Саяси жүйе - билікті жүргізуші әлеуметтік топтар, таптар, ұйымдар мен мемлекеттер арасындағы өзара қатынастарды реттейтін, қоғамда тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз ететін ұйымдар, мекемелер мен институттар жиынтығы. Оның негізгі элементтеріне мемлекет, саяси партиялар, дін орындары, қоғамдық-саяси ұйымдар және т.б. жатады.
Саяси жүйелердің жіктелуі жөнінде ғалымдар арасында ортақ пікір жоқ. Саяси жүйені жіктеу зерттеушілер таңдаған өлшемге байланысты. Саяси жүйені жіктеудің ең кең тараған түрі, оның саяси тәртібіне қарай тоталитарлық, авторитарлық және демократиялық деп бөлінуі.
Француз саясаттанушысы Ж.Блондель саяси жүйені басқарудың мазмұны мен түрлеріне сай оны 5 түрге бөледі:
1) либералдық демократия. Ол саяси, мемлекеттік шешімдерді қабылдағанда меншікке иелік етуі, жекешілдік, еркіндік сияқты құндылықтарды басшылыққа алады;
2) коммунистік жүйе. Ол әлеуметтік игілікті тең белуге бағдар ұстайды;
3) дәстүрлі саяси жүйе. Ол ат төбеліндей ақсүйектердің саяси және экономикалық үстемдігіне негізделеді;
4) Дамып келе жатқан елдерде қалыптаса бастаған саяси жүйе. Онда авторитарлық басқару белең алады;
5) авторитарлы-консервативтік жүйе. Онда әлеуметтік және экономикалық теңсіздік сақталады, халықтың саяси билікке қатысуына шек қойылады.
Г.Алмонд саяси мәдениет деңгейі мен құндылықтар жүйесінің негізінде саяси жүйені: ағылшын-американдық, құрылықтық-еуропалық, жарым-жартылай индустрияланған, тоталитарлық деп жіктейді. Саяси жүйенің ағылшын-американдық түрі ондағы саяси мәдениеттің бірыңғайлылығымен, біртектілігімен сипатталады. Құрлықтық-еуропалық саяси жүйенің саяси мәдениеті, ұстанатын құндылықтары әр түрлі келеді. Жарым-жартылай индустрияланған саяси жүйеге аралас мәдениет тән. Тоталитарлық саяси жүйеде саяси мәдениеттің таптық сипаты бар.