Өмірбаяндық деректеме



бет2/7
Дата22.12.2021
өлшемі284,03 Kb.
#611
түріПоэма
1   2   3   4   5   6   7
Өмірбаяндық деректеме
Хамит Ерғалиев 1916 жылы 14 қазанда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Аққыстау ауылында дүниеге келді. Мұнай рабфагін бітірген соң, 1939 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түскен. Бірақ аяқтауға мүмкіншілігі болмай Ұлы Отан соғысына аттанады. Соғыстан аман келіп еңбекке араласты. 1950 жылға дейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егеменді Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, 1950-1957 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында қазақ поэзия секциясының, 1958-1959 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (қазіргі «Жазушы») поэзия редакциясының меңгерушісі болды.

Алғашқы өлеңдері 1936 жылы Атырау облыстық газетінде жарияланды. Қырықтан астам төл кітаптары мен аударма жинақтары жарық көрген. Ақын шығармашылығының тақырыбы сан алуан. Қазақ халқының өткен өмірі, Отан соғысы жылдарындағы майдан мен тылдың бірлігі, жауынгерлердің жан алмас ерлігі, тың еңбеккерлерінің еселі еңбегі, соғыстан кейінгі кезеңдегі жаңа өмір ақын шығармашылығына арқау болған. «Әке жыры» поэмасы 1947 жылы жарық көрді, кітапта Отан соғысы жылдарындағы ерен ерлікті, бейбітшілік жолындағы жан қиярлық күресті жырлайды. «Үлкен жолдың үстінде» поэмасында (1949) жаңа өмір орнатып жатқан жұмысшы табының қажырлы еңбегі, Мойынты-Шу темір жол құрылысындағы еңбек адамдарының ерлік істері суреттеледі. «Сенің өзенің» (1953), «Біздің ауылдың қызы» (1959) поэмаларында шөл даланы суландырып, жасыл орман өсіріп, сол даланы гүл-бақшаға айналдырған еңбек адамдарын бейнелейді. «Оралдағы отты күн» поэмасында (1956) азамат соғысының батыры Чапаев пен оның майдандас серіктерінің ерлігін жырлайды. «Аңыз ата» поэмасы (1965) украин халқының ұлы ақыны Т.Г.Шевченкоға арналған. «Құрманғазы» поэмасында (1962) қазақ халқының ұлы композиторы Құрманғазы Сағырбаевтың өміріне арналса, «Күй дастан» поэмасы (1970) академик, композитор Ахмет Жұбановтың өмірін, шығармашылық жолын суреттеді.

Хамит Ерғалиев көркем очерк, публицистикалық мақалалары арқылы көкейкесті мәселелерге үн қосып отырды. Байрон, Науаи, Низами, Софокл, Назым Хикмет, Пабло Неруда, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Н.А.Некрасов, У.Шекспир шығармаларын қазақ оқырмандарымен таныстырды. Қырғыздың «Манас» дастанын, қарақалпақтың «Қырық қыз» атты халық жырларын қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ Хамит Ерғалиевтің шығармалары шетел тілдеріне де аударылған.

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын (1982) «Алтын зерен» өлеңдер жинағы үшін, Республикалық Жамбыл атындағы сыйлықты 1981 жылы «Біздің ауылдың қызы» өлеңдер жинағы үшін, П дәрежелі Отан соғысы, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» және Халықтар Достығы ордендерімен марапатталған, Қазақстан Халық жазушысы.




Ауылға
Армысың ауыл-аймағым,

Атырау, Нарын, Ақ Жайық!

Қош айтысып сенімен

Мен кеткелі ғажайып.

Талай қаңтар қалшылдап,

Талай жаз шықты-ау мал жайып.


Қайранда абзал қарт ана,

Қарайғанға көз салып.

Сағат сайын хат күтіп

Отырған болар қол жайып.

Толқитын болар мұнайшы,

Толқитын болар Жем, Жайық.

Толқитын болар балықшы,

Толқитын болар жел қайық.


Құпия сырлы қыз бала,

Оңаша кезде төңірек.

Ұрланып шығып шарбақтан,

Жібегі баста желбіреп.

Анық сүйген жігіттің

Атын атап елжіреп.

Қарайтын болар біз жаққа

Қарақат көзі мөлдіреп.


Көргенде көзі тоймаған,

Сүйгенде мейірі қанбаған.

Жауынгер құшқан жар-қосақ

Жас бөбегін құшақтап.

Ұйықтап кетсе той-тойлап,

Ояна кетсе ой-ойлап,

Шаршар да шаршар ол рас,

Сүртетін болар көзден жас.

Хамит Ерғалиев


Із
Созып келем, созып келем сапарды,

Сапар мені жер қиянға апарды.

Мен өтсін деп, не істемеді бұл өмір –

Талай таудың қойнауында қопарды.


Құстар шулап айдын көлмен орманда

Көктем қалды есеп-қисап бар ма онда

Қара шашты ағартқалы асығыс

Қарай-қарай кеттім одан арманда.


Қайдан білсін көп жәйітті жазбадым,

Кейде шалқып шектен шыға жаздадым

Күндіз бейне күн орнатып кеудеме

Түнгі жолда алау болып маздадым.


Анкетадан айттым біраз тізімді

Үлкен сөзден осы да бір үзінді.

Бәрі жөн-ау. Әттең-әттең мен енді

Қайтып барып көре алмаймын ізімді.


Жатқан шығар өткен ізді шаң басып,

Аян өмір өз заңынан танбасы

Жоқ!

Өшпестей тым құрыса бір жерде



Жатқан шығар табанымның таңбасы.

Хамит Ерғалиев





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет