Оқыту әдістері туралы түсінік Оқыту әдістері дегеніміз- “белгіленген оқу мақсатына жету үшін мұғалімнің іс-әрекеті мен оқушы іс-әрекетінің үйлесу түрлері, тәсілі”.
Оқытудың мақсаттары мен құралдары тұрғысынан алғанда оқыту әдістері “мұғалімнің оқушыларды білім және білікпен қаруландыратын, адамгершілік көзқарас қалыптастыратын құралдары мен тәсілдерінің жиынтығы”.
Оқытудың мақсаты мазмұнын игеру арқылы жүзеге асады. Оқытудың әдістері, құралдары, іс-әрекеті осы мазмұнды меңгеруге бағытталған. Бұл тұрғыдан қарағанда “Химияны оқыту әдістері химия ғылымының мазмұнымен анықталады, өйткені әдіс дегеніміз-мазмұнның ішкі қозғалысы”.
Келтірілген анықтамалардың біреулері дұрыс, екіншісі бұрыс деп айта алмаймыз, өйткені әдістің мәнін ашу үшін оқыту әрекетінің жеке жақтары пайдаланылған. Солардың бәрінің басын қосып, оқыту әдістері дегеніміз- белгіленген мақсатқа сәйкес анықталған мазмұнды игеру үшін мұғалім мен оқушы іс-әрекетінің үйлесу формалары деген анықтамаға келеміз.
Химияны оқыту әдістері, ғылыми зерттеу әдістерімен ұштасып жатады, оқушылардың химия объектілерін танып-білу әрекетінің ерекшеліктерімен де сипатталады.