Оқыту мен оқуда тәжірибеге өзгеріс енгізу
және білім беру үрдісін жаңғырту
«Бала - балқытылған алтын, оны қандай
қалыпқа құйып, қандай мүсін жасаймын
десе де, мұғалімнің өз қолында»
К.Ушинский
«Білім беру реформасының ойдағыдай жүргізілуінің басты өлшемі-тиісті білім мен білік алған еліміздің әрбір азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу. Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін жолға қоюға тиістіміз»,-деген еді елбасымыз Н.Ә.Назарбаев. Бүгінгі таңдағы оқыту үрдісі жаңа әдіс-тәсілдерді, жаңаша идеяларды қолдануды талап етеді. Сондықтан да әр мұғалім өз білімін үнемі жетілдіріп отыруы қажет. Осыған орай Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының үшінші (негізгі) деңгей бағдарламасы негізінде үш айлық курсына жазылып, өз білімімді толықтырудамын. Бұған дейін де өз пәнім бойынша курстарға қатысып үнемі білімімді, шығармашылығымды жетілдіріп жүретінмін. Бірақ Кембридж бағдарламасы бойынша оқыту мен оқудағы жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеру мен үшін үлкен жетістік деп білемін. Өйткені бірінші бетпе-бет кезеңінде тренер-оқытушыларымыздан үйренгенімді, әр өңірден келген әріптестерімнен және басқа да дерек көздері арқылы алған білімімді, сабақта қолданылатын жаңа әдіс-тәсілдерді меңгердім.
Педагогика жаңалықтарының бірі-оқытудың іс-тәжірибесіне жаңа әдіс-тәсілді енгізу. Соның ішінде орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген танымал оқу әдістерінің бірі сындарлы (конструктивті) оқытуда басты басымдылық оқушыға беріледі. Бағдарлама сындарлы оқыту теориясына негізделген. «Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету»/нұсқаулық 6-бет/. Яғни дәстүрлі білім беру жүйесіндегідей мұғалім білімді беруші, ал оқушы дайын білімді алушы емес, «оқу қауымдастығының» мүшесі болып саналатын мұғалім мен оқушы тең дәрежеде ынтымақтасқан түрде білім алушылар болып табылады.
Мектептегі тәжірибе кезеңінде осы курс барысында жинақтаған тәжірибемді тезірек іске асыруға, мектептегі әріптестеріммен ой бөлісіп, бағдарламаның ерекшелігін түсіндіруге асықтым. Ең алдымен мектеп басшысы Бекет Хасенұлына алғысымды білдіріп, курстан ерекше күшпен оралғандығымды айтып, курстың ерекшелігін мектептегі білім беру жүйесіне зор ықпалы бар екенін айтып пікірлестім. Және тәжірибелік кезеңде сабақтарыма, сыныбыма жағдай жасауын өтіндім. Одан кейін әріптестеріммен кеңесіп, мектебіміздің дәстүрі бойынша семинар өткіздім. Мұнда әріптестеріме курстың мақсатын, заман талабына сай білім берудегі тиімділігін түсіндіре отырып, жаңа әдіс-тәсілдермен ой бөлістім. Семинар барысында тренингтер өткізе отырып, топтық, жұптық жұмыстар жасаттым және сыйтабақтағы тақырыптар бойынша пікір таластырып, бір-бірлерін тыңдай отырып ой қорытты. Сонымен қатар сергіту сәтін де жасатуды
ұмытпадым. Семинар соңында кері байланыс ретінде күннің шуақтарына өз пікірлерін жазып қалдырды. Мұнда өз тәжірибеме өзгеріс енгізуімнің мектептегі әріптестерімнің қолдау көрсетуі, оң көзқарастары тәжірибеме ықпал етті. Тәжірибені бастар кезде оқушыларды психологиялық тұрғыдан зерттеуді маңызды деп санадым . Яғни зетттеу барысында оқушыларымның кімнің қасында отырғысы келмейтіні немесе қай оқушы қай оқушымен жұмыс жасағанды қалайтыны анықталды. Алғашқы сабақтарымда осы зерттеудің нәтижесін және үлгерімі төмен немесе орташа, жоғары деңгейлі оқушыларды ескере отырып топтастырдым. Нәтижесінде төмен деңгейлі оқушыларым Сағынбай мен Нұртастың сыныптастарымен бірлесе отырып білім алуда, топтық жұптық жұмыстарда ынта-зейіндерінің артқандарына көзім жетті. Ал дарынды оқушыларым Бақытгүл мен Аружанның жоғарғы деңгейдегі тапсырмаларды орындауда өз қабілеттін таныта отырып, көбірек ізденулеріне мүмкіндік бердім.
Тізбектелген сабақтарымды жоспарлауда бағдарламаның жеті модулін ықпалдастыра отырып өткізуді жоспарладым және жоспарымды «SMART» талабына сай құруға тырыстым. Және оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай оқыту мен оқуды жоспарлауды жөн көрдім.
Құзырлы мұғалім оқушыларға, ортаға және ресурстарға лайықтап нақты кезеңде қолданылуы тиімді оқыту элементтерін «реттеп» отырады. Оқытудың сапалы және табысты болуы белгілі бір деңгейде мұғалімнің қалыптасып отырған жадайларға бейімделе алуына да тығыз байланысты. /нұсқаулық 9-бет/. Сондықтан сабақтарымды бастамас бұрын алдымен өзім сабақ беретін 5-сынып оқушыларымен жүздесуден бастадым. Оқушыларыма бағдарлама бойынша түсінік қалыптастырып, алдағы сабақтардың бірлесе отырып түрлі жұмыстар жасап, білім алатындығын ескерттім. Оқушылардың тезірек сабақ болса екен деген сөздері сыныбыма деген сенімділікті арттырды. Ең алдымен ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру үшін сыныптың ережесін шығаруды жөн көрдік. Сыныпты екі топқа бөліп топтық ереже шығарттым, одан кейін екі топ бірігіп сыныптың ережесін жасап шықты. Оқушыларым бір-бірімен ақылдасып, пікірлерін тыңдай отырып ұйымшылдыққа жұмыс жасады. Мұғалім мен балалар үшін олардың қай мақсаттарға жеткісі келетінін білу маңызды, ал ол-мақсатқа жету өлшемдерін түсінуді талап етеді. Сондықтан бағдарлама сыни бағалау тәсілдерін де қарастырады/нұсқаулық 13-бет/.-деген тұжырымды басшылыққа ала отырып, әрі қарай тізбектелген сабақтарымның соңында оқушыларға өзін-өзі бағалау экранын шығаруда оқушылармен ой бөлісе отырып бірлесіп жасадық. Себебі оқушы қайткенде өзіне әділ баға қояды және бағалау оқушыға қалай әсер ететінін ескере отырып төмендегідей үлгіде құрастырдық: әр оқушыны кемеге отырғыздық, кеме сумен жүзіп келеді. Жағалауға шыққанға дейін кемедегілер теңізден балық аулап өтуі қажет. Мұндағы басты идеям оқушыны кемеге теңеп, теңізді біліммен ұштастыруым және оқушы сол білімді балық аулау арқылы меңгереді. Балықтар үш түрлі түспен бағаланды: «алтын балық»-толық меңгерген, «қызыл балық»- жақсы меңгердім, «көгілдір балық»- әлі толық меңгермедім. Сонымен қатар балықтардың жанына әр түрлі көңіл-күйдегі смайликтер қою арқылы оқушылардың көңіл-күйлерін бақылап отырдым. Нәтижесінде оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарының жоғарылап, ынтасының артқанына көз жеткіздім. Және сабақ барысында әрбір тапсырмаларды формативтік бағалау түрлерін қолданып отырдым және критерий бойынша бірін-бірі, өзін бағалай білуге дағдыландырдым. Яғни бағалау–баға берудің ісмерлік нәтижесі, үрдіс, іскерліктің қорытындысы, шартты-формальдық түрі – деп Ш.А.Амонашвили айтқандай жалпы бұрын-соңды мен қолданбаған жаңа тәсілдің бірін қолдандым. Бұдан оқыту үшін бағалау және оқу үшін бағалауды жүзеге асырудағы оң өзгеріс екенін ұғындым. Оқушы өзгерісіне тоқтала кетсем, орта және төмен деңгейлі оқушылардың әр сабақта алтын, қызыл балықтарды аулауға ұмтылысы мені қуантты. Ал жоғары деңгейлі оқушылар көшбасшылық танытып, топ мүшелерін бірдей алтын балықты ұстауға жетелеп, бір-біріне көмектесіп, тобын алға жетелейтінін аңғардым. Зерттеуші Мерсердің (2005) құрдастар тобындағы өзара қарым-қатынас оқуды маңызды рөл атқарады деген пікірін басшылыққа ала отырып нәтижеге қол жеткіздім.
Орта және қысқа мерзімді жоспарларымды құрастыруда зерттеулердегі «Оқушыларды жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту мен оқуды» негізге ала отырып жоспарладым. Сыныпта он оқушы бар. Оның төртеуі жоғары деңгейлі, үшеуі орташа, үшеуі төмен деңгейлі оқушылар. Сабақтарымда түрлі тренингтер өткізу арқылы ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырып, топтық, жұптық жұмыстар жасата отырып, өздіктерінен сабақты меңгеруіне мүмкіндік туғыздым. Бұрынғы тәжірибемде оқушыға білімді түсіндіріп дайын күйінде берсем, ал жаңа бағдарламаны тәжірибеге енгізуде оқушы өз бетімен білім алуға ұмтылады. Бағдарламаның жеті модулін кіріктіре отырып сабақтарымды өткізгенде өол жеткізген нәтижелер мен өзгерістерге тоқталсам, сыни ойлауын дамыту мақсатында шығармашылық тапсырмаларды көбірек орындатудың маңыздылығына көз жеткіздім және оқытудағы көшбасшылық ретінде дарынды балаларды анықтадым. Сыныпты түрлі тәсілдер арқылы екі топқа бөліп, тиындар арқылы дауыс беріп топ басшысын сайлатуда екі топтың да озат, дарынды
оқушыларға дауыстарын бергенін, ол оқушыларымның көшбасшылық танытуын байқадым. Және топ басшыларының тобын әділ бағалауға, сенімдерін ақтауға тырысып, жауапкершілікті сезінгенін сабақтар барысында қадағаладым. Топтық, жұптық жұмыстардың артықшылығы: оқушылар өзара достық қатынаста болады; бір-бірінен сұрай отырып білімдерін жетілдіреді,өзгелерге ойын жеткізу үшін өз шешімін дәлелдеп үйренеді, топтық жұмыста бос отыратын оқушы болмайды. Төмен деңгейлі оқушылар құрдастарының көмегімен білімді меңгереді.
Сонымен қатар сергіту сәттерінің де сабақта алар орны бар екендігіне көзім жетті. Себебі сергіту сәттері көбіне бастауыш сыныптарда қолданылатын, ал жоғары сыныптарда жиі қолданылмайды. Түрлі сергіту сәттері оқушылардың жаттығу, талдау жұмыстарында шаршамай, көңілдерінің көтерілуіне көп септігін тигізді. Тізбектелген бір сабағымда «Сиқырлы сандықша» тренингін өткіздім. Тренинг барысында байқағаным оқушылар өздерінің бойындағы қасиеттерін айта отырып, өздеріне, сыныптастарына деген жақсы көзқарасы қалыптасты. Бұдан оқушының өзін және өзгені бағалай білуі, адам бойындағы қасиеттерді анықтай білуге үйрететінін және жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге бағыттайтынын ескердім.
Оқушылардың тақырыпты түсінуіне қол жеткізу үшін мұғалімдер қолданатын сұрақтардың екі түрі: төмен дәрежелі және жоғары дәрежелі сұрақтар кең қолданылады деген пікірге сүйене отырып оқушыларға осындай түрде сұрақтар дайындап келіп отырдым.Сұрақтарды дайындау,қою барысында оқушылардың білім алу қабілеттерін,мүмкіндіктерін ескеру өте маңызды.Ол үшін сұрақ қоюдың түрткі болу,сынақтан өткізу және қайта бағыттау сияқты әртүрлі техникаларын пайдалануға болады.(1.41б).
Мысалы бір сабағымда «Ұшқыр сұрақ, жылдам жауап» әдісі арқылы өткен сабаққа шолу жасалды. Келесі сабағымда серпілген сауал әдісін пайдаландым. Сұрақтарының салмағын бақылай отырып өткен сабақты қаншалықты меңгергенін қадағаладым.Өткен тақырып бойынша бір-біріне сұрақ қойып, жауаптарын тыңдайды, нәтижесінде сұрақ қоюға дағдыланды. Сондықтан да сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады,себебі сұрақ дұрыс қойылған жағдайда сабақ берудің тиімді құралына айналады және де оқушылардың оқуына қолдау көрсетіп,оны жақсарта және кеңейте алады.(1.41б) Бұл әдіс арқылы оқушылар диалогқа түсіп, сыныптағы диалогтің маңыздылығын көрсем, дарынды, таланты балаларды оқытуда тиімді тәсілдерді тиімді пайдалануды, оқу үшін бағалау мен оқыту үшін бағалаудың білім беру жүйесіндегі маңыздылығын түсіндім.
Бағдарламаны тәжірибеде қолдануда бірінші өзімнің құндылығымды таныдым, өз-өзімді реттеуге дағдыландым, оқушыларға қалай білім алу керектігін үйрете отырып, өзімнің де мұғалім ретінде,ұстаз ретінде өскенімді байқадым. Өзімді атқарып жүрген істің нағыз иесі, қожайыны екендігімдіжәне оған өз қалауымша өзгеріс енгізуге құқылы екендігімді түсінген сияқтымын. Құзырлы мұғалім-бұл алдыңдағы оқушының жан дүниесін түсіне білетін, оқушының тақырыптың мәнін өз бетімен меңгеруіне мүмкіндік жасайтын мұғалім. Мен де осындай мұғалімдердің қатарына қосылсам деп армандаймын. Себебі оқушымның дамуы, өсуі үнемі көз алдыңда өтеді. Шәкірттерің өзіңе үлкен үміт артып, зор сеніммен қарап отырғаннан кейін өзің де оқулықпен шектей алмайды екенсің, әрдайым ізденісте жүресің, зерттей бастайсың.
Мен осы бағдарлама арқылы ойыма түйгенім:
Топқа бөлудің бірлесе оқудағы мағыздылығын, қазіргі білім беру жүйесіндегі АКТ-нің оқушы мен мұғкалім үшін тиімдігін, оқушылардың сыни ойлауын
дамыту үшін ойнай отырып ойланатын, шығармашылық тапсырмалардың тиімділігін, оқушыларды бағалауды, сабақ берудің жаңа тәсілін үйрендім.
Нәтижесінде өзімнің өзгерісім: Сабақ құрылымын өзгеше етіп құруды,
сыныптағы психологиялық ахуалды қалыптастыра білуді, бағыт беруді, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білуді, бағалаудың түрлерін қолдануды меңгердім. Оқушыларымның өзгерісін айтар болсам, зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы қабілеттері артты, алдына мақсат қоя білді, нақты сөйлеуге, пікірін білдіруге, уақытты ұтымды пайдалануға үйренді, қарым-қатынас шеберлігі қалыптасты. Өз ойларын ашық айтуа дағдыланды,
Сыныптың ынтымақтастығын қалыптастырудың нәтижесінде бір-бірімен ауызбіршіліктері нығая түсті.
Бұдан кейін,яғни,болашақта қандай боламын?-деген сұрақты өзіме қоя отырып болашақта мынадай жоспарларды жүзеге асырамын. Алдымда отырған әр оқушының жан дүниесіне терең бойлап, толық түсінуге тырысамын.Оның қателіктерінің сыры неде? Жетістіктерге қалай жетті? Қателіктерді жойып, жетістіктерге қалай жетуге болады? Осы сұрақтардың жауабын іздеймін, табамын.Үйренген әдіс-тәсілдерім білім деңгейін жақсартуға үлкен әсерін тигізетініне сенімім мол. Алдағы уақыттағы мақсатым оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді пайдалана отырып өз сабақтарыма жеті модульді кіріктіре отырып, әр сабағымда тиімді пайдаланып, алдымда отырған жас өскелең ұрпақты озық ойлы, жан-жақты, халқымыздың салт-дәстүрін бойына сіңірген, ұлттық намысты жоғары қоятын, өз ісіне сыни көзбен қарайтын,алған білімін өмірде пайдалана білетін, жан-жақты ойлай алатын, өзіне сенімді тұлға қалыптастыру.
Мақсатым айқын деген оймен білім берудің Кембридж тәсілін іс-тәжірибемде жүзеге асыруды жалғастырамын. Яғни мұғалім – бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол әрдайым оқытудың жаңа технологияларын тәжірибеге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне жанашырлық танытатын адам болуға тиіс екенін ұмытпауы қажет.
Пайдаланған әдебиеттер:
«Мұғалімге арналған нұсқаулық» [үшінші (негізгі) деңгей, үшінші басылым], Оқу-әдістемелік құрал – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012.
«Мектептегі тәжірибе кезеңінде орындауға арналған Тапсырмалар» [үшінші (негізгі) деңгей, үшінші басылым], Оқу-әдістемелік құрал – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012.
«Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының деңгейлі бағдарламасына арналған глоссарий»: Оқу-әдістемелік құрал – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектетері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы. – 2012 164 б.
1, 2-бетпе-бет кезеңіне арналған үлестірме материалдар.
Достарыңызбен бөлісу: |