4-тарау. Әлеуметтiк қызмет көрсетудi ұйымдастыру 14. Қызмет көрсетiлетiн адамдардың орталықта болу жағдайлары санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға, қауiпсiздiк талаптарына, оның iшiнде өртке қарсы талаптарға сәйкес болуға тиiс.
15. Аумақтық орталықтың ғимараты оған кедергiсiз баруды, онда болудың, ғимараттың iшiнде жүрiп-тұрудың қолайлылығын, оңалту және ойын-сауық iс-шараларын жүргiзудi қамтамасыз ету мақсатында арнаулы құралдармен жабдықталады.
16. Аумақтық орталық ғимаратының iшкi үй-жайлары көлемi, орналасуы және конфигурациясы жағынан сапалы әлеуметтiк қызметтер көрсетуге қажеттi жағдайларды қамтамасыз етуге тиiс.
17. Құрылтайшы аумақтық орталықтың қазiргi заманғы техникалық жарақтандырылуын қамтамасыз етедi.
18. Әлеуметтiк қызметтер әлеуметтiк қызмет көрсетудiң мемлекеттiк стандарттарында көзделгеннен кем емес көлемде және түрлерде көрсетiледi.
19. Әлеуметтiк қызмет түрлерiнiң тiзбесiн аумақтық органның директоры айқындайды және құрылтайшы немесе уәкiлеттi орган бекiтедi.
20. Әлеуметтiк қызметтер көрсету кезiнде қызмет көрсетiлетiн адамның жасы мен денсаулық жай-күйi, мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасының мазмұны, жеке басының ерекшелiктерi ескерiледi.
21. Әлеуметтiк-педагогикалық қызметтер көрсеткен жағдайларда, балаларды оқыту жалпы орта бiлiм берудегi мемлекеттiк жалпыбiлiм беретiн, жалпыға бiрдей мiндеттi стандарттар ескерiле отырып жүзеге асырылатын оқу бағдарламалары мен жоспарларына сәйкес және аумақтық орталықтар мамандарының тәртiпаралық командасы әзiрлеген жеке дамыту бағдарламалары негiзiнде жүзеге асырылады.
22. Көрсетiлетiн қызметтердiң кезеңдiлiгi мен түрлерiн аумақтық орталықтың директоры бекiтедi.
23. Аумақтық орталықта болудың тәртiбi құрылтайшы немесе уәкiлеттi орган бекiтетiн Iшкi тәртiп ережесiнде айқындалады.
24. Аумақтық орталықтың жұмыс кестесiн директор жергiлiктi жағдайларды ескере отырып, құрылтайшымен немесе уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша белгiлейдi.
25. Аумақтық орталықтың әкiмшiлiгi адамдардың болу есебiнiң журналын жүргiзедi, онда: тегi, аты, әкесiнiң аты; туған күнi; тұратын мекен-жайы, үй телефоны; болғаны туралы белгi қойылған ай күндерi; көрсетiлген әлеуметтiк қызмет түрлерi бағандары болады.