Материалдар мен әдістер. АЛЖИР-де тұтқындалған жазықсыз жазаланған әйелдердің естеліктері негізінде, сонымен қатар Астана қалалық мемлекеттік мұрағат қойнауларындағы деректер негізінде мақала әзірленді.
Зерттеу жұмысында деректанудың негізгі үш принципі басшылыққа алынды. Методологиялық негізін жалпы тарих ғылымындағы методтар мен арнайы әдістер қолданылды. Соның ішінде салыстырмалы талдау мен синтез, тарихилық принципі, обьективтілік, жүйелік әдіс, т.б.
Талқылау. Тәуелсіздік алған соң мұрағаттағы дерек көздеріне зерттеушілердің қол жеткізуі сталиндік кезеңнің ақиқатын танып-білуге, яғни сапалы зерттеулердің жариялануына әкелді. Сондай-ақ АЛЖИР-ге арналған мақалалар мен саяси қуғын-сүргінді басынан кешірген аналардың естеліктері де мерзімдік басылымдарда жарияланды.
Қазақстандық ғалымдар да жазықсыз жазаланған аналар тағдырын зерттеуге өзіндік үлес қоса бастады. Мәселен, А.Р. Кукушкинаның еңбегінде «Отанын сатқандар» әйелдерінің Ақмола лагерінің құрылуы мен қызметі (ХХ ғ. 30-40 жж.) талданады [Кукушкина, 2002: 184]. Мұнда ГУЛАГ жүйесінің құрылуы, АЛЖИР-дегі ауыр жағдай, әйелдердің ақталу процесі құнды дерек көздері негізінде жазылғанымен саяси баппен сотталған әйелдердің тағдыры терең зерттелмеген. Сондай-ақ АЛЖИР-дегі тұтқын әйелдердің әлеуметтік құрамы мен саны түрлі мәліметтерде түрліше көрсетілгендігін де ескертеді. Сонымен қатар, С.Д. Дильмановтың «Исправительно-трудовые лагеря на территории Казахстана (1930-1956 гг.)» атты 2002 жылғы диссертациясында сталиндік лагерьде отырған тұтқындарды мынадай 4 категорияларға бөліп қарастырады: а) «Тұрмыстық негізде қылмыс жасағандар» (бытовики), б) Қылмыскерлер (58, 35-баптардан басқа қылмыстық кодекстің барлық баптарымен сотталғандар), в) Саяси қылмыскерлер (58 бап), г) «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» (ЧСИР). Ал, Шаймуханов Д.А., Шаймуханова С.Д. лагерьлерді зерттеп қана қоймай, Ақмола лагеріне жеке бір тарау арнаған [Шаймуханов, Шаймуханова, 1997]. Алайда, Қазақстандық әйелдердің қуғындалу тарихы терең көрсетілмейді. С.Д. Шаймуханованың [Шаймуханова, 2000] еңбегінде ІІХК қызметкерлерінің көпшілігінің заңсыз іс-әрекетке барғандығы, ГУЛАГ-тың Кеңес мемлекетінің ішіндегі ірі империяға айналғандығы айтылады. Осы кітаптың бір тарауында «АЛЖИР» тарихы баяндалады. Сондықтан АЛЖИР тақырыбында толыққанды зерттеу жүргізу қажеттілік деп есептедік.
Достарыңызбен бөлісу: |