5.4 «ХІІІ – ХV ғғ. сауда-саттық» деп аталатын бөлімде Отырардың ақша айналымы, шетелден саудамен келген заттар сипатталады. 2004 ж. көктем айында Арыстанбаб кесенесіне жақын жерде алтын теңгелер мен теңге сынықтарынан тұратын көмбе табылды. Көмбемен алғаш танысу оның құрамында әуелгі монғолдық алтын теңгелер, қарахандық кезеңнің алтын теңгелері жиналғанын көрсетіп тұр. Бұл - Отырарда алтын теңгелердің ақша айналымы ретінде жүргенін көрсетті. Жалпы алтын теңгелер әлемдік валюта, байлық ретінде, халықаралық ақша қызметін қатар атқарған. ХV ғ. басындағы Отырардың ақша айналымында Әмір Темірдің (һижраның 785-786 жж.) Самарқанд пен Хорезмде соғылған мыс теңгелері, Халил-Сұлтанның (һижраның 807-810 жж.), Шахрухтың (һижраның 819 ж.) теңгелері қолданылды. Сыртқы байланыстардың куәсі ретінде 219 теңгеден тұратын «шахрухи теңге» көмбесі бар. Онда Астрабад, Герат, Йезд, Кашан, Кум, Сабзевар, Шираз қалаларында соғылған теңгелер бар [40, с. 16-17].
Құйрықтөбедегі көмбе «тенге мири» атты теңгелерден тұрды. Мірі сөзі «ескіше бес тиын». Мысал ретінде Майлықожаның нақылында мынадай жол бар: Боза ішіп бір міріге судай тастың. Осымен қатар «Бір мірі кем дүние» деген сөзді естігеніміз бар. Яғни, мірі деп ұсақ тыйынды атаған. Е.А. Давидович оның күміс теңгенің төрттен бірін құрағанын анықтады. Теңгенің «мири» атауы Темірдің әмір деген лауазымына байланысты, ол Темір атынан шыққан теңгелерге бастапқыда әмірлік дегенді білдірді. Кейін ауызекі қолданыста «амири» «міріге» айналды. Жалпы Темір империясындағы барлық теңгелер Отырарда қолданылды. Нумизматтардың анықтауынша, Отырарда 818 ж. (1415-1416 ж.ж) мыс теңге соғылады.
Достарыңызбен бөлісу: |