15. Арнаулыәлеуметтік қызметтер көрсету 1. Кепілдік берілген көлемнен тыс көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген және қосымша көлемін көрсету аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының шешімі негізінде жүзеге асырылады.
2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындау жөніндегі әлеуметтік қызметкердің қорытындысын алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы шешім қабылдайды.
3. Бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуден бас тартылған жағдайда, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары, Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен, өтініш берушіні одан бас тарту себептерін көрсете отырып, жазбаша хабардар етеді және арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікке бағалау жүргізу және оны айқындау үшін ұсынылған құжаттарды қайтарады.
4. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуден бас тарту үшін:
1) осы Заңның 6-бабында көрсетілген негіздерге сәйкес келмеуі;
2) ұсынылған мәліметтер мен құжаттардың дұрыс еместігі негіз болып табылады.
5. Бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер оларды көрсету туралы шешім қабылданған күннен бастап жүзеге асырады.
6. Ақылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету өмірлік қиын жағдайда жүрген адам (отбасы) және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілер жасасқан шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
7. Адам (отбасы) зорлық-зомбылық көрген не оған әлеуметтік бейімсіздік пен әлеуметтік депривация қатері төнген жағдайларда, арнаулы әлеуметтік қызметтер тұрғылықты жеріне қарамастан көрсетіледі.