«Кері ой қозғау»
Техникалық объектінің кемшіліктері, қарама-қайшылықтары мен ақауларын айқындап, оларды жетілдіру қажет болғанда қолданылады. Тура «ой қозғаудан» айырмашылығы: мұнда сыни пікірлерге негізгі мән беріледі, қатысушылар зерттеу объектісінің олқылықтары мен жетіспеушіліктерін анықтауға тырысып, нақты техникалық проблеманы шешуге ұмтылады.
«Кластерлер»
«Жүзімнің шоқтары» деген мағынада қолданылған – идеялар мен ақпараттардың арасындағы байланыстарды айқындауға арналған жазба кестелер.
Негізгі тақырып (тірек сөз, басты идея) тақтаның (дәптердің) ортасындағы шеңберге жазылады да, одан туындаған тақырыпшалар оның жан-жағына жазылып, шеңберленеді, оқушылар оларды бір-біріне сызықтармен қосады да, өзара байланыстары туралы әңгімелейді.
Тақырыпшалардың байланыстары туралы сұрақтар құрастырып, оларға жауап ізденген де тиімді. Әдетте кластерлер оқушының жеке орындалуынан басталып, одан кейін жұмыс жұпта немесе шағын топта (4-6 адам) жалғасады.
«Комплименттердің бұрқасыны»
Оқушылар берілген уақыт ішінде (1-1,5 минут) бір парақ қағазға өздерінің сүйікті адамдарынан естігісі келген комплиментті жазады. Комплименттердің жеке сөздер (эпитеттер) түрінде болмай, толық сөйлемдер түрінде болғаны дұрыс. Жазып болған соң оқушылар бұл парақтарды домалақтап, домалақ қармен атқыласқандай оларды бір-біріне лақтыруы керек. Содан кейін мұғалім оқушыларға бір-бірден «қар домалағын» ашып, оларды оқуды тапсырады.
Комплименттерді барлық оқушылардың кезектесіп оқуына да болады.
«Конверт – сұрақ»
2-3 сұрақ жазып, конвертке салыңыз (оқу мақсатына қарай). Әрбір оқушыда өзінікі болатындай етіп, бірнеше конверт дайындаңыз. Әрқайсысына екі минут беріңіз: оқушы стикерде атын және жауабын жазады; екі минут өткен соң конверт келесі оқушыға беріледі, осылай бұл 2-3 сұраққа барлығы жауап бергенше жүре береді. Стикерлерді жинап, бірнеше жауапты дауыстап оқыңыз (аттарын атамастан); сынып белгілі бір сұрақтың қаншалықты дұрыс болғанын талқылайды.
«Константинополь»
Бүгінгі негізгі сөзден барынша көп қысқа сөздерді құрастыру қажет.
«Концептуалдық кесте»
Кейіпкерлер
|
Өмірге қызығушылыгы
|
Адамгершілік қасиеті
|
Кейіпкерге берілетін баға
|
|
|
|
|
«Көк диван»
Бастаушы диванның ортасында отырады да, «мен – көк диванмын» дейді. Келесі оқушы оның жанына отыру үшін диван ұғымына қатысты сөйлем айту керек: «Ал мен диван жастықшасымын», - дейді де оң жағына отырады. Келесі оқушы: «Мен диван жапқышымын», - деп сол жағына отырады. Бастаушы қалаған адамымен жұп болады. Қалған оқушымен жұп болғысы келген оқушы тіркесті жалғастырады. Ол екеуінің ішінен қалған оқушы өз жұбын таңдайды. Осылайша жұпқа, топқа бөлу жалғасады.
Мұны сабаққа байланысты жүргізуге де болады. Мысалы, бастаушы: «Мен сөйлем мүшесімін» десе, 1-ойыншы – Тұрлаулы, 2-ойыншы – Тұрлаусыз сөйлем мүшесі болады. Сөйлем мүшесі Тұрлаулы мүшені таңдап, неге олай таңдау жасағанын түсіндіреді. Ортада қалған Тұрлаусыз мүше жанына Анықтауыш пен Пысықтауыш келіп отырады. Тұрлаусыз мүше Анықтауышты жұп етіп, ол туралы айтады. Енді қалған Пысықтауыш жанына оның түрлері келіп отырады. Осылайша жұпқа бөліну әрі өтілген материалдарды қайталау жүзеге асады.
«Көкпар»
Топтық тапсырма: сұрақ- жауап арқылы білімін бағалау. Мұнда топ мүшелеріне сұрақтар қойылады. Жауап мазмұны, дәйектілігі ескертіледі. Сұраққа дұрыс жауап берген адам шарик (1 балл) алады. Көп шар жинаған адам- көшбасшы.
«Көңіл күй букеті»
Оқушылар гүлдерді вазаға қояды. Ваза суреті плакатқа салынған. Сабақтағы жұмысын бағалай отырып, әр оқушы аты жазылған стикер-гүлді вазаға бекітуі қажет.
Қызыл түс – проблема бар, көмек қажет.
Сары түс – барлығы түсінікті емес.
Жасыл түс – барлығы жақсы.
Стикер түстері әртүрлі болуы мүмкін.
«Көңіл күйді анықтау»
Сабақ басында оқушылар бір параққа өзінің көңіл-күйін келтіретін сурет (немесе смайлик) салады: суретте олар адамның бет-әлпетін келтіру керек (мәселен, күліп немесе езу тартып тұрған, қабағын түйіп тұрған, бейтарап т.б).Олар суреттерін бір-біріне көрсетеді.Оларға сабақтың аяғына дейін көңіл-күйлерін көтеріңкі деңгейге жеткізу жұмысы тапсырылады.
Немесе көңіл-күй табиғат құбылыстары арқылы көрсетуге болады: жарқырап күн шығып тұр, аспанды бұлт торлаған, жаңбыр немесе қар жауып тұр т.с.с.
«Көрсет және әңгімеле»
Әр оқушы өз жауабын жазуға/салуға мүмкіндігі болатындай және оны тез арада сізге (сыныптастарына) көрсететіндей етіп, шағын маркер тақтасын қолданыңыз.
«Көршіңе әңгімелеп бер»
Бұл әдіс оқушылар өз ойларын дауыстап айтып беру үшін пайдаланылады.
· сұрақ қойыңыз, ойластыруға уақыт беріңіз;
· одан кейін оқушылардан өз ойларын көршілерімен бөлісуді сұраңыз;
·оқушыларға жаңа тақырыпты айтыңыз және осы тақырып бойынша өздері білетін барлық жағдайды көршісіне айтуын ұсыныңыз.
«Көршіңізге айтыңыз»
«Көршіме айтамын» әдістемесі оқушылардың өз ойларын ауызша білдіруі үшін қолданылады.
- Сұрақ қойыңыз, ойлануға уақыт беріңіз, содан кейін оқушылардан өз ойларын көршісімен бөлісуін сұраңыз.
- Оқушыға жаңа тақырыпты атаңыз және оларға аталған тақырып бойынша ненің мәлім екені туралы бәрін көршісіне айтуын сұраңыз
«Кубизм»
Кубиктің көмегімен төмендегі тапсырламарды бөлу:
Суретте (түсі, пішіні, өлшемі).
Салыстыр (неге ұқсас, неге ұқсамайды?).
Байланыстыр (бұл туралы ойлағаныңызды көзге елестетіңіз).
Таңда (Неден жасалған? Неден тұрады? Не үшін?).
Қолдан (бұнымен не жасауға болады?).
Дәлелде («ия», «жоқ» деп оған дәлел келтіру, бұл жақсы ма, әлде жаман ба? Неге?)
Әр топ кубик бойынша өздеріне берілген тапсырмалармен жұмыс жасайды,тақырыпқа сәйкес әр оқушының жеке жауабы тыңдалады.
Жазған мәліметтерін топта талқылайды, топтың атынан ортақ жауап дайындайды және презентацияға дайындық жасайды. Жасаған жұмыстары бойынша презентация, бағалау.
«Күн! Тас! Қоршау!»
Ойын оқушылардың зейіні мен қозғалыс жылдамдығын дамытуға бағытталған. Ойын шарты: оқушылар бірнеше топтарға бөлініп отырады. Кезек-кезек балаларға «Күн!», «Тас!», «Қоршау!» атты бұйрықтар беріледі. Сөздердің айтылу ретін үнемі өзгерту қажет. Оқушылар әрбір сөзге қимылмен жауап берулері шарт. Егер «Күн!» деген сөз айтылса, олар алақандарын ашып, саусақтарын тарбитып, қолдарын жоғары көтереді. «Тас!» сөзінде қолдарын түюлі жұдырықтарымен көтереді. «Қоршау!» сөзінде алақандарын ашып, қолдарын көтереді, бірақ саусақтары бір-біріне тығыз жанасып тұруы керек. Ойын жылдамдығы біртіндеп жоғарылауы қажет. Ешбір қате жібермеген топ жеңімпаз атанады.
«Күту уақыты»
Күту уақыты оқушыларға ойлануға және жауап беруге мүмкіндік береді. Сыныптағы барлық балалар бір бағытта және бірдей ойлай бермейді – күту оқушыларға өз ойын жинақтауға және берілген сұраққа жауапты ойластыруға мүмкіндік береді.
Күту уақытының 2 түрі:
Мұғалім айтады, содан кейін оқушылар өз жауаптарын бергенге дейін үзіліс жасайды.
Оқушы жауап беруді аяқтайды және мұғалім оның жауабына қатысты әрекет еткенге дейін кідіріс жасайды. Бұл амал оқушыға ойын толықтыруға және жалғастыруға немесе басқа оқушыға жауап беруіне мүмкіндік береді.
«Күтіңіз және түйіндеңіз»
Оқушыларға олардан күткен негізгі сөздерді анықтауға уақыт беріңіз және сол кезде сұрақты басқаша қойыңыз – анық жауапты, азат жолды және т.б. біріктіру арқылы пікірталасты түйіндей отырып, оқушылардан жалпы қорытынды беруді сұраңыз.
«Қағаздағы сұрақтар»
Әрқайсысы қағаз қиындысына өзі білгісі келген немесе өзі жауап бергісі келген сұрақтарды жазып, қалташаға салады. Араластырылған сұрақтар еркін түрде қатысушыларға таратылып беріледі. Әркім өзіне түскен сұрақтарға жауап береді.
Бұл - үй тапсырмасын сұрағанда қолдануға тиімді тәсіл.
«Қазымыр оқушы»
Ойын шарты: оқушылар өз араларынан жүргізуші сайлайды. Оқушылар мәтінді тағы бір рет жылдам және мұқият оқып шығады. Ойынның бірінші кезеңінде белгілі бір уақыт аралығында мәтін мазмұны бойынша сұрақтар құрастырады. Кім көп сұрақ құрастырса, сол жеңіске жетеді! Ойынның екінші кезеңінде оқушылар бір-біріне сұрақтар қояды. Жауап қысқа да нұсқа болуы керек. Жауап берушіні жүргізуші таңдайды. Ойын соңында көп сұрақ қойған «Қазымыр оқушы» анықталады.
«Қазына іздеу жолында»
Сабақ тақырыбына қатысты ақпаратты жасырыңыз.Оқушылар жасырылған ақпаратты табуы керек. Күрделілік деңгейінарттыру үшін, тақырыпқа қатысы жоқ ақпарат қосып, оқушыларданоларға қажетті жəне қажет емес ақпаратты ажыратуды сұрауыңызға болады.
«Қайтадан құрастыру»
Сабақ уақытын жұмысты қайта өзгерту үшін қолданыңыз.
Бұл оқушыларға жақсартуға бағытталған кері байланысқа назар аударуға мүмкіндік береді. Бұл үдеріс сонымен бірге кері байланыстың құнды екендігін қуаттайды және оқушыларға қолайлы атмосферада жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
«Қане, қайтала!»
Ойын шарты: мәтінді оқып шыққаннан кейін қолдарына қалам мен қағаз алып, сұрақтар құрастырады. Сұрақтарын өз іштерінен сайланған жүргізушіге өткізеді. Барлықтары сұрақ құрастырып болған соң, жүргізушіден кез келген парақты алып, жауабын ойластырады. Жауаптарын талдағаннан кейін, мәтін тәртібі бойынша орналастырады. Содан кейін өздерінің жауаптары бойынша құрастырылған мәтінді мазмұндап береді. Ойын соңында өз мәтіндерін берілген үзіндімен салыстырады. Ойын қорытындысы бойынша ең белсенді оқушы анықталады.
«Қарама-қарсы бағалауға негізделген диалог»
Бұл - «ой қозғаудың» түрі. Оның негізгі ұстанымы мынадай: идеялар «Ой қозғау» тәсіліндегідей ұжымдық тұрғыдан келтірілгенде, оларға қарама-қарсы идеялар да құрастырылып отырады.
Бұл тәсілді қолданғанда төмендегідей кезеңдерді ұстану қажет:
Бірінші кезең.
Диалогқа қатысушылар топтарының құрамын белгілеу.
Екінші кезең.
Проблеманы (мәселе, сұрақ, жағдаятты) талдау тобының құрамын белгілеу.
Шешімін қажет ететін мәселені құрастыру.
Құрастырылған мәселе мен тәсілді қалайша қолдануға болатындығын қатысушыларға хабарлау.
Үшінші кезең.
Идеяларды бірлесе отырып, тура «Ой қозғау» тәсілі бойынша жинақтау. Талқылауда шығармашылық пен бірін-бірі сыйлау атмосферасын құрастыру қажет.
Алдын-ала дайындалған идеялар тізімін оқуға рұқсат етілмейді: барлық ойлар осы жерде туындауы қажет.
Әр қатысушының бірнеше рет сөз алуына болады, алайда оның үздіксіз бірнеше рет сөйлеуіне рұқсат етілмейді.
Төртінші кезең:
Проблеманы талдау тобы туындаған идеяларды жүйелейді. Жүйелеу барысында келтірілген идеялардың тізімі жасалынады.
Әрбір идея басқа да толықтырушы немесе қосалқы идеяларды айқындау мақсатында талданады.
Негізгі және қосалқы, толықтырушы идеялар топтамаларға (кешендерге) біріктіріледі. Олардың ұқсас қасиеттері мен ерекшеліктері зерттеліп, проблеманы шешудің жалпылама мәселелері анықталады.
Бесінші кезең:
Идеяларды «жоққа шығару»: бұл жерде «ой қозғау» оларды жүзеге асыруда қандай кедергілер бар екендігін анықтауға бағытталған.
Алтыншы кезең:
Айтылған сын мен сыни ескертпелерді бағалау.
Іс-тәжірибеде қолдануға мүмкін идеялардың қорытынды тізімін дайындау. Тізімге сыннан өткен идеялар мен оларға қарама-қарсы келтірілген идеялар жазылады.
Қарама-қарсы бағалауға негізделген диалог қатысушыларды үш топқа бөлген жағдайда тиімді әрі нәтижелі болады: 1) идея туындатушы; 2) проблемалық жағдаятты талдау және идеяларды бағалау, 3) қарама-қарсы идеяларды келтіру. Біраз уақыт жұмыс жасағаннан кейін топтардың рөлдерін алмастырып отырған да орынды.
«Қарама-қарсы саптар»
Оқушылар екі сапқа бөлініп, бір-біріне қарама-қарсы тұрады, екі минут ішінде олар қарсы тұрғанмен әңгімелеседі, бір-біріне таныстық сұрақтарын қояды. Берілген уақыт аяқталған соң, мұғалім бір саптың оң жаққа, ал екінші саптық сол жаққа бір қадам жылжуын сұрайды. Оқушылардың жұптары өзгеріп, олар басқалармен сұхбаттасады (шетте тұрғандар саптың басына оралады).
Осылайша оқушылар бір-бірімен танысып шыққанша жылжи беруге болады.
«Қар көшкіні»
Оқушылар шеңбер құрайды, мұғалім да оқушылар арасынан орын алады. Әрбір қатысушы өз есімін атап, оған бастапқы әріптен басталатын бір сын есімін (эпитет) қосады. Мәселен, «Айнаш» есімі «А» әрпінен басталады, яғни Айнаш өз есіміне «алғыр» (немесе «ақылды», «айбынды», «асқақ», «айлалы», «арынды»т.б) сиақты сын есімді қосады. Келесі оқушы да дәл осылай өз есімін атайды, оған сын есім қосады да, алдында тұрған барлық оқушылардың есімдері мен эпитеттерін қайталап шығуы керек: «Алғыр Асан, думанды Дәмеш,сабырлы Сейітжан, әділ Әбілғазы, реңді Рызуангүл, жалынды Жомарт! Ал мен-берекелі Бақытпын!».
Бұл тәсілді қолданғанда оқушыларға мұқият тыңдау мен зейін қою қасиеттерін іске қосу қажет. Мұғалімнің танысуды өзінен бастауына болады, ал егерде ол оқушыларға өзінің жады мен есте сақтау қабілетін көрсеткісі келсе, онда ең соңында жауап береді.
«Қар үйіндісі»
Біріншіден, оқушылар жеке жауап берулері керек. Кейін жұбы ақылдасып, олардың екі жауабын бір жауап етіп үйлестіреді. Кейін жұптар басқа жұптармен бірігіп, үдерісті қайталайды. Осылайша төрт жауап бір жауап болып біріктіріледі.
«Қателескен мұғалім»
Мұғалім мәтінді оқу барысында қате жібереді. Оқушылар тыңдап отырып, қателескен тұсты бірден тауып, дұрыстау керек. Мұғалім қате жіберетін болғандықтан, оқушылар асқан қызығушылықпен мәтінді қалт жібермей тыңдайды.
Мұнан соң қате басылған әңгімені оқушыларға таратылады. Енді «Жаңсақ басылған мәтін» ойнына ауысады.
«Қатені тап»
Ойын шарты:
Үш топқа өз қалаулары бойынша бөлінеді. Әр топ өз тапсырмасын алады. Тапсырманы орындауға белгілі уақыт беріледі.
1-топ тапсырмасы: ертегінің кез келген үзіндісін сурет арқылы беру. Суретте міндетті түрде 1-2 қате болуы керек.
2-топ тапсырмасы: ертегіден бір үзіндіні шашыраңқы сөздер ретінде жазу керек.
3-топ тапсырмасы: ертегі мазмұны бойынша бірнеше сұрақтар құрастыру керек. Сұрақтарда 1-2 қате болуы керек. Тапсырмалар жазылып болған соң, топтар бір-бірінің қателерін тауып, түзетулері керек. Түзетулерді арнайы параққа жазуға болады:
Топ №
|
Тапсырмасы
|
Қателері
|
Тексерген топ
|
«…қатысты 10 сөздіатаңыз»
Оқушылардан нақты бір тақырыпқа, ұғымға қатысты 10 сөз атауды
сұраңыз.
«Қашықтықтан басқару»
Оқушыларды кінәмшіл, эмоционалды немесе қайшы келетін тақырыптардан қашықтықта ұстау үшін әңгіме, драма, рольдік ойынды және т.б. қолданыңыз. Мысалы, жоғалту (айрылу) кезіндегі сезімдерін ашық талқылауды сұрағанның орнына, одан да жоғалтқан жас жігіт атынан айтылған әңгімені қолдануға болады, сосын оқушылардан оның не сезінгенін талқылауды сұрауға болады.
«Қолыңды төмен ұста»
Оқушыларға жауап беру үшін емес, сұрақ қою үшін қол көтеруге рұқсат беретініңізді айтыңыз. Одан кейін мұғалім жауап беретін оқушыны таңдайды, осылайша, барлығы оқитынын тексереді.
«Қорқынышты-керемет сурет»
Қатысушыларға бір парақ қағаз бен бір фломастерден таратылады. Алдымен «керемет сурет» салу тапсырылады. Содан соң оң жағындағы оқушыға беріп осы бейнені 30 секундта «қорқынышты суретке» айналдыру тапсырылады. Ал келесі орындаушы мұны «керемет» суретке айналдырады. Шеңберді айналып, сурет иесіне қайтып келеді де, жаттығу талқыланады.
«Қос шеңбердегі комплименттер»
Оқушылар екі шеңберге (ішкі және сыртқы) бөлініп, бір-біріне жүзін қаратып тұрады. Ішкі және сыртқы шеңберде бір-біріне бет қаратып тұрған оқушылар кезектесіп бір-біріне комплимент айтуы керек. Содан кейін ішкі шеңбердегілер оң жаққа бір адым жасап, алдында алмасып тұрған басқа оқушымен комплименттермен алмасады.
«Қос шеңбер ішінде танысу»
Оқушылар екі шеңберге (ішкі және сыртқы) бөлініп, бір-біріне жүзін қаратып тұрады. Ішкі және сыртқы шеңберге бір-біріне қарап тұрған оқушылар бір-бірімен әңгімелесіп,танысады. Берілген уақыт өте оқушылар жұптарымен алмасады: ол үшін бір шеңбердің оңға немес солға бір қадам жасауы керек.
«Қорқыныштан арылу»
Мақсаты: қорқыныштан, абыржудан арылу, күтілетін стрестік жағдайға дайын болу.
Орындалуы: «Жайбарақат күйге түсіңдер, ашық күн астында, жасыл құрақта отырмын деп есептеңдер. Аспан кемпірқосақпен көмкерілген, оның бір бөлігінің сәулесі сендерге тиесілі. Ол мыңдаған күн сәулелерінен де жарық....оның сәулелері сендердің бастарыңа шуағын шашып, бүкіл денелеріңе тарайды, денелеріңді тазартады, айықтырады. Сендердің барлық реніштерің мен өкпелерің, барлық жағымсыз ойларың, болжамдарың сол сәуленің ішінде жанып кетеді. Денелеріңнің барлық ауру бөлшектері қара түтінге айналып, желмен ұшып кетеді. Сендер қорқыныштан арылдыңдар, сендердің көңілдеріңе қуаныш пен жарық ұялады!»
«Құндылықтар спектрі»
Бұл форматта оқушылар топтары келісіп немесе келіспей арандататын мақұлдауларға жауап берулері керек. Бірнеше әдістері: оқушылардан жіптің қасына келіп өздері келісетін мақұлдаудың қасына келіп тұруды сұрайды, сондай-ақ, басында оқушылардан мақұлдауды топта талқылауды, кейін топтың атынан, жіптің немесе сызықтың, олар келісетін жағына, өз ұстанымдарын түсіндіре отырып, карточканы орналастыру сұралады.
•Ортақ проблемамен жұмыс істеу үшін, барлық оқушылар өз сұрақтары немесе тапсырмаларына сәйкес сарапшы топ болып, қайта топталады. Талқылау соңында әр оқушы өз сұрағы бойынша сарапшыға айналады, себебі сарапшы топта басқа оқушылармен ол сұрақты талқылады.
•Бастапқы топ қайта құрылады. Тарату басталады. Бастапқы топқа соңғы тапсырма беріледі. Бұл шешім немесе жаңа тапсырма болуы мүмкін. Бұл жаттығудың шешуші мәні - тапсырманы аяқтау үшін оқушылардың бастапқы топтың біріккен «даналығын» құруы болып табылады.
«Құпия»
Мұғалім барлық қатысушылардың уысына құпиялап бір зат салады (түйме, моншақ, түйреуіш, сағат секілді... сабақтың тақырыбына сай немесе осы заттардың бас әріптерінен бүгінгі тақырып шығатындай болса да болады)
Бір оқушы ортаға шығып басқалардың қолындағы затты сұрақ қою арқылы құпияны ашуға тырысады. Құпиясы ашылған оқушы ортаға шығып әрекетті жалғастырады.
«Құпия зат»
Оқушыларға затты көрсетіңіз. Олардан оның не екенін жəне сабақпен
қалай байланысқанын анықтауды сұраңыз.
«Құпиясы жоқ қабырға»
Шәкірттің өлең, сурет, қолөнер т.б. шығармашылық туындылары көпшілік назарына ұсынылып отыруын қамтамасыз етеді. Сабақтағы бала еңбегі көп алдына шығарылып, асықпай танысуға, тіпті жазбаша пікір қалдыруға мүмкіндік береді.
«Құрастыр және жауап бер»
Емтиханға дайындалғанда оқушылар өз сұрақтарын құрастырады да, сосын соларға жауап беріп жаттығады. Бұл оларды бағалау құрылымы туралы және өзі жұмыс істеп отырған материал туралы тереңірек ойлауға жетелейді. Нысан және функция!
«Құрастыр, сосын жауап бер»
Оқушыларға жауап бергенге дейін өз ойларын жинақтауға мүмкіндік беріңіз–
· жауап алдындағы 30 секундтық үнсіз ойлау;
·жұптағы 2-3 минуттық миға шабуыл;
· жауап бермес бұрын бірнеше ойларыңды жаз;
· өз көршіңмен болжамды жауапты талқыла.
«Құсты құтқар»
Нұсқау: «Қолыңда кішкентай құстың дәрменсіз балапаны бар деп елестет. Қолыңды алақаныңды жоғары қаратып соз. Енді оны жылыт: баяу қимылмен бір-бір саусақтарыңды алақаныңа жұмылдыр, балапанды алақаныңа тығып қой, оны деміңмен жылытуға тырыс. Алақаныңды кеудеңе бас, балапанға өзіңнің демің мен жүрек жылуыңды бер. Енді алақаныңды аш, балапан аса бір қуанышпен ұшып кеткенін бақыла. Оған қапаланба, қуанышпен шығарып сал: ол саған әлі қайта оралады!»
«Қызығушылықты ояту»
Оқушы ұстаздың тереңнен ойластырылған әдіс-тәсілдеріне сүйене отырып, жаңа ұғымдарды, түсініктерді игеруге қадам жасап, қызыға жұмыс істеп, өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі.
«Қызыл табан»
Мақсаты: Балаларды ұжыммен жұмыс жасауға, ұйымшылдыққа, шыдамдылыққа, әдептілікке үйрету.
Ойынның шарты түсіндіріледі. Осы сыныптағы бір адамның табанына «қызыл табан» белгісі жапсырылған. Ол белгі кез-келген адамда болуы мүмкін. Қай топ сол адамды бірінші тауып, әуелі әдепті сөздер көмегімен табанын көрсетуін сұрап, дәл тапса, солар ұтады.
«Қысқа аутотренинг»
Әрбір қатысушы ыңғайлы орналасады. Жүргізуші: Біркелкі демалыңдар! Бойларыңды еркін ұстаңдар! Сендер аяқтарыңда,қолдарыңда жағымды ауырлықты сезінесіңдер... Қабақтарың ауырлай бастады... Біркелкі, терең демалыңдар... аяқтарыңда, қолдарыңда жағымды ауырлықты сезінесіңдер. Қабақтарың одан әрі ауырлай бастады... Біркелкі, терең дем алыңдар... Сендер аяқтарың мен қолдарыңды сезінбейсіңдер. Сендер ауада қалықтайсыңдар. Сендердің көз алдарыңа өмірдегі ең бір керемет оқиғалар келеді. Сендер өздеріңді сергек сезінесіңдер. Қазір мен үшке дейін санаймын. «Үш» сөзінде көздеріңді ашыңдар, сендер белсенді, сергек, балғын сезінесіңдер. Бір, екі, үш...
«Мағынаны тану»
Ойлау мен үйренуге бағытталған әрекет мағынаны тану (түсіне білу) деп аталады. Мағынаны ашып, мәнін тану үшін оқушы бұл кезеңде жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жүмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады (арнайы мәтіндер, тапсырмаларды, түрлі амалдарды қолдана беру, әртүрлі әдістерге сәйкестендіру, т.т.).
«Мағынасы қандай?»
Ойынның мақсаты: Оқушыларды сөздердің мағыналарын ажырата білуге үйрету.
Ойынның шарты: Өлең жолдарына сүйеніп, қарамен жазылған сөздердің мағыналарын табу.
Қайыпбайдың, қарашы,
Қандай ерке баласы.
Нан жемейді нансаңыз,
Тек қант пен бал – асы.
* * *
Тұр уылжып жемістер,
Еңбек қызды егісте.
Күз – береке,
Күз – ырыс,
Тер сіңіріп,
Жеміс тер!
* * *
– Үй бола ма ауласыз?
Қоршап таста бау – бақты, –
Деп ем,
Інім:
– Аула сыз
Тартады, – деп зар қақты.
«Мадақтау»
Оқушылар сынып ішінде ары-бері жүріп, бір-біріне мақтау мен комплимент айтады: «Бүгін тіпті құлпырып кетіпсің ғой!», «Мен сені шыншылдығыңмен әділеттілігің үшін өте сыйлаймын!», «Сен өте әдепті жансың!», «Маған сенімен бір топта жұмыс жасау ұнайды!»т.б.
Бұл жұмысты шағын топ ішінде де ұйымдастыруға болады.
«Мамандық таңдау»
Мақсаты: Баланың мамандықтар туралы білімін кеңейте отырып, еңбек ету арқылы өз мақсатына жетуге болатындығын ұғындыру.
Ортаға әр түрлі мамандықтар аты жазылған қағаздар тасталынады. Әр бала бір-біреуден алады. Әркім өзіне тиесілі мамандық бойынша: шағын көрініс, тақпақ, қысқаша монолог, сипаттама т.б. жасап, мамандықты барынша дәріптейді, презентация жасайды. Ойын соңында «Ең жақсы презентация» марапатталады. Барлық қатысушыларды қамту мақсатында әр түрлі марапаттар ұйымдастыруға болады.
«Мәтінмен жұмыс»
Тапсырмалар:
мәтінді бірнеше бөліктерге бөлу;
әр бөлікке атау беру;
әр бөліктің негізгі ойын білдіретін сөйлемдерді анықтау;
кейіпкерді сипаттайтын сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді табу;
мәтіндегі барлық кейіпкерлерді кезегімен атап беру;
мәтіндегі оқуға орын алған жерлерді атау;
мәтінді аяқтаудың нұсқасын ұсыну.
«Мен кіммін?»
Оқушылардың маңдайларына жапсырма қағазға сабақта өтілген тұлғалардың аты жапсырылады. Жұптас көршісіне сұрақ қою арқылы өзінің қай тұлға екенін табу керек.
Мысалы: «Мен жазушымын ба? Менің «Ақбілек» деген романым бар ма?..» Көршісі тек «иә, жоқ» деген жауаптар айтады.
«Мен ешқашан...»
Қатысушылар кезекпен «Мен ешқашан...» деп басталатын сөйлем айту керек. Мысалы, «Мен ешқашан парашютпен секіріп көрген жоқпын». Қалған қатысушылар бұл фраза өздеріне қатысты болмаса, саусақтарын бүгіп отырады, яғни олар парашютпен секірген болса. Бұл ойында кімнің өмір тәжірибесі ерекше болса, жеңіске жетеді.
«Мені түсін»
Оқушылар мәтіннің бөлігін оқиды да, түйінді сөздерін дәптерлеріне жазып алады. Мұғалім оқушылардың кітаптарын жабуын, қолдарына парақ пен қарындаш алып, осы мәтіннің негізгі ойын білдіретін он шақты сөз жазуларын талап етеді.Соңынан мұғалім парақтарды жинап алып, өзі алдын ала даярлаған түйінді сөздермен салыстырады.Кімнің осы түпнұсқамен сәйкес келген сөздері көп болса, сол жеңімпаз деп танылады.
«Менің тұлғамның формуласы»
Сынып оқушыларын бір-біріне жақынырақ таныстыру, жағымды ахуал тудыру үшін қолданылады. Әр оқушы өзінің қызығушылығын, мінез-құлқын, дарыны мен талантын формулаға түсіріп айтуы керек. Көбінесе оқушылар «қосу», «азайту», «көбейту», «бөлу» ұғымдарын қолдана отырып, математикалық формула шығарса, кейбірі химияны еске түсіретін формулалар құрастырады.
Мысалы: Жанбота = (0,7 талғам + 0,5 түйсік) : 0,1 сенімсіздік – 0,5 жалқаулық
Сыныпта «бөлу» мен «азайту» амалдары көбірек болған оқушылар мен «көбейту» мен «қосу» амалдары көп оқушылары араластырып отырғызу, бір-бірімен пікір алыстыру т.с.с жұмыстарда мұғалім қаперінде ұстау үшін формулаларын жазғызып, жинап алып қарап отыру.
«Миға шабуыл»
Қойылған проблеманы оқушылардың шығармашылық белсенділігіне сүйене отырып шешуге бағытталған, оқушыларға проблеманы шешуге жауап нұсқасын таңдауға еркіндік беріліп, оны шешудің неғұрлым көп жолдарын көрсетуге негізделген. Кейін ең жақсы идеялар, шешімдер таңдалынып алынады. Берілген сұраққа әр оқушы жауап бере алады. Маңыздысы – айтылған көзқарасқа баға қоймау керек, барлық жауап қабылданады және әр пікір тақтаға немесе қағазға жазылғаны дұрыс. Қатысушылар олардан негіздеме немесе түсініктеме талап етілмейтінін түсінулері тиіс.
«Минуттық шешім»
Оқушылар сабақ немесе тарау кезінде оқылған аса маңызды тармақтарды (пайдалы, мағынасы бар) анықтайды.
«Миыңның суретін сал»
Оқушылар мидың суретін дəптерге салады да, оны сабақ кезінде меңгерген білімдерін білдіретін сөздермен толтырады.
«Мозаика»
«Мозаиканың» басымдылығы - оның топтық жұмыс істеу үшін құрылымдауы, ол сондай-ақ сөйлеуге және тыңдауға мүмкіндік береді.
• Мұғалім барлық сыныпты кішкентай топтарға бөледі (топта шамамен төрт оқушыдан). Мұғалімнің мұндай бастамасы барлық топтарда гендерлік теңдік сақтап, барлық сыныптың мүмкіндіктері мен қарым-қатынасын көрсетуге арналған.
•Барлық бастапқы топқа жалпы тапсырма беріледі. Үлестірме материал ұсынылған. Оқуға арналған материал күрделі емес, әрі көлемі шағын. Егер топта төрт оқушы болса, онда топқа арналған негізгі тапсырманың ішінде төрт сұрақ немесе тапсырма беріледі. Әр топта сұрақтар мен тапсырмаларды оқушылар өздері бөледі.
«Молекулалар»
Жүргізуші қатысушыларға енді олардың атомдар екенін айтады. Содан соң «10 атомнан молекулаға бірігіңдер!» деген пәрмен береді. Осылайша, атом санын азайта береді. Айтылған санға біріге алмағандар ойыннан шығып отырады. Соңында қалған екі атом жеңімпаз атанады.
«Мотивация»
Қатысушылар 2 шеңберге бөлінеді. Ішкі шеңбердегілер қарсы тұрғандарға жеке қасиеттері, дағды, тұлғалары, мінез-құлқы, өздерін ұстауы т.с.с. комплимент айтады. Тыңдаған қатысушы: «Рақмет, мен де солай ойлаймын. Сонымен қоса мен кестені жақсы тіге аламын» деген секілді өз бейімділігі мен ерекшелігін қосып отыру керек. Бұл оқушылардың өздеріне деген сенімдерін арттырып, жаңа жұмысты құлшына атқаруға кірісуге мотивация болады.
«Мүмкін»
Сұрақ қоя отырып, оқушыларға болжалды жауаптарды ойлануға және зерделеуге мүмкіндік беру үшін, арасында «мүмкін» деген сөз орамын қолданыңыз. Мысалы, Демократияның маңызы қандай? Демократияның мәні қандай болуы мүмкін?
Бірінші сұрақ мұғалімге таныс, жалғыз ғана жауапты көздейді. Ал екінші сұрақ анағұрлым ашық болып көрінеді.
«Мынандай адамды табыңыз...»
Оқушылар топ ішін аралап, төмендегі кестеде көрсетілген ерекшеліктер барларын жазып, 4-6 адамнан тұратын шағын топ құрайды, бір-бірімен жақынырақ танысады.
Кітап оқуды ұнататын
|
2-ден көп бауырлары бар
|
Үш тілде сөйлейтін
|
Ақ түсті киім киюді ұнататын
|
Киімінде жасыл түс бар
|
Музыкалық аспапта ойнайтын
|
Шетелде болған
|
Бейтаныс адамдармен тез тіл таба білетін
|
Барлық нәрсені қағазға жазбай, есінде сақтай алатын
|
Астанаға дейінгі пойыз билетінің бағасын білетін
|
Ән салуды ұнататын
|
Алма жеуді ұнататын
|
Билеуді ұнататын
|
Жұмыс жасағанда музыканы қоюды ұнататын
|
Лекцияның алғашқы 15 минутына ғана шыдай алатын
|
Шаңғы тебуді ұнататын
|
«Нақтылық – талант»
Сынып 3-4 адамнан топқа бөлініп, бір-бірінен алысырақ орналастырылады. Мұғалім 3 классикалық әдебиет тізімін ұсынады. Әр топтың міндеті осы 3 әдеби шығарманы 3 сөйлеммен сипаттау керек. Сөйлем құрылымы ерікті.
Мұнан соң әр топ өз сөйлемдерін оқып, оны басқа топтар талқыға салады.
«Не жақсы?»
Оқушы мен сіздің араңызда «жақсы» деп саналатын жұмысқа қатысты келісімнің бар екеніне және оған қалай қол жеткізуге болатынына көз жеткізу үшін біршама уақыт жұмсаңыз. Мынадай сұрақтарды қолданыңыз:
Нені «жақсы» жұмыс деп айтуға болатынын айта аласыз ба?»
«Түсініктемелер туралы не ойлайсыз?»
«Сіз әрқашан бұдан әрі не істеу қажет/не туралы ойлау қажет екенін білесіз бе?»
«Сіз өз жұмысыңыздың «жақсы» екенін анықтай аласыз ба?»
«Неліктен бұл үздік?»
Үй жұмысы ретінде оқушылардан өзінің жақсы деген жұмысын таңдауын және не үшін олай ойлайтынын сұраңыз. Мұндай түсіндіру кезінде оқушы табыс критерийлеріне, деңгей, мақсаттарына және т.б. сілтеме жасай алады.
«Нұсқауды орындау»
Топқа 3 минуттық тест беріледі. Нұсқауды дұрыс орындау тапсырылады:
Тапсырмаларды орындамас бұрын барлық пункттерді оқып шығыңдар.
Осы қағаздың оң жақ бұрышына өз есіміңді жазып қой.
Екінші пункттегі есім сөзін қоршап қой.
Сол жақ жоғары бұрышқа бес шаршының суретін сал.
Өз есіміңді дауыстап айт.
Өз есіміңді тағы бір рет жазып қой.
Үш рет «Иә», «иә», «иә» деп жаз.
Бесінші пунктті қоршап қой.
Парақтың сол жақ төменгі бұрышқа «Х» белгісін қой.
Осы тест ұнаса, «Иә» ұнамаса, «Жоқ» деп дауыста.
Өз тегіңді дауыстап айт.
Оң жақ бұрышқа 66-ны 7-ге көбейт.
Төртінші пункттегі «бес» сөзін қорша.
Егер нұсқауды дұрыс орындап келе жатырмын деп ойласаң, «Иә, дұрыс келе жатырмын» деп дауыстап айт.
Осы парақтың сол жағына 69 және 98 сандарын жазып қой.
10-нан 1-ге дейін дауыстап сана.
Орныңнан тұрып, бір айналып отыр.
Дауыстап: «Мен нұсқауды орындап аяқтап қалдым,» - деп айт.
Егер мұны бәрінен бұрын айтсаң: «Тестің бұл кезеңінің көшбасшысымын!» - де.
Енді бірінші пунктте айтылғандай, бәрін түгел оқып шыққан болсаң, тек №2 пунктті ғана орында.
Кім нұсқаулық бойынша жұмыс жасағаны анықталады. Нұсқаулықпен жұмыс жасауда нені ескеру керектігі ортаға салынады.
«Ой жалғау»
Мұғалім мәтінді жартылай оқиды, ары қарай 1-топқа - қайғылы, 2-топқа – көңілді, 3-топқа – юмормен жалғастыруға, аяқтауға тапсырма беріледі. Жұмыс аяқталған кезде топ мүшелері белгі береді. Спикер шығып оқиды.
«Ой күмбезі»
Бұл әдіс тақырыптық тапсырмаларды сатылай, деңгейлеп орындауға негізделген. Ол мынадай бағыттарда жүзеге асырылады:
«Ой қазығы» - айтылған ойдың негізгі сөзін тауып, қарапайым түсініктер мен ұғымдардың табиғатын айқындайды;
«Ой желісі» - негізгі сөзден өрбитін ой-пікірді талдап, алған білімді қолдану және жан-жақты зерделеуге мүмкіндік береді;
«Ой өрімі» - оқушылардың пікірлері мен ой түйіндерді жинақтап, салыстыру, дәйектеу, дәлелдеу,өзге ұқсайтын (ұқсамайтын) құбылыстармен салыстыру, ой көркемдігі мен құрылымдық сипатын ашуға, ізденіске бағдар беруді көздейді;
«Ой күмбезі» - шығармашылық және ізденіс нәтижесінде ойдың маңызы мен мәнін ашуға, олардың қажеттілігі мен орнын айқындап, баға беруге жетелейді.
«Ой қозғау» (brainstorming, «Ми шабуылы» деп те аталып жүр)
Шығармашылық ойлауды сын немесе сыннан сескену тежейтіні белгілі. Әрине, кез келген жаңа идеяның дұрыс болуы шарт емес. Егер автор сыннан қорқатын болса, онда ол өзінің кейбір дәлелденбеген идеяларын келтірмеуі де мүмкін. Алайда әзірше дәлелденбеген ойлардың қаншасы кейінірек жақсы идеяларға айналады емес пе? Ал сын айту мен сыннан қорқу жақсы идеяларды жоғалтып жібереді.
Тәсіл негізінде сынға еш көңіл бөлмей, назар аудармай, еркін ассоциациялар арқылы жаңа идеяларды көптен келтіру мен оларды жинақтау жұмысы жатыр. Мұндағы басты мәселе идеялар мен ойлардың сапасында емес, керісінше, олардың санында болып тұр. Ал сыни пікірлерді келтіріп, идеялар мен ұсыныстарды іріктеу жұмысы шығармашылық әрекеттер аяқталғаннан кейін басталады.
«Ой қозғау» тәсілін қолданғанда мынадай ережелерді ұстану қажет:
Проблеманы негізгі терминдер арқылы құрастырып, бір ғана ең басты мәселені айқындау.
Бір де бір идеяны жалған деп танымай, оны зерттеуді тоқтатпау.
Кез келген идеяны (тіпті оның қажеттілігі қазір күмәнді көрінсе де) жалғастыруға ұмтылу.
Қатысушылар өзін ыңғайлы сезініп, «ашылуы» үшін оларды қолпаштап, ынталандырып отыру.
Идеяларды бағалау мен іріктеуді тек шығармашылық идеялар келтіру жұмысы аяқталғаннан кейін ғана бастау. Мұндай жұмысты алғашқы әрекетке (идея келтіруге) қатынаспаған сарапшыларды жұмылдыру. Сарапшылар ой қозғауда келтірілген барлық ұсыныстар мен идеяларды мұқият зерттеп, оларды жүзеге асыру мәселесіне баса назар аударады. Сарапшылар ұсынылған идеялардың ішінен нақты жағдайларда қолдануға тұрарлықтарын таңдап алады.
«Ой қозғауды» сабақта былайша қолдануға болады:
Оқушылар қандай да болмасын ақпарат (мәлімет, проблема, сұрақ) туралы бар білгендерін берілген уақыт ішінде жазбаша келтіреді.
Мұнда ең бастысы идеялардың көптігі, олардың еркін жағдайда айтылуы болғандықтан, оқушылар өз ойындағыларын еш күмәнданбай (мәселен, олардың дұрыс-бұрыс, қажет-қажет еместігіне қарамай) келтіре беруі керек;
Идеялар ешқандай сынға ұшырамауы керек, өйтпеген жағдайда оқушылар тосылып қалып, идеяларды келтіре алмауы мүмкін;
Барлық идеялар сарқылмайынша, олар қағазға түсіріле беріледі;
Идеяларды келтіру жұмысы аяқталғаннан кейін ғана оларды талқылау жұмысы басталады.
Бұл тапсырманы орындауға берілген уақыт (2-6минут) аяқталған соң, оқушылар бірлесе (жұптасып, шағын топ ішінде, бүкіл сынып болып) жазғандарымен бөліседі, сұрақтарға жауап береді, тізімдерін толықтырады (4-20 минут)
«Ой қозғауда» балама келтіру (аналогия), қиял-фантазия, инверсия, эмпатия тәсілдері кеңінен қолданылады.
«Ойлан, бірік, бөліс!»
Оқушылар ойына келген жауаптарды немесе идеяларды барынша көп жазады (Ойлан). Одан кейін олар өз идеяларын әріптестерімен біріктіреді (Бірік) және соңында мұғалім бүкіл сыныптың идеяларын талқылауды бастайды (Бөліс).
«Ойлан, Жұптас, Пікірлес»
Оқушыларға қандай да болмасын сұрақ, тапсырма берілгенен кейін оларды тыңғылықты орындауға бағытталған интербелсенді тәсіл. Тақтада сұрақ/тапсырма жазылғаннан кейін әрбір оқушы жекеше өз ойлары мен пікірін берілген уақыт ішінде (2-3 минут) қағазға түсіреді. Содан кейін оқушы жұбымен жазғанын 3-4 минут талқылайды, пікірлеседі. Мұғалімнің екі-үш жұпқа өз пікірлерін бүкіл сыныпқа жариялауын сұрауына болады.
«Ойланып сурет саламыз!»
1-нұсқа. Суретті қозғалыста салу керек. Ол үшін оқушылар қолдарына дәптер мен қаламсаптарын алып, шеңберлене тұрады, сол жаққа бұрылып, сынып ішінде шеңберді бұзбай жүре бастайды. Олар алдында тұрғанның арқасына дәптерін қойып, арттағы оқушының суретін салуға тырысуы керек. Бұл жерде мынандай ережелерді сақтаған орынды:
-Тоқтауға болмайды!
-Шеңбер жүруін тоқтатқанша суретті сала беру керек.
-Суретке ренжуге болмайды!
2-нұсқа
Жоғарыда келтірілген мақсатта (мидың екі жарты шарын іске жұмылдыру үшін) бала кезден белгілі мынадай әрекет жасауға болады: оқушылар сол қолымен қарындарын сипалап, оң қолдарымен төбелерін ақырындап шапақтайды. Мұғалімнің берілген командасы бойынша («Үш, төрт! Қолдарыңызды ауыстырыңыздар!) олар қолдарын алмастыруы қажет.
Әрине, бұл тапсырманы орындау оңайға соқпайды.
3-нұсқа. Аталмыш мақсатта (мидың екі жарты шарын іске жұмылдыру үшін) тағы да бала кезден белгілі мынадай әрекет жасауға болады: оқушылар сол қолымен мұрнын ұстаса, оң қолымен сол құлағын ұстайды.Мұғалімнің берілген командасы бойынша(«Үш,төрт! Қолдарыңызды ауыстырыңыздар!») олар қолдарын алмастыруы қажет.
4-нұсқа. Оқушылар дәптерін төбесіне (басына) қойып, өзінің жұптасына қарап отырып, берілген қысқа уақыт ішінде (1-1,5 минут) оның суретін салуға тырысады. Суретті салып бітіргенше, дәптерге қарауға болмайды. Әрине, салған суреттердің қисық-қыңыр болатындығы сөзсіз, алайда олардың оқушыларға қызық болып көрінуі сөзсіз. Оқушылар сурет салынған парақтарға өз қолдарын қойып, бір-біріне тарту етеді.
«Ойлаудың алты қалпағы»
Оқушылар алты топқа бөлініп, өз көзқарастарын білдіреді. «Ақ қалпақ» (проблемаға қатысты деректерді талассыз келтіреді), «сары қалпақ» (өмірінің сәтті кезеңдерін айтады), «қара қалпақ» (өмірінің сәтсіз тұстарын айтады), «көк қалпақ» (талдау жасайды, топтар Не үшін? Неге? Неге байланысты? деген сұрақтарға жауап іздейді), «жасыл қалпақ» (кейіпкер өміріне қатысты тың идеялармен болжамдар айтады), «қызыл қалпақ» (оқиғаны оқу барысында бастан кешірген сезімдерін тұжырымдайды).
Достарыңызбен бөлісу: |