Ұлттық құндылықтар
Әлеуметтік-тарихи тәжірибе әрбір жаңа ұрпақ өз халқының өткен тәжірибесін қайта ойлап, ұлттық дамудың мақсаттары мен міндеттерін айқындауымен қатар, оның перспективаларын тұжырымдап, нақты уақытта ұлтқа тән саяси, идеологиялық, экономикалық, мәдени бағдарларды, қазіргі заманғы әлемге сәйкес ұлттық сана-сезімді қалыптастыратынын көрсетеді. Бұл процесс ұлт тарихының аса күрделі, сыну кезеңдерінде қарқынды жүреді. Ұлттық сана-сезім ұлт пен адам ретінде, осы қауымдастықтың мүшесі ретінде сипатталатын маңызды фактор болып табылады. Жеке тұлға өзін ұлттың ажырамас бөлшегі ретінде сезіне отырып, өз халқының тарихын, ұлттық құндылықтарды (жазу, ұлттық тіл, рухани мәдениет пен тағы басқа жетістіктері), ұлттық менталитет, халықтың әлемдік мәдениет қазынасына қосқан үлесін бағалап, оның дамуына ықпал етеді. Ұлттық сана-сезімнің дамуы индивидтің өз ырымдарын, дәстүрлерін, яғни этникалық тамырын білуімен байланысқан, сонымен бірге осы үдерісте адамгершілік жалпыадамзаттық құндылықтарды тану маңызды. Яғни, ұлттық сана-сезімді дамытудағы маңызды тарап ондағы этностық, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың арақатынасы болып табылады. Жеке тұлғаның ұлттық сана-сезіміне өзінің ұлттық қатыстылығы туралы субъектіні таныстыру, өзінің этникалығын позитивті қабылдау, ұлттың тарихи өткеніне, оның бүгіні мен болашағына деген көзқарас, ана тілін меңгерудегі белсенділік, халық мәдениетін зерделеудегі белсенділік, ұлттық мүдделер мен құндылық бағдарларын ұғыну және қабылдау, басқа да этникалық қауымдастықтарға қарым-қатынасты қалыптастыру, оның аумақтық тұтастығын сақтауға дайындық, оның байлығын арттыруға ұмтылу кіреді.
Ұлттық құндылықтар – олардың тарихи өзіндік ерекшелігі Отан, тіл, тарих, өнер, әдебиет және тағы басқалар сияқты көрініс тапқан қандай да бір этностық қауымдастық өкілдерінің рухани идеалдарының жиынтығы.
Әр ұлттың дүниетанымы, ойлау түрі, темпераменті, ұлттық санасы және т. б. белгілі бір жолмен үйлеседі. Жалпыадамзаттық құндылықтар ұлттық құндылықтарға да тән орнықтылық және тұрақтылықпен сипатталады. Ұлтқа және жеке тұлғаға қатысты менталитет бастапқыда әдеттегі-эмоционалды түрге ие болды деп айтуға болады, тек экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуға негізделген құндылықтардың пайда болуымен ғана ол көп қырлы дүниетанымдық сипатқа ие болады. Ұлттық менталитет адамның рухани және материалдық құндылықтарын тарихи іріктеу нәтижесінде қоршаған әлемге қарым-қатынас жүйесінде көрініс табады.
Жалпыадамзаттық құндылықтардың бір бөлігі ретінде ұлттық құндылықтар - құлық пен құндылықтар түрінде оң тәжірибені сақтаушы ұлттың өзін дамыту шарасы болып, индивид пен этнос өмірінің дербес факторы болып табылады. Қоғамдық қатынастардың нақты жұмыс істеуі оның деңгейіне байланысты. Ұлттық және әмбебап жалпыадамзаттық құндылықтар ұлт субъектісінің қоршаған шындыққа деген шығармашылық қатынасын көрсетеді. Адам өзін-өзі тануға, өзін-өзі жетілдіруге, белгілі бір этнос өкілі ретінде өзін-өзі дамытуға қабілетті жарқын даралық ретінде жасайды.
Негізгі этика категориялары (парыз, ізгілік, мән және қажеттілік, ар-ұят, еркіндік).
Этикалық категориялар саны жағынан өте көп, сондықтан ғылыми және тәжірибелік мақсаттарда оларды топтарға бөлу орын алған. Кейбір ғалмдар оларды құрылымдық және субстанционалдық (мәндік) деп екіге бөледі. Басқа бір ғалымдар мұндай бөлудің негізі ретінде басқа қағиданы ұсынады: белгілі бір категорияны функционалды ретінде қарастырып отырып топтауды осы категорияның негізінде жүзеге асырады. Мысалы, Эпикур этиканың барлық категорияларын бақыт категориясына бағындырған. Аристотель ең маңызды деп игілік категориясын санаса, Кант парыз категориясына ерекше мән берген. Алайда, қарзіргі кезде де осы мәселеге қатысты нақты бір көзқарас жоқ. Отандық этикада моральдың құрылымының негізінде бөледі. Бұл құрылымның негізгі элементері ретінде кейбір ғалымдар моральдық тәжірибені, моральдық сананы және адамгершілік өзіндік сананы таниды. Алайда, кеңірек таралғаны болып, басқа бір ғалымдардың моральдың құрамында моральдық сана, адамгершілік қарым-қатынастар және адамгершілік қызмет бар екендігін мақұлдайтын бағыты саналады. Жоғарыда аталған екі бағыттың арасында ерекше атап өтетіндей айырмашылықтар жоқ, себебі, екінші бағыттағы моральдық сананың құрамына бірінші бағытта аталған адамгершілік өзіндік сана кіріп кетеді, пл адамгершілік қарым-қатынстар мен адамгершілік қызмет адамгершілік тәжірибені құрайды.
Этиканың категориялары бір-бірімен тығыз байланыстылықта болғаны соншалық, олар бір-бірінің мазмұнын ашады. Яғни, белгілі бір этикалық категорияның мазмұнын екінші бір этикалық категорияны пайдлану арқылы ашуға болады. Мысалы, абырой категориясын жауапкершілік, тәртіптік, батылдық, ержүректілік және т.б. категорияларды пайдалану арқылы ғана түсінуге болады. Ержүректілік категориясының мазмұны батылдық, шыдамдылық, қаржылылық, қайраттылық және т.б. категориялардың көмегімен ашылады. Әділдік категорясын адамсүюшілік, шыншылдық, кеңпейілділік, еңбексүйгіштік және т.б. категорияларсыз түсіну мүмкін емес.
Бірінші топ – моральдық сана категориялары. Оларға мыналар жатады: моральдық қағида, моральдық норма, моральдық немесе этикалық категориялар, моральдық сенім, адамгершілік мақсат, моральдық және т.б. Негізгі этикалық катеориялардың барлығын моральдық сана категориялары деп те атауға болады, себебі, олар моральдың қандай жағын көрсетсе де солардың барлығы моральдық санада тіркелді. Моральдық сананың мәнді категориялары: қайырымдылық, зұлымдық, борыш, абырой, ар-ождан және т.б. категориялар жүйесінде орталық орынды иеленген, бірақ,, оларды адамгершілік қарым-қатынастар мен моральдық тәжірибеден бөліп қарастыркға болмайды, себебі, мұндай жағдайда олар өздерінің негіздерінен айырылады да, бос абстракцияларға айналады. Қайырымдылық пен зұлымдылық, әділдік пен әділетсіздік туралы жай, өмірден тыс әңгімелердің ешбір мәні жоқ. Керісінше, олар демагогияға, немқұрайлыққа әкелуі мүмкін. Ал егер моральдық сана категориялары шынайы қатынастар мен әрекеттерді көрсетіп, оларға белменді түрде әсер етсе, онда олардың маңызы да артатыны сөзсіө.
Екінші топ категориялары – бұл адамгершілік қатынастар категориялары. Оларға мыналарды жатқызуды болады: адамгершілік өзара әрекеттер, адамгершілік шиеленіс, моральдық бедел және т.б. өзінің функционалдық ролі бойынша адамгершілік қатынастар моральдық субъектілердің өзара қарым-қатынастарының көрінісі болып табылады. Бұл қатынастардың адамгершілік деп бағалануының себебі мынада: олар достық, қастық, серіктестік, сенім, сыйластық, екіжүздік және т.б. моральдық бағалаулармен сипатталады.
Үшінші топ категориялары – бұл моральдық тәжірибе немесе функционалдық жүріс-тұрыс категориялары. Оларда тұлғаның белгілі бір моральдық қасиеттерді тәжірибеде, күнделікті өмірде жүзеге асыру үрдісі көрініс табады. Мұндай категориялардың қатарына мыналар жатады: моральдық (немесе моральға қайшы) әрекет, моральдық салдар мен санкциялар. Олар арқылы моральдық парыз, абырой, батырлық немесе қорқақтық, әділдік немесе әділетсіздік, адалдық немесе сатқындық, кеңпейілділік немесе жауыздық және т.б. адамгершілік сана категориялары көрініс табады. Бұл топ категорияларында моральдың адамдар арасында қатынастарды реттеуші ретіндегі мақсаты ашылады.
“Құт”, “Қанағат”, “ Тәубелік”, “Әділет”, “Сабыр” категориялары.
Құт — қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы қасиетті ұғым.Құт сөзі ертедегі Орхон жазба ескерткіштерінде кездеседі (“Тәңірі жарылқауымен құтты қаған болдым”, Күлтегін жазуы). Көне түркі заманында Құт сөзі төмендегідей мағыналарды білдірді: 1) жан, өмірлік қуат, рух; 2) бақыт, жақсылық; 3) сәттілік, табыс, сыбаға; 4) ұлылық, дәреже; 5) ақиқатқа жету, нұрлану, шынайы бақыт пен шаттыққа кенелу. Осыған сәйкес адам мен жан-жануарлардың, өсімдіктердің жаралу, өсіп-өну заңдары ұқсастық негізінде, екінші жағынан, күллі жаратылыс тылсым рухтарға тәуелді, тағдырдың бастауы оның көзге көрінбейтін жанында, ал оның иесі, тірі жандарға қуат беретін тәңірлер, құдайлар, күллі мақұлық Құтқа мұқтаж, ол Көк тәңірден келеді, әсіресе, ел билеушілер Құт қонған адамдар болуы тиіс деген түсінік орын алды. Өйткені ел билеушілер арқылы бұл қасиет басқа қарапайым пенделерге тарайды деген сенім болды. Тәңіршілдікте күнәһарлық туралы ұғым терең дамымағандығына қарамастан, ерте замандардың өзінде түркілерде құттылық пен құтсыздық ұғымы жеке адамның этикалық заңдарды қатаң ұстануымен байланыстырылды. Әйтсе де, көне түркі кезеңінде, сол сияқты кейінгі, исламнан тыс қалған шамандық түсініктегі Алтай мен Сібірдегі түркі тілдес халықтарда Құт туралы түсініктер тұрпайы, ескі натурализм деңгейінде, анимализм (жануарлық), табиғатқа табынушылықпен ұштасқан қалпында қалып қойғаны аңғарылады. Құт көбінесе адам мен жан-жануарлардың тууы, жыныстық өсіп-өнуі, табиғи күш-қуат, жігер, сол сияқты материалдық байлық-молшылық тұрғысынан қаралды. Құт туралы түсініктердің түп-төркіні бұлыңғыр ырымдардың жиынтығы болып қала берді; көп жағдайда мұнан тұрпайы ырымшылдық, дуа (магия), тіпті затқа табыну (фетишизм) тарап жатты. Көне түркілік діни-мифологиялық синкреттік дүниетаным аясында пайда болған Құт ұғымы кейін түркі даласында мұсылмандық сопылық ілімдердің ықпалымен дамып, руханилана түсті, табиғи-нәпсілік деңгеймен шектелмей, өркениеттік өлшемдерге көтерілді. Құттың түп-төркіні Алладан келетін киелі нұр; қуат көзі, күллі ізгілік, береке Алладан, ал оны тарататын пайғамбарлар мен әулиелер, тақуалар деген түсінік қалыптасты. Әулиелердің батасы, шын ықыласымен сыйлаған заттары арқылы (шапаны, асатаяғы, ыдысы, т.б.) адамдарға құт-береке дариды, ал ол рухани сабақтастық бойынша пайғамбардан халифаларға, халифалардан сопы-пірлерге көшіп, ұдайы жалғасып отырады деген сопылық дүниетаным етек алды.
Қанағат, қанағатшылық – адамның барға риза болуын, місе тұтуын, нысаптан шықпауын, нәпсіге ермеуін білдіретін ұғым. Қанағат ету – жетіспеушілікке, таршылыққа төзіп шыдау емес, ақылға сүйеніп, өзін-өзі тежеу. Қанағат – қолдағы барына, қол жеткізген табыстарына разы болу
Сабыр — адам мінез-құлқына тән байыптылық пен ұстамдылықты білдіретін асыл қасиет.
“Сабыр түбі — сары алтын”, “Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа” деген халық даналығында сабырлылық адамды жамандықтан сақтап, жақсылыққа бастайтын ізгі қасиет ретінде айқындалады. Сабырлылық қажыр-қайратпен ұштасып, ер бойындағы ар, ұждан, ынсап сияқты қасиеттерге негіз болады. Сабырлылық әрбір істің ақырын ниет ақтығына табан тіреп, әділеттілікке сенімін жоғалтпай күтіп, байсалды әрекет жасаудан көрінеді. Сабырлылық өз ісінің ақтығына сенімді, ниет-тілеуі түзу, тағдырдың бір құдайдан екендігіне сенетін, әрбір қиындыққа сынақ ретінде қарап, мойымайтын адамға тән. Сабырлылықтың қажыр-қайратпен оның адам бойындағы бойкүйездік, немқұрайдылық, еріншектік сияқты жаман қасиеттермен ымыраласпайтындығының негізгі белгісі. Себебі аталмыш жаман қасиеттер үмітсіздіктен, торығудан, жасып, жабығудан, тоғышарлықтан туындайды. Сабырлылыққа қарама-қарсы тағы бір ұғым орынсыз ашушаңдық болса, ол адамның ақылға жүгінбей, шолақ ойлар байыпсыздығының, салмақсыздығының көрінісі. Сондықтан да сабырлылық адами кемелдіктің белгісі ретінде ақылды — азық, қайратты — қару, иманды — серік еткен ер бойынан байыптылық, ар-ұят, ынсап ретінде табылатын асыл қасиет.
Әділет – жақсы мінездердің ең құндысы. Әділ адам – адамдардың ең жақсысы. Әділет – келісушілік, тепетеңдік деген сөз. Әділет болғанда екі нәрсенің не өздері немесе сипаттары тең болады. Бұл ұқсас жерлерінде біріккен деген сөз. Демек, әділет бірліктен, тек бір болудан туындайды. Әлемде кездесетін әрбір бір болу, шынайы жалғыздың болмысына ұқсайды. Әр болмыс, сол бір болған болмыстан пайда болғаны сияқты, әр бірлік те сол бірден пайда болады. Ал өлшеу, салыстыру істерінде теңдік сияқты құрметтісі, қадірлісі жоқ. Музыка саласында бұл мәселе кеңірек зерттелуде. Міне осы себептен, жақсылықтардың ең қадірлісі – әділет. Әділет – ортада болу деген сөз. Ортадан айырылатын болса, әділет болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |