Олжас Сүлейменов



Дата21.11.2016
өлшемі281,97 Kb.
#2215
Мақала ақын, ғалым және Қазақстанның белгілі қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменовтің өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдеріне арналған. Автор белгілі қоғам қайраткерінің өмірін 4 кезеңге бөліп көрсеткен. 1936-1961 жылдар аралығы - бұл кезеңде ақын өзінің азаматтық позициясын біржолата айқындады. 1961 – 1975 жылдар – «Аз и Я» шыққанға дейінгі аралық, 1975-1994 жылғы аралық және 1995 жылдан бүгінгі күнге дейін.

Дастан Сәтбай – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы.

Олжас Сүлейменов: тұлғаның қалыптасуы

Олжас Сүлейменов 1936 жылдың 18 маусымында Алматыда Кеңестік Қызыл Армияның майор шеніндегі офицері Омархан (Омар) Сүлейменов пен Фатима Насыржанқызы (Нәшке) Беделбаеваның отбасында дүниеге келді. Сол кездегі өлшеммен алып қарағанда бұл әлеуметтік және қызметтік тұрғадан да іргелі отбасы болып саналатын. Омар Сүлейменов «1920 жылы Орынборда негізі жасақталған қазақтың жеке атты әскер эскадронының кіші командирі деген лауазымға ерте ілініп үлгіреді. Кезінде тайсалмас батырлығы мен қалтқысыз қызметі ескеріліп, Қазақ атты әскер дивизионының саяси қолбасшысы болып тағайындалғаны да тарихи айқын мәселе» [1, 6 б.]. Бұдан әрі қызметін Ташкентте атқаруға бұйрық алған Омар Сүлейменов, әрең дегенде демалыс алып, қазақша айтқанда қайын жұртшылап, қысқа мерзімдік демалыс пен Алматыға келіп жатқанда Олжас дүниеге келеді. Олжастың анасы Фатима Насыржанқызы да отырықшылыққа ерте көшкен Алматының байырғы әулеттерінің отбасында дүниеге келген және 17 жасында техникум бітірген қазақтың сауатты қыздарының қатарынан еді. Сондықтан Олжасты жаңа тұрпатты қазақ зиялыларының алғашқы буынының отбасында дүниеге келді деуге болады.

Қазақтың тұңғыш жеке атты әскер дивизионына қатысты нақты деректер әзірге Орынбор немесе Алматы мұражайларынан табылмай отыр. Дегенмен Омар Сүлейменовтің өмірі мен қасіретті тағдыры жайлы оның көзін көрген замандастарының, ең бірінші кезекте әйелі Фатима Беделбаеваның естеліктері арқылы елестетуге болады. Қолда бар мәліметтерге қарағанда қазақ зиялыларының бірсыпырасы оны өте жақсы білген және лайықты, қадірменді адам ретінде силай білген. Оның сол кездегі Қазақстан билеуші Ф. Голощекинмен шиеленісті қарым-қатынасы да зиялы қауым өкілдерінен жасырын болмаған. Омар Сүлейменовпен тағдыры тоғысқан тарихи тұлғалардың ішінен атақты ғалым Л.Н. Гумилевті де атай кеткен жөн.

1906 жылы Баянауыл өңірінде дүниеге келіп «жасы отызға енді ғана толғанымен Сүлейменұлы Омархан тіршілік тауқыметінің бірсыпыра жайларын басынан кешіріп те үлгіреді. Таршылық, жоқшылық, жетіспеушілік. Одан соң жақын жамағайыны, исі қазаққа есімі белгілі әнші-сазгер, қайыспас қайраткер Жаяу Мұса Байжанұлы ақсақалдың кеңесін тыңдап, батасын алып өмір өзеннен өз орнын табуға алғаш қадам басып, қазақ сахарасының қиыр шалғайларына батыл қоныс аударады»[1, 5 б.]. Әскери адам болғанымен Омар Сүлейменов дәстүрлі қазақ тарихынан, оның ішінде әулеттік шежіре тарихынан мол хабардар жандардың бірі еді. Оның атақты Мәшһүр Жүсіп Көпеевтен тәлім тәрбие алуының өзі көп жәйітті аңғартса керек.

Осы орайда, нақ осы Мәжһүр Жүсіп Көпеев арқылы жеткен аңыздардың бірі сұралып тұр. Ол бойынша Абылайхан батырларының бірі Олжабай батыр ұрыстардың бірінде өлімші болып жараланады. Олжабайдың жан тапсырар алдындағы қаумалаған сарбаздарына айтқан соңғы сөзі: «Мені жетінші ұрпағымнан күтіңдер. Ол үлкен ақын, білгір ғалым болады» деседі. Омар Сүлейменов осы Олжабай батырдың алтыншы ұрпағы болғандықтан, жетінші ұрпағы болатын өз балаларының дүниеге келуін тағатсыздана күтіп, үлкен үміт артады. Сондықтан балаларының есімдерінде ұлы бабасына ұқсатып тұңғышын Олжар деп атаса, екінші ұлына да тосын естілетін - Олжас есімін береді. Ақынның балалық шағын зерттеуші белгілі жазушы-ғалым Бейбіт Сапаралы тірнектеп жинаған ауызша мәліметтер негізінде бұл көріністі былайша береді. «...Атасы Нәшке (Насыржан Беделбаев Д.С.) үйіне жиналған ақсақал-қарасақалдар ыңғайына жығылып ескілікті хикаяларды, тарихи баяндарды қозғаған күйеу бала Омархан тікелей бабасы Олжабай батыр туралы айтылғандарды қорыта тұжырғысы келді ме, кім білсін, әйтеуір әруақты Олжекең алмас қылыш ғасыры атанған замандағы шағатай тілінде өгіз терісіне түсірілді делінетін өсиетнама, шежіре деректерінен үзік сырлар термелей отырып, «Олжабай бабамыз жетінші ұрпағым Білге болсын деп өсиет қалдырыпты. Сол білгелікті осы екі ұрпақтан күтемін, өз басым!» - деп екі жастағы Олжардың, жаңа туған Олжастың жарқын болашағына тіреп қойды тілек-ниетінің бір ұшығын» [1, 17 б.]. Арғы ата бабалары жайлы ақиқат деректерді Олжас Сүлейменов есейіп, елге танылған шағында ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұлан мен белгілі жазушы, «Жаяу Мұса» атты романның авторы Зейтін Ақышевтан естіп тұщынған болатын. Өзі де Олжабай батырдың тікелей ұрпағы Әлкей Хаканұлы «Ақтабан шұбырынды» заманындағы шағатай тілінде хатқа түскен шежіре-өсиетті дүние таным әлемі енді-енді қалыптасып, шығармашылығы жер әлемге таныла бастаған ақынға оңашалай шақырып ұстатқанда, Олжастың жан дүниесі алабөтен сезімге бөлініп, қатты толқыған күй кешеді.

Кейініректе осы көңіл-күйі мен ар-ождан жағдайын еске ала отырып Олжас Сүлейменов былай деп еске алады: «Қазақтың тарихқа ден қоюы айрықша. Әр үйінде жеті атасына дейін, тіпті, онан арғы тегін, руын анықтайтын шежіре ұқыпты сақталған... Менің бабам Олжабай батыр, жетінші ұрпағына Білге, ғалым бол деп өсиет қалдырған екен, Шағатай тілінде жазылған бұл өсиет маған академик Ә. Марғұлан арқылы жетті. Мен әлі күнге дейін бұл өсиет туралы ойланамын: Абылайхан әскерінің оң қанатын басқарған батыр, әулетімен жауынгер, өзінің өмірі мен ортасынан туындайтын, мысалы, қолбасшы бол немесе хан бол деп те айтуы тиіс еді ғой. Бірақ - айтты бітті. Менің міндетім орындау. Ең қиыны Басты міндетті, екінші кезектегі мәселелерден бөліп алу. Бұл өсиет маған үнемі демеу болды. Қайсарлықты қыңырлықпен шатыстырғаным жоқ. Келісімге де барып отырдым, кейде «көзсіз батырлық» бағдарламамды орындауға кесірін тигізетін жағдайда шегініп отырдым» [2, 2 б.]. Ақынның саяси мінез желісіне қатысты соңғы мойындаулары өте маңызды. Өйткені кеңестік Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған Д. Қонаев тұсында да, қайта құру мен қоғамдық пікірдегі танымалдылығы шырқау шыңына жеткен 80-жылдардың соңында және тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарында да О. Сүлейменов пендешілік билік-мансап жолын бірінші кезекке қоймайды. Бұл жолдар оның батыр бабасы қалдырған өсиетті орындауға сөзсіз кедергі келтірер еді. О. Сүлейменов үшін басты міндет - «Білге болу» болып қала береді. «Көзсіз батырлық» бағдарламасын орындауға кесірін тигізетін жағдайда ақын үнемі шегініп отырады.

Бозбалалық, жасөспірім шақтағы О. Сүлейменовтің пір тұтқан тұлғаларының бірі Шоқан Уалиханов. Бұл сүйіспеншіліктің өзіндік себептері де жоқ емес. Ақынның бабасы Мұса Байжанұлы Шоқанның досы, құрдас-замандасы болса, Олжастың әкесі Омарханның айтуынша: «Менің әкем Сүлеймен айрықша бітіммен ерекшеленіпті. Сұңғақ бойлы, кең иықты, сұлу мұртты Сүлейменді былайғы жұрт «Ұзын Сүлеймен» деп атаса, Шоқанға, орыс ғылымы өркендеуіне, шығыстануға мейлінше көп еңбек сіңірген, жастай қыршын кеткен Уалиханов Шоқанға ұқсатып «Аумайтын Шоқан» деп отыратын» [1, 9-10 б.] деп еске алған. Омар Сүлейменовтің бейнесін толықтыра түсетін санаулы жанды деректердің бірі оның туған жеңгесі, яғни ағасы Оспанның әйелі бертінде, 1986 жылы қайтыс болған Базаркүл Сүлейменованың куәләндырулары: «Омар түрі сұсты қатал болып көрінгенімен жаны жұмсақ, әділ кісі болған».

Дегенмен Олжас туған 1936 жылдан кейінгі Омар Сүлейменовтер әулетінің тарихына қайта оралсақ. Бұл КСРО да кеңестік қуғын сүргінге нақты дайындық басталған жыл болатын. Тұңғыш қазақ жеке атты әскерінің тағдырына қатысты Олжас Сүлейменовтің өзі былай деп еске алады. «1936 жылы Ұлттық бөлімдер таратылды. Менің әкем қызмет еткен атты әскер полкі барлық сержанттары мен офицерлерінен айырылды. Соғыста емес, 1936 жылдың аяғында. Біреулері түрмеге отырғызылды, енді біреулері атылды. Осылайша, республикалардағы 37-жыл дайындалды. Тарихтың бұл беттерін біз біле бермейміз. Бізде бірде бір ғылыми немесе көркем зерттеу жұмыстары жоқ» [4, 329-330 б.]. Осы 1936 жылдың маусым айында Ташкент қаласында жас офицер Омар Сүлейменов үшті-күйлі хабарсыз кетеді. Ташкентке іздеп барған Фатима мен Насыржан Беделбаевтың НКВД мекемелерінен естілген сөзі. - «Офицер Омар Сүлейменов Отан алдындағы қылмысы үшін қамалып, тиісті жазасын тартуға жіберілді» [1, 20 б.]. Осылайша, Омар және оның ағасы Оспан Сүлейменовтер әулетінің шаңырағы шайқалады. Омар Сүлейменов туралы ең соңғы деректер бізге тағдырдың жазуымен атақты тарихшы Л.Н. Гумилев арқылы жетіп отыр. Ол Бейбіт Сапаралыға мына жәйіттерді хабарлайды. «...Мен осы кезге дейін көп ешкімге сыр шашпай, құпия ұстап келген бір жәйітті сізге айтып берейін. Сонау отызыншы жылдардың аяққы кезінде Ресейдегі аса ірі тау-кен металлургия орталығы Красноярск өлкесіндегі Норильскіде лагерьде азапты күн кешіп жүрген шақта Олжастың әкесі Омар екеуміз бір төсекте қатар жатқанбыз. Қазақ елінің көп жағдайларына сонда қанығып, қазақ тілін сол кездерде біршама үйреніп қалғанмын. Амал нешік, одан бергі жарты ғасырдай уақыт теп-тез сырғып өтті де, түркі тілдерін игерсем деген ниет-тілек құр арман тілек боп қалды. Адам өмірінің ең бір сындарлы шақтарында қара су мен қара нанды бірге бөліп жеген ауыр күндер қайдан ұмыт бола қойсын?!» [1, 41 б.]

Омардың «халық жауы» атануынан кейін Алматыдағы Сүлейменовтер әулетінің берекесі қаша бастайды. Ақылдаса келе ағайындар Салық Мұсаұлының бастауымен ата мекенге Павлодар облысына көшуге шешім қабылдайды. Ата дәстүрімен жесіріміз бен жетімімізді қараусыз қалдырмаймыз деп Фатиманы балаларымен алып кетуге ниет танытады. Жас әйел Фатима Насыржанқызының алдында да ауыр үзілді кесілді мәселе тұрады. Алайда, ол ақылгөй әкесінің айтуымен Алматыда қалып, уақыт көрсеткендей даналық шешім қабылдайды, өйткені ата мекенге қоныс аударған Оспан мен әйелі Базаркүл Сүлейменованың тағдыры қасіретті еді. Оспан 1941 жылы қаңтарда Қарағанды да қайтыс болса, күні үшін егделеу кісіге екінші рет күйеуге шыққанымен өмір бойы тіршілік тауқыметінен арылмаған Базаркүл Сүлейменованың тағдыры да ауыр қалыптасады. Жастайынан жесір қалған абысынды-келінді екі келіншекті бұдан кейін тағдыр кездестірмей, олардың балаларын ғана ел ағасы болған жастарында табыстырады.

Іс-түссіз хабарсыз кеткен Омардан мүлдем күдер үзген Фатима Беделбаева әкесінің көмегімен 1939 жылы Қазақ Телеграф Агенттігіне стенографистка мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Мұнда отызға енді шыққан және 1939 жылы Коммунистік Журналистика институтының түлегі Әбдуали Қарағұлов ҚазТАГ директорының бірінші орынбасары болып қызмет атқаратын. Көп ұзамай екеуінің дәм-тұзы жарасып - отау құрады. Сөйтіп Фатима Беделбаева мен оның үш жасар ұлы Олжастың шын мәнісінде жаңа өмірлері басталады. Осы орайда Олжас Сүлейменовтің тұлға ретінде қалыптасуында баға жетпес орны бар, оның екінші әкесі деуге ауыз бармайтын рухани әкесі Әбдуали Қарағұлов туралы арнайы тоқталмасқа болмайды.

Ә. Қарағұловтың өмірбаяны алғашқы кеңестік Қазақ зиялыларының өмірбаянына ұқсас. Ол 1909 жылы Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Маржанбұлақ елді мекенінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Аудандық, облыстық газеттерде жұмыс істеп жүргенде «Ақтөбеден Алматыға жоғарғы білім алуға арнайы шақырттырып алғызған қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов - ардақты Ғабаң еді. Енді, міне, сол дарынды жас идеялық жағынан шыңдалып, қанаттанып, жауапты қызметке тартылып отыр» [1, 47 б.]. 1941-1944 жылдары Ә. Қарағұлов Қарағанды облыстық «Советтік Қарағанды» газетіне жауапты редакторлық қызметке жіберілсе, 1944-і Олжастың орта мектептің бірінші сыныбына оқуға баратын жылы Алматыға қайтып оралып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратына жауапты қызметке шақырылады.

1944-1954 жылдары Олжас Алматыдағы Фурманов көшесінің бойындағы № 28 орыс мектебінде оқиды. Осы екіқабатты байырғы ғимаратта Қазақтың батыр қызы М. Мәметова оқығандықтан 1955 жылы мектепке оның аты берілген (Қазіргі күнде техникалық лицей орналасқан). Бұл мектепте М. Шаяхметов, Н. Оңдасынов және т.б. Қазақстан мен Алматы қаласы басшыларының балалары оқығандықтан да оны кеңестік дәстүр бойынша іргелі мектептер қатарына жатқызуға болады. О. Сүлейменов сынды тұлғаны тәрбиелеуге қатысқан ұстаздар тізімін атап өту де орынды. Олардың қатарында соғыс және соғыстан кейінгі жылдары мектеп директорлары міндетін атқарған П.И. Грохотов, М.А. Храпченков, М.Н. Ведмич, мектеп директорының орынбасарлары Бахирева Клавдия Григорьевнаны, Кузнецова Надежда Федоровнаны, математика пәнінің мұғалімі М.И. Степанова, физика пәнінің мұғалімі Ф.И. Зиновьевті, М.И. Гранкинаны, Александра Красичкованы (әдебиет пәнінің мұғалімі), Қадышева Хадишаны (биология пәнінің мұғалімі), Елена Степановна Сидоркинаны (география мұғалімі), және т.б. құрметпен атауға болады.

Тілін ана тілінде ашып құран әуеніне нағашы атасы арқылы ерте хабардар болған, қаймағы бұзылмаған дәстүрлі қазақ отбасында дүниеге келіп, ұзақ жылдар бойы қазақ тілді басылымдарда жауапты қызметтер атқарған Әбдуәлі Қарағұловтың тәрбиесінде болғанымен О. Сүлейменовтің орыс мектебінде оқығаны және жазғаны үшін кейіннен биресми ортада «шала қазақ» атанғаны қоғамдық пікір қайшылықтарының көрінісі екеніне дау жоқ [4, 100 б.]. Оның жүріс-тұрысы, киім киісі, мінез-желісі, жеке мәдениеті, кәсіби білімі мен әлеуметтік тұрмыстық жағдайы олардан оқ бойы озық тұрып, ерекшеленетін. Сондықтан қоғамдық пікірде О. Сүлейменов «ауылдықтар» сияқты қиындық көрмей өсіп, көктен түскендей әсер қалдыратын. Шын мәнісінде балалық, бозбалалық шағы соғыс және соғыстан кейінгі кеңес елінің ең ауыр жылдарына сәйкес келген барлық «алпысыншы жылдықтардан» және басқа да мыңдаған құрбы құрдастарынан Олжас жағдайының айырмашылығы жоқтын. Аштық, жоқшылық және т.б. ауытпалықтар. Олжас та талай рет түннен тұрып нанның кезегінде тұрды, келе сала мектепке асықты, үй шаруашылығына көмектесті.

«Зерек, ұғымтал, табиғатынан жаратылысы бөлек Олжас кішкентай бала күнінен еңбекқор, қай-қай ісіне де зейінді, ықыласты болып өседі. Жабырқағанға - болысу, қамыққанға - қайрат-жігер беру, жадап-жүдегенге - аяушылық сезіммен қарап қоймай, нақтылы іспен көмек-жәрдем көрсету, мінеки, Олжас бойына етене сіңісті ғадет осы сипатта өрілетін, - дейді Б. Сапаралы. - Олжастың қырқыншы жылдардан бастап дүниеге келген Шолпан, Раушан, Жібек, Ғайни, Серік есімді іні-қарындастары бар. Олардың барлығы да қазақтың ата салты бойынша, бір кезде Олжас ағалары бөленген бесікте жатып тәрбиеленіп өскен. Ойын баласы Олжас, ертеден қара кешке дейін үй-іші тіршілігінің қам-қаракетінен қолы бір босамай, әбден сілелеп шаршап барып жастыққа басы тиген анасын аяп, түн баласында бөбекті емізіп бесік тербетіп отырғанда тәтті ұйқысынан оянып қасына келіп, «мама, дем ала беріңіз! Шаршадыңыз ғой! Мен ұйықтатайын бөпемді» - деп бірқанша уақытқа дейін бесік тербететін көрінеді. Ер бала екенмін деп сырқақсымай, қаракөз қарындастары мен інісін суға шомылдырғанда да анасы қасынан табылып бірге түсіріп, иісі жұпар сәбилерді бесікке бөлеп жатқанда да анасына жәрдемдескен» [1, 56-57 б.]. Олжас соғыстан кейінгі жылдары Алматының Орталық әмбебап дүкені орналасқан ауданда жер үйде туып өскен. «Үйге қонақ шақырыла қалса бұғанасы қатпаған Олжас самаурын қойысып, қазандық астына от жағысып бәйек болып жүргені. Ана тәрбиесі Олжасты осы жасынан мықтап бейімдесе, әке өнегесі үлкен өмірдің айдынына жетелей берді» [1, 57 б.]. Тәкәппар тағдыр тауқыметіне қарсыласа білуді Олжас нақ осы анасынан алғандай.

Олжабай батыр, Жаяу Мұса, «Ұзын Сүлеймен» ақыр соңында Омар арқылы берілген тектілік пен бекзаттық қасиеттер Олжастың да бойынан ерте көрініп оның оқу-білімге, көркем әдебиетке деген құмарлығы төменгі сыныпта оқып жүргенде-ақ байқалады, құрбы құрдастарының арасындағы көшбасшылық қасиеттері де осы кезде сезіле бастайды... Балалардың алды Олжас қарындастарын ойнатып-алдандырып, жыласа уатып, алтыншы-жетінші сыныпта оқып жүрегінің өзінде-ақ үй алдындағы көк майса шөптің үстіне отырғызып қойып, қолдарын шабыттана оңды-солға сермеп, өлең жыр, неше түрлі шағын әңгімелер, қызықты ертегілер оқып береді. Осы сияқты көңілді шақтарда Олжас құралпы көрші-қоланың балалары да қара көрсетіп қалып, аула қарадомалақ, сары шикіл бүлдіршіндерге толып кетіп, «Тағы оқышы, тағы! Ананы айтшы? Мынаны айтып берші?» - деген ұсыныс тілектер ол тараппен бұл тараптан талассыз естіліп жатады» [1, 57-58 б.]. Оның үстіне Ә. Қарағұловтардың отбасына айрықша шығармашылық ахуал тән болды. «Біздің отбасымызда, - дейді О. Сүлейменов - айрықша адамгершілікті ахуал қалыптасты. Әкем күндіз-түні жұмыста: қол қойдыруға түннің бір уағына дейін келіп жатады. Редактор әрбір сөзді оқып шығып қол қоюы тиіс. Пенсияға шыққаннан кейін әкемнің бірде, ол редакторлық еткен жылдары бірде бір қате әріптің жіберілмегенін айтып мақтанғаны бар. Жұмысқа деген мұндай ыждаһаттылықты әкем өзінің балаларының бойына да ешқандай ақылгөйсімей жеке үлгісімен сіңірді. Мен үнемі оның қалам ұстап үстел үстінде отырғанын көретінмін. Бұл мені де қағазға, жазуға деген құмарлыққа алып келді. Баспа сөзінің беделі біздің үйде өте жоғары еді: газеттер мен кітаптар, үнемі толтырылып отырылатын шағын кітапхана. Үшінші-төртінші сыныптарда-ақ, жаздырылып алынатын Л. Толстойдың 12 томдығын оқып шықтым. Мамам менің көзімнің талатындығын уайымдап әуестігіммен күресетін, бірақ әкем «кітаптан адам соқыр болмайды, көзі ашылады деп жұбататын» [5]. Кітапты емірене жұтып оқу, тоқумен алмасып отырғаны хақ. Төртінші сыныпта Л. Толстойдың 12 томдығын бітірген Олжастың 10 сыныпқа дейін оқыған кітаптарын санап шықса үлкен сандық көрсеткіштің шығатыны сөзсіз. Оқу мен жазуды ұштастыра білген Олжастың осы жылдары республикалық балалар газеті «Дружные ребята» да тырнақалды мақалаларының жарық көре бастауы да өте маңызды еді.

Алайда, Олжастың бала кезіндегі қалыптасуы бірсыдырғы «бейбіт» жүрген жоқ. Әлеуметтік қиыншылықтар, балалық рухани ізденістерден бөлек, өтпелі жастың өсу қиыншылықтары да Олжасқа тән болды. Бірақ бозбала шағында-ақ, нақты өмірде Олжас өзімен өзі болып қала берді. Көп жылдардан Олжастың досы әрі әріптесі Г. Толмачев: «Соғыстан кейінгі жылдары Алматының барлық тұрғындары, маған - балалардан тұратындай көрінетін. Ойлап қарасаңыз шынында да солай еді. Үлкендердің барлығы таңның атысы күннің батысы жұмыста, біз өзімізбен өзіміз қаламыз, әжелеріміз шамалары келгенше қадағалайтын» [6, 216 б.] - деп еске алады. Соғыстан кейінгі жылдары кеңестік қала балалары үшін ең қауіптісі «көше ықпалы», қисық жолға «қылмыс әлемінің» ұйығына түсіп кету қаупі еді. «Қалай аман шыққанымызға әлі күнге дейін таң қаламын, - дейді Г. Толмачев, - бірақ сынбадық, жаман жолға түсіп кетпедік. Қала - құжынаған ұры-қарылық топтарға толы: пышақтасу, ұрлық пен тонау, қанды төбелестер. Топ басшылары мен атамандарды дақпырт аттарынан білеміз: Бука, Маслюк, ал Олжас тұрған ауданда Пантера билеп төстеді» [6, 218 б.]. Олжас та ата-анасы мен нағашы әжесі Зылиха Назарқызына мықтап тұрып, қазіргі тілмен айтқанда «проблема» тауып берумен болды. Жандарын қоярға жер таппай қайран ата-аналар түні бойы шарқ ұрады. Анасы Фатима Беделбаева: «Олжастың бала кезін еске түсіремін. Қандай қиын уақыт болды десеңізші! Олжас үшін иманымды үйіріп отырамын. Көшеден естілген айқай-шу мен ысқырықтар жер жарғандай. Мен оны жер төлеге құлыптап қамап қойсам да өзімді қоярға жер таппаймын: не істеп жатыр екен? Үш сағат, бес сағат өтеді, ол болса үнсіз. Ақырын жер төлені сығалап қарасам, менің Олжасым арқасын терезеге жақын беріп кітап оқып отырады... «Маған уайымдама, мама - мұнда жағдайым жаман емес» - дейді. Мен болсам «Олжас кітап оқитын болсаң қашанда жер табылады ғой» деймін... Кітап көп адамдарды жаман жолдан сақтап қалды ғой деп ойлаймын» [6, 219 б.] деп еске алады. «...Өзімнің сенімімді жасырмаймын - нағыз ұлттық сана қалалықтардың екінші, үшінші ұрпағында ғана пайда болады. Ауылдарда немесе қалалықтардың бірінші ұрпағында әзірге тайпалық сана үстем болады. Бұл факті, ренжудің қажеті жоқ, - дейді О. Сүлейменов. - Балалық шағым мен жастық шағымның көп бөлігі көшелерде өтіп, әрбір күн сайын өзімді орнықтыру керек болды. Сол уақытта менің ар-намысым, өзімнің қазақ екендігім тәрбиеленіп жатты. Сол уақыттағы көше ұжымдарында, тек адал да өжет, достарын сатпайтын, сөзінде тұра білетін және өліспей-беріспейтін ғана өздерін силата білетін» [7, 45 п.].

Олжас 9 сыныпта оқып жүргенде Ә. Қарағұловтар отбасының қаланың басқа ауданынан жаңа пәтерге қоныс аударуы ғана «көше» мәдениетінің теріс қаупін біржолата сейілтеді. Жалған намыс, қисық түсінік жетегінде кеткен доссымақтар түгелдей құрықталып сотталғанын естігенде Олжас анасына оңашалай келіп «Сіздер қалай ғана мені құтқарып қалғансыздар?» - деп ағынан жарылады. Кезкелген бала анасына жан сырын ақтара бермейді. О. Сүлейменовтің анасымен өзара түсіністігі айрықша. Осы және осыған ұқсас жағдаяттарды еске ала келе «Шалқайғанға шалқай - ол пайғамбардың ұлы емес, еңкейгенге еңкей - ол әкеңнің құлы емес. Міне бұл менің анамның бойыма сіңірген өнегесінің түп-төркіні еді» [8, 3 б.] - дейді О. Сүлейменов. - «Қырықтың бірі - қыдыр. Оның айрықша белгісі жоқ. Сыйлағаныңның құлы бол, сөйтсең өзіңе де көмектесесің» деп үйрететін анам. Ұққан тәлімім осы. Мен соны уағыздаймын. Бірақ, мен оған түзету, енгізу керек екенін де білдім. Қырықтың бірінен оңбағандар да, жексұрындар да табылады... Біздегі отбасылық және халықтық тәрбиенің барлық жүйесі «Алла біреуді құтқару қуанышын маған сеніп тапсыр» формуласына сыйғызылған» [9, 3 б.]. Бұдан Олжастың азамат болып қалыптасуындағы отбасылық тәрбиенің айқындаушы күшін бағамдауға болады. Ақынның өз тілімен айтқанда «мен бала кезімнен қарттардың барлығы ересектер мен жастардың, бала-шағаның қамқорлығы аясында болатын азиялық отбасы құрылымында өстім» [3, 193 б.].

Қазақ газеті редакторының үйінде тек Л. Толстойдың немесе орыс тіліндегі кітаптардың болмағандығы белгілі, керісінше ауыл баласына жетпей жатқан құнды қазақ тіліндегі кітаптардың болғандығына күмән келтірудің өзі де күнә. Мұның барлығы Олжастың тұрмыстық деңгейіндегі қос тілділіктен ғылыми қос тілділікке ерте өтуіне септігін тигізгені сөзсіз. Демек, О. Сүлейменов сөз ғаламына, оның ішінде қазақ-орыс сөз әлеміне балалық шағында-ақ кірді деуге болады. Балалық шағына қатысты О. Сүлейменовтің мына бір байқауының маңызы зор: «Мектептегі бір сабақты еске түсіремін. Егер қорғасын мен мыс пластиналарын (шыныларын) қатар қосып қойсаңыз, біршама уақыттан кейін өзара диффузияның нәтижесінде металдардың түйіскен шекаралық жиектерінде диффузиялық, біздің тілімізбен айтқанда қоланың маргинальді қабаты пайда болады. Температура жоғары болған сайын диффузияда белсенді жүреді: мұздатқышқа қойылған пластинада қоланың түзілуі едәуір баяу жүреді» [10, 139 б.]. О. Сүлейменов бала кезінде байқаған бұл техникалық құбылысты өзіне қатысты да, яғни рухани салаға қолданып отырғанын байқау қиын емес. Демек, О. Сүлейменов мектеп жасында ақ екі полюсті диалектиканың, мәдениеттер тоғысуының құпияларын ерте сезгенге ұқсайды.

Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ: Олжастың дүниетанымының қалыптасуы, мінезінің шыңдалуында М. Өтемісұлы, Қ. Сәтбаев, Б. Момышұлы, Ә. Марғұлан, А. Машанов, М. Әуезов сияқты отандық тұлғалардың ықпал әсері зор болды. «Бала күнімнен, әліпті-таяқ деп білгеннен, күн сайын, мен өз халқымның надандығының, жалтақтығы мен артта қалғандығының көріністерінен ләззат алуға тиісті болдым. Ол кезде маған ата-бабаларымды мақтан тұтудың түйірдей болса да дәнін жан дүниеме егу маңызды болды. Мен не үшін оларды ардақтауым керек? Мені оларды аяуға және жек көруге табандылықпен мәжбүрледі, - дейді О. Сүлейменов. - Бағыма орай Александр Бектің «Волоколам тас жолында» кітабын оқыған едім. Оның темір Бауыржаны менің қаһарманым болды. Мен мұны кейіннен көптеген жылдардан соң сезіндім... Сонан соң Әуезовтің «Абайы» [10, 63 б.]. Балалық шақтан ақынның ең сүйікті ақын, жазушылары М. Өтемісұлы, Б. Момышұлы, М. Әуезов еді.

1980 жылы «Менің Бауыржаным» атты арнайы мақаласындағы ақынның мына бір жан тебірентерлік сөздерінің әдіснамалық маңызы зор. «Өмірде өзіме ықпалы болған адамдар көп емес, бірнешеу ғана. Ой өрісімнің, сыртқы дүниеге көзқарастарымның қалыптасуы да соларға байланысты. Кейде өмір бойы бір адамның тұтқыны болу үшін онымен екі-үш рет кездескенің жетіп жатады... Өз кітабымда мен де Бауыржанға соқпай кете алмаймын. Мен оны ерте, балалық шағымнан-ақ «Волоколам тас жолын» алғаш оқыған кезден білемін» [11]. Олжастың мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, әдебиет пен тілден бөлек, тарихпен параллельді әуестенуіне түрткі болған «бірнешеу адамдардың» бірі емес, бірегейі, тау-кен институтының профессоры, қазақтың ғұлама ғалымы Ақжан Машанов (Машани) болды. «Біз оның ұлы Араратпен бір мектепте оқыдық. Мен олардың үйінде жиі болатынмын. Профессор, өзінің тау-кен істерінен бөлек 50-жылдары тиым салынған ғылым - тарихпен байсалды әуестенетін. Мүмкін сол кісімен араласудың арқасында менің де тарихпен әуестігім басталған болуы керек» [12, 23 б.].

Кеңестік орта мектептерде қазақ тарихы оқытылмайтын. Тіпті, оқу бағдарламасында болған жоқ. Оқылатыны-КСРО тарихы, оның өзі де негізінен орыс тарихы. Сондықтан Олжастың өзіне қойған «осы мен кіммін» деген сұрағы жоғарғы сыныптарда-ақ «осы біз кімбіз?» - сұрағына ұласқандай [13, 10 б.]. «Осы мен кіммін?» Кәмелеттік аттестат алып, үлкен өмірге қадам басқалы жатқан Олжас үшін бұл риторикалық емес, практикалық мәні бар сұрақ еді. «Бірінші сыныптан бастап оныншыны бітіргенге шейін фамилиясы Сүлейменов болып жазылып, Әбдуали Қарағұловты ештемеге күмәнданбастан туған әкем деп атап келген Олжас, кей әрекідікте ғана: «Мен неге жалғыз Сүлейменовпын? Неге Қарағұлов емеспін?» - деп таңданыспен сұрау беріп қояды. «Олжас үлкен атасының баласы. Сол себепті атасының атын ұмыттырмай Сүлейменов болып жүр» деген жауапты естіп, ақынжанды бала көңілі өсіп, марқайып қалады. Анасының куәләндіруынша, орта мектепті тәмәмдар жылы барып қана өз әкесі - Омархан, атасы Сүлеймен, қайтыс болған ағасы - Олжар, арғы атасы Олжабай батыр екендігі хикаясын тыңдап қаныққан, барша ақиқат жайларды өз құлағымен естіген бозбала Олжас түнере сұрланып, қатты толғанып, сұлық төмен қарап отырып қалған көрінеді. Бірақ, бірер күн өткен соң «бәрібір менің әкем Әбдуали Қарағұлов!» [1, 60-61 б.]-деп рухани әкесіне ұлы сүйіспеншілігін білдіреді.

Мектеп бітірген жылдары оны «Игорь полкі туралы жыр» дан көрі қызықтырған «осы біз кімбіз?» - деген сұрақ болды. Бабасы туралы аңыз оның жауапкершілік сезімін күшейте түсті. 1954 жылы Олжас орта мектепті бітіргенде оның дүниетанымдық көзқарасы, өмірлік бағдарламасы интенсивті түрде қалыптасып жатты. «Өзінің тарихы бар халық қана ұлы халық бола алады, бұл М. Шолоховтың сөздері. Мен мұны бала күнімде 1954 жылы естіген едім. Бұл сөздер менің өмірлік бағдарламамды анықтады. Мен өз халқымның жоғалған тарихын іздеуге ден қойдым» [10, 15 б.]. Демек, үлкен өмірге аттанар мектеп бітіру алдында Олжас ұлт алдында тұрған міндетті өз деңгейінде көре білді дейтін мәселеге келіп тірелсе, бұл ғасырлар бойы туған әдебиет арқалаған әлеуметтік-саяси жүк дәстүрлерімен түсіндірілер еді.

Мектеп бітірген соң Олжас әкесінің кеңесімен мамандықты қалай таңдағанын былай деп еске түсіреді: «Ол менің әдебиетпен әуестенетінімді көріп жүрді, бірақ оның қаншалықты еңбек пен бейімділікті талап ететін ауыр іс екенін өз басынан білетін. «Мен журналистика факультетіне түсемін» дегенде ол басын шайқап: «ортаңқолды журналист болғанша, ортаңқолды инженер болған жақсы. Қателеспе балам» деді. Мен құжаттарымды геология мамандығы бойынша тапсырдым. Дегенмен институт бітірген соң Горький атындағы әдебиет институтына түстім. Әкем қарсы болған жоқ» [4]. «Азиялық отбасы» құрылымында өскен О. Сүлейменов үшін әке беделі зор болды. Әкесі «бір туар ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың соңына еріп, ізбасар шәкірт болсаң еңбегің мен бағың жанады. Ал жазушы, журналист дегендер арнайы оқусыз-ақ өміршең де беріледі» [1, 61 б.] деп бекемдей түскен еді.

Соғыстан кейінгі жылдардағы елдегі ауыр қоғамдық-саяси, идеологиялық атмосфера, моральдық психологиялық ахуал, 60 жылдардан бастау алған жылымық жылдары да Олжастың көзқарасының қалыптасуына әсер еткені анық. «Бізді аналарымыз бен әкелерімізді атып тастаған мемлекет тәрбиеледі... Үйреншікті «кім кінәлі?» және «не істеу керек?» ең бастысы «неліктен болды?» сияқты сұрақтар төңірегінде ойланатынбыз» [14] - дейді О. Сүлейменов. Айта кететін жәйіт, Олжастың достарының арасында өзі сияқты «халық жауларының» балалары аз болған жоқ. Бұл орайда Б. Майлиннің, І. Жансүгіровтің балалары: М. Майлин мен Б. Жансүгіровті т.б. атауға болады. Олжас тек балаларымен ғана емес «халық жауларының» аман қалған туыстары мен жақын жұрағаттарымен де араласты. Бұл орайда, ақын әсіресе И.Жансүгіровтің әйелі Фатима Ғабитқызынан көп нәрсенің анық-қанығына жеткені аян. Жалпы қазіргі заманғы Қазақстан тарихындағы екі Фатиманың: Фатима Насыржанқызы мен Фатима Ғабитқызының орны айрықша. Екеуінің ұлдары да бұдан былайғы Қазақстан мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосты. Екеуінің де өздерінің Қазақстан тарихындағы лайықты бағасын алуы - уақыттың еншісінде.

Жастық шақ - күш қуатпен үлкен жылдамдықтардың қас-қағым сәті ғана. Нақ жас кезінде - адамға үлкен тіршілік қуаты тән. Өзін-өзі тану мен өсу бағыттары да нақ осы кезде айшықталады. Бұл жағынан алғанда кез-келген социум мен ұлттың энергетикалық ресурстары - жастар болып табылады. Балалық және жасөспірім шақтарында туған тарихтарына қатысты ешқандай ресми тәлім тәрбие алмағанына қарамастан екі Фатиманың балалары О. Сүлейменов, М. Әуезов те төл тарихының рухани өлшемдерімен өмір сүрді. Дәстүрлі мәдениет, басқа болмыс орбиталарында болып үлгіріп, туған болмысқа әлемдік мәдениет арқылы оралуларына барлық алғышарттар жасалынды. Оларды жеке жылдам дамуға итермеледі. Мәдениеттегі даму үрдістері тарихтың толқындары мен тербелістеріне байланысты, бұл - стихия. Тұлғаның жолы, оның тағдырының жазуы - осы стихияға қарсылық көрсету. Бұл - мәдениет. Бұл тағдыр. Олжабай батыр арқылы жеткен, сөйтіп пешенесіне жазылған осы бағдарламаны орындауға О. Сүлейменов жастық жігер, күш қуат және қуанышпен кірісіп кеткенде бүкіл тәкәппар дүние, бүкіл ғалам сәтін салып оған көмектескендей еді. Кедергілерді жеңу өнері мен оның қуанышы оған жаңа ізбасарлар мен тілеулестерді силаумен болды. Бұл орайда тұлға ретіндегі О. Сүлейменовтің интеллектуалдық және адамгершілік қасиеттері оның қайталанбас табиғаты мен балалық шақтан алып шыққан нұрлы тәжірибелерінің маңызы зор болды. Ф. Достоевский кейіпкерлерінің бірі айтқандай «Бұдан былайғы өмірің үшін қандай да бір болмасын жақсы естеліктен, әсіресе, балалық шақтан, туған үйіңнен алып шыққан естеліктен жоғары да күшті, әрі салауатты да пәк ештеңе жоқ. Егер өзімен бірге сондай естеліктерді үлкен өмірге көп алып шықса, онда ол адамның өмір бойы құтқарылғаны. Тіпті, егер бір ғана жақсы естелік біздің жүрегімізде өзімізбен сақталса, соның өзі күндердің күнінде бізді құтқаруға септігін тигізеді» [15].

1954-1958 жылдары геология факультетінде техникалық мамандық бойынша білімін жалғастырған О. Сүлейменовке оның зияны тимегендей. Керісінше техникалық ғылым әлеміне ену оның дүниетанымындағы энциклопедиялық тенденцияны күшейтіп, білімін кешенді, іргетасты етті. О. Сүлейменовке сирек кездесетін жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Геологиялық экспедициялық практиканың барысында қала баласы Қазақстанның сайын даласын, барлық аймақтарын аралап шықты. Қарапайым ауыл адамдарының, шопандарының тұрмыс тіршілігімен танысты. Тарихи қалалар мен ескерткіштердің орнын көріп тұщынды. Бұлардың барлығы ақынның болашақ өлеңдерінде бейнеленді. Ауылдарды тұңғыш рет көрген қаланың қазақ баласы үшін бұл үлкен тәжірибе болып, ақын жанды жастың - Дала әлемін тікелей сезінуіне септігін тигізбей қойған жоқ.

Зерттеушілер де бұған назар аударады. Олар ақынның сөздің түбірін іздеуге деген айрықша құлшынысын, геологтардың жер асты қабаттарын қазбалауға, ұңғылауға деген құмарлығымен байланыстырады. «Геолог мамандығы,-дейді профессор Х.Х. Махмудов, - О. Сүлейменовтің қызығушылық әлеміне, құбылыстарды ұғынып игеруіне белгілі бір із қалдырды. Ол ауқымды ойлауды үйренді, өйткені геолог – бұл жер туралы ғылым, бұл миллиондаған жылдар, біздің планетаның тарихы» [16, 103 б.]. Шынында да оның болашақта «Игорь полкі туралы жырды» зерттеуін геологиялық ұңғылаумен салыстыруға болатын еді. Геология жер ғаламын ұңғылау. Лингвистика - сөз ғаламын ұңғылау. Нақ осы геология ақынды ғылымға алып келеді. Орыс ақыны С. Луконин: «Ол балалық шақтан өзінің туған Қазақстанының шетсіз де шексіз Далаларын сүйді. Осылайша өлеңдері туды. Олжас туған жерін жан тәнімен сүйді. Өйткені ол жер қойнауын зерттеуші геолог қой. Алғашқы мамандығының О. Сүлейменовтің шығармашылығына сөзсіз әсері тиді» [17, 63 б.]. деп жазады.

«Геологиямен шұғылдану мені көп нәрсеге үйретті, олар кейін ақын ретінде менің кәдеме жарады. Мен, жалпылама айтқанда институт шығармашылық қызығушылық туғызуы тиіс, ал нағыз шынайы білім үнемі өз білімін жетілдіру арқылы алынады деп ойлаймын» [10, 207 б.] - дейді О. Сүлейменов. Геология факультетінде оқып жүргенде де ақын өлеңдермен қоса, очерктер, фельетондар, әңгіме, повестер, тіпті романдар жазып редакцияларға апарып жүреді. Бірақ, өкінішке орай қолжазбалардың көпшілігі жарыққа шықпайды және авторға қайтарылмайды. Ақырғы соңында әдебиетке деген құмарлық жеңіп 1958 жылы геология факультетінің төрт курсын бітіріп, сырттай бөліміне ауысады да Мәскеудегі әдебиет институтына оқуға түседі. Сөйтіп, әдебиет институтында оқып жүріп, біруақытта геологиядан «Ембі мұнай құрылымындағы тұз күмбездерінің түзілу механикасы» тақырыбында диплом жұмысын жазуға мәжбүр болады.

Бір қызығы диплом жұмысын жазу үстінде Олжас, шын мәнісінде техникалық жаңалықтар да ашып үлгіреді. «Ғылымға керек емес, бірақ мен үшін айрықша маңызды жаңалықтар тобын ашқан сияқтымын. Кітапхананың тып-тыныш залында әлем естімеген, бірақ менің құлағымды тұндырған шығармашылық бақыттың жарылыстары дүрілдеп жатты. Өз бетінше үйренуші - қорлықты сөз. Дегенмен, өз бетінше үйренуші болу қандай бақыт! Мен, маманды маман ететін өзіңмен өзің жұмыс істей білуің ғана деп ойлаймын [18] - дейді О. Сүлейменов. - «Мұнайдың тұзды күмбездермен қатар орналасатыны бұрыннан белгілі, бірақ тұз ернеуі (карнизі) түзіліп, астына мұнай жиналатын орынның қай жерде орналасатыны - жұмбақтын. Мен өз шешімімді ұсындым. Профессор басқа көзқараста болды да мен диплом жұмысым үшін «үш» деген баға алдым. Он жылдан кейін, - ондай да болады екен-ау, - бір ғылыми журналдан менің диплом жұмысымда айтқан жәйіттерімнің дұрыстығын растаған авторлардың жұмыстарын оқыдым» [10, 207 б.]. Бұл кездейсоқ та еместін, өйткені диплом жұмысын жазған бір жылдың ішінде, Олжас геофакта бес жылда оқымаған геологиялық әдебиеттерді өз бетінше шығармашылықпен оқып үлгірген еді.

О. Сүлейменовтің 1958 жылы 22 жасында Мәскеудегі Горький атындағы әдебиет институтына оқуға түсуі - шығармашылық жастық шағы мен кәсіби білім алуының аяқталу кезеңі болды. Жалғыз ғана әлемдік әдебиет институтында әлемдік әдебиеттің майталман мамандары В. Сидельников, Л. Озеров, Л. Мартынов, Б. Слуцкий, А. Пухов т.б. сабақ берді. Илья Эренбург, Михаил Шолохов, Вселовод Иванов, Борис Пастернак, Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский т.б. кездесулер өзіндік университеттер болды. Курс тыңдаушылары да кеңестік Одақтас республикадан келген туған әдебиеттерінің Олжас сияқты келесі буынының білімді, барынша еркін ойлайтын талантты өкілдері еді. «Біз бір-бірімізге шәкірт әрі ұстаз едік, - дейді О. Сүлейменов, - мұнда дүниетанымымыз қалыптасты, мінезіміз шыңдалды. Т. Зульфикаров, С. Фридбург, С. Эбаноидзе...» [6, 46-47 п.].

«Студенттік өмір - бұл да қым-қиғаш жарыс. Күш жігердің, қайсарлықтың, мінездің, таланттың жарысы. Біз мұнда өзіміздің халықтың өкілі екенімізді айрықша өткір сезінген шығармыз, сірә. Оның елшісі болдық. Біз арқылы қазақтар туралы пікір қалыптасатын болды. Мұндай үлкен жауапкершілік өзіңе деген, өзіңнің әрбір қылығыңа деген қатынасыңды қалыптастырады. Біз институтымызда өздерін жәбірленгендердің барлығы бізге келіп сауға сұраған жағдайға қойдық. Егер жатақханада біреудің ақшасы жоғалса да бізге келетін. Біз ұрыларды ұстап, олар мойындайтын, сөйтіп институттан шығуға өтініш жазатын. Біреулерден жазықсыз таяқ жегендер де бізге келетін. Біз кінәлілерді да тауып жазалайтынбыз. Біреуге стипендиясы жетпей жатса да біздің ортақ қазанға жіберілетін. «Қазақтар ең әділ халық» - біз туралы Балтық жағалауы өкілдері, грузиндер, орыстардың пікірі осындай еді. Берілген бұл бағаны, мен өзімнің іс-әрекеттерім арқылы демеп жүретінмін» [19, 6 б.].

Әрбір ұстаз тағылымы - қазына нұсқасы. Әсіресе, Б. Слуцкийдің кеңестері О. Сүлейменовке өте пайдалы болды: «Қазақ поэзиясын тану - Одақта нольге тең. Әлем деңгейінде одан да аз. Мүмкін түп нұсқада ғажайып шығар, бірақ аудармасы ешкімді қызықтырып отырған жоқ. Сіз аудармашының көмегінсіз іске кіріскен екенсіз. Демек, сіз орыс оқырмандарының алдында бірден бір қазақ поэзиясының өкілі болу міндетін мойныңызға алып отырсыз. Иә, солайы солай, сіздің дүниелеріңіз бойынша қазақ поэзиясы туралы жалпылама және терең пікірлер айтылатын болады. Енді аудармашыға кінә арта алмайсыз. Сіздің орыс құрдастарыңыздың жағдайы жеңілірек. Олардың артында ұлы тарих, ата-бабаларының даңқы, ғаламат мәдени мұра тұр. Орыс ақынының орташа ақын болу мүмкіндігі бар. Сізде ол жоқ» [19, 9 б.]. «Слуцкийдің сабақтары бұрыннан сезіп жүрген, бірақ әлі бір жүйеге келтіре алмай жүрген нәрселерді анықтауға көмектесті, - дейді О. Сүлейменов, - Жиырмадан кейін өмірлік жоспарларыңның сұлбасын тәртіпке келтіруге тырысасың. Жастық шақтағы «Мен кіммін?» - «біз кім бізге?» тәуелді екенін сезесің. Мен өздерінің «мен кіммін?» деп түп тамырын, тарихын іздеп бас қатырмайтын құрдастарыма қатты қызығатынмын: тарихтың қара топырақты қабаттары мыңжылдықтың қойнауынан оларға ұлт өмірінің зәулім ағашын көкке жеткенше нұрландырып көрсетіп отырды. Менің достарымның сол үлде мен бүлдеге оранған ағаш бастарында алқызыл алмадай жайнап отыруға мүмкіндіктері болды... мен өзім үшін қазақтардың тарихын қалпына келтіруді бастадым» [19, 11 б.].

Институт қабырғасында жүргенде поэзиямен шектелмей, геология, тарих, лингвистика, палеографиямен өз бетінше әуре сарсаң болып жүрген Олжасқа орыс достарының бірі аң-таң болып: «Олжас, түкке тұрмайтын тірлікпен неге айналысып жүрсің, уақытыңды тасқа жазылған қалжыңды тарқатуға жіберіп жүргеніңе жол болсын. Одан да өлең жаз, жұрттың алдына шық» деген ұсынысына Олжас: «Сенің мәдениетіңнің алтын ғасыры болды, ол - ХІХ ғасыр, сен үшін жұмыс істегендер бар. Біздің мәдениетіміз қазір ренессансты да, көп жағдайларда қайта тууды да бастан кешу үстінде. Біз, мәдениетімізде қазір біруақытта ХІХ ғасырды, ХХ ғасырды да бастан кешудеміз. Нақ сондықтан да қазақ жазушысының міндеті орыс жазушысының алдында тұрған міндеттерден көлемі жағынан да, бағыты жағынан да өзгешеленеді. Бізге ағартушы тіпті, аздап шырақшы болуға да тура келеді» [18] - деп жауап береді. Оқу бағдарламасына сәйкес профессор Сидельниковтен алған «Игорь полкы туралы жырдағы тюркизмдер» атты курстық жұмысына, геологиядан алған диплом жұмысына қандай ыждағаттықпен қараса, курстық жұмысына да соншалықты тиянақты геологиялық мінез, геологиялық машықпен кірісіп кетеді. Кеңестік дәстүр бойынша формальды түрде, дөрекі айтқанда көшіріп бере салуға да болар еді. Бірақ бұл Олжастың стилінде емес. Курстық жұмыстың тақырыбы күтпеген жерден Олжастың бұрыннан келе жатқан қазақ тарихына деген қызығушылығын еселей түседі. «Менің ата бабаларым тілінің бір замандарда бір тамырдан тараған түркі тілдес халықтар тобына жататындығын білісімен, мен тұңғыш рет қандық туыстықтың айрықша сезімін тұщындым. Атавизм ба, иә, бірақ жастық шақта ол қаншалықты демеу болады десеңізші. Өзімнің түркі екенімді танып, мен өзімде - бұрын байқалмаған қасиеттердің қалай көтерілгенін сипаттап жатпай-ақ қояйын, бірақ олар менің тұлғамды қалыптастырды, сөйтіп менің дүниетанымымның элементі ретінде жастық түркілік көзқарасымның дамуына септігін тигізді» [20, 201 б.].

Әдебиет институты - әлемдегі бірегей жоғарғы оқу орны. Кеңестік Одақтас республика өкілдері үшін бұл айрықша маңызды болды. Одақтас республикалардың көркемдік шығармашылық жастары Мәскеу авторларымен байланыс орнатып, еңбектерін орыс тілінде шығаруға тырысты. Жас авторлар астаналық әдеби басылымдарды жағалап туындыларын бастыруға ұмтылды. Сөйтіп Кеңестік әртүрлі ұлттардың жас ақындары бір-бірімен шығармашылық жарысқа түсті. Элитарлық әдебиет институты мен жоғарғы әдеби курстарында айрықша нәзік мәдени атмосфера қалыптасты. Әдебиет институты мен жоғарғы әдеби курстары жекеленген ақын-жазушылар ғана емес, жаңа типтегі кеңестік әдебиеттің бүтіндей бір ұрпағын - «алпысыншы жылдықтардың» - көптеген өкілдерін даярлады. Идеологиялық шектеулерге қарамастан, кеңес әдебиетіне эстетикалық кеңдік, жоғарғы кәсіптік деңгей тән еді. Әдебиет институты барлық уақытта өзінің тыңдаушыларына әдеби мектептер, тенденциялар, бағыттар, стильдер туралы мол кәсіби білім беретін. Ең бастысы кәсіби білімді - тіл мен әдеби дәстүрлерді сезінуді берді. Әлемдік әдебиеттің «иран-бағында» аз-кем болса да шығармашылық еркіндіктің элементері айқын сезілетін. Лекция - семинар сабақтары шығармашылықты шыңдаудың, әдеби стильді жетілдірудің нағыз мектебі еді. Бір автордың туындысы әлденеше рет талқыланып, сараланды. Бұл мектептен О. Сүлейменовте өтті. Оның кіршіксіз жазу стилі, сөйлеу мәдениеті нақ осы Мәскеулік кезеңде мүлтіксіз жағдайда жеткізілді. Бұдан былайғы жерде О. Сүлейменовтің ауызша дайындықсыз сөйлеген сөздерінен басы артық сөздерді табудың өзі қиынға соғатын.

Мәскеулік кезеңдегі тартысты оқу мен тоқу мол нәтижелер берді. 1959 жылдың 13 маусымында орыстың белгілі ақыны Л. Мартыновтың алғысөзімен «Литературная газета» да оның топтама өлеңдері жарық көрді. Алайда поэзия аспанында жұлдызы жарқырай туған қазақ есімінің пайда болғанын Одаққа, одан қалды әлемге әйгілеген атақты «Адамға табын жер енді поэмасы» болды. Поэма үзінділерінің, жырдың көктемгі Алматы көгінен ұшақтан үн парақ болып шашудай шашылуы ерекше құбылыс. Қазіргі заманның бірде бір ақыны ондай қошеметке бөленген жоқтын. Сөйтіп, ақынның «өз халқым ішіндегі орнымды тапсам» деген жастық арманы тамаша орындалды. Ақын мұндай табыстардан кейін тоқмейілсімей іле-шала бағдарламасының екінші бөлімі - «әлем халықтарының ішіндегі өз халқымның орнын іздеуге» шұғыл кірісіп кетті. Дүние танымы әбден қалыптасқан жаңа тұрпатты жас ақын шығармашылығының келесі айналымы басталды. Сол тұста Қазақстан қоғамдық пікірі мен билік орындарын да қас қағым сәтте танымал болған О.Сүлейменовтің алдында екі айырық таңдау тұрды: бірі - жеңіл табысқа жетелейтін пендешілік мансап жолы, екіншісі халық тарихының жүгін арқалаған - ғылым жолы.

1981 жылы ақын сол уақыттағы өзінің ар-ождан жағдайын былай деп еске алады: «Сол бір 61-жылы кеңес әдебиетінде зор дауысты ақындардың ұрпақтары қанаттарын жая бастады... Ел жастары - жасанды жырларды емес, ақындарды тыңдады. Менің алдымда да өте айқын, атылған оқтай түп-түзу ақындық мансап қылаң берді: қазіргі заман тақырыбы, көкейтесті бүгінгі күн, мыңдаған аудиториялар, телевидение, радио және көп тиражды кітаптар т.б. Бірақ маған тоқтау болған, жүрісін саябырсытқан менің арғымақтарым болды. Эстрада тартымды, бірақ ол жазушы үшін қауіпті еді. Ол асығып-үсігуге мәжбүрлеп, ойлау қабілетіңнен біржолата айыруы мүмкін. Мен ақын әкелеріміз бен аталарымыздың қолынан келмеген, олар атқара алмаған немесе атқарып үлгірмеген істері төңірегінде ойлануды өзімнің парызым деп сезіндім. Қазір артқа тастаған 20 жылыма қарай отырып, өзімді Пегас тұлпарға мініп ойқастаған салт аттыдан гөрі тарихтың Авгий атқораларындағы малшыдай сезінемін. Менің өз тамырымды өзім табуға тура келді, өйткені тамырсыз ағаш - бұтағы мен жемісі жоқ бағана ғана. Сол сияқты халық та адамзат бау-бақшасындағы алмадай. Меніңше, бұл қазақ жазушысының өз орнын тауып орнығуының мүмкін боларлық жалғыз ғана формасы - халықтың санасын орнықтыра отырып, өзің де орнық» [21, 415 б.].

Бұл күшті тұлғалық таңдау еді. Бұл жылдардағы О.Сүлейменовтің жеке тәжірибесі айрықша маңызды болды. Ғылыми бағытын да өз бетінше белгілеп алды. Ол қазақ-түрік, орыс-славян халықтарының көне және орта ғасырлар тарихының қойнауына ресми жолдан бөлек, өз жолымен жаңа ғылыми-әдіснамалық жабдықтармен кіріп, өзінің атақты «аласартпай тауларды, асқақтатсам даламды» принципін жариялаудың алдында тұрды.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:



  1. Сапаралы Б. Олжастың балалық шағы: Ел ағасы өмірінің беймәлім қырлары. - Алматы: Қанағат-ҚС, 1996. - 75 б.

  2. Сулейменов О. Көшпелілер және мәдениет (Қазақ эксперименті) // Парасат. - 1996. - №5. - Б. 2-4

  3. Сулейменов О. Собр. соч. - Алматы: Атамұра, 2004. - Т. 7. - 432 с.

  4. Сүлейменов О. Слово об отце // Казахстанская правда. – 1998, февраль - 28.

  5. Шаханов М. Олжас феномені // Жалын.- 2004. - № 7.

  6. Толмачев Г. Не прощаюсь с друзьями. - Алматы: Жазушы, 1989. – 352 с.

  7. ҚРОММ, 2225-қор. 1-тізбе. 83-іс.

  8. Сулейменов О. Көшпелілер және мәдениет (Қазақ эксперименті) // Парасат. - 1996. - №5. - Б. 2-4

  9. Сулейменов О. От января до апреля. – Алма-Ата: Жазушы, 1989. – 272 с.

  10. Сулейменов О. Собр. соч. – Алматы: Атамұра, 2004. - Т. 6. - 472 с.

  11. О.Сүлейменов Менің Бауыржаным // Лениншіл жас. - 1980, декабрь – 30.

  12. Сулейменов О. Об особой роли писателей // Свобода слова. –2008, октярь-16. – № 39 (183) – С. 23

  13. О. Сүлейменов Но людям я не лгал / сост. Абдулло С. - Алматы: Дайк-Пресс, 2006. – 146 с.

  14. Сүлейменов О. Слово об Ануаре Алимжанове // Казахстанская правда. – 2000, май - 12.

  15. Бездетное человечество? // Литературная газета. – 2009. – № 11.

  16. Махмудов Х.Х. О. Сулейменов – поэт и филолог // Простор. – 1969. - №6. - С. 103 – 109.

  17. Толмачев Г. Повесть об Олжасе. – Алматы: Кітап, 1996. - 168 с.

  18. Сулейменов О. Мы приходим чтобы действовать // Литературная газета. – 1981, сентябрь – 2.; От миросозерцания к мировозрению // Искусство и кино. – 1982. – № 3. – С. 37-48.

  19. Сүлейменов О. Исправляя метафорой мир. - Алматы: Қаржы - қаражат, 1996. - 288 с.

  20. Қожакиева Ш.Т., Куздебаева А.Б., Русская литература. - Алматы: Мектеп, 2007. – 448 с.

  21. Сулейменов О. Быть и казаться // Комсомольская правда. – 1974, апрель – 3.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет