Дәріс №8.Рухани жаңғыру міндеттері мен жобалары
Жоспар
1.Рухани жаңғырудың таяу жылдардағы міндеттері
2.Жаңа жағдайда жаңғырудың нақты жобалары
Жаңғыру (модернизация) – «Модерн» сөзінен аударғанда заманауилықты, өркениеттік және әлеуметтік - мәдени сипатты иеленетін қоғамның жалпы құрылымының,қоғамдық қатынастар жүйесінің түгелдей өзгеруін білдіреді.
«Рухани Жаңғыру» - бұл Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ұлттық бірегейлікті сақтау, азаматтардың білімі мен мәдениетінің жоғары деңгейде болуын дәріптеу, санасының ашықтылығын, прагматизм, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қоғамдық сананы жаңғыртудыдың маңыздылығы, яғни бұл қасиеттер заманауи қазақстандықтардың алға қойған негізгі бағытын білдіреді. Рухани жаңғырудың жалпы міндеті: Қоғамдық қатынастардың әлеуметтік және мәдени саласының өзгеруі (еңбек этикасы, құндылықтардың дәстүрлі жүйесі, өмір салты, тұтынушылық мәдениет, халықтың әлеуметтік өмір салтының жаңа формаларына деген сезімталдығы және т.б.).
Қазақ елі Тәуелсіздіктің 27 жылында – адамзат өркениетіндегі ғаламат жаһандық өзгерістер дәуіріндегі біздің халқымыздың мықты мемлекет құру және бақуатты өмірге жету жолындағы күресі нәтижесінде ұлттық мемлекеті, тиімді нарықтық экономикасы, демократиялық қоғамдық құрылысы мен халықаралық жоғары беделі бар заманауи мемлекетке айналды. « Осының бәрі – Қазақстанды түбегейлі жаңғыртудың күрделі де қарқынды процесі, ескі қағидаларды қиратқан батыл реформалар мен инновациялардың нәтижесі» -дейді Н.Ә. Назарбаев.
Әлемде қандай дағдарыс болса да мемлекетіміздің саяси-әлеуметтік басым бағыттары тұрақты күйінде қалуы керек болды, олар білім беру мен медицинаның жоғары сапасы, еңбекпен қамту және қазақстандықтардың бақуатты тұрмысы. Бұл халықтың рухани тұрғыдан жаңғыруына әсер ететін бірден – бір факторлардың бірі.
Қазірде Қазақстанның алдында әлемнің дамыған отыз мемлекетінің арасынан орын алып және халқымыздың тұрмысын әлемдік деңгейге көтеруді көздейді.
Президентіміз бір мақсатқа жеткеннен кейін өзін де, xалықты да келесі міндеттерге жұмылдырып отырады. 1997 жылы "Қазақстан - 2030" стратегиясын іске асыруға кірістік, осы құжаттың мақсат-міндеттерін алдын ала орындап, "Қазақстан - 2050" стратегиясына бет алдық. Енді, Қазақстанның үшінші жаңғыруына арналған үлкен бастаманы қолға алып отырмыз.
2017 жылы 12 сәуірде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында үшінші модернизация стратегиясын жариялады.
Бірінші модернизация 1990 жылдың басында Кеңес одағы ыдырап, жаңа егеменді мемлекет Қазақстан Республикасы құрылған кезде болды. Алайда Қазақстан экономикасының жағдайы мүшкіл болды. Сол кезде жоспарлық экономикадан нарықтық экономикаға көшті, мемлекет экономикалық, әлеуметтік және саяси-қоғамдық салаларда «үшжақты байланысты» жүзеге асырды. Тоқсаныншы жылдардың басында мемлекет жаңа саяси жүйені, нарықтық қатынастардың тетіктерін қалыптастырып, құқықтық мемлекетті құру жолында жұмыстар жасады, қоғамдағы ұлттық және діни келісімді нықтап орнықтырды, әлемді мойындатты.
Екінші модернизация стратегиясы – 1997 жылы « Қазақстан 2030» -даму стратегиясын қабылдаған уақытта алдымызға нақты жоспарлар мен мақсаттар қойылған болатын. Мақсат орындалып бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосылдық. Экономиканымыз қарқырқынды түрде өсіп, мемлекеттік институттардың заманауи жүйесін мен орта тапты қалыптастырып, халықтың әл ауқаты жақсарды. Осы кезеңде жаңа астанамыз салынды, халықаралық саясатта беделімізді нығайттық.
Үшінші модернизация алға қойған 2050 мақсатына үлкен көпір жасау, модернизация арқылы сол мақсатқа жету жолы деп түсінеміз.
Үшінші модернизациядағы ең маңыздысы – рухани жаңғыру. Бұл – біздің сана-сезіміміздің, мінез-құлқымыздың, жүріс-тұрысымыздың өзгеруі. Біріншіден - сананы өзгерту керек. Рухани жаңғыру – бұқаралық сананы өзгерту болашаққа арналған өте қиын жоба. Жоғары білімді, кәсіби деңгейімізді, біліктілігімізді арттыруымыз керек. Осы үш жаңғырудың жалпы мазмұны мен алгоритмі біртұтас жаңғыру және даму процесін түзеді. «Рухани жаңғыру тек бүгін басталған жұмыс емес.
Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқарылды және атқарылу үстінде. 2004 жылғы Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шартарапқа шашылған рухани құндылықтарымызды түгендеу, жоғалғанымызды тауып, қирағанымызды қалпына келтіру мақсатында нақты тапсырмалар берілді. Осы орайда ғалымдар, әдебиет пен мәдениет саласының мамандары шетелдердегі қазақ тарихына қатысы бар мәдени, рухани құндылықтарымыз – археологиялық, жазба деректеріміз жинақталып том-том кітаптарға топтастырылды.
Қазақ тарихына қатысты қытай, монғол, иран, араб, түрік мұрағаттарындағы, әлемнің басқа елдеріндегі қорлар мен кітапханаларындағы құжаттардың 500 мыңға тарта көшірмесі алынып, ғылыми айналымға түсті. Тарихқа байланысты 537 кітап бір жарым миллионнан астам тиражбен шығарылды, сонымен қатар энциклопедиялық сөздіктерге байланысты қайталанбас сериялар кездеседі Қазақ халқының тарихында бірінші рет 100 томдық «Бабалар сөзі», «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі», «Қазақтың 50 батырлар жыры» атты жобалар жүзеге асырылды. Қазақстан аумағындағы 37 көне қала зерттеліп, 113 тарихи-мәдени ескерткіштерге жаңғырту жұмыстарын жүргізді. «Қазақфильм» киностудиясы ұлттық мәдениеттің маңызды мұралары туралы 20 деректі фильм түсірген. Қорыта айтқанда, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұлттық мәдениетті, тағылымды тарихты дәріптеу – бүгінгінің еншісі, ол қоғам мен мемлекеттің мәдени құндылықтарды сақтап, көбейту жолындағы қамқорлық, ғаламдану жағдайына бейімделу моделінің өзіндік үлгісі болып табылады.
Алайда, бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар тек бір кезеңмен бітіп, тоқталып қалмауы керек, асыл қазынамызды зерттеп зерделеуді болашақта ары қарай жалғастыра отырып, тарихи шындықты ашуға халқымыздың шын тарихын ұрпақтың санасына жеткізуде даңғыл жол болар еді. Ал дамыған елдердің қатарын толыстыру үшін біз жан-жақты дамуға тиіспіз.
Жаһандану кеңістігінде ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді оның тұнып жатқан асыл маржандарын толықтай жинақтап қазіргі жас буынға жеткізу парызымыз. Міне 2004 жылғы Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалған рухани және материалдық мәдениетіміздегі жетістіктеріміздің жалғасы 2017 жылы 12 сәуірде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ары қарай өрбіту әрқашанда ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып отыруға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп қолға алын отыр.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы екі компоненттен тұрады – тұжырымдамалық және тәжірибелік.
Бірінші тұжырымдамалық компонентінде «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» тарауында әрбір қазақстандықтың жаңғыруындағы алты бағыты талданған.
Бірінші – бәсекеге қабілеттілік ол - компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық.
Екінші – прагматизм - шынайы мақсаттардыжету, ысырапшылыққа жол бермеу, білімді бірінші қатарға қою, салауатты өмір сүру және кәсіби табыстарға жету.
Үшінші – ұлттық бірегейлік - ұлттық рухты сақтауды және нығайту .
Төртінші – білім – табыстың іргелі факторы.
Бесінші – революциялық емес, эволюциялық даму - бұл ұлттың өркендеуіне мүмкіндік береді.
Алтыншы – сананың ашықтығының тетігі мен шарты – жаппай ағылшын тілін білу, яғни әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар болу.
Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы екінші тәжірибелік компоненті аясында біздің алдымызға таяу жылдарда нақты міндеттер мен жобалар ұсынды.
Рухани жаңғырудың таяу жылдарға арналған міндеттер мен жобалар:
1) бейімделу кезеңінде кириллицаны қатар қолдана отырып, қазақ тілін латын қарпіне кезең-кезеңімен көшіру;
2) «әлемнің 100 үздік оқулығы» жобасын іске асыру арқылы әлеуметтік және гуманитарлық білімге назар аудару – жаһандық ауқымдағы білім саласында бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлауға арналған платформаны қамтамасыз етеді;
3) өлкетанулық негізде ұйымдастырылған «Туған жер» бағдарламасы арқылы патриотизмді қалыптастыру;
4) жаһандық әлемде заманауи қазақстандық мәдениетті ілгерілету;
5) «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек.
6) «Қазақстанның жаңа 100 тұлғасы» жобасы азаматтарға елдің дамуына салмақты үлес қосқан Тәуелсіздіктің шынайы замандастарының тарихын таныстыруға мүмкіндік береді.
Біртұтас Ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғыртуды мақсат еткен идея тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды жоба болып отыр. Тәуелсіздік алған бірінші күннен бастап мемлекеттік бағдарламалардың бәрі экономиканы, әлеуметтік және саяси салаларды дамытуға негізделсе, «Рухани жаңғыру» тұтас бір халықтың тұрмыс-тіршілігін, болмысын, салт-дәстүрін жаңғыртпақ.
Президент мақаласынан кейін Елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия құрылып Комиссия құрамына саясаткерлерден бөлек танымал сарапшылар, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері енгізілген болатын. Комиссияның негізгі мақсаты Елбасы мақаласындағы 6 басым бағыттың жүзеге асуын қамтамасыз ету.
Бұл ұзақ мерзімді жоба, оны жүзеге асыруда асығыстық танытпауды, науқаншыл көп бағдарламаның бірі болып қалмауы керек екенін Елбасы атап айтты.
Елбасы Рухани жаңғыру аясында біздің алдымызға таяу жылдарда нақты міндеттер қойып отыр:
Соның бірі қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстары.
Елбасы бұл мәселеге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындық жүргізіліп жатқандығын атап көрсетті.
Н.Ә. Назарбаевтың 2007 жылдың 27 ақпанындағы “Жаңа әлемге жаңа Қазақстан” атты жолдауында еліміздегі қазақ жазуын латын әрібіне көшу қажеттігін атап корсеткен. Қазақ жазуын латын әрпіне көшірудің концепциясы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында айқындалған болатын.
Н.Ә. Назарбаев 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдеген болатын. 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз –деп атап көрсеткен.
Латын әліпбиіне көшу жөнінде Президент тапсырмасымен Ұлттық комиссия құрылды. Комиссия төрағасы - Бақытжан Сағынтаев, төрағаның орынбасары болып - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Досаев сайланды. Сонымен қатар ҚР Президенті Әкімшілігінің, «Нұр Отан» партиясының, ҚР Парламентінің, Жоғарғы оқу орындарының, БАҚ, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, белгілі ғалымдар және қоғам қайраткерлері тартылды.
Ұлттық комиссия Үкіметтің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады, оның негізгі мақсаты — қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ұсыныстар әзірлеп бекіту, жұмыс барысын үйлестіру және оның сапалы орындалуына бақылау жасау. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан РеспубликасыныңМәдениет және спорт министрлігі болып табылады.
2017 жылдың 9 қазанында қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру жобасы ұсынылды. Осы жылдың26 қазанда Қазақстан Республикасының Президентінің жарлығымен қазақ тілінің жаңа латын әліпбиі бекітілді және бұл алфавит ресми түрде мақұлданды. 2018 жылғы 19 ақпанда осы қаулыға түзетулер енгізілді. Әліпби 32 әріптен тұрады. 2017-2025 жылдары жаңа әліпбиге көшу жоспарланған.
Қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін біртіндеп кезең-кезеңмен көшіру көзделген. Бірінші кезең: 2018-2020 жылдарды, екінші кезең: 2021-2023 жылдарды, үшінші кезең: 2024-2025 жылдарды қамтиды.
Комиссия Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді жүзеге асыру үшін төрт арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдаған.
Біріншісі -орфографиялық (қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде орфография мен орфоэпия ережелерін дайындау үшін).
Екіншісі — әдістемелік (латын әліпбиін үйрету және оқыту әдістемесін жасап, оны білім беру жүйесіне біртіндеп енгізу үшін).
Үшіншісі — терминжасам (латын графикасының негізінде қазақ тілінің терминологиялық базасын жүйелеу үшін).
Төртіншісі — сараптамалық-техникалық (латын графикасын ІТ-технология талаптарына сәйкес келтіру үшін). Жұмыс топтарына тіл білімі саласының кәсіби мамандары да тартылатындығы айтылған.
Дегенмен қазақ жазуын латын графикасына көшіру Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін нығайта түседі. Жалпы, әлем елдерінің жартысынан астамы, оның ішінде дамыған мемлекеттер де латын әліпбиін пайдаланады. Қазақстанда қазір мемлекеттік тілден бөлек ағылшын тіліне басымдық беріліп отырғандықтан, біздің әліпбиді де кириллицадан латын қарпіне ауыстыру заман талабы болып отыр.
Латыншаға көшудің терең логикасы - бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сонымен қатар ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты.
Осы Латын әліпбиіне қатысты мәселелер қазіргі таңда халық арасында талқылауға алынып, түрлі ой-пікірлер, ұсыныстар айтылуда.
Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз:
Біріншіден - тіл тазалығы. Тілімізді қазіргі жат дыбыстардан тазарту, оны таңбалайтын әріптерді қысқарту арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.
Екіншіден - қазақ тілін оқыту барысында басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарады.
Үшіншіден - латын әліпбиіне көшу арқылы қазақ тілі халықаралық дәрежеге көтеріледі, компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне еркін қатысады.
Төртіншіден - түбі бір түркі халықтарының барлығы, негізінен, латынды қолданады. Сондықтан біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынастаешқандай қыйындық тумайды.
Қорыта айтқанда латын әліпбиіне көшу қазіргі заманның талабы.
Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында 100 оқулықты қазақ тіліне аудару жоспарланған.
Кітаптарды қазақ тіліне аударумен айналысатын жұмыс тобы құрылған, құрамында ЖОО мен ҒЗИ ғалымдары және танымал қоғам қайраткерлері бар. Аударма жұмыстарымен айналысу үшін Wikibilim қоғамдық қорының базасында «Ұлттық аударма бюросы» құрылған. Оның кеңселері Астана мен Алматыдан ашылып, жұмысшылары толықтай бекітілген. Қазіргі таңда аударма жұмыстарын бастап кеткен.
Жұмыс тобының жоспарына сәйкес, оқулықтар төмендегідей шарттар мен белгілері бойынша іріктеледі:
Оқулықтар гуманитарлық бағыттағы болуы шарт: тарих, философия, мәдениеттану, филология, саясаттану, әлеуметтану, психология, педагогикаға байланысты болуы керек
Оқулықтар әлемдегі ең үздік 100 Жоғарғы оқу орындарында кең қолданыста болуы тиіс.
Оқулықтар міндетті түрде Ғылымда маңыздылығы ерекше, уақыты 2014 жылдан ерте болмауы және бірнеше рет басылып шыққан болуы керек.
Бұл бағдарлама арқылы қандай жетістіктерге қол жеткізетінімізді Елбасы атап көрсетті:
Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз. Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз.
Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады.
Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды.
Қазіргі уақытта алғашқы 18 кітап оқу құралы жарыққа шықты. Оқулықтар философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, экономика, менеджмент, дінтану, антропология, журналистика бағыттары бойынша аударылған. Әр оқулық 10000 данадан басылып шықты. ЖОО кітапханаларына таратылып, оқу жүйесінде пайдаланылуда.
Олардың тізімі:
1) Энтони Кенни, «Антика философиясы».
2) Энтони Кенни, «Орта ғасыр философиясы».
3) Дерек Джонстон, «Философияның қысқаша тарихы».
4) Реми Хесс, «Философияның таңдаулы 25 кітабы».
5) Карен Армстронг, «Құдайтану баяны».
6) Дэвид Бринкерхофф, «Әлеуметтану негіздері».
7) Джордж Ритцер, Джеффри Степницки, «Әлеуметтану теориясы».
8) Эллиот Аронсон, «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе».
9) Дуэйн және Сидней Шульцтер, «Қазіргі психология тарихы»,
10) Дэвид Майерс, «Әлеуметтік психология».
11) Грегори Менкью, «Экономикс».
12) Дональд Куратко, «Кәсіпкерлік: теория, практика, процесс».
13) Рикки Гриффин, «Менеджмент».
14) Ли Энн Пек, Гай А. Рил, «Медиаэтика».
15) Виктория Фромкин, «Тіл біліміне кіріспе».
16) Светлана Тер-Минасова, «Тіл және мәдениетаралық коммуникация».
17) Алан Барнард, «Антропология тарихы мен теориясы».
18) Клаус Шваб, «Төртінші индустриялық революция»
Елбасы өз мақаласында «Туған жер» жобасының маңызын былайша түсіндіреді: «Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.
Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек».
«Туған жер» жобасының басты мақсаты – ауыл-аймақтардағы мәдени, рухани өмірді жандандырып, ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыру. Сонымен қатар елімізге танымал азаматтар, кәсіпкерлер, депутаттар мен қоғам қайраткерлері, эстрада жұлдыздары өз туған жеріне, ауылдарына барып, игілікті іспен, қайырымдылықпен айналысуы тиіс. Олар туған жерлеріне барып мектеп пен ауруханаларды заманауи технологиялармен жабдықтауға көмектерін көрсете бастады. Көгалдандыру, өзен аңғарларын және қоқыстарды тазарту, тағы сол сияқты жұмыстар «Туған жер» бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатыр.
«Туған жер» жобасын жүзеге асыру үшін:
біріншіден, адамның өзі туып-өскен жерімен байланысын нығайту керек;
Екіншіден, елімізде қайырымдылық мәдениетін жетілдіру және жауапты әлеуметтік іс-қимылдар арқылы мемлекеттік қолдау көрсету шараларын дамыту.
Үшіншіден, ғылыми-білім беру және инфрақұрылымдық қолдауды қамтамасыз ету – тарихты, географияны, туған өлке нысандарын зерттеу және оның көркейтілуі.
Туған жер дегенміз - ол сенің кіндік қаның тамған жер. Туған жеріңді сүю, бағалау, тарихын білу, онымен мақтану әрбір азаматтың парызы. «Туған жер» бағдарламасы біртіндеп келіп, «Туған ел» бағдарламасына айналуы тиіс.
Жұмыс тобының жетекшісі Е.Б. Сыдықов Информ кз порталына берген сұхбатында «Туған жер» бағдарламасының жұмыс жоспарын 4 бағытта бекіткендігін атап көрсетті.
Бірінші бағытта туған жерге деген сүйіспеншілікті тәрбие және білім арқылы қалыптастыру жүргізіледі. Арнайы кітаптар шығарылып, тарих пәндеріне үлкен өзгерістер енгізіледі.
Екіншісі - «Атамекен» деп аталады. Оның аясында ауылдан шыққан азаматтардың, кәсіпкерлердің туған жерлерін ұмытпай келіп, көмектесуі көзделеді.
Үшінші бағыт - Рухани қазына деп аталады. Бұл бағытта әр ауылдың төңірегіндегі қасиеттер жерлер, танымал адамдар тарихы зерделенеді.
Төртінші бағыт - ақпарат толқыны. Бұл бағытта «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысын БАҚ арқылы ақпараттандыру және қоғамда жаңаша ой-өріс, парасат-пайым қалыптастыру көзделеді.
Жұмыс осы төрт бағыт аясында кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу – ұлттық санамыздағы қастерлі ұғым. Туған жерге еңбегімен елеулі болған азаматтар елге қызмет етудің бірегей жолы – адал еңбек деп біледі.
Елжандылықтың тамыры кіндік қаны тамған жерді, өскен өлкені сүю, оған құрмет көрсете білу. Ұлттық болмыс пен жаһандану үдерісінде қазақ халқының ұлттық танымына арқау болған құндылықтарды насихаттау – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы.
Туған жердің әрбір азаматы қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, атамекен – алтын бесігін естен шығармайды және оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні сөзсіз. Өйткені, азамат бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды абзал қасиеттер ана сүті, әке қаны, туған жердің топырағынан дариды.
Бүгінде «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ мәдениетінің үздік туындыларымен әлемдік қауымтастықты таныстыру үшін жағдайлар жасалып жатыр. Бұл отандық шығармашылық зиялыларына үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.
«Жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет» атты жоба бойынша Үкімет жұмыс тобын құрып мәдени туындыларды іріктеу бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүйелеген. Негізгі мақсат - барлық шығармашылық орталық өкілдерінің басын қосу болса, ал міндет - Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тілінде қазақ тілі, әдебиеті, мәдениеті, өнер, театр, кино саласы бойынша үздік туындыларды халықаралық деңгейге шығару. Мәдениеттің үздік үлгілерін төмендегідей критерийлер арқылы анықтайтын болады:
Біріншіден – туынды Қазақстан тәуелсіздік алған уақытта жарыққа шыққан болуы шарт
Екіншіден - халық мойындаған, танылған авторлар болуы керек.
Үшіншіден - жарық көрген шығарма (кітап, фильмография, театр қойылымы, көрмелерге қатысу т.б.) қоғамда танымал болуы тиіс.
Төртіншіден - туынды жаңашылдығымен, бірегейлігімен, зияткерлігімен, образдылығымен, ұлттық болмысымен ерекшеленуі тиіс.
Бесіншіден - туынды жоғары кәсіби деңгейге, мәдени, әдеби талғамға, сахналық мәдениетке сай болуы қажет.
Алтыншыдан - туынды зорлық-зомбылықты, діни араздықты, нашақорлықты насихаттамауы тиіс.
Жетіншіден - іріктеу кезінде Қазақстан аумағында тұратын барлық мәдениет өкілдері, ұлттық палитра ескерілуі қажет.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша бүгінде үздік туындылардың тізімі жасалған. Олар:
әдебиет саласындағы - 216,
театр, кино және хореография жанрындағы - 48,
өнер саласы бойынша - 182
музыка саласы бойынша 200-ден астам шығарма енгізілді.
Іріктеу нәтижесінде туындылар авторлардың мемлекеттік, қоғамдық және халықаралық сыйлықтарға ие болуы, халықаралық фестивальдер мен өзге де шетелдік конкурстарға қатысуы сияқты еңбектері ескерілген.
Ұлттық діңгегіміз рухани құндылықтарды қорғаудан басталады, сондықтан мәдени-тарихи қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудамыз. Біз ЭКСПО көрмесі аясында Дүниежүзілік «Астана» театрлар фестивалі, Пласидо Домингоның «Опералия» халықаралық байқауы, «Сахнадан сәлем» халықаралық театр фестивалі, «Еуразия» кинофестивалі тәрізді ірі жобаларды халықаралық деңгейде өткізілді. Қазақ мәдениетін, ұлттық құндылықтарды әлем жұртшылығына паш етудің жаңа үлгісі дегеніміз міне осы. Сонымен қатар Қазақстанның әлемдік деңгейді бағындырған жекелеген өз тұлғалары да аз емес. Солардың бірі әсем үнімен әлемді дүр сілкіндірген әнші Димаш Құдайбергенов. Бізде әлем мойындайтын жастар тұлғалар жетерлік, оларды үлкен сахнаға баулып, қолдау көрсету керек. Елбасының рухани жаңғырудағы алға қойып отырған тапсырмасы да соған негізделген – кез келген адам өсіп-өркендеу үшін заман ағымына ілесіп, үнемі жаңарып, жақсы қасиеттерін жетілдіріп отыруы қажет.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі» тарихи-мәдени мұралар ескерткіштерін жүйелеу жұмыстарын барынша сапалы жүргізу мақсатында «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы 2017 жылғы 15 мамырда құрылған. Орталықтың міндетінің бірі - жобаларды сараптау-әдістемелік сүйемелдеу. Негізінен киелі жерлер мынадай өлшемдер негізінде: табиғи ландшафты нысандар, археологиялық және сәулет ескерткіштері, ғибадат орындары саналатын діни нысандар, тарихи тұлғалармен, саяси оқиғалармен байланысты киелі орындар болып бөлінді.
Орталықта 40 ғалым мен қоғам қайраткерлерінен құралған ғылыми-сарапшылар кеңесі жұмыс істейді. Әр облыс ұсынған киелі жерлердің тізімін осы кеңес мүшелері іріктеп, негізгі тізімді әзірлейтін болады.
Далалық зерттеу жұмыстарын 6 бағытта жүргізу ұсынылған:
1. Солтүстік Қазақстан - Қостанай, Петропавл, Көкшетау;
2. Оңтүстік Қазақстан - Қызылорда, Шымкент, Тараз;
3. Қарағанды облысы - Қарағанды, Жезқазған;
4. Шығыс Қазақстан - Павлодар, Семей, Өскемен;
5. Батыс Қазақстан - Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе;
6. Алматы облысы - Алматы, Талдықорған.
Осы алты бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін археолог, этнограф, мәдениеттанушы, өлкетанушылардан және өзге де ғалымдардан құралған этномәдени-ғылыми экспедициялар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда жалпыұлттық маңызы бар 100, жергілікті маңызы бар 500 киелі жердің Тізімдері жасалып жүйеленген. Қазақстанның киелі жерлерінің картасына таңдалып алынған 100 қасиетті орындар тізіміне Қызылорда облыс бойынша 12 ескерткіш -оның ішінде сақтардың астанасы болған Шірік Рабат және ортағасырлық Жент, Жанкет қалалары мен қатар қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қаласы да бар. Сонымен қатар тарихи ескерткіштер Қорқыт ата, Оқшы ата, Қорасан ата, Бегім анамен қатар батырлар ескеркіштері де бар. Ал Шығыс Қазақстан облысы бойынша Берел мен Шілікті қорғандары мен будда монастрі т.б. 40 –қа жуық ескерткіштер бар. Ақмола облысы бойынша 36 тарихи нысан енгізілді.
Осы орталықтың ғылыми –зерттеу жұмыстарының нәтижесін көрсететін 2 кітап бсылып шықты. Бірінші еңбек «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» атты кітап үш тілде 1000 данамен жарыққа шықты. Онда 100 киелі нысан «Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері», «Археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар», «Діни және ғибадат орталықтары», «Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар», «Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар» болып бес топқа жіктеледі.
Екінші еңбек «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітабы 1000 данамен екі тілде жарық көрді. Бұл еңбекті әзірлеуде ғалымдар ел өңірлеріне экспедиция жасап, жергілікті маңызы бар нысандар тарихымен жете танысқан және 500-ге жуық нысанды жинаққа енгізген.
«Қазақта назардан тыс қалмаған елеулі орындарды киелі, қастерлі, қасиетті, әулиелі деген бірнеше атпен атайды. Біздің тізімге енген барлық нысанды киелі деп атауға болмайды. Мәселен, Алматы мен Астанада Қазақ елі монументі, Бәйтерек, Республика алаңы, Желтоқсан ескерткіші сынды елдің бірлігін көрсететін ескерткіштер бар. Оларды киелі деп айтуға келмейтін шығар, бірақ біз үшін маңызды құндылық болғандықтан, бұл нысандар жинаққа еніп отыр. Одан бөлек, тізімге тарихи тұлғаларға қатысты, саяси оқиғаларға қатысты орындар еніп отыр. Сондықтан, жалпы азаматтық тұрғыда, мемлекеттік мүдде тұрғысынан «Қасиет» сөзі барлығын қамтып тұр деп есептейміз», - деп түсіндіреді орталық басшысы Берік Әбдіғалиұлы..
Қазақстанның жалпыұлттық және өңірлік қасиетті орындарының толық тізімі енген бұл жинақтар алғаш рет жарыққа шығып отыр. «Біздің басты міндетіміз - Қазақстандағы қасиетті орындар тізімін жасау ғана емес, бұл нысандарды рухани құндылықтардың картасына айналдыру. Кез келген қазақстандық еліміздің батысы мен шығысындағы, оңтүстігі мен солтүстігіндегі қасиетті жерлерді бірдей білуі керек, осылайша қасиетті орындар арқылы тарихты жүйелі түрде біледі, еліміздің біртұтас тарихын білу ұлттық бірегейлікке жетелейді», - дейді орталық жетекшісі.
Сондай-ақ, аталған жоба аясында Қазақстан өлкетанушыларының «Туған жер» деген бірлестігі де құрылып отыр. Олар киелі орындарда далалық зерттеу жұмыстарымен айналысуға атсалысып, ғалымдарға қажетті ақыл-кеңестерін берумен айналысатын болады.
Қазақстандағы 100 жаңа есім
Президент Н.Ә. Назарбаев 100 жаңа есімге бұрынғы өткен батырларымыз бен би-шешен, жырауларымыз туралы емес, қазіргі таңдағы замандастарымыздың жетістіктеріне олардың тарихына назар аударуды ұсынып отыр. Бұл идея «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырылды. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен еліміздің әр өңірінде тұратын әртүрлі жастағы барлық этнос өкілдерінің тарихына негізделген болатын. Олар егеменді еліміздің дамуына өз үлестерін қосқан мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар, мәдениет саңылыақтары мен спорт жеңімпаздары, қоғам қайраткерлері мен елдің экономикасына оның өсіп өркендеуіне үлес қосқан сонымен қатар адам өмірін құтқаруда ерлігімен көзге түскен қарапайым азаматтар осы 100 адамның тізіміне енеді деп жоспарланған.
Республикалық конкурсқа мың бес жүздей адам қатысып, бірнеше айға созылған жалпыхалықтық дауыс беріп іріктеу нәтижесі бойынша 102 адам таңдалып алынды. Олардың арасында білім, ғылым, спорт, мәдениет, әскери саланың мамандары, меценаттар, әртүрлі тағдыр иелері бар. Мысалыға әр сала бойынша бөліп көрсететін болсақ: спорт-13, ғылым-18, медицина -18, мәдениет-10, бизнес- 13, қоғамдық сала- 30 жеңімпаз таңдалып алынды.
Осы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» қатарына кірген бірнеше адамның жетістіктеріне тоқталып өтетін болсақ мысалыға, Павлодар қаласындағы №8 мектеп-лицейдің түлегі Қуат Есенов – күрделі математикалық теңдеулердің шешімін оңай тауып, АҚШ оқымыстыларын аузына қаратқан, халықаралық олимпиадалардағы алты алтынның иегері, рекордтар кітабына енген қазақтың «алтын баласы».
Ернұр Рысмағамбетов – физик ғалым, Калифорния технология институтын, Лондын Колледж университетін бітірген, ғарышқа SpaceХ ұшу аппаратын жіберуге атсалысқан қазақ баласы қазір жас ғалымдарды дайындауда, шәкірттері халықаралық білім сайыстарында 6 алтын, 15 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған.
Санжар Мырзалағым – жас өнертапқыш, жасы 23-те, «Амазон», «Гугл», «Майкрасофт» сынды алып компанияларда жұмыс істейді, 3 жыл бұрын «Экосоки» деп аталатын электр қуатын үнемдейтін интеллектуалды жүйені ойлап тапқан.
Зарина Сауытбаева – ғалым, Манчестр университетін бітірген, онкология саласындағы қатерлі ісіктің пайда болуына әкеліп соқтыратын ақуыз түрін анықтаған.
Міне «Қазақстандағы 100 жаңа есім» қатарына кірген азаматтар мен азаматшалардың ерен еңбектерін осылай тізе беруге болады, олар еліміздің атын әлемге танытып, еліміздің өркендеуіне үлестерін қосып жүрген жандар.
Сұрақтар:
1.«Жаңғыру», «Рухани Жаңғыру» -дегеніміз не?
2.2017 жылы 12 сәуірде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы неліктен үшінші модернизация стратегиясы деп аталды.
3.Рухани жаңғырудың таяу жылдарға арналған қандай міндеттер мен жобалар жүктеді.
4.Латын әліпбиіне көшудің маңызы неде?
5.«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы қазақ мәдениетінің үздік туындыларымен әлемдік қауымтастықты таныстыру үшін қандай үлкен мүмкіндіктерге жол ашады?
6.«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына алдағы уақытта қатысуға ниеттенесіз ба және сол қатардан өзіңізді көргіңіз келеді ма ?
Әдебиеттер:
1.Нұрсұлтан Назарбаев. Тәуелсіздік дәуірі. Астана. 2017.
2.Нұрсұлтан Назарбаев. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру// Егеменді Қазақстан. 26.04.2017.
3.Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру. Ақпараттық-түсіндіру жұмысы бойынша әдістемелік құрал. Астана -2017.
4.http://alashainasy.kz/culture/madeni-mura-10-jyilda-madeni-ruhani-kundyilyiktaryimyizdyi-tugendey-aldyik-pa-64527/
5.https://primeminister.kz/kz/news/all/15634
6.adebiportal.kzhttp://adebiportal.kz/kz/news/view/18913
7. http://www.inform.kz/kz/almatyda-zhahandagy-zamanaui-kazakstandyk-madeniet-zhobasy-boyynsha-kurylgan-zhumys-tobynyn-algashky-otyrysy-otti_a3026539
8.http://www.inform.kz/kz/tugan-zher-bagdarlamasyn-zhuzege-asyrudy-sozbuydaga-salar-uakyt-zhok-erlan-sydykov_a3036880
9.http://www.reator.inform.kz/kz/kazakstannyn-kasietti-oryndary-turaly-algashky-zhinaktar-zharyk-kordi_a3138297
10.http://100esim.el.kz/kz
11.http://kazakh-tv.kz/kz/view/modernization-of-public-consciousness/page_188886_kazakstannyn-sakraldy-oryndary-turaly-
Достарыңызбен бөлісу: |