Қожа мұхтар баһадырұлы ортағасырлық Отырар: тарихи-археологиялық деректер негізінде



бет41/53
Дата06.02.2022
өлшемі1,05 Mb.
#37498
түріДиссертация
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   53
ҚОРЫТЫНДЫ
Отырар қаласының пайда болуы Қазақстанның оңтүстік аумағының дамуының көп ғасырлық тарихының нәтижесі. Ортағасырлық Отырар-Фараб иелігі аумағында тас дәуірі, қола дәуірі, темір дәуірі ескерткіштері табылып отыр. Отырар өңірі б.з.б. І мыңжылдықтың аяғында және б.з. басында Сырдарияның орта ағысы алдыңғы дәуірдегі сақ-массагет тайпаларының тұқымы - көшпелі Кангха (Қаңлы) иелігінің бір бөлігі болды. Зерттеу барысында Отырар өңірінің ең байырғы деген қалашығын тауып, оның б.з.б. І ғ. жататынын анықтадық. Отырартөбенің стратиграфиялық шурфында ІV-VІ ғғ. жататын құрылыс деңгейінен кейін тағы 3,5 м қалыңдықтағы мәдени қабаттың болуы Отырар қалашығының ең төменгі қабаты б.э. бірінші ғасырларына жататынын, Отырардың негізі антикалық дәуірде қаланғанын айғақтайды.
Отырар VІ-VІІ ғғ. Түркі қағанаты құрамына еніп, Шаш - Тарбанд иелігінің астанасына айналды. Қала айналасында үлкен шаруашылық аймақ, бір топ серіктес елді мекендер орналасқан. І-V ғғ. жататын ыдыстардағы жазулар Отырар өңірінің халқы мәдениеттің жоғары жетістігі әліппені пайдаланғанын көрсетеді. Отырар алқабында тұрған халық түрлі наным - сенімдерді ұстанды.
«Насабнама» VІІІ ғ. арабтардың Сүткент арқылы Сырдарияның екі жағалауымен жүріп, Отырарды басып алғаны жөнінде хабарлайды. Біз Отырартөбенің шағын шеткі бөлігіндегі қазбадағы 13- еден мен 14- еден арасын, және 14- еденнің өзін іліккен үйлердің бос, иесіз қалып қаңырап қалуын арабтар әскерінің жорығынан кейінгі көрініс деп есептейміз. Отырартөбенің стратиграфиялық кесіндісінде Х-ХІ ғғ. қабаты мен VІІ-VІІІ ғғ. қабаттары анықталып, жеке-дара суреттеледі де ортасындағы ІХ ғ. қабаты жоқ болып шығады. Бұл Отырардың кем дегенде осы бөлігінің бір ғасырдай қаңырап тұрғанын көрсетсе керек. VІІ ғ.– VІІІ ғ. ортасынан кейін тек ІХ ғ. басында ғана Отырарда теңге соғыла бастады. ІХ ғ. бастап деректерде Тарбан-Тарбандпен қатар Фараб қаласы, не уалаяты, Х ғ. бас қала ретінде Кедер қаласы атала бастайды.
Қарахандар заманы Отырар үшін гүлденіп өсу дәуірі болды. Отырар қолөнерінің жаңа түрлері пайда болды. Жаңа археологиялық материал негізінде мата өндірісімен айналысқан шеберхана орны, ою-өрнек түсіретін керамикалық қалып, бұрын-соңды кездеспеген химиялық шишалар, етікшінің құрал-саймандары, шыны өндірісінің орны анықталды.
Ислам қағидалары мен араб жазуының кең тарала бастағанының куәсі деп Отырардан табылған заттар бетіндегі жазуларды айту керек. ХІІ ғ. Отырарда Сопы Данышпан қабірінің болуы, деректерде Сопыхананың болғаны жөніндегі хабарлар, Арыстанбаб кесенесіндегі қарахандық дәуірдің құрылыс қалдықтарының табылуы сопылықтың тарағанын көрсетеді. Қарахандықтар тұсында теңге соғу ісінің қолға алынуын қаланың экономикалық тұрғыдан өсіп-көркеюінің бір айғағы деп түсінуіміз қажет.
1210 ж. Отырар Хорезмшах мемлекетіне күштеп қосылған. Хорезмшах Отырарды өзіне қаратқанда қала тұрғындарының біразы өлтірілген, Отырардың төл билеушісі айдауға жіберіліп өлтірілген. Отырарда Шыңғысхан әскеріне қарсы соғысқан тек Хорезмшах жіберген әскер болды. Монғолдар қалаға енген соң, ол әдеттегідей тоналды. Археологиялық қабаттарды зерттеу жазба деректердегі мәліметтерге түзету енгізеді. Отырар жермен - жексен болған жоқ. Бүкіл қалалық өрт іздері жоқ. Қала халқының біршама уақыт өткен соң өз үйлеріне қайта оралғанын көрсетті. Қаланың монғол империясының құрамына қосылуы зардаптармен қатар позитивті өзгерістер әкелді. ХІІІ ғ. 50-60 жж. Отырар алтын, мыс, күмістелген дирхемдер шығарды. Отырар халықаралық сауда жолындағы маңызды орталыққа айналды. Онда Қытай, Таяу шығыс, Хорезмнен әкелінген заттар табылды. Отырарда ХІІІ ғ. екінші жартысы мен ХV ғ. сәулетті құрылыстар салынды. Жазба деректерде аталатын Бердібек сарайын біз қазба барысында табылған құрылыстармен баламалаймыз. Осы құрылыс ішінде шахмат тасы табылды. Жаңа каналдар салынды. Олардың арасында біз зерттеген Ақарық каналы ерекшеленеді. Ақарық жазық аймақта ағып жатқан Арыс суын жер бедерін ескеріп, екінші өзен - Бөгенге қосуға және оны Түркістан айналасына жеткізуге арналған ортағасырдағы ерекше инженерлік құрылыс. Отырардай бай қаланы иелену үшін феодалдар арасында күрес жүрді.
Зерттеуімізде Отырартөбені қазу барысында табылған өрт іздерін белгілі тарихи оқиғалармен сәйкестендіру жұмыстары жүргізілді. ХV ғ. басында Отырарда бүкіл қалалық өрт болады. Біз оны жазба деректерде 1411 ж. қаңтарда Шахмәліктің Отырарда билік кұрған Нұр ад-динге қарсы жорығымен байланыстырамыз. Бұл өрт Отырарды қатты күйзелтті. Өрттің нақ әскери оқиғалармен байланысты болғанын өртенген үйлердің қасында адам қаңқаларының табылуы, ал ІІІ қазба орнындағы ІV қабат деңгейдегі бірінші үйден қылыштан жарақат алған адамның бас сүйегінің табылуы осы пікірді қоштап тұрғандай. Өрттің алдында қала халқының Отырар айналасынан қамал ішіне кіруін біз осындай жағдайлардың салдарынан, яғни, мәжбүрліктен туындаған әрекет деп ойлаймыз. Алайда отырарлықтарға қамал қалқан бола алмады. Өртке дейін «И» орамындағы тоғыз үйдің үшеуінде керамикалық пештері бар бөлмелер, яғни шеберханалар болған болса, өрт болған соң олар жөндеуден өткен, не болмаса қайта көтерілген үйлерде керамикалық өндіріске қатысты ешбір қалдықтар немесе белгілер табылмады. ІІІ қазба орнындағы «Ж» және «И» орамдарындағы өртке дейінгі үйлер, көшелер көлемі өрттен кейінгі кезге сәйкес келмейді. Жалпы алғанда көшелердің кеңейіп, үйлердің ауданы кішірейгенін байқаймыз.
Біз Отырарда ХV ғ. екінші жартысында бүкіл қалалық екінші өртті Отырар әкімінің темірліктерге қарсы көтерілісімен байланыстырамыз. Көтеріліс себептері, оның барысы бізге беймәлім болғанымен жазба деректер темірлік Әбу Саидтың 1455 ж. Отырардағы бүлікті басқаны жөнінде хабарлайды. Археологиялық қазбаларды талдау «екінші өртке» байланысты оқиғалар Отырар халқын ойсыратып тастағанын көрсетіп тұр. ХV ғ. бірінші ширегінде Отырар астаналық дәрежесінен айырылып, қатардағы өлкелік қалалардың біріне айналды. Отырарда соғылған ең соңғы теңге 1415-16 ж. жатады.
Отырар тарихының соңғы кезеңі археологиялық қабаттарда соңғы бүкіл қалалық өртпен таңбаланады. Отырардағы соңғы бүкіл қалалық өрт жоңғар ханының 1681-1682 жж. жасаған жорығымен байланысты. Отырарлықтардың ерлікпен қарсылық көрсетуіне орай қаланы жоңғарлар өртеді. Халқының бір бөлігін өзімен бірге айдап әкетті. Көптеген үйлер иесіз бос қалып, ол жерлер мазаратқа айналды. Алайда Галдан билігі ұзаққа созылмады. Монғол билеушілері арасындағы өзара қақтығысты пайдалана отырып, 1688 ж. қазақ жасақтары Жоңғарияны шабуылдап шекаралық аймақтарында ойран салды. ХVІІ ғ. 80-ші жылдарынан кейін кейбір өртенген және тастап кеткен үйлер жөнделді, аса шектеулі аудандарда жаңа үйлер салынды. Бұл кезеңде қаладағы тіршілік құлдырауда. ХVІІІ-ХІХ ғғ. жазба мәліметтер шоғыры, археологиялық деректер (нумизматиқалық және керамикалық кешен), жергілікті аңыз әңгімелер Отырарда тіршілік 1750 ж. тоқтағанын көрсетеді. Отырарда тіршілік тоқтауына бірнеше факторлар әсер етті. Біріншіден жоңғар шапқыншылығы кезінде арық-каналдардың бұзылуы және Отырар халқы санының күрт кемуінде. Отырарда ХVІІІ ғ. бірінші жартысында 200-280 адам болған. Осындай аз қол күшімен көктемде суы мол арнасынан шығып жататын, жазда суы биік арнасының төменінде жататын Арыс өзенін бөгеп арыққа су шығару, жер деңгейі жазық аймақта оман-арық қазып суды жүргізу көп күшті, көп шығынды қажет етті. Яғни, Отырарға су жеткізетін Темірарықты қалпына келтіруге отырарлықтарда шама болмады. Бұған қоса ХVІІІ ғ. ауа райы өзгеріп, қуаңшылық үстем болып өзендердегі су деңгейі төмендеп кетті. Отырардың соңғы тұрғындары Түркістан, Шымкент, Шілік елді мекендеріне көшкен. Отырар қаласының халқы басқа да қазақ жеріндегі ескі қалалықтардың ұрпақтары іспетті қазақ халқының құрамына кірді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   53




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет