Дәріс №5. ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІК ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ КОД
Жоспар
1.Ұлттық бірегейлік және ұлттық мәдениет - рухани жаңғырудың алғышарттық негізі
2.Ұлттық код - ұлт қуаты және құндылығы
1.Ұлттық бірегейлік және ұлттық мәдениет - рухани жаңғырудың алғышарттық негізі. Бірегейлік – (лат. identificare – ұқсастыру, барабарландыру) – біреудің бір нәрсемен барабар келуі, ұқсастығы, жеке тұлғаның қандай да бір топқа қатысы тұрғысынан алғандағы сипаты.
Бірегейлік этностардың Қазақстанға келуі тарихынан кәріс, неміс, ұйғыр т.б. көптеген ұлттардың көшіп қоныстануынан бара-бара бірегейленіп, тұтас, табиғи түрде органикалық қосылу, тарихи үрдістердің барысымен тағдыр қосылған құбылыс, бірегейлік, ортақ тұжырымға келді, одан бірлік пайда болды.
Бірегейлік мәселесі екі бағытта –жеке және әлеуметтік болып қарастырылады. Біріншісі, жеке тұлғаның өзін дене бітімі, зияткерлік қабілеті, өнегелік мінез-құлқы тұрғысынан сипаттауы. Екіншіден, жеке тұлғаның өзін әртүрлі әлеуметтік топтар қауымдастықтар құрамына (этникалық, демографиялық, діни, саяси, кәсіби, аймақтық бірегейлік) жатқызуы. Бірегейлену мәселесі қоғамдардың қауымдастыққа өтуі деңгейінде, мысалы, еуропалық қауымдастық аясында зерттелген.
Мұнда көп деңгейлі плюралистік бірегейлік пайда болады. Егер еуропалық ықпалдасу ортақ ұқсастықтары бар елдер арасында жүріп жатса, онда ғаламдық деңгейде кейбір мәдени әмбебап ортақ сән, туризм, білім сияқты құбылыстарды кездестіруге болады. Еуропалық ықпалдасу жағдайындағыдай жаһандану барысында да елдердің аумақтық, мәдени, тарихи естеліктері сақталады, бірақ, өз елдерінен тыс жерлерде жұмыс істеу мүмкіндігі туады, мәдени қалыптардың ортақтығы арта түседі, біріккен жүйенің мүшесі болу мүмкіндігі туып, өзара байланыстылық кеңейеді. Сонымен қатар жеке тұлға ұлттық белгісі мен азаматтығын әртүрлі қабылдайды. Сондықтан да, ұлттық рух ұлттық және тұлғалық біргейліктің тұтқасы. Ұлттық рух дегеніміз, елдің рухани өмірінде пайда болатын өткінші әдеттерге, нәрселерге бағынбайтын, төзбейтін, берілмейтін, жеңілмейтін халықтың, жеке адамның ерекше мінезі. Ұлттық рух адамның бойында қоғамдық сананың барлық түрлерін дұрыс білу арқылы нығайып отырмақ.
Ұлттық рух ұрпақтан ұрпаққа, бабадан немереге, әкеден балаға үйретілетін тағылым, яғни кісілік өнеге. Қазақ елі тарихта бұған ерекше мән берген. Қазақ ұлты және оның зиялылары заман талабына сай ел мүддесіне қызмет етудің талабының өзгеріп отыратындығын терең білген. Сол себептен, қоғам тарапынан қашан да ұлттық бірегейлікке ерекше мән беріліп отырған. Себебі адамзат өркениеті биіктеген сайын қоғамның құрылысы да өзгере бастайды, әлемде болатын жаңалық барлық адамзат қоғамына ықпалын тигізбей қоймайды. Әлемдік өркениет өрісінде мемлекет өзінің дербестігін сақтап қалу, нығайту үшін қоғамдық ортада, мемлекеттің ішкі өмірінде ұлттық бірегейлік сақталуы қажет.
Қазақ руханиятында зерделенген, өмір мәндік түсінігіне айналған елдік, ар-намыс, қайырымдылық, жауапкершілік, кішіпейілді болу, төзім, қанағат, мейірімділік сынды ізгі қасиеттер, ұрпаққа үйретіліп отырған адал еңбек түсінігі ұлттық бірегейліктің негізгі тұтқасы. Осы құндылықтар арқылы қазақтың отбасында, қоғам өмірінде бірлік, түсінік, төзімділік, қайырымдылық сақталған. Тарихтағы қазақ қоғамынан түйеріміз, өскен ортасына сенетін адам қоғамға да сенеді, мемлекетін өз үйіндей сезінеді. Тарихтағы қазақ қоғамында жеке адам елдің мүддесін қорғау, өз руына (ауылына) басшылық ету үшін бойын¬да ұлттық бірегейлік қасиеттер болуы қажет.
Ұлттық бірегейліктің түп-тамыры отбасындағы ұлттық дәстүрде жатыр. Қазақ халқының ұлттық дәстүрінің құндылығы оның тарихи қызметінде, дәстүрдің тарихи қызметі әрбір отбасының шаңырағының аясында ұрпақты тәрбиелеп шығарған тұтас ұғымда, ел мүддесіне негізделген ортақ ұстаным мен ортақ мақсатта. Қазақ қоғамында дәстүр біріктіруші, жалғастырушы, бірегейлікті сақтап, қорғап отыратын дүние. Ол отбасындағы бірліктен бастап, ұлттық бірегейлікті негіздеуден құралған. Отбасындағы тәрбие дәстүрге бағынса, ұлттық дәстүр реттеуші, сақтап отыру, қалыптастыру, жалғастыру қызметіне ие. Ұлттық дәстүрін терістеп, құндылығын тереңнен ұғына білмеген, дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қоятын ұрпақ өскен ортасынан іштей де, сырттай да оқшауланады. Дәстүрден іштей алшақтауда адамның қоғамынан, мемлекетінен іштей өгейленуі, жаттануы бар.
Қоғамда ұлттық бірегейлік болмаса, азаматтық бірегейлік, кісілік, ұрпақтың ішінде тұлғалық бірегейлік болмайды. Тұлғалық деңгейдің өзі ұлттық және азаматтық бірегейлік арқылы көрінеді. Бұны қазақ жыраулары өз толғауларында жарастық деп атаған. Ұлттық бірегейліктің негізгі белгілері ұлттық дәстүр, ұлттық тәрбие, ата діннің таза күйінде сақталуы, тарих, тарихқа, тарихтағы ата-баба дініне деген құрмет, ұлт мәдениетінің әлеуметтік өрісіне айналған шешендік, ұлттық өнер түрлері, туысқандық дәстүр, тәртіп, тазалық, қоғамда, отбасында ұлттық құндылықтардың тегістей сақталуы, заман талабына сай бейімделу, білімді болу, ғылымның мемлекетке тигізер пайдасын ел болып бағалау, ұлттың дербес шаруашылығының болуы және оны уақыт талабына сай нығайта білу. Ұлттық бірегейлікке күш беретін зиялылардың тұлғалық бірегейлігінің негізгі белгілеріне тоқталар болсақ, олар ұлттық сана, ұлтжандылық, елдік, ауызбіршілік, ержүректілік, батырлық, төзімділік, сауаттылық, шынайылық, туралық, адалдық, тазалық, тәртіптілік, қабілет, білік, естілік, кісілік және т.б. Жоғарыда айтып өткеніміздей ұлттың да, зиялылардың да тұлғалық қалып¬тасуында тарихты, тарих тағы¬лымын, тәжірибесін білу, ұғыну бар. Тарихсыз бірегейлік болмайды, мемлекеттің негізгі құндылықтары ғасырлар бойы қалыптасатын дүние, оның бойында тұлғалық қасиеттер, ұлттық құндылықтар тұрады. Ұлттық бірегейлік қазақ қоғамында әр адамның осы құндылықтарды бойға сіңіруінен шығып отырған.
Жастардың ұлттық қасиеттеріне меймандостық, кісілік, сыйласымдылық, имандылық, кішіпейілділік, кеңпейілділік, салауаттылық, тіршілікке бейімділігі, өнерпаздық, шешендік, ақынжандылық, сыпайылығы, мәдениеттілігі т.б. қасиеттері арқылы ерекшеленеді. Әрбір ұлттың ұлттық қасиеттері ұлттық тәрбиеге байланысты дамып, қалыптасқан.
2. Ұлттық код - ұлт қуаты және құндылығы. Бүгінгі кең қолданыстағы ұғымдардың бірі, көпшілік қоғамдық сана үшін арнайы түсіндіруді қажет ететін кәсіби, философиялық термин - «ұлттық код» термині.
«Ұлттық код» - тіл, менталитет, ерекшелік болмысы, мәні, руханият, саяси жағынан жазылмаған төлқұжат іспеттес. Қоғамымызда бұл ұғымды ойталқысына салып, философиялық-терминологиялық анықтамалар беріп, герменевтикалық-семантикалық талдаулар жасап өту өте қажет, философиялық дискурс аясында ғана терең де, мағыналы түсініктемесін ала алады деп ойлаймыз. Философиялық тұрғыдан алғанда «Ұлттық код, әлдебір халықтың генезисін, тілі мен ділін, діні мен тарихи жадын, демек, тұтас болмысын қамтитын биосоциогенетикалық түсінік».
Ұлттық кодтың негізгі атрибуттарының қырсырын аша отырып, оның мынадай сипаттарын атап өтуімізге болады: Біріншіден, тылсымдықты, жасырынғандықты қамтитын сакральді феномен. Екіншіден, ол – енжар, «өлі» немесе бейтарап емес, өзінен-өзі витальділік пен белсенділікті қажет ететін эрос. Үшіншіден, әрбір халықтың, ұлттың, этностың өзіндік ерекшеліктерінен туындайтын, тек өзіне ғана тән қайталанбайтын даралық, монадо. Төртіншіден, ұлттық рухтың субстанциясы, ұлттық идеяның субстраты, ұлттық сананың базисі, ұлттың рухани болмысының ядросы.
Ұлттық кодтың барынша айқын көрінісі – ұлттық мәдениет, оның ноуменальді феномені: ген, тіл, діл, дін.
Қазақ мәдениеті ген, тіл, діл, дін ұғымдарымен біте қайнаған – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениет. Ол ұлттық тәлім-тәрбиенің, моралдің негізінде дамып, қалыптасты. Қазақ халқын өзге ұлттан не ерекшелейді?, - мәселесіне көшсек, ұлттық код осы ұлттың өзі туралы, қоршаған әлем мен тарихи үдерістегі өзінің орны мен миссиясы туралы, өзінің тарихи өткені мен болашағы туралы барынша жалпы көзқарастарды аңғартады. Ол халықтың бар күш-жігері мен іс-әрекетін замана алға тартып отырған аса жауапты тарихи міндетті жүзеге асыруға жұмылдыруға септігін тигізетін, сол үшін әлеуметтің тұтастығын қамтамасыз ететін рухани күш, саяси платформа, ұлттық идеология немесе әлеуметтік бағдардағы парадигма. Ұлттық бірегейліксіз, ұлттық идеясыз ұлт қалыптасуы мүмкін емес. Моралдік қағидалар адамдардың мәндік қасиеттерін құрайды. Сондықтан, адамның моралдік қағидаларды таңдап, оны өз құндылықтарына айналдыруы оның өмір бағыты мен өмір салтын анықтайды. Сол себепті, саясаттан бастап нақтылы күнбе-күнгі адамдардың қарым-қатынасына дейін барлық әлеуметтік құбылыстар моралдік тұрғыдан бағаланады. Өйткені, тек қана бірлесіп, сабырлық пен төзімділік, қайырымдылық көрсетіп, зұлымдыққа жол бермей, мемлекеттер арасындағы қайшылықтарды шешіп, ядролық соғыс пен экологиялық апатты болдырмауға болады. Сол сияқты нақтылы адами қарым-қатынастарда да төзімділік пек адалдықтың, біреудің қайғысына ортақ болу, аяушылық, үлкенді сыйлау, әке-шешеге риясыз құрмет көрсету т.с.с. құндылықтардың маңыздылығын асыра бағалау қиын.
Ұлттық код ұлттық мәдениетпен астасады. Ол ұлттық тәлім-тәрбиенің, моралдің негізінде дамып, қалыптасты. Мораль – адамның ішкі рухани өмірінде жақсылық, абырой, ар-намыс, парыз сияқты моральдік құндылықтармен байланысты. Біздің ойымызша, моралдің арқауын “тұлға мен қоғам” арасындағы қарым-қатынастардан іздеу керек. Өйткені, адам басқа кісілермен сан-алуан байланыс, өзара іс-әрекетке түсіп қана өмір сүре алады, ол оның әлеуметтік табиғатын көрсетеді. Бұл арада моралдік сананың ережелік, нормативтік ерекшелігін алға тартуға болады, өйткені, күнбе-күнгі адамдардың миллиондаған іс-әрекетін ретке келтіру үшін олар ереже, қағида, идеал ретінде қорытылады. Расында да, моралдік норма арқылы ғана өзіңнің, я болмаса, басқаның жүріс-тұрысын бағалауға мүмкіндік аласыз. Олай болса, ол тек қана бізге қоғам өмірінде өзіңді қалай ұстау керек екенін көрсетіп қана қоймай, адамның ішкі руханиятының ажырамас бөлігіне айналады. Ұлттық тәрбие сол ұлттың мәдениетін дамытудың қозғаушы күші болып табылады. Әрбір халықтың тарихи тіршілігі мен рухани тәжірибесі бар. Қазақтың ұлттық коды деп қазақ халқының жаратылысын, табиғатын, рухани бітімін, өмір салтын айқындайтын белгілерді атасақ қателеспейміз, тарихи тамыры тереңде жатқан, ұлтымыздың күні бүгінге дейін бәрінен жоғары баға-ланатын қасиеттері, қазақтың ұлттық болмысының сырын түсінуге апаратын, тиісінше қастерлеп сақтауға жататын құпия кілт.
Қазақтың ұлттық коды деп қазақ халқының жаратылысын, табиғатын, рухани бітімін, өмір салтын айқындайтын белгілерді айтқан жөн шығар. Яғни, тарихи тамыры тереңде жатқан, ұлтымыздың күні бүгінге дейін бәрінен жоғары бағаланатын қасиеттері, солардың сығымдалып тұжырымдалған формуласы қазақтың ұлттық болмысының сырын түсінуге апаратын, тиісінше қастерлеп сақтауға жататын құпия кілттің тап өзі боп шығуы ғажап емес. Қазақ халқының ұлттық болмысы ғасырлар бойы қалыптасып, бекем орныққан, сондықтан да ол қазақ рухын небір күйзелістерден аман алып келе жатқан айрықша қасиетке ие. Халқымыздың сол қасиетін танытатын формула күллі материалдық байлықтан адами құндылықты биік қоятындығымен ерекшеленеді. Өйткені, бағзы заманда әділеттілік, адалдық, шыншылдық және ахлақ (мораль) дәулет атаулыдан әлдеқайда артығырақ бағаланатын.
Рухани кодымыздың басты тіні, ұлттың күллі қастерлі ұғымдарын, қасиеттерін бойына жиған өзегі тіл болып табылатыны құпия емес. Міне, сол қасиетті ана тіліміздің қуаты бүгінде әлі де алаңдатады. Турасын айтқанда, мемлекеттік мәртебесіне қарамастан, қазақ тілінің қолданыс аясын тиісті дәрежеде кеңейте алмау, оны өзге тілдермен қойыртпақтап, бұзу, дұрыс сөйлемеу, тіпті мүлдем ұмыту өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздың жүйесін сақтай алмауға әкеліп соғатыны анық. Елбасының мақаласында соның алдын-алу әрекетіне көшу (қолданыстағы реформаланған кирилді латын графикасына ауыстыру) мәселесі қарастырылады.
Әрбір ұлттың ұлттық қасиеттері ұлттық тәрбиеге байланысты дамып, қалыптасқан. Халық педагогикасы ұлттық әдебиет пен сол ұлттың салт-дәстүрлерінен құралады. Әдебиет көркем шығармалар арқылы сан үйренуден бастап, шығарма кейіпкерлерінің тілін, ойын, іс-әрекеттерін, мінез-құлқын, ұлттық қасиеттерін үлгі ретінде әсерлі баяндап, содан соң көркемдеп көрсетіп үйрету арқылы жеке тұлғаның адамдық қасиетерін қалыптастырып, кісілік сана сапасын арттырады. Қазақ халқының аса бай ұлттық әдебиеті, қайырымды, әдепті салт-дәстүрлері оның этностық (ұлттық) ерекшеліктерін көрсетеді де, ол жеке тұлғалардың ұлттық қасиеттерін қалыптастырады.
Рухани кодымыздың басты ерекшелігіне мысал ретінде туыстардың қан тазалығы мақсатында жеті атаға толмау тұрып үйленбеуі. Халқымыз дені сау ұрпақ жалғастыру үшін, ерекше мән берген қасиетті құндылық. Жеті атаға толған жағдайда екі жас үйлену үшін үлкен ауыл ақсақалдарын жинап, ақ түйенің қарнын жарып, ақ бата алып барып қана рұқсат алатын болған. Басқа ұлтта мұндай жеті атаны сақтау салты жоқ.
Рухани кодымыздың тағы ерекшелігіне сөз, тіл құдыретіне бас иетін халықпыз. Кез-келген даулы мәселені «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен» жеткізе білген, ешкімнің ар-намысана тимей, тіпті жаугершілік заманда сөзі өткір, тілі шешен елші, дипломаттар екі ел арасын татауластыру мақсатында баратын болған. Өз сезімін ғашығына білдіру үшін өлең жолдарын арнау, табиғатты, туған жерді, Отанды сүю халқымыздың сөз қадірін түсінетін халық екендігіне айқын дәлел. Тағы ерекше тұсы әзілқойлық қасиет даруы, «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деген нақыл сөз мысал бола алады. Жастардың ұлттық қасиеттеріне меймандостық, кісілік, сыйласымдылық, имандылық, кішіпейілділік, кеңпейілділік, салауаттылық, тіршілікке бейімділігі, өнерпаздық, шешендік, ақынжандылық, сыпайылығы, мәдениеттілігі т.б. қасиеттері арқылы ерекшеленеді. Сондықтан қазақтың қазақ екенін, өзге ұлттан ерекшелігін болашақта сақтау үшін, өзімізді өзіміз бағалай білуге бет бұру – ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту керек. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандалылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару.
Сұрақтар:
1.Ұлттық бірегейліктің екі бағытын ашып көрсет
2. Қазақ халқын өзге ұлттан не ерекшелейді?
3. Рухани кодымыздың басты құндылықтарын атаңыз.
Әдебиеттер:
1. Аташ Б.М. Арынов Ж. М. Қазақтың салт дәстүрі мен әдет ғұрпы. Қазақ журналы №9 156, қараша 2017 ж., 34-35 бб.
2. Джекебаева М. Еркіндік пен жауапкершіліктің өзара байланысы. Монография. – Алматы, Қазақ университеті, 2015. – 176 б.
3. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өр-кендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы // Жукешов Қ. Асанбекова Г. Адам. Қоғам. Құқық. – Алматы: Мектеп, 2005. – 204 б.
4. Әбдіқасымов Р., Бөлеев Қ., Бөлеева Л.Қ. Ұлттық тәлім-тәрбие. Дайындық курсының бағдарламасы. – Ж., 1993.
Достарыңызбен бөлісу: |