6.6 «1681-1682 жж. жоңғарлардың Отырарды қиратуы» деп аталатын бөлімде соңғы қалмақ шапқыншылығы аңыз бен археологиялық деректер негізінде баяндалады. Л.Б. Ерзакович ІІ құрылыс қабатына жататын тұрғын үйлердің бір мезгілде бұзылғанына, осы кезеңнің үлкен, қалалық өртпен аяқталғанына назар салды. Стратиграфиялық және нумизматикалық деректер бұл өрттің ХVІІ ғ. аяғында болғандығын көрсетті [47, с. 106]. Осы арада біз Н.С. Лыкошин жергілікті халық Отырарда тіршіліктің тоқтауын қалмақ шапқыншылығы кезіндегі өртке байланысты деп санайтынын жазған болатын. Біз Отырардың соңғы кезеңі жайлы ел аузында сақталған аңызға назар аударуымыз керек:
«Ескі Ташкентті басып алған соң, Аляку Отырар жеріне келеді. Отырарлықтар бір жарым жылдай ерлікпен қарсылық көрсетті. Ешбір нәтиже шығара алмаған Аляку күзге таман Ескі Ташкентке кері шегінеді де қыс бойы көп әскермен Дариядан Шыршыққа (Иіржардан Шыназға) дейін арық қазады.
Көп су таситын көктем кезінде арықтың басын ашып, Шыршық арқылы Отырар жеріне су жібереді де әскерімен Отырарға бет алады.
Су тасқынынан аман қалғандардың бір бөлігін Аляку өлтіреді, одан қалғандарын тұтқынға айдап әкетеді» [48, с. 30]. Жалпы кейінгі ортағасырлық кезеңде Қазақстанның оңтүстігін, Ташкентті қытай әскері басып алды деген хабар жоқ. Аңызда қалмақтардың аталуы бұл жағдай жоңғар шапқыншылығына байланысты екенін көрсетеді. Тарихи зерттеулер 1681 ж. Галдан басшылық еткен жоңғар әскерлерінің Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға лап бергенін баяндайды. Аңызға қарағанда, Отырарға келген қалмақтар жергілікті халықтан қатты қарсылық көрген. Қалмақтар қаланы бірден ала алмай келесі жылы қайта оралған. Яғни, Отырардағы қазыналардың тығылуы және бүкіл қалалық өрт жоңғар ханының 1681-1682 жж. жорығымен байланысты.
Жоңғарлар қаланың сыртқы қорғанын жұмсартып құлату үшін суды пайдаланған. Арыстанбаб шырақшыларының ұрпағы - Шәуілдір тұрғыны Нарымбетов Мамасадық бізге ата-бабасынан естігендерін жеткізе отырып, Отырар қаласын алу үшін қалмақтар омандағы, яғни бас каналдағы суды қалаға күншығыс жақтан жіберген деп айтқан еді.
Жоғарыда келтірілген аңыз бойынша Отырарды басып алған жоңғарлар «қалмақ пен қытайдан тұратын әскерінің бір бөлігін Отырарға қалдырады. Олар Отырарда қалғанымен тұрақты тіршілік жасай алмады. Олар Дария суы тасып бұзылған арықтар жүйесін қалпына келтіре алмады» [48, с. 30]. Отырардың қазақ хандығы құрамына қайтқанын Федор Скибин елшілігінің 1696-1697 жж. есебінен аңғаруға болады.