Бірінші дәуір – отарлық дәуір, ХVІІІ ғ. 30-жылдарынан бері 1917 ж. дейін; бұл Қазақстанның Ресейдің отары, қазақтардың этнодемографиялық дамуы отарлық-миграциялық (соның ішінде қоныстандыру) саясатының ықпалында болған дәуір. Сырттан келген көші-қонның стихиялық, әскери, ұйымдасқан, өз бетінше және басқа түрлері іске асқан, әсіресе Столыпиннің аграрлық саясаты кезінде өрістеген дәуір, сонымен бірге қазақтардың арасында табиғи өсім төмен, әртүрлі эпидемиялар, жұқпалы аурулар, жұттар көп дәуір. Осының бәрінің нәтижесінде қазақтардың саны түрлі өзгерістерге ұшырап, Қазан революциясына дейін, бұрын өз елінде үлесі едәуір (90%) болғанымен, ХХ ғ. екінші онжылдығы соңында, аймақтардың тұрғындарының әлі де жартысынан көбі (58,7%) болған дәуір. Оңтүстік, Батыс және Орталық аймақтарда қазақтардың басымдығы сақталған, Солтүстік және Шығыс аймақтарда славян, басқа этностар өкілдерінің көпшілікке айнала бастаған дәуір. Дегенмен Қазақстандағы этнодемографиялық даму көрсеткіштерін қазақ ұлтының өзі (этногендік негізде) анықтаған дәуір.
Достарыңызбен бөлісу: |