Шын тұлпар өрге шапса өршеленер
(Хамит Ерғалиевты еске алу кешінің үлгісі)
Безендірілуі: Тақырыптық слайд, кітап көрмесі, ақын туралы қанатты сөздер, өлең жолдарынан үзінді, сахналық безендірулер, сахна ортасына «100 жас» деп гүлдермен жазып ақын портреті қойылады. Музыкалық аспап, дауыс үндеткіштерімен қамтамасыз етіледі.
Қатысушылар: қонақтар, оқырмандар, кітапханашылар
Ең негізгісі: еске алып, ой-пікір айту үшін ақынды көзі көрген ізбасарларын, ағайын-туыстарын шақыруға болады.
Жүргізушілер: кітапханашы, бозбала, бойжеткен.
Ескерту: Осы шараны өткізу барысында кітапхана қорының мүмкіндіктерін ескеріп, кітап көрмесінің, еске алу кешінің атын өзгертіп, түрлендіріп алуға болады.
Кітапханашы: Армысыздар құрметті қонақтар, әдебиетті сүйетін оқырмандар!
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық жазушысы Хамит Ерғалиев 2016 жылы 14 қазанда 100 жасқа толар еді.
Ақын өз заманының түлегі, сол заманның жыршысы. Поэзияға қашанда ерлік, рух керек. Рухсыз өлең – шығарма емес. Адамды алға жетелеген арман да желпінуді, рух танытуды қажет етеді.
Ақын шығармасынан заман мен уақыттың сырын, сол дәуір адамының тіршілік тынысын тануға болады. Осындай уақыттың тежеуіне бой бермей, шын ақындық болмысын тұтастай сақтап, поэзиясын заман шындығын қопара көтеруге жұмсаған ақынның бірі - Хамит Ерғалиев.
Хамит Ерғалиевтің ақындық шеберлігі де, тақырып шеңбері де кең суреткер. Ол жалынды публицистикаға да, эпикалық баяндауға да, реалистік штрих пен детальға да, нәзік лиризм мен жылы юморға да бірдей шебер екенін дәлелдей білді. Хамит Ерғалиев әрқашан ешкімге де ұқсамайтын өзіндік дара сипатымен көрінген еді. Ол қазақ өлеңіне қиыннан қиысқан күрделі ұйқас, жаңа тіркестерді әкелді. Оның өзі қазақ өлеңінің мүмкіндігін молайтып, тынысын кеңейткен жақсы жаңалық болды.
Бозбала: Хамаң өтті дегенше
Заман өтті десеңші,
Ақылдан күш,
Ақыннан шама кетті десеңші.
Бірлік барда тірлік бар
деген Алаш абызы
Бірлік үшін тірлігін
Тамам етті десеңші.
Ақын өлімін естіген тұста ақын Жарасқан Әбдірашев осылай баршамызды бір күрсіндірген еді. Ақын Хамит Ерғалиев өзімен бірге тұтас бір заманның сөзін ала кеткендей алып, адуын ақын болатын. Оның өлеңдерінде Махамбет рухындағы өршілдік басым еді.
Бойжеткен: Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік Абай атындағы, Жамбыл атындағы сыйлықтардың иегері, біртуар ақын Хамит Ерғалиев туралы әңгімеміздің «Біссімілләсін» мына бір өлең жолдарымен бастағымыз келіп отыр:
Кім екен деп тебіренген өрде биік,
Әлде ол қас қыран ба өр ақиық
Жаңғыртқан Алатауды зор даусымен
Ол ақын - өршіл Хамит Ерғалиев!
Ақын ол дауылпаздай буырқанған,
Даусынан түйілгенде бұлттар ауған.
Ішінде көп шынардың бәйтеректен
Еңсесі асқақтаған биік таудан.
Өрлік көп еді өмірінде ой салатын,
Қиындық болмап еді шегініп тайсаланып.
Ерлердей жорықтарда жеңіп шыққан
Хамаң өтті әлуетті - қайсар ақын.
Бозбала: Сыр жасырмай, халқынан мұң жасырмай,
Құйған жыры тұп-тұтас қорғасындай.
Хамаңды біз білеміз қашаннан да
Шырқау шыңның тәкәппар құлжасындай.
Тамыр тартқан туасы күн мен жырдан
Хамаң, Хамаң жырынан үйген қырман.
Бақ та, Даңқ та, Байлық та құзырында
Тәңір несін аясын сүйген құлдан.
Ширыққанда шарт сынар,
Шақпас мұңын
Жыр қулаған қиялы таппай тыным,
Тауым десем, жарасар далам десем,
Аспаныммен астасқан ақбас Шыңым!
Кітапханашы: Міне, құдіретті бұл өлең жолдарында ақынды биік тауға, дархан далаға теңеген. Осы өлең жолдары Хамит Ерғалиев ақынның төлқұжатындай. Баспасөз бетіндегі алғашқы өлеңі 1936 жылы жарияланған. Содан бері қырықтан астам төл кітаптары мен аударма жинақтары жарық көрген жиырмасыншы ғасырдағы қазақ поэзиясының ыстық суығына күйіп, оның белді өкілдерінің біріне айналған талантты ақын Хамит Ерғалиев - әдебиетте өзінің дара ізін салып өткен қаламгерлеріміздің бірі. «Әке жыры» (1947), «Үлкен жолдың үстінде» (1949), «Біздің ауылдың қызы» (1958), «Күй дастан» (1970), «Құрманғазы» сияқты жиырмаға жуық поэмалары бар. Шығармалары түгелдей орыс тіліне аударылған.
Бойжеткен: Ақын поэмаларының алғашқыларының бірі «Әке сыры». Ол әкенің баласына айтқан толғанысы, сыр-сипаты, ақылы өлең жолымен беріліп отыр. Әке өзінің өмірден көрген қиыншылықтарын, бақытты шақтарын, жұбанышын үміті мен арманын, әке мен баланың қарым-қатынасын суреттей отырып отаншылдар рухты оқырманға түсінікті тілмен жеткізуге тырысқан. Поэмадағы бас кейіпкер әкенің үні патриоттық рухты баласына аманат етті.
Тақырып жағынан белгілі орыс ақыны П.Антокольскийдің «Ұлым» дейтін тамаша поэмасына үндеседі. «Әке сырының» басты кейіпкері ақынның өзі, оның сәби бөбегі. Мейірімді, ойлы әке сәби бөбегін алдына алып, терең, мағыналы ойға шомады. Сол ой толғағының үстінде екі ұрпақтың бүтін бүгіні мен ертеңін қиял сапары қызықтай қамтиды.
Бозбала: Ақын еліміздегі бала бақытына қуанады. Ол жаңа ұрпақтың – Ұлы жеңіс ұрпағының алғашқы буыны, төгілген қанның өтеуі. Аяулыларынан айырылған халық қасіреті осы бала бақыты арқылы сейілмек, жуылып – шайылмақ.
Бақытына бөленіп күнде еліттім, -
Көрген сайын ғажайып күйді шерттім.
Сендей ұлы заманым күнде туар,
Сол себепті өзіңді мақтан еттім...
Бес тараудан тұратын «Әке сыры» дастаны осылай өрбиді.
Сенің үшін бекініп қайраттандым,
Сені қорғап сан рет жауға аттандым.
Дұға емес, ақиқат заңды үйретіп,
Керегіңе күнімде жарап қалдым...
Поэманың барысында сұрапыл соғыс жалыны шарпыған сәті. Бұл қаланы да, даланы да тыныш ұйқыдан, көңілді зіл басып, ел басына ауыр күн түскен кезі. Жеңіс таңының шапағаты да атты. Өзі сияқты мыңдаған солдат әкелердің қанымен келген қиын да қасиетті жеңіске қол жетті.
Ғасырымды шалқимын көремін де,
Оған үлкен сыйым бар өлеңімде.
Ол ақиқат ұқты енді өзі тұрмақ
Жеңіп шыққан солдаттың бөбегінде...
Бойжеткен: Хамит Ерғалиевтің еңбек тақырыбына, ой-өнер адамдары, замандастарға арналған «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Күй дастан» поэмалары. «Үлкен жолдың үстінде» поэмасында автор өз замандастарының ерлік істерін, жаңалыққа құштарлығын, еңбекқорлығын жырлаған. Бұл шығарманың кейіпкерлері жаңа заман орнатып жатқан колхозшы, мелиоратор, механизатор, экскаваторшы, инженер сияқты бірыңғай еңбек адамдары. Құлазыған Бетпақдаланы жарып өтіп, оған жан бітірген үлкен темір жолды салушылар – қазақ жұмысшыларының алдыңғы қатарлы өкілдері. Поэманың бас кейіпкері Ерболат арқылы қазақ жұмысшыларының өсу жолын көре аламыз.
Бүгінгі ұрпақты еңбек сүйгіштікке, жақсылыққа баулу үшін осындай дастандар сол кезеңде ауадай қажет еді.
Бозбала: Еңбек ерлері тақырыбында жазылған тағы бір поэмасы «Біздің ауылдың қызы». Осы дастанды оқи отырып ақын әр тақырыпта елеп-екшеп, дайындалып келетінін сездік. Поэманың қысқаша мазмұны «Май» колхозының жас түлегі Гүлжан мектеп оқушысы кезінен-ақ туған жерінің табиғатын көркейтуді игі мақсат етеді. Сол кездегі жұмысшы жастар бейнесі, ой-толғамы, мақсаты Гүлжан бейнесі арқылы беріліп тұр. Қатал табиғатты су маманы ретінде қалай жеңгені, Жайық суын шөл далаға алып бару сияқты күрделі еңбек процесінің басы-қасында жүрген Гүлжан – ерлік еңбек иесі. Гүлжанның сүйген жігіті Шапай – тракторшы. Кейін білімін жетілдіріп бас инженер дәрежесіне жетіп жұмысшы табының өсу жолын суреттеген дастан. Еңбек адамдарының арасындағы сүйіспеншілік сезім, махаббат тақырыбы да тыс қалған жоқ.
Кешіріңіз, қиялды алыс жүгірттім,
Сізді-дағы болашаққа үңілттім.
Осыны айтып кейіпкерім оң қолын
Қойды апарып иығына жігіттің.
Тілесеңші жазылмаған хатымды
Ұқсаңшы бір менің махаббатымды.
Бір кездері көлеңкемнен қызғандым
Оңашада атауға да атыңды.
Нәзік сезім, ерлік еңбек, адал махаббат дастанның түп негізі. Оқи отырып қызыға да қызғана да қарайсың!
(Құрманғазының күйі «Балбырауын» ойнап тұрады)
Бойжеткен: Ақынның ірі туындыларының бірі – «Құрманғазы» поэмасы. Поэма қазақтың көрнекті күйшісі, тарихи тұлға, күй атасы Құрманғазыға арналған. Құрманғазы кім еді? Ол – қара дүлей дауылға еңкеймеген, сұрқия заманның қатал заңына бағынбаған, қайсар дарын иесі. Оның құдіретті күйлері бітпес кектен, қайнаған ызадан туындаған.
«Құрманғазы» поэмасы – жеке-дара Құрманғазы туралы, оның тек күйшілік өмірі туралы ғана шығарма емес. Құрманғазы образы арқылы берілген халық тағдыры, сонымен қатар сұм замандағы жан дауысы, зар дауысы құлақты тұндырған әйел теңсіздігі мен халықтар достығы сияқты маңызды тақырыпты қоса қозғаған күрделі шығарма.
Сөз берді домбыраға жыласын деп,
О да бір торға түскен лашын деп.
Саудаға көздің жасын салатұғын,
Обадай осы да бір рас індет.
Танып қал табиғатым құлығымды,
Ішінен түйді қазақ бұл ұғымды.
Шалқыта «Балбырауын» күйін тартып
Шаттыққа душар етті ұлығыңды.
Қадала талай ұлың көп қарады,
Ызғарлы бұған деген леп бар әлі.
Бір ғана бейтаныс жан ынтызардай
Күйшіні сұқты көзбен жеп барады.
Бозбала: Байдың қозысын, кейін жылқысын бағып жүріп аяғынан оқ тиіп жаралы болған киік тағдырын өз тағдырына ұқсатып күй арнады. Ол «Ақсақ киік» күйі еді.
Кел маған
Қарғамай сен!
Түнейік бір
Сен өлмей, жүрегімде шошы да жүр.
Бұйырсын жайлауыңа менің жаным
Кел менің құшағыма күй болып кір!
Дастанның желісінде Құрманғазы көп ұзамай Астрахань түрмесіне айдалып бара жатқанын көреміз. Астрахань түрмесінен қашып шығып адайлар еліндегі атақты Мамырайдың Айжан қызы ауылында болып, жастардың мейір ықыласына бөленіп, ат мініп, шапан киіп қайтатын дастанның көңілді тұстары да бар. Ел кезген күйші жол-сапарлардан сол заманның шежіресін тапқандай. Тағдыр күйшіні Сыр бойы, Сарыарқа атырабына апарады.
Байқасам бал жинаған арадаймын,
Армансыз қазақ жерін аралаймын
Бәлкім мен бір ауылдан шалқып өтсем
Бір тұста жүрегімді жаралаймын.
Уақа жоқ оған дағы разымын,
Тыңдаймын сахараның біраз үнін.
Бастары бірікпеген ағайынға
Айтылмай базынам мен жүр әзілім.
Шығыстың сөз басталды Жоңғарынан,
Қаратау, қарлы таудың заңғарынан.
Сарнаған сахараның сазынан да
Бұрыңғы, бүгінгінің заңдарынан.
Және сөз, қасиетті ән дарыған
Ертіс пен Еділ, Нұра аңғарынан.
Баршаның баяндады Құрманғазы
Осынау сарынынан аңғарылған -
деп дала гимніне айналған атақты «Сарыарқа» күйінің туу тұсынан анық аңғарамыз. Дастанның «Қайран шешем», «Сарыарқа» бөлімдері өте сәтті жазылған. Бұл Хамит Ерғалиевтің тақырыпты ашудағы жаңалығы, күй атасының мінез-құлқын өнер иелері Лавочкин, Савельевпен кездестіріп түрлендіруі қызықты.
Бойжеткен: Хамит Ерғалиевтің «Аңыз ата» көлемі жағынан ықшам келген дастаны. Украин халқының ұлы ақыны Тарас Григорьевич Шевченко патша үкіметінің қысымымен айдауда болып қазақ жерінде бірнеше жылдар бойы өмір сүргені тарихтан белгілі. Шевченко сол жылдары Каспий маңында, Арал теңізі жағалауында Ырғыз, Ақтөбе атыраптарында болған. Хамит Ерғалиев Шевченконың Маңғыстау түбегіндегі өткен өмірін ғана алған. Өзге ортаға тап болған Кобзарьдің құлазыған көңіл-күйін, жалғыздығын дастанда суреттеу оңай шаруа емес.
Бәрі де қалды, тоналды жолда,
Бояу да сия, қауырсын қалам.
Сыбаға дерлік түгім жоқ қолда,
Апырау неткен ауырсын ғалам
Осыдан кейін Тарас Шевченко қарапайым халықпен бірге адамдар арасында. Адайлар арасындағы алғашқы жиын Тарасты қазақтармен жақындатты. Кеудесі сырлас, көңілі мұңдас, азап салмағы арқаға батқан халықтың мұңы бір, бірін-бірі түсінуге ынтық. Үзіліп бара жатқан үміті қайтадан тұтанып жапан даладағы жандардан қорған табады. Қазақтың кең пейіліне кенеледі. Дала дабылы- құдіретті күйші Құрманғазы мен терең ағынды Днепрден келген Тарас Шевченко ақынның жүздесуі автордың қиялынан туған. Құрманғазы мен Тарас кездесті деген тарихи деректің жоқтығы да рас.
Бозбала: Шевченко қазақ жерінде өткізген жылдарының елесі ретінде соңына қалдырған мұрасы аз емес. Өлеңдері де, салған суреттері де бар. Соның бірі қазақ қызы Катеринаның суреті. Туған жерден жырақта жүрген Тарас жетім қыз Катеринаны – Қаракөзайымды тәрбиелеп өсіреді. Он екі жасынан тәрбиелеген Қаракөзді сүйген жігітіне қосып, Кобзарь елдің әдеп-ғұрпын қастерлеп, барлық салтты ұстанады.
Катеринасы – Қаракөз-әйім
Қазақтың жетім қызы еді бастан.
Арсыздар салты салады уәйім,
Аямай гүлді үзеді жастан.
Махаббат – күйік. Күйрегіш о да,
Аңызақ соққан ащы бұтадай.
Қаракөз ғана қайғыдан ада,
Сүйгені бүгін – жас жігіт адай.
Туған жер, өскен ортасынан қиырға қаңғытып жіберген патша ағзамның мейірі түсіп, оған туған жердің ыстық топырағына оралуына рұқсат берген. Ақын бұған қуанды. Жүрегі лүпіл қағады, сөйте тұра ол бауыр басқан адамдарының ыстық ықыласын да қимайды.
Қош бол, дайым қомдап мініп түйені,
Сарнап көшкен әннің елі, күй елі.
Өлмес тамыр өніп қалды жерінде
Айғақ соған алақаным сүйелі!
Жерлес болдым! Осы соңғы лебізім!
Бұ жақта да қалды менің көп ізім.
Айнымасқа, айрылмасқа жұртыңнан
Айғақ мынау құшақтаған қобызым!
Қош бол! Арал! Қош бол, Түбек! Кеңістік!
Жүрген жерім жүрегіме ең ыстық!
Жұтатпаңдар менің балғын бағымды
Талай ұрпақ жеймін десе жемістік!
Өмір өсер менің балғын бағымдай,
Аңызаққа, аязға да бағынбай!
Бұл жақтада мұңсыз ұрпақ күн кешер
Құдіретке жалбаң қағып жағынбай.
Бойжеткен: «Оралдағы отты күн» поэмасында Октябрь революциясынан кейін өмір суреттелен. Азамат соғысының тарихи майданында тамаша әскери қолбасшылары шықты. Халық Михаил Фрунзені, Дмитрий Фурмановты, Николай Щорсті, Григорий Котовскийді, Александр Пархоменконы, Василий Чапаев сияқты ерлерінің жарқын есімдерін өлең-жырларына, аңыз-әңгімелеріне арқау етті. Олардың теңдесі жоқ ерлігін мақтаныш, ұрпаққа үлгі қылды. Атақты қолбасшы Чапаевтың теңдесі жоқ ерлігі, жау-жүректілігі туралы бірнеше көркем шығармалар дүниеге келді. Елі сүйген, халқы қалаған асыл ердің бірі Чапаевтың тарихи ерлігіне ақын Хамит Ерғалиевтің қалам тербеуі ақын сенімінің айқын жемісі. «Оралдағы отты күн» Чапаев туралы жазылған қазақ әдебиетіндегі көркем туынды. Оған негіз болған ер Чапайдың Жайық бойындағы тарихи түні. Батыр өмірінің қайғылы сағаты соққан түні. Дмитрий Фурманов өзінің майдандас досы Чапаевтың қаза тапқанын естігенде қатты қиналып аза тұтады. Нағыз хас батыр, адал, қастерлі адам еді ол.
Тәкәппар келе жатырмын
Жанымда Жайық жылғасы.
Алдымда биік батырдың,
Қоладан құйған тұлғасы.
Келеді-ау соған ұқсаған,
Ерліктің ол да маягы.
Аспанға жайған құшағын
Астында боз ат баяғы.
Хамит Ерғалиевтің ер Чапай өмірінен жазған дастаны жастарды ел қорғауға, батырлық, ерлікке шақырады.
Бозбала: Хамит Ерғалиевтің атақты поэмаларына тоқталып өттік. Осы поэмалармен ғана шектелмей ақын аударма да жасады. Дүниежүзілік поэзияның белгілі өкілдері В.Шекспирдің сонеттері мен пьесаларын, Д.Байронның, А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, Н.Некрасовтың, Ш.Петефидің, Р.Ғамзатовтың өлеңдерін, қарақалпақ эпосы «Қырық қыз», қырғыз эпосы «Манас» үлгілерін қазақ тіліне тамаша аударды. 1996 жылы В.Шекспирдің сонеттерін туған тіліне аударғаны үшін ол Великобританияның Ұлы мәртебелі Елизавета королеваның алғыс хатын алды.
Бойжеткен: Хамит Ерғалиев қазақ поэзиясының реформаторы деп толығымен айтуға болады. Ал қазақ әдебиетінде бұрын тіпті болмаған жанрды – сонеттерді енгізу жолында ақынның еңбегі ұлан ғайыр. «Сонеттер» деп аталатын жинағы бұл күнде қазақ әдебиетінің таптырмайтын інжу-маржаны. Қайран Хамаң! Қабырғасын күйреткен Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралып, туған әдебиетімізде жарты ғасырдан астам уақыт тер төккен асыл аға – ұлы ақын Хамит Ерғалиев қаламгер атына кір келтірмей, арына дақ түсірмей өткен абыз. Қазақ поэзиясының эпик ақыны Хамит Ерғалиевтың жырлары мәңгі есте!
Кітапханашы: Құрметті қонақтар, оқырмандар!
Көрнекті ақын Хамит Ерғалиевты еске алу кешіне келіп, ақын шығармашылығымен танысып, әдеби әлеміңізді кеңейткендеріңізге рахмет!
Халқы үшін аянбай еңбек еткен абыз ақынның жаны жәннатта болсын. Қазақта «батырдың аты өлмейді, ақынның хаты өлмейді!» - деген ғұлама сөз бар. Хамит Ерғалиевтің шығармалары жастар үшін әрі қарай оқылып, ғұмыры жалғаса береді деп сенеміз. Сіздерге зор денсаулық, бақыт-береке тілейміз. Хош сау-саламат болыңыздар!
Достарыңызбен бөлісу: |