Ұзынша келген жіңішке сүйек. Асық жіліктің сырт жағына жабыса орналасқандықтан асық жілік шыбығы деп аталады. Денесі үш қырлы келеді. Төменгі жағы жуандап топай сүйекпен жапсарлана жатып толарсақ буынын құрайды. Екі сирақ сүйектерінің аралығы сүйекаралық жарғақпен жабылып жатады.
Аяқбасы сүйектері
толарсақ
табан
бармақ бақайшақтары
Толарсақ сүйектері (tarsals)
Бірнеше сүйектерден құралған: өкше сүйегі, оның үстіңгі жағында топай сүйек, оның алдыңғы жағында қайықша сүйек, үш сына сүйектері және олардың сырт жағындағы текше сүйек жатады.
Толарсақ сүйектері жоғарғы жағынан сирақ сүйектерімен , ал алдыңғы жағынан табан сүйектеріне жалғасқан.
Өкше сүйегі
Толарсақ сүйектерінің ішіндегі ең ірісі. Ол үстіңгі жағынан топай сүйекке, алдыңғы жағынан текше сүйекке жалғасады. Арт жаққа қарай шығыңқы келген, толық жерін өкше бұдыры деп атайды. Оған келіп сирақ еттерінің сіңірлері бекиді. Өкше сүйегі адам тік тұрған кезде жалпы дененің тірегі болып табылады.
Топай сүйек
Өкше сүйектің үстінде жатып сирақ сүйектерін аяқ басымен жалғастырып тұрады. Оның артқы толықша келген жерін денесі, алдына қарай жұмырлана келген бөлігін басы, ал екеуінің арасындағы жерін мойны дейді. Сирақ сүйектері бұл сүйектің екі жағынан кептеліп шығыршық буын жасап байланысады. Бұл сүйектің бас бөлімі мен қайықша сүйек байланысып шар тәрізді буын түзсе, астыңғы жағынан өкше сүйек тегіс буын жасайды.
Қайықша сүйек
Пішіні атына сай қайыққа ұқсас. Толарсақ сүйектерінің орта жерінде жатып, өкше сүйегінен басқа сүйектердің бәрімен шектесіп байланысады.
Сына сүйек
Саны үшеу. Арт жағында қайықша сүйек, жанында текше сүйек, алдынғы жағында I, II, III табан сүйектері жатады. Сына сүйектерінің осы айнала жатқан сүйектерімен байланысатын буын беттері бар. Бұл сүйектерді бір-бірімен қалыптасып, сына тәрізденіп жатқанына қарай сына сүйектер деп атайды.
Текше сүйек
Аяқ басының сырт жағын ала, өкше сүйегінің алдында орналасқан. Бұл сүйектің алдында IV-V табан, іш жағында III сына сүйек жатады.
Табан сүйектері (metatarsals)
Ұзынша келген бес сүйек. Әрбір табан сүйегінің орта бөлігін денесі, арт жақ тегіс келген жерін негізі, ал алдына жұмырлана жатқан бөлігін басы дейді. V табан сүйек жіңішке, ұзындау болып келеді. Оның сырт жағында тері астынан байқалатын бұдыры болады, оған ет сіңірі тіркеледі. Бұл сүйектердің жіңішкеріп келген орта жері үш қырлы келеді, олардың арасындағы сүйекаралық саңылауларын табан еттері толтырып жатады.
Бармақ бақайшақтары
Басбармақтан басқасы 3 бақайшақтан түзілген. Олар негізгі, ортаңғы және тырнақты. Басбармақ қана негізгі және тырнақ бақайшақтарынан тұрады. Негізгі бақайшақтар арт жағынан табан сүйектеріне жалғасып жатса, алдыңғы жағынан ортаңғы бақайшақтармен, ал ортаңғы бақайшақтар тырнақты бақайшықтармен жалғасады.