4.3 «Қолөнер» деп аталатын бөлімде мата өндірісі, етікшілік өнері, шыны өндірісі жөніндегі жаңа материалдар баяндалады. Қолөнерді зерттеуде Отырардың солтүстік-батыс рабадындағы 1992 ж. қазба барысында табылған материалдармен таныса отырып, мата өндірісіне байланысты бұйымдардың барына назар аудардық. Бұлар ең алдымен керамикалық ұршықбастар. Осылармен қатар диаметрі 14 cм, ені 14 мм керамикалық қалыптың табылуы назар аударарлық. Қалыптың сыртында, орта бөлігінде биіктігі 4,5 см тұтқа орналасқан. Тұтқа іргесінде диаметрі 4,5 см, үстіңгі бөлігіндегі диаметрі 3 с. Қалыптың беті тереңдетіліп ойылған. Оның бетіндегі өрнек екі дөңгелектен: ортасынан бір шеті 2 см, екінші шеті 1,5 см жолақ өрнек түсірілген. Оның іші үш бұрышты өрнектермен толтырылған. Мата шеберханасының орны сипатталады оның Пенджикенттегі мата өндірісі орнымен салыстырылады. Махмуд Қашқаридің түсіндіруінше қалыппен өрнектелген түрлі-түсті мата -шыт деп аталыпты. Ал-Макдиси Исфиджаб қалалары тізімінде Отырар-Барабты атайды. Исфиджаб қаласының сипаттамасында «мата базары» бөлек аталады [31, с. 80]. Деректерде «түркістандық» маталардың аталуы назар аударарлық. Орта Азия мата өндірісінің тарихын зерттеуші С.М. Махкамованың болжамы бойынша бұлар мақтадан тоқылған мата және олар Түркістан уалаятының қалаларында жасалған. Ал аталған аймақтың орталығы Отырар болғаны белгілі.
Қолөнер тарауында етікшілер құралдары сипатталады. Автор Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорында етік үлгісіндегі ұшы қайқы керамикалық затқа (шифры КП 3576) назар аударады. «Етіктің» биіктігі 9 см , табанының ұзындығы 5,8 см, ені 2 см. Заттағы шифрге қарағанда ол Отырартөбедегі он үшінші қазба орнынан 1978 ж. табылған. Екінші мұндай зат Құйрықтөбеден табылған. Ол пимаға ұқсайды, биіктігі 11 см, табанының ұзындығы 8,5 см, ені 2,5см. Керамикалық пиманың қонышы жұмырлана аяқталады, диаметрі 5,5 см. Салмағы 250 г. Етікте диаметрі 5 мм тесік бар. Осындай керамикалық заттардың тағы үш бөлігі бар. Олардың етік пішіндес болып келуіне орай етікші құралы деуге болады. Нақтылап қарағанда олардың барлығының қажалған және көшкен орындары бір жерде орналасқан. Дәл осы жұмыр бөлігімен олар басқа бір затпен үйкеліске, соққыға жиі ұшыраған деуге болады. Осы байқаулар негізінде бұл құрал пайдалану барысында қоншысымен төмен, аяқ ұшы жағымен жоғары қолданылған етікші құралы деуге негіз бар. Кейінгі қазақ етікшілерінің құрал-саймандарына өте ұқсас. Шыны өндірісіне байланысты автор қазба жүргізген Қоңыртөбе маңындағы шиша жасаушылардың пештері сипатталады.
Қала тіршілігінің маңызды жақтары 4.4 «Сауда, ақша айналымы және керуен жолдар» деп аталатын бөлімінде баяндалған. Отырардың сыртқы сауда байланыстарын Шыңғысхан керуеніне байланысты жазылған деректерден аңғаруға болады. Шыңғысханға келген және оның атынан Хорезмшахқа жіберілген саудагерлер арасында Жүсіп (Юсуф) Канка Отрари есімді саудагер кездеседі. Монғолдарға барып қайтқан керуен саудагерлері қатарында Шихаб ад-Дин Мухаммад ан-Насавидің «Сират ас-султан Джалал ад-Дин Манкубирти» атты еңбегінде Йусуф Канка ал-Отрари аталады. «Түркі керуенімен» әкелінген қазба байлықтарымен қатар балық тісі, мускус салынған қапшықтар, яшма тастары, тарку деп аталатын ақ түйе жүнінен тоқылған киім аталады. Отырарға 1218 ж. Шыңғысханнан келген керуенде Омар Қожа ал-Отрари аталады. Осы мәліметтерге қарағанда отырарлық саудагерлер Монғолия, Шығыс Түркістан бағытында ірі сауда-саттықпен айналысқан. Отырар қаласының ХІІ – ХІІІ ғ. қабатынан және аймағынан қола келілер табылды. Оларды әдетте Хорасанда, не Оңтүстік Маураннахрда жасаған деп санайды. Солардың бірін Ресей Эрмитажының шығыс бөлімі меңгерушісі А.А. Ивановқа көрсетіп, оның ХІІ – ХІІІ ғғ. жататынын және жиегінде иесіне жақсы тілек білдіретін сөздер жазылғанын аныктады.
Ең атақты араб географы Мухаммед ибн Ахмед әл-Макдисидің (немесе Мукаддаси) шамамен 985 ж. жазылған «Ахсан ат-такасим фи-марифат ал-акалим» атты шығармасында Фараб ірі қала, ол қажетті жағдайда 70 мыңдай әскер қоя алады, шахристанда жұма мешіті, негізгі базарлары рабадта, қалалық қорған ішінде кейбір дүкендер бар болып сипатталады.