Дәріс №7. Білімнің салтанаты және сананың ашықтығы
Жоспар
1. Еліміздегі интеллектуалды ұлт қалыптастыру стратегиясы
2. Білім берудің инновациялық парадигмалары негізінде ғылыми шығармашылық ойлауға машықтандыру әдіснамасы
3. Сананың ашықтығы: қазіргі келбеті, жаңғыруы, көкжиегі
1. Еліміздегі интеллектуалды ұлт қалыптастыру стратегиясы. Бүгінгі таңдағы әлемдік өркениет көшіне ілесу тек қана экономикалық өрлеу талаптарымен шектелмек емес, ол өз кезегінде қоғамның рухани-мәдени саласын қайта жаңғыртуды талап етеді. Тұтастай алғанда, қоғамдық өмірдің барлық саласын қайта жаңарту мен инновацияға ұмтылудың нақты нәтижелерге қол жеткізуі түптеп келгенде, еліміздің адам ресурсына, әсіресе зиялылығы мен зияткерлігінің сапалық деңгейіне байланысты болып шығады. Сондықтан, көпсалалы руханилық пен мәдениеттілік тармақтарының бірі – еліміздегі Интеллектуалды капиталды нығайтуға келіп тіреліп отыр. Мұндай болашаққа салынатын капитал, сайып келгенде, жастардың Интеллектуалдық әлеуетін одан әрі арттырумен келіп сабақтасады.
Ендеше, қоғам дамуындағы «адам капиталы», «адам ресурсы» деген сияқты түсініктердің жаңарған формасы, сапаға негізделген келбеті – «Интеллектуалды ресурс» дегенге келіп саяды. Бұл – болашақта еліміздің одан әрі өркендеуі үшін салынатын қомақты қаражат іспетті деген сөз. Бірақ бұл тұста, сол ресурстың санынан гөрі оның сапалылығына баса маңыз беру керек. Қазақ халқы мұндай кемшін ахуалды: «саны бар да, сапасы жоқ» деп сынаған болатын.
Жаңа заман дәуіріндегі Ф. Бэконның: «Білім – күш» деген тұжырымы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған даналық сөз ретінде қабылданса, халқымыз: «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деп қысқаша түрде пайымдаған болатын.
Бірақ тек қана білімділік шығармашылық деңгейді арттырмайтындығы түсінікті. Дегенмен, білімділік сауаттылық ретінде осы шығармашылықтың алғышарты болып табылады, білім болмаса, Интеллектуалды ұлт туралы сөз қозғаудың өзі артық екендігі белгілі жайт. Біз халықты жаппай сауаттандыру мен надандықты жоюды ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында-ақ қолға алып, ортасына таман бұл саясат өзінің оңды нәтижесін берді, ал аяғына таман өзінің межесіне келіп жетті. Ендеше, ағартушылық мәселесі бүгінгі таңда өздігінен-ақ шешімін тапқан ахуал ретінде өзекті емес. Қазіргі жастар түгелге жуық сауатты, орта білімі бар, көбісі жоғары білім алған. Демек, бүгінгі таңдағы Интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін негіз қаланған десе де болады.
Қазақ халқының Интеллектуалдық қорлары мен оған бейімділігі тарихқа жүгінсек, тым көнеден, сақ-түркі дәуірінен бастау алады. Бүгінгі таңда түркілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесі ұшан-теңіз екендігін тек отандық қана емес, әлем ғалымдары да мойындап отыр. Берісі ІХ-ХІІ ғасырлардағы түркі ойшылдары, әлемге аты мәшһүр болған әл-Фараби бабамыз бүгінгі заман тұрғысынан айтқанда, Интеллектуалдылықтың кемел көрінісін және шынайы үлгісін паш етті.
Одан кейінгі түркі-қазақ даласындағы даналық пен шешендік мектебінің өзі парасат пен ақылдың түйіскен тұсында жоғары жетістіктерге жетті. Қазақ даласындағы поэтикалық сарындар да жай ғана өлең шумақтары емес,ұрпақтарын жан-жақты тәрбиелейтін ерекше бір тиімді құрал. Мысалы, ол ұзақ жырлар мен эпостар, термелер мен дастандар есте сақтау қабілетін ешбір ұлтта кездесе бермейтіндей тәжірибелік деңгейде шынықтырып шығаратын «қазақ баласының Интеллектуалдық мектебі» десе де болады. Бірнеше күн бойы толғайтын жырларды жаттау тек тарихты білу, өткенді құрметтеу, шешендік сөздерді меңгеру, одан адамгершілік, еңбек, эстетикалық т.б. тәрбие түрлерін алу ғана емес, өзі өзінің ақыл-ойын шынықтыратын өзінтану бағыты, өзін-өзі жетілдіретін перфекционизм болып та табылған. Сондықтан да олар тым ұзақ болып құрылғандықтан, «жыржаттаушылық» балалар арасында өзіндік бәсеке және қанша жаттағандығына байланысты ақылдылықтың (интеллектінің) өлшемдерінің бірі болған тәрізді.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақтың ағартушы зиялыларының ұстанымы – білімді (сауатты) ұлт қалыптастыру болса, ХХІ ғасырдың басында, сол білімді ұрпақ негізінде, орындалған армандар бойынша Интеллектуалды ұлт қалыптастыру саясаты жолға қойылып келеді. Ендеше, ХХ ғасырдың басында «білімділік» қандай деңгейде өзекті болса, ХХІ ғасырдың басында «Интеллектуалдық» та сондай дәрежеде көкейкесті болып отыр. Ол кездегі ұлт зиялыларының білімділікке алаңдаушылығы мен бүгінгі ұлт зиялыларының Интеллектуалдылыққа баса көңіл бөлуі тарихтың жаңа сападағы қайталанған үлгісі және өрлеудің заңды сабақтастығы десе де болады.
Себебі, ол кездегі заман халықтар мен мемлекеттердің тек білімді ұлтпен қанағаттануына болатындай жағдайда болған болса, бүгінгі жағдай, мұндай қанағаттануды артқа тастады, сол кездегі қаланған білімге негізделген Интеллектуалдылықты талап етіп отыр. Бұл екі ұстанымның аралығын тура жүз жылдай уақыт бөліп жатыр. Қазақ халқында «елу жылда ел жаңа» деген орнықты мақал бар. Ендеше, екі аралық екі елу жылмен байланысады. Елу жылдың жаңалығынан да жаңарған заманды талап етеді.
Осы тұста Интеллектуалдылық пен білімділіктің ара жігін, бір-бірінен қалай туындайтындығын ашып алуымыз қажет. Білім академиялық болсын, шығыстық немесе ұлттық болсын, қандай да бір белгіленген ғылым салаларын стандарттар бойынша толық игеру дегенге келіп саяды. Ал Интеллектуалдық деген ұғым жалпы психологияда – ақылдың ұшқырлығы, сыншылдығы, тапқырлығы деген сияқты үдерістер арқылы жетілетін, тіпті, психологиялық тестілер бойынша өлшенетін адам санасының жоғары дамыған көрінісінің нәтижесі ретінде белгіленген.
Бүгінгі таңдағы еліміз ұстанған Интеллектуализмнің жалпыға ортақ талаптары бар: үш тұғырлы тіл саясаты, цифрлық технологияны барынша терең меңгеру, қоғамдық өмірдегі жаңалықтар мен әлемдік өркениеттің талаптарынан тыс қалмау, үздіксіз білім алу қағидасы, латын графикасына көшу және оны меңгеру т.б.
Мәселен, жедел қарқынмен дамып келе жатқан адамзат қоғамында белгілі бір білімдер мөлшерімен шектеліп қалуға болмайды, сондықтан, алынған білімдерді үнемі жетілдіріп, жаңартып отыруды керек етеді және педагогикадағы өмір бойы білім алу қағидасымен де келіп үндеседі.
Елбасы осындай жалпы бағдарларды жүзеге асыру барысында «Болашақ» бағдарламасын ұсынды. Бұл – отандық жастарымыздың дамыған шет елдерде мемлекетіміздің қаржыландыруымен оларды іріктеу сатысынан өткізіп, тегін білім алуын қамтамасыз ету және кейіннен олардың елімізге қызмет етуіне жағдай жасау, интеллектуалдық капитал қорын құру.
Үстіміздегі жылы Астана қаласында өткізілген ЭКСПО көрмесі тек адамзаттың экологиялық қауіпсіздігіне бет бұрған іс-шара ғана емес, отандық ғалымдарымыз бен жастарымыздың да табиғи қуат көздерін пайдаланудың жаңа жобаларын жасап, оны қоғамдық тәжірибеде қолданудың жолдарына мүмкіндік ашу болатын, шет елдік өнертапқыштар мен ғалымдардың ой ұшқырлығының нәтижелерімен тәжірибелер алмасу.
Сондай-ақ, орта білім беру мерзімін ұзарту – 11 жылдық, одан соң 12 жылдық мектеп бағдарлмасына көшу, мектепте оқытуды 6 жастан бастап енгізу, үш тілділікті оларға ертерек меңгерту т.б. реформалардың түп мәні де интеллектуалды ұлт қалыптастыруды мектеп жасынан бастау қажеттігі туралы шаралардан туған.
2. Білім берудің инновациялық парадигмалары негізінде ғылыми шығармашылық ойлауға машықтандыру әдіснамасы. Еліміз ұстанған Интеллектуалды ұлт қалыптастыру білімді негізге ала отырып, шығармашылық ойлауды талап ететін, ақылдың тапқырлығын басшылыққа алатын ілгерішіл және жігерлі, оң нәтижелі психологиялық-әлеуметтік үдеріс болып табылады. Қазіргі психологияда, философияда, логикада осы үдеріске тікелей байланысты немесе оған тура сәйкес болып келетін мынадай құбылыстар бар екендігін былайша жинақтап көрсетуімізге болады: өрісті ойлау (продуктивті ойлау), креативті ойлау (жаратушы ой), шығармашылық ойлау (творчестволық қабілет), сыни ойлау (сыни ой), интуитивті ойлау, эвристикалық ойлау (жаңалық ашу) т.б.
Өрісті ойлау – бұрын болмаған идеяны, жаңа пікірді тудырушы, ешкім айтпаған, әрі таңқаларлық жаңа ой айту дегенді білдірсе, креативті ой да осындай мағынаға келіп жуықтайды. Бұған Әл-Фарабидің «Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені аша білу қабілетіне ие болу деген сөз» деген даналық сөзі тура сәйкес келеді.
Бұл жердегі креативтілік – ойды жарату, идеяны тудыру, өндіру деген түсінікке келіп саяды. Демек, бұлар жаңа, тың ой туғызушы дегенді білдіреді. Ал шығармашылық ойлау да осындай мағынаға жақын, бірақ бұлардан айырмашылығы ол көбінесе өнер иелеріне байланысты, кейде ғалымдар мен өнертапқыштарға да қатысты айтылады. Өнер мен ғылым қашанда жаңашылдықты қажет етеді, егер өнер туындысы өзге бір туындыны қайталайтын болса немесе оның үлгісін көшіріп алатын болса, онда ол өнер емес. Ал неғұрлым тың, мүлде төлтума, адамзаттың игілігіне арналған, ешқашан қайталануы да мүмкін емес туындылар пайда болса, онда ол «талант» деп аталады. Талантсыз адам өнер иесі де, ғалым да бола алмайды. Талантқа берілетін тағы бір жауапкершілік – тек жаңа ойды бір реттік акт түрінде тудыру емес, үнемі-үздіксіз, талмастан жарату.
Сыни ойлау – өзгенің немесе өзінің идеясына, қоғамдағы өтіп жатқан құбылыстарға т.б. сын көзбен қарай білу. Идеяның кемшілігі мен жетістік жақтарын қатар көре білген адам ғана сыни ойлауға бейім болып келеді, егер оның тек біреуін ғана көріп, екеуін қатар таба алмаса, онда ол сыни ойлаушы емес деген сөз. Бірақ сынағаннан кейін, орнына өзінің баламалық нұсқасын да ұсынуы тиіс және сын әділетті, обьективті, конструктивті, логикалы болуы қажет. Қоғамдағы кез-келген құбылысқа жалпылама түрде болса да өзінің ойын айту – сыни еркін ой болып шығады.
Интуитивті ойлау – талдау мен сараптаудан, логикалық операциялардан тыс, ақиқатқа тез, бірден жету, ақпараттардың ішкі сезім түйсігі арқылы сол сәтте адамның өзіне де түсініксіздеу жағдайда қабылдануы. Халқымыз көзі көрмеген, дәлелденбеген нәрсесін «ішім сезім тұр» деп айтады. Немесе, қазақта «ат сыншысы», «бала сыншысы» деген білікті мамандар болған. Олар атты немесе адамды сыртынан бақылап қарап-ақ, тұтас болмысын бағалап беретін болған. Бұл да интуицияның жемісі. Әлем халықтарына ортақ көріпкелдік те осы интуицияға байланысты болып келеді.
Бұл қабілеттер мен ойлаудың осы түрлері тұтаса келе, Интеллектуалдылықты құрайды. Бұл көрсетілгендер ойлаудың түрлері ғана, ал оған жетудің жолы – сараптама жасау, ішкі мәнді көре білу, байланыстарды ашу сияқты логикалық, психологиялық операциялар арқылы жүзеге асады. Демек, ғылымды дамытуға аса қажетті ойлаудың түрлері де осылар. Бұлардың барлығын жинақтап, «ғылыми ойлау» деп те атауға болады. Ендеше, осы ғылыми ойлау үшін ғылыммен арнайы шұғылдану қажет. Ғылыммен шынайы шұғылданып жетістікке жету және ашылған жаңалықтардың әлемдік деңгейде болуы – Интеллектуалдылықтың нақты нәтижесі болып табылады. Демек, жаңалық ашу Интеллектуалдылықсыз мүмкін емес жайт.
Бүгінгі таңда техникалық ғылым дамуы немесе өнертапқыштық қана емес, қоғамдық ғылымдарды да өркендету басты назарда болып отыр. Әсіресе, тарих, психология, саясаттану, әлеуметтану, философия, педагогика сияқты ғылым салаларына баса көңіл бөлу қоғамымызды ілгері жылжытудың басты кепілі болмақ. Қоғамдағы рухани ахуал, әлеуметтік-саяси байланыстар, мәдениетті тұлға дайындау т.б. барлығы осы гуманитарлық ғылымдардың өркендеуіне тікелей байланысты. Сондықтан, Интеллектуалды ұлттың болашақ қорлары жас ұрпақ болғандықтан, келесі кезекте, сыни, өнімді, шығармашылық ойлауды оларға үйрету маңызды қадамдардың бірі болмақ. Ол бір сәттік акт емес, үнемі-үздіксіз және шексіз жүргізіліп отырылуы тиіс шара болуы керек.
Ендеше, білім беру саласын да инновациялық парадигмалар негізінде қайта жаңғырту заман талабынан туындап отыр. Рухани жаңғырудың ұстанымдарын әлемдік өркениет талаптарымен сәйкестендіре отырып, оны жетілдіруге қарай бет түзейтін бағдар болғандықтан, заманауи білім алушылардың біліктілігі мен ғылымға деген құштарлығын арттыру ғаламдық техногендік даму аясында және гуманитарлық білімдерді одан әрі тереңдетіп оқытуда қажетті алғышарттардың бірі болып табылады.
Еліміз ұстанып отырған интеллектуалды ұлт қалыптастыру – білім берудің сапасын арттыруды, білім алушылардың шығармашылық ойлау машығын жетілдіруді талап етеді. Бүгіні таңда білім беру үдерісінде жаңа білімдерді алудың және шығармашылық ойлаудың теориялық-әдіснамалық негіздерін құру, оны тәжірибе жүзіне қолданудың тәсілдерін ұсыну қолға алынып келеді. Дегенмен, Қазіргі Қазақстан дамуы жағдайындағы рухани жаңғыру саясатын жүзеге асыру барысында білім берудің инновациялық парадигмаларын одан әрі жетілдіру үшін білім алушыларды шығармашылық ойлауға машықтандыру үшін, алдымен, продуктивті, креативті, сыни ойлау параметрлерінің теориялық жақтарын жетілдіру керек. Сонымен қатар, ақпараттарды есте сақтау қабілетін жетілдіру, ойдың шапшаңдығы мен орамдылдығы, икемділігі мен кеңдігі сияқты психологиялық сапаларда жарыспалы түрде қатар өрістету да оңды нәтижелер береді. Инновациялық оқыту негізінен осы сапаларды дайындауға және оны шынықтыруға маңыз бере оқыту деген сөз.
Ол үшін алдымен, Аристотель негіздеген, әл-Фараби, Ибн-Рушд, одан соң, Лейбниц сынды ғалымдар жүйелеген формальді логика пәнін оқыту маңызды. Қазіргі кезде мектеп бағдарламасында тәжірибе ретінде әуестік (занимательная) логика оқытыла бастады. Бұл тың идеяларды білім алушының өз бетінше ойлап табуына негізделген интеллектуалдық машықтандыруға келіп ұласады.
Соңғы кезеңде де әлемдік ғалымдар білім берудегі инновациялық парадигмалар негізінде білім алушыны шығармашылық ойлауға машықтандырумен кеңірек шұғылданып келеді. Ғылыми ойлаудағы болатын қателіктер және оны аңдай білумен А.А. Ивин, сыни ойлау мәселелерімен В.Н. Брюшинкин, Е. Н. Волков, Д.Халперн, Р. Паул, қалыпты (стандартты) емес ойлаумен, латералды ойлаумен Эдуард де Боно сынды ғалымдар айналысып отыр. Оның ішінде, Эдуард де Боно интеллектуалдылықты тек ғылыми ойлауға ғана емес, өмірлік тәжірибеде қолдануды, адам өмірлік-тұрмыстық қиын жағдайларға ұшырағанда оны шеше білуді де үйрету қажеттігіне көңіл бөледі.
Ал өрісті (продуктивтік) логикада құр сөзуарлық (схоластикалық), сөздерді ойнату арқылы пікірлерін ақиқат тәрізділендіру (софистикалық), жалған шынайылықпен шұғылдану (спекуляциялық) т.б. тәсілдер мүлде қолданылмайтындығы айтылады, керісінше, ондай әдістерді бейәдептік немесе қисынсыз ұстанымдар ретінде бағалап береді.
Ал Елбасы өзінің «Болашақа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласында ұсынған үшінші бөліміндегі «Прагматизм» деп аталған философиялық терминнің мағынасы да білім беру үдерісінде қолданылатын әдіснамалардың бірі. Бұл бағыттың көрнекті өкілі У. Джемстің пікірінше, ойлау – мидың жай ғана қызметі немесе ғылым үшін қажетті құбылыс емес, оның құндылығы – өмірлік сауалдарды шешу үшін, жетістікке жету үшін қажетті құрал болуында және ол – сәттілікке жету үшін организмнің қоршаған ортаға, қоғамдық өмірге бейімделуінің құралы. Білімнің мазмұны практикалық салдар арқылы анықталады. Демек, білім беруді түрлендіру белгілі бір деңгейде нақты және нәтижелі болуы тиіс. Ал ақиқат дегеніміз: өзімізге тиімді, әмбебап үйлесімді болып келетін, өмірлік тәжірибе қорымызға қосуға болатын нәрсе.
Дж. Дьюй ақиқат – тапқырлықты, қолдаушылықты және негізгі идеяның сенімділігін қамтамасыз етуге бейім болуы тиісті құбылыс. «Интеллектінің қызметі», демек, біздің ойымыздың қуаты «қоршаған әлем объектілерін көшірмелеу емес», «осы объектілерге неғұрлым әсерлі және пайдалы қатынастардың» жолын орнықтыру болып табылады.
3.Сананың ашықтығы: қазіргі келбеті, жаңғыруы, көкжиегі.
Сананың ашықтығы жаһандану заманының басты талабы. Бұрын әлем социалистік және капиталистік деп аталған екі үлкен лагерьге бөлінген кезде, екі жақ бір-бірімен ымыраласпайтындай қайшылықты жағдайда күй кешті. Ал кейбір мемлекеттер әлемдік саяси-экономикалық сахнада мүлде оқшау жағдайда қалып, тұйық қоғам ретінде бағаланды. Бұрынғы Кеңестер Одағы да осындай келбетті басынан өткізген еді. Бірақ КСРО 1990 жылдары ыдырағаннан кейін, американдық философ К. Поппердің «Ашық қоғам» идеясын оның бұрынғы субьектілерінің көпшілігі қабылдады. Екі лагерьдің, әсіресе, АҚШ пен КСРО-ның психологиялық қырғи-қабақ соғысы артта қалды. Өйткені, бұл кезеңде әлемдік жаһандану идеясы пайда болды.
Жаһандану әлемдегі ұлттар мен ұлыстардың, мемлекеттер мен Одақтардың өзара экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани, мәдени, экологиялық жағынан өзара ынтымақтастықта болу идеясын қолдайтын ХХІ ғасырдағы обьективті қажеттіліктер шартынан туындаған беталыс.
Осы тұста, Қазақстан да өзіндік орны мен даму бағытын айқындап, әлемдік өркениет көшіне ілесуге, одан қалмауға және адамзат прогресінің алдыңғы шебінде болуға қарай бет түзеп келеді.
Елбасы Н. Назарбаевтың сананың ашықтығы идеясы, сыртқы саясатта әлемдік қауымдастық идеясын, ашық қоғам тұжырымдамасын қолдау, ал ішкі саясатта «Қазақстан-2050» стратегиясын, Мәңгілік Ел – Ұлы Дала елі идеясын жүзеге асыруға деген игілікті талпыныс. Өйткені, әлемдік саяси сахнада оқшауланудың еліміз үшін қаншалықты зардаптар алып келетіндігі тарихи тәжірибеміз көрсеткендей өздігінен-ақ белгілі жайт.
Сананың ашықтығы идеясы дүниежүзілік саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік, ақпараттық кеңістікке еркін шығудың алғышарттарын және теориялық бағдарларын құрайды. Сана қашанда идеяларды туғызушы, сондықтан ол саяси кеңістікте ашықтықты қалайды. Себебі, сана ашықтығы ақпараттық қоғамға тәуелді.
Бұл Ашықтық, біріншіден, әлемдік өркениеттің игілікті, пайдалы, тиімді жетістіктерін игерумен келіп шартталса, екіншіден, әлемдегі сәт сайын өтіп жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды қабылдауға деген алғышарт, үшіншіден, ол үнемі-үздіксіз ашықтықты қалайтын бейімделу, «өзгелердің» барлығы және олардың құндылықтары мен мәдениеті тұтастай ұлтқа қатерлер алып келмейтіндігін түйсіну.
Жаһандану құбылысының өзі қоғамдық өмірдің барлық саласында тәжірибе алмасу. Сана ашықтығының бізде стихиялы болса да тарихи тәжірибелері бар: Ұлы жібек жолы, түркі дәуірінде де елімізде көптеген діндердің қатар өмір сүруі, Түркі халықтарының әлемдік өркениетке өзіндік үлес қосуы т.б.
Ендеше, бүгінгі таңдағы сана ашықтығының діліміз бен дүниетанымызда қалыптасқан өзіндік бір үлгісі бар деп айта аламыз. Қазіргі сана ашықтығы жаһандану заманындағы ұлттың келбетін айшықтау, болашақ дамуға ыңғайластырылған жоба, тарихи қателіктерден сабақ алудың тәжірибесі, артта қалған сананың жеделдетілуі т.б. болып табылады. Мәселен, ағылшын тілін дүниежүзі халықтарының қарым-қатынас тілі ретінде игеру, кезінде Кеңестік дәуір идеологиясының салдарынан біздің елімізде де кешеуілдеп қалған еді. Ол кезде әлемнің көптеген өркениетті мемлекеттері бұл тілді халықаралық қарым-қатынас тілі ретінде қабылдап, үйренуге және оны кең көлемде қолдануға көшіп, нақты нәтижелерге қол жеткізген еді. Бірақ, «Ештен кеш жақсы» дегендей, осы тіл мәселесіне қатысты бүгінгі ұмтылысымыз бен талпынысымыз сана ашықтығының талаптарының бірі және сана ашықтығының қуаттылығы мен екпінін керек етеді.
Келесі кезекте, сана ашықтығын одан әрі жаңғырту, «екпінін күшейту» талабы туындайтын сыңайлы. Бұл біріншіден, шектен шыққан консервативтілікті қаламайды, мәселен, тіл мәселесіне келгенде: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қағиданы басшылықта ұстайды. Сана ашықтығы қашанда, тарихилық пен логикалықтың, дәстүршілдік пен жаңашылдықтың бірлігін ұстанатындығын Елбасының өзі де атап өткен болатын.
Екіншіден, Сана ашықтығы идеясын жаңғырту тым жеделдеп бара жатқан әлеуметтік уақыт ағымына ілесуді қалайды. Бірақ өркениеттегі жаңаның барлығы оңды деген қағиданы да ұстанбайды, оларды сүзгіден өткізіп, игіліктілігі мен пайдалылығы айқын болған жағдайда ғана қолданады.
Үшіншіден, сана ашықтығының жаңғыруы – болашақтағы адамзаттың ынтымақтастық пен өзара келісімділікте болуының өзіндік бір үлгісін жасап беретін тұжырымдамаларға мүмкіндіктер ашады. Мәселен, Елбасы осыдан бірнеше жыл бұрын ядролық қарусыздану саясатын ұстанып, қазір бұл бүкіл әлемнің бұл бағытты қолдай түсуін қалайды және оған шақырады.
Төртіншіден, ол бейбітшіл, гуманды, игілікті беталыстарға тағайындалған. Өзгелердің мәдениетін, өркниет жетістіктерін игеру әлемдік халықтар мен ұлттардың ынтымағына да жол ашады. Сондықтан да, сана ашықтығының жаңғыруы – еліміз таңдап алған, сөзсіз тиімді, бірден-бір игілікті жол болып табылады. Сонымен қатар, сана ашықтығы жаһандану заманындағы әлемдік тәжірибелер алмасуының ділдік парадигмасы. Бұл – жаһандану үдерісі сана ашықтығын өздігінен-ақ, ерікті-еріксіз түрде талап етіп отыр деген сөз. Керісінше айтқанда, сана ашықтығынсыз жаһанданудың оңды игіліктеріне ілесу, оларды қабылдау мүмкін емес.
Сана ашықтығының көкжиегі, яғни, болашақтағы нәтижелері қандай болмақ. Біріншіден, түптеп келгенде, әлемдегі үдерістерді айқын көре біліп, ұлттық қауіпсіздіктің алдын алуға ықпал етеді. Екіншіден, дамудың сара жолын таңдап алып, нақты жетістіктерге жетуге ықпалдасады. Үшіншіден, әлемдік өркениеттілік парадигмаларын еркін меңгеріп алып, дамыған 30 елдің қатарына енуге жағдай да жасайды. Төртіншіден, Мәңгілік идеясының нық орнығуына келіп түйіседі. Бесіншіден, сананың ашықтығы жай ғана термин, саяси ұғым емес, абстрактілі түсінік емес, нақты тәжірибелік қырлары бар феномен, әрекет, белсенділік, нәтижеге деген ұмтылыс. Сондықтан сана ашықтығының көкжиегі Қазақстанның әлемдік саяси сахнада өзіндік орнын айшықтауға алып келетін бағдарлама іспетті.
Ал «сана ашықтығы идеясының болашағы» өзге де мемлекеттерге, әсіресе, артта қалған елдерге қажетті үлгі боларлықтай нұсқалар болуымен, бір кездерде, еліміздің стратегиялық мақсаттарында да жоққа шығарылмайтындай өміршеңдігімен, руханилық пен дамудың көкжиектерінің бәрін қамтитын кең ұғымды бағдар болуымен айрықшаланады.
Сұрақтар:
1.«Интеллектуалды ресурс» деген ұғымды қалай түсінесіз
2.Рухани жаңғыру саясатын жүзеге асыру барысында қандай құндылықтарды жтілдіру қажет
3.Сананың ашықтығы идеясының алғышарттарын атаңыз
Әдебиеттер:
1.Халперн Д. Психология критического мышления. СПб.: Питер, 2000.- 512 с.
2. Ивин А.А. Дұрыс ойлау – өнер.-Алматы: Рауан, 1991.-240б
3.Молдабеков Ж. Қазақтану және жаңару философиясы.-Алматы: Қазақ университеті, 2009.-254с.
4.Новейший философский словарь: 3-е изд., исправл. - Мн.: Книжный Дом. 2003. - 1280 с.
Достарыңызбен бөлісу: |