Қожа мұхтар баһадырұлы ортағасырлық Отырар: тарихи-археологиялық деректер негізінде


«Отырар қаласында тіршіліктің біржолата тоқтау себептері»



бет39/53
Дата06.02.2022
өлшемі1,05 Mb.
#37498
түріДиссертация
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   53
6.7 «Отырар қаласында тіршіліктің біржолата тоқтау себептері» деп аталатын бөлімде Отырардың соңғы тұрғындарының қала тастап кетуі қарастырылады. Отырардың өмірінің соңғы кезеңі археологиялық тұрғыдан алып қарағанда ең үстіңгі қалдықтармен белгіленеді. Үстіңгі І-ші қабаттың жоғарғы шекарасын анықтауда Отырар жайлы жазба мәліметтер көмектеседі. М. Арапов есімді тілмаштың 1749 ж. қыркүйек айындағы берген мәліметтерінде Барақ сұлтан Иқан, Ташкент, Отырар, Өгізтау, Созақ қалаларына хан тәрізді билік жүргізетіні, олардың тұрғындарынан тек алым-салық жинап қоймай оларды басқа да жұмысқа салатыны, Иқанда өзіне үй салдырып алғаны айтылады.
Кейінгі жоғарғы қабаттағы үйлердің қайта жөнделіп және жаңаларының пайда болуы Шілік аңызындағы мына сипаттамаға дәл келеді. «Қалмақ пен қытай кеткен соң, Бұқара, Сайрам, Балх, Үргеніш және тағы басқа жерлерді паналап кеткен көне отырарлықтардың ұрпақтары қайта жиналады. Олар жүз жыл шамасында жерді суландыру жүйесін қалпына келтіруге және бабаларының қаласын қайта көтеруге әрекет жасайды. Алайда олардың бұл әрекеті ешқандай нәтиже бермегендіктен олар қайтадан Ферғана, Бұқара мен Үргеніш жаққа кетті. Ең соңында [Отырардан] өз отбасымен Бабашөл деген кісі кетіпті. Ол осы әңгімені баяндап берген кісінің бабасының досы екен. Бұл шамамен 1750 жылы болған» [48, с. 30-31]. Сонымен қолда бар ХVІІІ-ХІХ ғғ. жазба мәліметтер шоғыры, археологиялық деректер (нумизматиқалық және керамикалық кешен), жергілікті аңыз әңгімелер Отырарда тіршіліктің шамамен 1750 ж. тоқтағанын көрсетеді.
Талай басқыншылықты бастан кешірсе де тіршілік оты сөнбеген Отырар не себебті ХVІІІ ғ. ортасында қаңырап бос қалады? Неліктен жоңғарлар қиратқан Сайрам, Манкент және басқа да елді мекендерде тіршілік қайта жалғасын тауып кетті? Отырарда тіршілік тоқтауының себебі неде?
Басты себеп - Отырар қаласының ерекше географиялық өңірде орналасуында. Жазық өңірде жатқан Отырар алқабының жағдайында егістік үшін, басқа мақсаттар үшін Арыс өзенінің төменгі ағысында су шығару үлкен қиындықтар туғызды. «Қалмақ пен қытай кеткен соң ... көне отырарлықтардың ұрпақтары ... жүз жыл шамасында жерді суландыру жүйесін қалпына келтіруге және бабаларының қаласын қайта көтеруге әрекет жасайды» [48, с. 30-31]. Көктемде суы мол арнасынан шығып жататын, жазда биік арнасының төменінде жататын Арыс өзенін бөгеп арыққа су шығару, жер деңгейі жазық аймақта оман-арық қазып суды жүргізу көп күшті, көп шығынды, үлкен есепті, тәжірибені қажет етті. В.А. Грошевтың есептері бойынша ХV-ХVІІ ғғ. салынған Темірарықты қазу үшін 1,5-2 мың жұмысшы қажет болды. Олар күндігінде 3 куб м қазу үшін бір жыл бойы қызмет етуі керек еді. Ал жоңғар шапқыншылығынан кейін Отырар халқы азайып қалған болатын: «Су тасқынынан аман қалғандардың бір бөлігін Аляку өлтіреді, одан қалғандарын тұтқынға айдап әкетеді» [48, с. 30]. ХVІІІ ғ. бірінші жартысында Отырарда П.И. Рычков келтірген мәліметтер бойынша 40 отбасы ғана тұрды. Ал кейінгі ортағасырда әрбір отбасында шамамен 5-7 адам болғанын ескерсек, Отырарда ХVІІІ ғ. бірінші жартысында 200-280 адам болған [43, с. 190]. Яғни, Темірарықты қалпына келтіруге отырарлықтарда шама болмады. ХVІІІ ғ. бастап Отырарға ертедегі Алтын арық арнасы ішімен жүргізілген арықпен су келеді. Арықтың басына шығыр орнатылыпты. Ал шығыр шығаратын су өзеннен өз бетімен үлкен арықпен ағып шығатын суымен теңесе алмайды. Су тапшылығы сезіледі. Ал тау етектерінде орналасқан Сайрам мен басқа қалалар үшін өзендерден су шығару аса қиын емес болатын, оған Отырардағыдай аса көп адам қажет болмады.
Бұған қоса ХVІІІ ғ. ауа райы өзгеріп, қуаңшылық үстем болып [7, с. 251-264] өзендердегі су деңгейі төмендеп кетеді. Бұл су шығару мәселесін қиындата түсті. Аңызда айтылғандай отырарлықтар «жүз жыл шамасында жерді суландыру жүйесін қалпына келтіруге және бабаларының қаласын қайта көтеруге әрекет жасайды. Алайда олардың бұл әрекеті ешқандай нәтиже бермегендіктен олар қайтадан Ферғана, Бұқара мен Үргеніш жаққа кетті» [48, с. 30-31].
Сонымен Отырар қаласында тіршіліктің тоқтауының басты себептері мынада: жоңғар шапқыншылығы салдарынан су жеткізетін байырғы ирригациялық жүйенің бұзылуында, соғыс салдарынан саны азайған отырарлықтардың ең алдымен егістіктерге, қалаға су алып келу мәселесін тұрақты түрде шеше алмауында. Өз күшімен ирригациялық мәселені шеше алмаған отырарлықтарға сырттан көмек беретін күшті мемлекеттік биліктің болмауында, ХVІІІ ғ. бастап климаттың өзгеруінде: қуаңшылық кезеңнің басталып, өзендерде су деңгейінің күрт төмендеп кетуі, су шығару мәселесін одан әрі қиындата түсті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   53




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет