Нәтижесі. Тарихшылар сталиндік лагерьде отырған тұтқындарды мынадай категорияларға бөліп қарастырады: а) «Тұрмыстық негізде қылмыс жасағандар» (бытовики), б) Қылмыскерлер (58, 35-баптардан басқа қылмыстық кодекстің барлық баптарымен сотталғандар), в) Саяси қылмыскерлер (58 бап), г) «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» (ЧСИР).
Бірінші категорияға «Бытовиктерге» қылмыстық кодекстің, соның ішінде 162 (ұрлық), 59 (қарақшылық) және т.б. баптар бойынша сотталғандар кіреді.
Екінші категорияға қылмыстық-қарақшылық элементі немесе кәсіби қылмыскерлер: ұрылар, кісі өлтірушілер және т.б. жатады.
Үшінші категорияға «Саяси қылмыскерлер», бұлардың өзі бірнеше топтан тұрды.
Төртінші категория «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» [1, 140 б.].
Төртінші категорияның өзін жіктер болсақ, олардың қатарына Отанын сатқандардың отбасы мүшелерін, екінші бөлігіне қылмыскерлер, алыпсатарлар, кауіпті қылмыскерлерді жатқызуға болады.
Әйелдер мен балалардың қамалуына 1937 жылғы 15 тамыздағы №00486 Ішкі істер халық комиссары Н. Ежовтың жедел бұйрығы тікелей әсер етті. Бұйрықта: «Осы бұйрықты алғаннан соң 1936 жылдың 1 тамызынан бастап бірінші және екінші категория бойынша әскери Алқа және әскери трибуналда айыпталған оңшыл-троцкистік тыңшылық-диверсиялық ұйымдар мүшелері, Отанын сатқандар әйелдерін репрессиялауға кірісіңдер» деп ашық айтылды [2] Саяси қуғын-сүргіннің кең көлемде жүргізілуінің салдарынан «Отанын сатқандардың» әйелдеріне арналған лагерьлер көптеп құрыла бастайды. ГУЛАГ жүйесіндегі лагерьлерде тіпті «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» үшін арнайы лагерьлер пайда болды. Атап айтатын болсақ, КСРО аумағында әйелдерге арналған: АЛЖИР, Горький қаласынан 40 шақырым қашықтықтағы Темников лагері, Фрунзе қаласынан (қазіргі Бішкек қаласы) 100 шақырым жердегі Джангир лагері және Потьмадағы Темников лагерін атап өтуге болады. № 00486 бұйрықта «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» атанып, сотталған әйелдердің барлығын Темников лагеріне жөнелту айтылған болатын. Қазақстан аумағында «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» үшін КСРО ІІХК 1937 жылғы 3 желтоқсандағы №00758 бұйрығының Қарағанды лагері құрамында және Карлаг басқармасы бастығының 16 желтоқсандағы №0043 бұйрығымен Ақмола арнайы бөлімшесі ұйымдастырылды [3].
АЛЖИР-де тұтқындалған жазықсыз жазаланған әйелдерді шынымен қылмыс жасаған (адам өлтірген, адам тонаған) әйелдермен бірге қамау үрдіс алды. Түрмелердегі қылмыскер әйелдерді түрме тілімен «урки» деп аталған. Мысалы, Соколова Нина Иванова өз естелігінде, «…Құлағымнан балалардың, әйелдердің жылаған дауыстары кетпейді. Алайда, түрмелерде рецидивистер - «уркилер» де болды. Оларды түрме өмірі шошындырмады [4, с.119]. «Урки» өздерін еркін әрі озбыр ұстады. Тіпті, өзге әйелдердің жеке заттарын тартып та алатын еді. Олар айдауылдармен дөрекі сөйлесетін. «Уркилер» әйелдердің әдемі киімдерін тартып алып, қарсылық көрсеткендерді ұрып-соғатын еді. Бұл жағдай мен үшін жабайы, әрі өте қорқынышты болды. Үлкен әйелдер біздерге «бәріне шыдау керек, төзу керек» дейтін. Мәдениетті, оқыған әйелдер өздерін түрмеге қамап, балаларын тартып алғанда «өз халқына жасалған қандай заңсыздық» деп те жылап жүрді. Ешқайсысы өздерінің жесір қалғандығын білмеді де. Әйелдер жеке камералардан өлердей қорқатын. Олардың көпшілігі балалары мен күйеулерін ойлап қана өмір сүрді» [3, с.122].
Төртінші категория бойынша сотталған әйелдер еңбекпен түзету лагерлерінде халық шаруашылығын дамытуға көп үлес қосты. Қазақстан лагерлерінде де, ГУЛАГ-та қолданылған мәжбүрлеп еңбек еткізу әдістері кеңінен пайдаланылды. Норма орындалмаған жағдайда әртүрлі қысымдар жасалды. Мысалы: күндік тапсырманы (норма) орындамағандарға берілетін нан мөлшері қысқартылды; атқарылатын жұмыс дені сау және дімкәс, науқас әйелдерге де бірдей болды. Ал, егер де бір күндік жұмыс нормасы орындалмаса 18 сағат, тіпті одан да көп жұмыс жасатқызған. Сотталған аналар лагерьде өздеріне жұмсалған шығынды еңбегімен өтеп қана қоймай, сонымен бірге мемлекетке табыс әкелуге де міндетті болды. Айыпталғандарға ана ретінде ғана емес, адам ретінде де қарамай, ауа-райы да ескерілмей, ауыр жұмыстарды жасатқызған [5]. РСФСР еңбекпен түзету кодексінде «Пища работающим заключенным увеличивается в соответствий с количеством затрачиваемой энергий» - деп жазылғанымен, іс жүзінде жағдай басқаша болды. Сондай-ақ, аталған кодексте тұтқындар еңбегінен түскен таза пайданың 12,5 пайызы сотталғандардың тамағына, ал 40 пайызы тұтқындау орындарындағы өндірісті кеңейтуге, ал 12,5 пайызы түрме, лагерь қызметкерлерін сый-ақымен марапаттауға бөлінетіндігі ескертіледі [6, с. 7].
Түрмелердегі әйелдер жағдайының адам төзгісіз болғандығы туралы мәліметті, сотталған аналардың естеліктерінен ғана көре аламыз. Себебі, 1925-1938 жылдардағы ЕТЛ, ЕТК және түрме құжаттарында аталған мәселе төңірегінде әңгіме де қозғалмаған. Түрмелерде тұтқындар санының шектен тыс көп болуы және аурулардың көптігі туралы деректерді мұрағаттардан жиі көруге болады.
Қарлагтың Ақмола бөлімшесінде «Отанын сатқандар» әйелдері лагерінде соғыс кезінде жағымды жағдайдың қалыптасқанын, әйелдер сегіз сағат жұмыс істеп, балаларымен бірге тұрып, барлық медициналық қызмет көрсету салалары болды деп көрсетеді кейбір құжат деректерінде. АЛЖИР-дегі әйелдер 10 мың га егістік жерге бидай, арпа, тары, сұлы сияқты дәнді дақылдар еккен, ал 210 мың га суармалы жерге картошка, капуста, қызылша, сәбіз, помидор, қияр және пияз көкөністерді өсірген. Сонымен қатар 500 бас сиыр және 500 бас жылқы өсіретін 2 ферма болған. Ауыл шаруашылық жұмысынан бөлек 2000 әйел қызмет ететін тігін фабрикасы мен тоқыма өндірісі жұмыс істеді. Жазасын өтеп жатқан әйелдердің кейбірі көп жылдық тәжірибесі бар, білімді аналар еді. Атап өтетін болсақ, бас агроном қызметін ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Е.А. Сенцова, аға зоотехник қызметін Н.С. Савельева, мал дәрігері қызметін К.М. Дедкова, көкөніс өсіруші-агроном, суармалы егістің меңгерушісі А.И. Руденко атқарған. Ал, тігін фабрикасын тәжірибесі мол маман М.Л. Анцис басқарды. Осы фабриканың құрылуына да, жұмыс жасауына да атсалысып, ұйымдастырушысы да өзі болды. Ол 1899 ж. 27 сәуірінде Харьков облысы Любарский ауданы еврей отбасында дүниеге келген. Ұсталғанға дейін IY-1936 – IX-1937 жылдар аралығында Джерзинский атындағы тігін фабрикасының директор қызметін атқарған еді.
М.Л. Анцис лагерьге келгеннен кейін басынан өткен ауыр оқиғаларды, күйеуінен, бала-шағасынан қол үзуі, т.б. қиын естеліктерден арылып, бір сәтке болса да ойын бөлуге ұмтылған. Содан басшыларға тігін фабрикасын, кірпіш зауытын, электростанция, қазандық, монша, асхана салуды ұсынады. Сөйтіп Карлагтың басшысы Линин бастаған комиссия мүшелері мен жазасын өтеп жатқан әйелдер арасында 2 сағаттық келіссөз жүргізіліп, кездесудің нәтижесінде тігін фабрикасы салынатын болып шешім қабылданады. Анцис өз естелігінде Карлаг басшысы Лининнің: «Нам понятно ваше волнение. Можем сообщить вам невеселые вести. Мужья ваши расстреляны, как враги народа. Дети ваши в детских домах, от вас отказались Советская власть их воспитает настоящими людьми, преданными советской власти. А вам придется организовать жизнь свою в этой степи. Вам придется работать, но без вредительства» деп айтқан сөзін еске алады [7, с.96]. Арине бұл тігін фабрикасының құрылысын жазасын өтеп жатқан аналар өз қолдарымен салды. Фабрикаға керек жабдықтарды Украинадан алдырды. Бұл жабдықтарды құрастырып оны орналастыру үшін жаңадан институт бітіріп келген жас инженер-механик мамандарды О.Ф. Мелик, Л. Марева, Л. Каменская, Л. Степанова, Л. Кравченко, Н. Енукидзе, Л. Шорды жұмысқа тартты.
Ал О. Матронин бастаған инженер-құрылысшылар тобы кірпіш өндіруді ұйымдастырып, шикізаттың бар-жоғын анықтап, кірпіш зауытының құрылысын салуды есептеуді жасады. Құрылысшылар бригадасының басшысы болып инженер-құрылысшы Р. Шведчикова тұрды, оның көмекшілері Л. Золотова мен В. Зайцева болды. Саман кірпіш жасау үшін қамысты торпаққа араластырып балшықты жалаң аяқ иледі, сосын оны ағаштан жасалған қалыпқа салып кептірді. Бір кірпіштің салмағы 16 килограмм еді. Кепкен кірпішті тас қалаушы басқа бригадаға беріп олар қабырғалар тұрғызды, арине осының бәрін қолмен жасауға тура келді [7, с.96].
Бұл фабрика соғыс жылдары майданда жүрген солдаттарды әскери киімдермен қамтамасыз етіп отырды. Жазасын өтеп жатқан әйелдерге де қыстық, жаздық, яғни өздеріне киетін киімдерді сол фабрикада тігіп киді. Негізінен фабрикаға шикізатты Ивановадан, Тейковадағы тігін фабрикасынан, Барнаул мен Ташкенттегі комбинаттардан алды. Фабрикада жұмыс істеп жүрген әйелдер: «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деген ұранмен тоқтаусыз жұмыс атқарған. Сөйтіп олар 1942 жылы 1 млн рубльге дейін табыс алып келген [8, 3-4-пп.,7-п.].
«АЛЖИР»-дегі ауыр жағдай туралы Мария Даниленко: «Біздер 25, 35, 50 градус салқындық пен 50 градус ыстықта да жұмыс жасадық. Бір жаз ішінде әйелдер 18 құрылыс обьектілерін салдық деп өз естелігінде жазады…» [9, с. 82].
Осы аталған лагерьде жазасын өтеген Уәзипа Майжолова-Күленованың естелігіне мән берсек: «Лагерьде таңғы сағат төрттен кешкі сағат алтыға дейін үзіліссіз жұмыс жасайтынбыз. Ет дегенді көрмейміз. Жұмыс басына түсте бір булочка мен шәй алып келеді. Орыс, грузин, армян, қазақ әйелдері барлығымыз бір кісіден туғандай бір-бірімізге жанымыз ашып тұратын. Бірде мен, Ақмоланың боранды қысты күндерінде, лагерьдің шығыс жағындағы қамыс көлге түсіп кеттім. Әрең дегенде шықтым. Үсті-басымның бәрі мұз болып қатып, денеме киімдерім жабысып қалған. Күзетшіге баракқа барайын десем, қашып кетеді деп жібермеді. Содан кешке келіп, барактағы әйелдер денемдегі жабысып қалған киімдерімді жібітіп, мені босатып алды. Сол оқиғадан кейін қазір менің тырнақтарымның бәрі аппақ цемент сияқты опырылып түсіп жатады [9, 170 б.]» - деп, өз естелігінде лагерьдегі әйелдердің ауыр жағдайын көрсетеді.
Сонымен қатар, Зағипа Тінәлина өз естелігінде лагерьдегі әйелдердің өмірі туралы былай деп айтады: «...Қатар-қатар барақтар, адам тұратын жайдан гөрі мал немесе ит ұстайтын қораға немесе колхоздың темір-терсек сақтайтын қамбасына ұқсайды. Іші үш қатар нар (бөстекше), ертеңгісін және кешкісін сапқа тұрғызып қойып тексеру, одан айдауылмен итін өршелендіре дедектетіп қара жұмысқа апарады, алып қайтады. Ауыр жұмыстан, аштықтан әлсіреп сүйретіле түннің бір уағында бөстекшелерімізге құлаймыз. Қыста қақап (жылытылмайтын болғандықтан), жазда монша жаққандай пысынап, керегелерінен пар тамшылап, тұншықтырып, алқымды буып, тынысты тарылтатын қапырық сасық үйімізге жолшыбай құлап-сүрініп, итке таланбай аман жеткенге шүкір етеміз. Бір баракта үш жүзге дейін адам тұрамыз… Құлдық дәуірдегі құлақ кесті құлдардың өмірі бізден көш ілгері шығар-ау. Бәрінен қиыны-өнебойы аш құрсақ, жадаумыз. Мен мал бақтым. Күзде қамыс орамыз, белуардан мұздай су кеше, орақпен қамыс орып баулаймыз. Норма-140 бау, күніге. Орындасаң-700 грамм нан аласың. Орындамасаң… адамда жалғыз-ақ арман болады екен: нанға тою! Күздің қара суығында үсті-басымыз суға малшына жататын орынға ораламыз. Таң сәріде қамысқа қайта дірдектеп кетеміз…» [10].
Лагерьдің азапты өмірін 1938-жылдан 1955-жылға дейін басынан өткерген Күләндам Қожанованың естелігіне мән берсек: «…Көктемнің жанға жайлы ертеңгі шағы болатын. Лагердің қызметкерлері бізді ауланың ішіне иіріп қойып: Бүкіл жұртшылық Отанымыздың күш-қуатын, хал-ахуалын арттыру жолында бір кісідей ат салысуда. Күні-түні ізденіс, талпыныс. Ал, сендер ше? Рахат! Жағаларыңыз жайлауда, жайбарақат өмір сүріп жатырсыздар. Тамақ үкіметтен! Өңшең әзір асқа тік қасықтар – деп тілдеп-тілдеп алды да, бұдан былай жағдайдың өзгеретіндігін, топ-топқа бөлініп, жұмыс істейтінімізді мәлімдеді…» [10].
Мұндай адам төзгісіз жағдайға шыдай алмай өліп кеткендер көп болған. Оларды, яғни өлгендерді түнделетіп арбаға тиеп, қазылған шұңқырларға апарып көміп тастап отырған. Жерге тапсырудың хайуаннан айырмашылығы өлген кісінің башпайына тақтайша байлап, оған нөмірлеп, марқұмның анықтамасы қысқаша жазылған белгімен жерлеген. А. Михайловская өзінің естелігінде былай келтіреді: «Расскажу, как хоронили заключенных. Умирало по несколько человек в сутки. Копали яму глубокую и широкую, чтобы вместилось не меньше 20-25 человек. Бросали голых, куда голова, куда ноги, куда руки… Это были скелеты, обтянутые кожей. Невозможно было столько выкопать могил, сколько в сутки умирало людей. Ведь условия были ужасные. Голод, холод, вши, клопы и непосильный труд» [11].
Астана қалалық архивінде лагерь тарихына байланысты қор бар. Бұл архивте №370 нөмірмен сақталған М.Т. Юзипенконың жеке қоры (1904-1994 жж.). М.Т. Юзипенко 1940-1941 жылдары Қарлагтың Ақмола бөлімшесінің бастығы, 1941-1948 жылдары аталған лагерьдің, яғни «Отанын сатқандар» әйелдерінің Ақмола лагерінің бастығының орынбасары болып қызмет атқарған [8, 1-24-пп.].
Қор авторы естеліктерін 1989, 1991,1992,1994 жылдары өткізген. Қордың алғы сөзінде М.Т. Юзипенконы «1934 жылдың ақпанынан 1948 жылдың наурызына дейін Қазақ КСР ІІХК – ІІМ жүйесінде қызмет еткен, оның ішінде, яғни «26 нүкте», «АЛЖИР» деп аталған Қарлагтың Ақмола лагерінің бастығының орынбасары болды» делінген.
Ол «Свидетельствую как это было (К истории Карлага)» жазбасында лагерді тіпті одан әрмен керемет етіп көрсетеді: «Қарлагты тұтқындар орны емес, курорт болды деп айта аламын ба? Басқа лагерлермен салыстырғанда – иә!» – деп жазған [8, 13-п.]. М.Т. Юзипенконың жазған естеліктерінен Қарлагтың жүйеленген тарихы туралы материалдарды ала алатынымызды жоққа шығармаймыз, әсіресе мекеме басшылары, шаруашылық жағдайы мен экономикалық әлеуетіне қатысты мәліметтер кездеседі. Сонымен қатар, қор құжаттарынан сталинизмнің екінші қырын, репрессияны жүргізуші мекеме қызметкерінің толғанысын көреміз.
Лагерь құрылған кезден бастап Қарлагтың Ақмола бөлімшесінің бастығы болып – А.И. Бредихин сайланды, ол бұған дейін 26-нүктенің коменданты қызметін атқарған және ол басшылық жасап тұрған кезде осы контингент жинақталған еді. Бір жылдан кейін, Карлаг-тың ІІХК 1938 жылғы 27 желтоқсандағы № 0068 бұйрығы бойынша, ол 2-ші Сарепт бөлімшесінің бастығы болып қызметін ауыстырады. Сөйтіп оның орнына Сергей Баринов келеді. Ол Калинин облысы ІІХК басқарма бастығының жоғары шенінде қызмет атқарған. Жаппай қуғын-сүргін басталған кезде Мәскеуге қателік орын алып жатқаны жайлы хат жазады. Осы жазған хаты үшін Мәскеуден комиссия келіп оны қызметтен босатып, лауазымын (атағын) төмендетіп Қарағанды ІІХК-на ауыстырып жібереді. Сөйтіп ол 1938 ж. 25 желтоқсан айында Карлагтың орталығы Долинкаға келеді. Ол келген бойда арнайы бұйрық бойынша 26-нүкте Ақмола бөлімшесінің бастығы болып, жұмысты Бредихиннен қабылдап алады. 1939 жылғы 1 қаңтардан бастап Ақмола бөлімшесінің бастығы С.В. Баринов сайланды оның қызметі 1953 жылға дейін созылған. 1940-1941 жылдың маусым айлары арасында Бариновтың орнына М.Т. Юзипенко 1 жыл қызмет атқарады, кейін ол оның орынбасары болды. Бұған Карлаг Басқармасының 1941 жылғы 28 маусымдағы № 0040 жөніндегі бұйрығы дәлел болып табылады, «Басқарманың өнеркәсіптік бөлімінің бастығы Баринов С.В. Ақмола бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалады, еңбек еткен жылдардағы қызметі үшін айына бір мың үш жүз (1 300) сом еңбекақы төленеді, ал Юзипенко М.Т. – орынбасары, оның еңбекақысы айына 2 мың (2 000) рубль тағайындалды [7, с. 71]. Осылай Баринов С.В. Қазақстанда қалып қойды. Ол: «Мен әйелдердің отанын сатқан әйелдер екеніне ешқашан сенбедім!» деп еске алады.
Дарья Виолина мен Сергей Павловский АЛЖИР туралы «Мы будем жить» деген документальді фильм түсірген, бұл фильмде сол лагерьде қызмет еткен басшылар мен күзетшілердің қызметі жайлы көрсетіледі. Карлагтың тағы бір күзетшісі Қайырбеков туралы айтылады. 80-ші жылдардың басында, лагерьлер туралы еске алу мүмкін болмаған кезде, Карлагты зерттеуші, Қарағанды журналисі Екатерина Кузнецоваға ол былай жеткізген: «Бұл жерде осындай адамдар болды! Кеңес Одағының бетке ұстар танымал адамдары! Ал мен болсам орыс тілін нашар білетін күзетші, сауатсыз ауыл баласы едім. Бірнеше жыл бұрын мен Мәскеуге емделуге келдім. Жалпы палатада жаттым. Ол жерде маған авиақонструктор, профессор, балерина келді... Бұлардың бәрі КСРО-ға белгілі адамдар еді. Бұлардың бәрі мені Қазақстаннан келген қандай атақты адам деп ойлайтын. Олар қайдан білсін мен осылардың барлығын мылтықпен алып жүргенімді...» деп еске алады [12].
«АЛЖИР» лагерінің тұтқыны К.И. Мальцева өзінің естелігінде: «Лагердің бастықтары мен күзетшілері жақсы өмір сүрді. Мен лагерьге келгенде күйеуім сыйға берген алтын сағат болды. Лагерьден босап шыққан кезде сағатты ешкім қайтарып бермегенін айтады. Көптеген бастықтардың, өнер қайраткерлерінің әйелдері лагерьге келген кезде алтын әшекей бұйымдарымен, үстерінде қымбат киімдерімен келген еді. Лагерьге келген соң олардың заттарын алып қойып отырған, ары қарай ол бұйымдардың қайда кетіп жатқанын, не болғанын ешкім білмейді. Өзімен бірге бір баракта болған Нина Ивановна деген айелдің жағдайын баяндайды. Оған қатты суық тиіп, аштықтан ауырып қайтыс болады. Оның үстінде тиіннің терісінен жасалған тоны болды. Әйелді жерлеу барысында сол тонды лагерь қызметкері айелінің үстінен көрдім» деп күрсіне еске алады. Яғни әйелдерден алынған заттарды лагерь басшылары, қызметкерлері өздеріне алып, өз мүдделеріне жаратып отырған [13]. Лагерьде басшылық қызмет атқарған және орынбасарларының түрмедегі аналарға жасаған қиянаты кейіннен олардың ұрпақтарының тағдырына әсер еткенін айта кеткен жөн.
Ақмоладағы «Отанын сатқандар» әйелдерінің лагері ашылған уақыттан, яғни 1938 жылдың 6 қаңтарынан бастап әйелдер тиелген алғашқы вагон келе бастайды. Олардың ішінде 1 жастан 3 жасқа дейінгі балалы әйелдер бар еді. Лагердегі 2 жасқа дейінгі нәрестелер «балалар комбинатында» ұсталған. Ал бала төрт жасқа толған кезде оларды Осакаров балалар үйіне жіберіп отырды [14, с. 201].
Түрмеде, лагерьде туылған балалар «лагерь балалары» деп аталған. Ал, еңбекпен түзету колониясы мен лагерлерде туылған сәбилерге арнап арнайы балалар бөлмесін ұйымдастыру 1934-жылы айтылған еді. Аналарды балаларын тамақтандыруға конвоймен әкеліп, әкететін болған. Лагерлердегі баласы бар немесе аяғы ауыр әйелдер зона тілімен «машка» деп аталған. «Заключенные женщины, начиная с пятого месяца беременности, не подлежат высылке на работу вне места заключения без их на то согласия» - деп РСФСР еңбекпен түзету кодексінде жазылғанымен іс жүзінде жағдай басқаша болды [15, с. 15]. Лагердегі ауыр жағдай (бөлменің салқындығы, тамақтың жетіспеуі, аналардың ауыр еңбекпен айналысуы және т.б.) сәбилерге қалай әсер еткендігін айтпай-ақ түсінуге болады. Тұтқын өмірін бастан кешірген аналардың естелігінде осы жағдай жиі айтылады. Жак Россиидің айтуынша, жазасын өтеп шыққаннан кейін де аналардың балаларын іздеп, тауып алуы өте қиындықпен жүзеге асқан [15, с. 235].
Лагерьден 3-4 жастағы балаларды сәбилер үйіне жөнелту нағыз әскери қимыл ретінде жүргізілген. Сәбилерді анасынан тартып алу түнгі уақытта іске асырылған. Лагерде болған әйелдер өз естеліктерінде жаны күйзелген аналардың балаларынан айырылған сәттегі жан азабын (айдауылдармен төбелесу, тікенек сымдарға, қабырғаға бастарын соғу және т.б.), тіпті кейбір әйелдердің жынданып та кеткендігін қинала айтады [5, 49 б.].
Осындай оқиғаны мысал ретінде айта кетсек, Галина Степанова-Ключникованың естелігінде: «Вераны ұстауға келген ІІХК қызметкерлері өзінің және ұлының киімдерін жинауды бұйырады. Сөйтіп ол екі чемоданға өзінің және баласының киімдерін салып жинайды. Түрмеге барған кезде анасы мен баласын айырып, ұлын балалар үйіне жібереді. Кейін ол чемоданды ашып қараса баласының киімі салынған екен, яғни чемодандарын ауыстырып алған. Екі жылдан кейін хат жазысуға рұқсат ету басталған кезде Вера ұлын іздейді. Ол ұлының қайтыс болғаны туралы хабарлама алады. Қайғыдан қан жұтқан ана күнде чемоданды ашып баласының киімдерін қолына ұстап баласымен сөйлескен сияқты отырады екен, есінен адасып, жынданып кеткен» [14, 206 б.]. Түрмелер мен ЕТЛ-де аяғы ауыр әйелдердің жағдайларына ешқандай мән берілмегендігін мұрағат құжаттарды да дәлелдейді.
Қорытынды. Ақмоладағы «Отанын сатқандар» лагерінде болған әйелдер тағдырын зерттеу, олардың адам төзгісіз жағдайда өмір сүргенін олардың естелік құжаттары дәлелдейді. Аталған естеліктерді архив қорларынан табылған деректермен саралай отырып осы кездегі тарихи ақиқатты ашу зерттеушілер үшін жауапкершілікті іс екендігін айтып өткен орынды.
Әдебиеттер:
1 Дилманов С.Д. Исправительно-трудовые лагеря на территории Казахстана (1930-1956 гг). Дисс. На соис. ... д.и.н. – Алматы, 2002. 350 с.
2 Тілеу Көлбаев «Алжирдегі» жазықсыз арулар / http:// anatili. Kazgazeta. Kz/?p=6542.
3 Сәрсембина Қ.Қ. Еңбекпен түзету лагерьлері мен түрмелердегі әйелдер жағдайы (Сталиндік саяси-қуғын-сүргін жылдарындағы) //Edu.e-history. Кz. Электрондық журнал. – 2018. –№4 (16).
4 Абрамов Д. Места заключения и репрессированные. ‒ Алматы: Глобус, 2001. ‒ 142 с.
5 Ділманов С. Қарағанды лагеріндегі тұтқындар // Ақиқат. ‒ 1999. ‒ №12. ‒ 41-47 бб.
6 Собрание кодексов РСФСР редакции 1926 г. ‒ М.: Юр. Изд. НКЮ РСФСР, 1928. ‒ 1183 с.
7 Кукушкина А.Р. Акмолинский лагерь жен «изменников Родины»: история и судьбы. – Караганда, 2002. – 184 с.
8 Астана қалалық мемлеткеттік архиві, 370-қ., 1-т., 52-іс.
9 Страницы трагических судеб / Сост. Е.М. Грибанова, А.С. Зулкашева и др. Сборник воспоминаний жертв политических репрессии в 1920-1950 гг. ‒ Алматы: Жеті Жарғы, 2002. ‒ 448 с.
10 Алғашқы қарлығаштар / Құраст. Д. Дәуренбекова. ‒ Алматы: Қазақстан, 1993. ‒ 208 б.
11 Михайловская А. Копали глубокую яму… ‒ Караганда. ‒ 1989 https://karlag.kz/art.php?id=39/
12 Памяти АЛЖИРа. https://www.caravan.kz/gazeta/pamyati-alzhira-44964/
13 ALASH-ALZHIR. ‒ Астана: Сарыарқа. ‒ Т. 2. ‒ 2011. ‒ 384 б.
14 Тасымбеков А. Жан дауысы. АЛЖИР архипелагы. ‒ Алматы: Жазушы, 1993. ‒ 223 б.
15 Жак Росси. Справочник по ГУЛАГУ. ‒ М.: Просвет, 1991. ‒ Ч.1. ‒ 548 с.
References:
1 Dılmanov S.D. Ispravıtelno-trýdovye lagerıa na terrıtorıı Kazahstana (1930-1956 gg). Dıss. Na soıs. ... d.ı.n. – Almaty, 2002. 350 s.
2 Tіleý Kólbaev «Aljırdegі» jazyqsyz arýlar / http:// anatili. Kazgazeta. Kz/?p=6542.
3 Sársembına Q.Q. Eńbekpen túzetý lagerlerі men túrmelerdegі áıelder jaǵdaıy (Stalındіk saıası-qýǵyn-súrgіn jyldaryndaǵy) //Edu.e-history. Kz. Elektrondyq jýrnal. – 2018. –№4 (16).
4 Abramov D. Mesta zaklıýchenııa ı repressırovannye. ‒ Almaty: Globýs, 2001. ‒ 142 s.
5 Dіlmanov S. Qaraǵandy lagerіndegі tutqyndar // Aqıqat. ‒ 1999. ‒ №12. ‒ 41-47 bb.
6 Sobranıe kodeksov RSFSR redaktsıı 1926 g. ‒ M.: Iýr. Izd. NKIý RSFSR, 1928. ‒ 1183 s.
7 Kýkýshkına A.R. Akmolınskıı lager jen «ızmennıkov Rodıny»: ıstorııa ı sýdby. – Karaganda, 2002. – 184 s.
8 Astana qalalyq memletkettіk arhıvі, 370-q., 1-t., 52-іs.
9 Stranıtsy tragıcheskıh sýdeb / Sost. E.M. Grıbanova, A.S. Zýlkasheva ı dr. Sbornık vospomınanıı jertv polıtıcheskıh repressıı v 1920-1950 gg. ‒ Almaty: Jetі Jarǵy, 2002. ‒ 448 s.
10 Alǵashqy qarlyǵashtar / Qurast. D. Dáýrenbekova. ‒ Almaty: Qazaqstan, 1993. ‒ 208 b.
11 Mıhaılovskaıa A. Kopalı glýbokýıý ıamý… ‒ Karaganda. ‒ 1989 https://karlag.kz/art.php?id=39/
12 Pamıatı ALJIRa. https://www.caravan.kz/gazeta/pamyati-alzhira-44964/
13 ALASH-ALZHIR. ‒ Astana: Saryarqa. ‒ T. 2. ‒ 2011. ¬¬¬¬‒ 384 b.
14 Tasymbekov A. Jan daýysy. ALJIR arhıpelagy. ‒ Almaty: Jazýshy, 1993. ‒ 223 b.
15 Jak Rossı. Spravochnık po GÝLAGÝ. ‒ M.: Prosvet, 1991. ‒ Ch.1. ‒ 548 s.
Омарова Г.А., научный сотрудник, магистр
Достарыңызбен бөлісу: |