерлеп, құрмет тұту әрбір ел азаматының бұлжымас міндеттерінің бірі болып саналады. Туған өлке тарихын оқып үйренерде әрбір адам ең алдымен өзінің туып-өскен жерінің тарихи-географиялық орнын, алып жатқан жер аумағы мен табиғат жағдайларын білуі тиіс. Өйткені, отанымыздың әрбір ауданы мен түкпір-түкпірінде көптеген тарихи ескерткіштер бар. Ал, мұндай ескерткіштерді қамқорлыққа алып, күте білу және олардың сақталуын қадағалау біздің басты парызымыз.
Халық арасынан шыққан өлкетанушылар туған өлкелерінің тамаша білімпазы болған. Олар өздерінің тарихи-географиялық білімдерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Ерте замандардан өлкетанушылар өз халқының мәдениеті мен тарихын сақтап, өсіп келе жатқан ұрпақты отанға деген сүйіспеншілікке жетелеген. Сондай-ақ, қазақ халқы жер-су атаулары мен олардың қасиеттерін, ата-бабаларының көне қорымдары мен зираттарын қадірлеп, шежіреші адамдар мен көнекөз қарттарға аса үлкен құрмет көрсете білген. Ал, өлкетанушыларға көнекөз қариялардың берер көмегі зор. Өйткені, олар туған өлке тарихы, халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрі туралы қызықты жайттарды ауызша баяндап береді. Одан кейін өлкетанушылар нақты дәлелдер мен мысалдар келтіре отырып әрбір өлкенің тарихын жазып шығуға қол жеткізеді. Сондықтан, өлкетанушылар ең алдымен көне көз қариялармен сөйлесіп, дерек жинауы керек.
Өлкетанушылар көбінесе ауылдық жерлерден тарихтың ежелгі кезеңіне қатысты заттар мен бұйымдарды жиі тауып жатады. Сонымен қатар, бұл туралы археолог-ғалымдарға хабарлауды да ұмытпайды. Нәтижесінде, археологтар ол жерге қазба жұмыстарын жүргізіп, бұрын беймәлім болған ежелгі қоныстар мен қалашықтарды табады. Сөйтіп, мұндай жерлерден табылған тарихи ескерткіштер мен заттай деректер негізінде әрбір аймақта «өлкетану мұражайы» ашылады. Өлкетану мұражайына келген адамдар сол өлкенің тарихы және тыныс-тіршілігінен толық хабардар болып, өлке тарихына деген ризашылық сезіммен қайтары анық. Сондықтан, әрбір адамның өзінің туған жері жайлы жинаған мәліметтері өлкетану ғылымына қосылатын зор үлес болып табылары сөзсіз.
Өлкетану – тарих ғылымының археология, ономастика, мұрағаттану тәрізді салаларымен тығыз байланысты. Мәселен, әрбір өлкедегі жер-су аттары, ру-тайпа және адам есімдері бекерге қойылмайды, олардың әрқайсысының өз тарихы мен мән-мағынасы бар. Сондықтан, мұндай атаулардың тарихын зерттейтін ғылым саласын – «ономастика» деп атаймыз. Сондай-ақ, адамзат баласының даму үрдісінде тарихи география мен тарихи демографияның алатын орны ерекше. Оның бірінде, адамзат тарихының ежелгі кезеңдерден бері қарайғы дамуында қалыптасқан табиғи орта қарастырылатын болса, екіншісінде, әрбір тарихи кезеңдерге қатысты халықтардың саны, өсуі мен азаюы зерттеледі.
Сондай-ақ, өлке тарихын зерттеуде аса маңызды рөл атқарып, тың деректер негізінде құнды мәліметтер беретін бірден-бір орын – «мұрағат» болып табылады. Ал, мұрағаттарда көне заманнан бері жинақталған тарихи құжаттарға тыңғылықты әрі жүйелі түрде ғылыми зерттеу жүргізетін болса, тарих ғылымы үшін баға жетпес аса құнды мәліметтерге қол жеткізуге болады.
Бүгінгі жаһандану заманында әрбір жас үшін өз өлкесінің тарихын зерттеп білуден қастерлі ештеңе жоқ. Қазақ Елінде тұрақты тұратын, онда қызмет ететін әрбір азамат өзінің туған жерінің тарихын, онда мекендейтін халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін жақсы білуі тиіс. Туған өлкемізде бабаларымыздың бастан кешкен тыныс-тіршілігі, кешегі өткен дәуірдегі өмір соқпақтары, туған жер шежіресінің алтын қорына айналған тарихи деректер рухани жаңғыруымызға тың серпіліс беретіндігі сөзсіз.
Қазақстанда өлкетану патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлау мақсатында алдын ала арнайы әскери экспецидиялар шығарып, ғылыми-танымдық зерттеулер жүргізу шеңберінде енді. Ресей өкіметі 18 ғасырдың 2-жартысында қазақ жері, халқы, шаруашылығы және этнографиясы бойынша зерттеу жүргізу үшін алғашында Солтүстік және Батыс Қазақстан, кейінірек Орталық Қазақстан аумағына экспедициялар ұйымдастырды.
Қазақ өлкесін зерттеу жұмыстарына И.И. Лепехин, П.С. Паллас, П.И. Рычков, И.К. Кирилов, В.Н. Татищев, А.И. Левшин өз үлестерін қосты. Қазан төңкерісіне дейін 19 ғасырдада Қазақстанның ғылыми-танымдық Өлкетануында Орыс география қоғамының 1868 жылы құрылған Орынбор бөлімшесі жетекші орын алды. Бөлімше өлкенің географиясын, тарихын, этнографиясын, қазба байлықтарын және статистикасын зерттеумен айналысты. Бұл бөлімшемен қатар Торғай статистика комитеті мен Орынбор ғылыми архив комиссиясы (1887) ашылды. Бұл өлкеде атқарылған жұмыстарға Ы.Алтынсарин, С.Бабажанов, Б.Дауылбаев, Т.Сейдалин, С.Жантөрин, т.б. өз үлестерін қосты. Өлкетанудың тағы бір орталығы Орал қалысы болды. Онда Орал казактарының тарихы мен шаруашылығына, балық аулау кәсібі мен шаруалардың қоныстану мәселесіне көбірек көңіл бөлінді. Омбы қаласында жергілікті жерді зерттеушілер Ақмола статистика комитетінің жанындағы география қоғамның бөлімшесіне бірікті. Батыс Сібір Өлкетану қоғамдарына қазақтардан Ш.Уәлиханов, Ә.Бөкейханов, т.б. белсене қатысты. 19 ғасырдың аяғында Батыс Сібір география қоғамы бөлімінде саяси жер аударылғандар көп болды. Солтүстік Қазақстанды зерттеуде Өлкетану қоғамдары өлкенің тарихы, экономикасы, табиғи жағдайлары жөнінде едәуір материалдар жинап, жариялады. Өлкетанушылар этнография, жергілікті өсімдіктер және жануарлар дүниесі, минерология бойынша бай экспонаттар жинақталған жергілікті мұражай құрды. Бұл Қазақстанда ғана емес, бүкіл Сібірге де мәлім мұражайлардың бірі болатын. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан өңірін зерттеумен 1896 жылы Ташкент қаласында ұйымдастырылған Ресей география қоғамының Түркістан бөлімшесі, сондай-ақ ауыл шаруашылық қоғамы, Шығыс археологиясы мен тарихы үйірмесі белсенді айналысты. Қоғамдарда Е.Букин, Н.Жетпісбаев, Ә.Диваев, І.Қостанаев зерттеулер жүргізді. Жетісуға П.П. Семенов-Тян-Шанский, кейініректе А.Н. Краснов, А.Ф. Голубев, М.И. Венюков экспедициялық сапарлар жасады. Сонымен қатар 1896 жылдан жұмыс істей бастаған “Дала облыстарын зерттеу жөніндегі экспедиция” Ресейдің ішкі губернияларынан келетін шаруаларды қоныстандыру үшін өлкенің барлық уездерін табиғи-тарихи және шаруашылық-статистикалық жағынан зерттеуге баса көңіл бөлді. Ғылыми-танымдық материалдардың қорын жасауда, оларды жарыққа шығаруда облысы статистика комитеттері үлкен рөл атқарды. Қазақстанды басқару саласындағы әкімшілдік реформаларға байланысты 1886 жылы статистика комитеті “Қазақтардың заңдық ғұрыптарын зерттеуге арналған материалдарды” басып шығарды. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Қазақстанда Өлкетанудың тұрақты ғылым мекемелері мен ғылыми-зерттеу интернаттары, қорықтар ұйымдастырылды. Өлкетану бойынша Қазақстанды зерттеу қоғамы аясында және Кеңес өкіметінің Қызыл керуен, Қызыл отау шараларының негізінде көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл кезеңде негізінен Қазақстанның табиғи ресурстарын игеру, шикізаттың жаңа көздерін ашу, индустрияландыру, елдің бет-бейнесін түбірінен өзгерту, кеңестік шаруашылықтар мен мәдени құрылыс бағдарламасын іске асыру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазақстан Өлкетануында Қ.И. Сәтбаев, Ә.Х. Марғұлан, т.б. қомақты еңбектер атқарды. Бірқатар тұрақты және маусымдық экспедициялар Қазақстанның жер қойнауын, өсімдік, жануарларын, жалпы табиғатын кешенді зерттеу және тарихи-археологиялық қазба жұмыстарын жүргізумен қатар жергілікті халықтың мәдениетін, тілін, өнерін, ауыз әдебиеті үлгілерін жинастырумен де айналысты. 1973 жылы Кеңес Одағы жергілікті халықтар өлкесінің тарихын, экономикасын, мәдениетін, табиғатын зерттеп білуге қатысты арнайы Бүкілодақтық туристік экспедициялар ұйымдастырылды. Туристік-өлкетану үйірмелері жұмыс жасады. Өлкетанудың жергілікті орталықтары ретінде тарихи-өлкетану мұражайлары, мәдениет үйлері, түрлі үйірмелер құрылды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жергілікті жерлердегі Өлкетану мекемелерінің ісін жандандыру, бұрынғы жер-су атауларының шығу тегін зерттеп, қалпына келтіру, халыққа көп танымал емес бай мұраны жинастыру, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға алу ісі қолға алынды. Жергілікті жерлерде облыс, аудан Өлкетану мұражайлары жұмыс істейді. Қазақстанның әр өлкесіне арнайы ғылыми-зерттеу экспед-ицияларын ұйымдастыру да ілгері дамуда. Өлкетанудың өзіндік атқаратын 3 функциясы бар: бірінші фунцкциясы - педогогикалық, білім беру орталықтарында оқыту және тәрбиелеудің эффектісін жоғарылату үшін қолданылатын дидактикалық әдіс ретінде; екінші функциясы - оқытулық, ол өлкетануды элементарлы мектеп географиясын оқытудағы базалық курс ретінде қарастырады; үшінші функциясы - ғылыми, ол өлкетануды барлық әдістерімен бірге географиялық зерттеудің жүйелік құрамы ретінде қарастырады. Өлкетанулық зерттеулерді жүргізудің өзіндік әдістері бар. Олар: экономикалық, тарихи, географиядлық, әлеуметтік, картографиялық, модельдеу арқылы, статистикалық, визуальді (байқау), анкеталық және сипаттау әдісі.
Өлкетанудың төмендегідей түрлері бар: Мемлекеттік, қоғамдық, мектеп және тарихи өлкетану. Мемлекеттік өлкетану–арнайы органдардың қатынасымен мұражай жұмысын ұйымдастрыу, әкімшіліктердегі, кітапханалардағы, ғылыми-зерттеу институттарындағы мәдениет пен ғылымға байланысты бөлімдердің жұмыстары.
Қоғамдық өлкетану –қоғамдық өлкетанушылардың, туристердің, қоғамдық ұйымдардың жеке адамдардың күшімен ұйымдастырылады. Олар өлке ерекшеліктеріне байланысты, өлке тарихы мен онда өмір сүрген белгілі адамдардың өміріне байланысты деректер жинау т.б. жұмыстармае айналысады
Мектеп өлкетануы –мектептердегі оқу бағдарламалары және олардан тыс атқарылатын туған өлкеге қатысты жұмыстар бойынша білімді жетілдіруге, сондай-ақ әртүрлі туристік өлкетану шаралары барасында түрлі тәрбие беруге байланысты жұмыстар.
Тарихи өлкетану –ол белгілі бір ауданның, облыстың, өлкенің тарихын, ондағы болған оқиғаларды, тарихи архитектуралық ескеткіштер мен олардың ерекшеліктерін оқып-танысумен айналысады.
Өлкетанудың зерттеу нысандарын 4 топқа бөліп қарастыруға болады.
1.Өлкенің табиғатын, табиғи ерекшеліктерін, жеке компанеттердің (геология, жер бедері, ауа-райы, топырақ және өсімдік жамылғылары, жануарлар дүниесі т.б.) олардың өзгеру деңгейі мен сипатын, табиғатта жүретін үрдістерді зерттеу;
2.Өлкенің шаруашылығын, онда тұрып жатқан кәсіптік ерекшекліктерін анықтау;
3.Өлкенін және онда тұрып жатқан халықтарының тарихы жайлы деректер, экспонаттар жинау, көне қалалар қалдықтарын, тарихи ескерткіштерді оқып-тану және оларды халық тарихымен, тарихи кезеңдермен байланыстыру;
4.Халықтың этнографиялық немесе ұлттық ерекшеліктерін, демографиясын, топонимикасын зерттеу.
Сұрақтар:
1. Туған жер туралы пікіріңіз
2. «Қазақстанның киелі жерлерін атаңыз
3. Өлкетанудың зерттеу нысандарын неше топқа бөліп қарастыруға болады
Әдебиеттер:
1. Аташ Б.М. Арынов Ж. М. Қазақтың салт дәстүрі мен әдет ғұрпы. Қазақ журналы №9 156, қараша 2017 ж., 34-35 бб.
2. Джекебаева М. Еркіндік пен жауапкершіліктің өзара байланысы. Монография. – Алматы, Қазақ университеті, 2015. – 176 б.
3. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өр-кендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы // Жукешов Қ. Асанбекова Г. Адам. Қоғам. Құқық. – Алматы: Мектеп, 2005. – 204 б.
4. Әбдіқасымов Р., Бөлеев Қ., Бөлеева Л.Қ. Ұлттық тәлім-тәрбие. Дайындық курсының бағдарламасы. – Ж., 1993.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет