Орақты батыр
Жетісі өңірі – ерліктің шежіресімен, елдің аңызымен тербелген алтын бесік. Алатаудың қай қыратынан қарасаң да бұйрат белдер мен арғысы жазықпен көлге барып шектесетін ұлан‑ғайыр бусанған өлкені көресің. Сағымдармен бірге сол жерде тарих көші мекен тепкен.
Тарихтан Орақты батырдың дүниеге келгеніне 600 жыл екені мәлім. Қазақтың қас батыры, қолбасшысы Жалайыр Орақты батырдың ерлігі халық арасында аңыз боп таралған. Орақты батыр – ұрпақтың ұранына айналған есімдердің дүрі.
ХV ғасырда өмір сүрген Орақты батыр ‑ ел іргесінің сөгілмеуіне үлес қосып, ұлт пен ұлыстығының татулығын көксеген қайраткер тұлға. Батырдың болмыын танытатын жырлардан біз мұны айқын сезінеміз: ол – еліне бейбіт қоныс, тірлікте тамырлы тіршілік жасау мүмкіндігін таңдай білген тәжірибелі ру басшысы, жалпақ ел, атамекенді қорғауды мақсат тұтқан қолбасшы. Қаһарман батырды бейнелеу жырларында оның алысқанды алып соғар, белдескеннің белін үзер, құралайды көзге атып, қас дұшпанды ат үстінен құлатар қарымдылығы айтылады.
Орақты батыр Алшағырұлы 1420 жылы Қазақстанның оңтүстік өңірінде өмірге келген. Жазушы О.Исмаилов: «Әкесі Алшағыр да батыр ел билеген би болған. Орақтының анасы Қарақыпшақ Қобыланды батырдың туған қарындасы- Қарлығаш» дейді. Орақты өмір сүрген 15 ғасырдың орта тұсы – Алтын Орда хандығы ыдырап, оның құрамындағы ірі тайпалар Керей мен Жәнібек сұлтандардың басшылығымен Шу бойына қарай көшкен шақ. Өткен 15 ғасырда қазақтың сайын даласында тозған елінің көшін түзеп, еліне құтты қоныс іздеп Шуға келіп орныққан, кейінде Іле, Қаратал бойына әкеліп қондырған ел қамын күйттеген ердің бірі – Орақты батыр. Тегі – қазақтың аға тайпасы он үш ата тарақ таңбалы жалайыр, ал ұраны: Бақтияр Бөрібай, Қабылан.
Ол туралы әйгілі Сүйінбай Аронұлы (1815-1898жж) қырғыз ақыны Қатағанмен айтысқанда:
...Мен бұл жерде тұрмайын,
Іледен әрі өтейін.
Қызыл тілмен жетейін.
«Таңбалы тасты» бетке ұстап,
Желкеңді қиып кетейін.
Он екі ата ол жақта
Жалайыр деген жұртым бар.
Ақкөбікті өлтірген
Орақты батыр мықтым бар! - деп өзінен төрт ғасыр бұрын өмір сүрген батырдың аруағымен айбындана сөйлейді.
Жетісудың айтулы ақыны Бақтыбай Жолбарысұлы ержүрек батыр бабасы туралы былай деген екен:
«Ноқтағасы» болсын деп,
Осыған аруақ қонсын деп,
Исі қазақ олжаны
Орақтыға беріпті,- деп батырдың барша қазақ елінен алған жолын, оның алты алашқа құрметті жан екендігін сипаттап өтеді. Осыған қарап, «ноқтағасы» халық берген дәрежелік құрмет деп түсінген де дұрыс.
Тарихшы-өлкетанушы Құлтай Нұрқалбайұлы: «Өз заманында аңыз ғұмыр кешкен ерлік көрсеткен еліне жеріне қорған болған батыр қолбасшы Орақты батыр туралы әр жылдары ірілі-уақ арнайы мақала жазған белгілі ғалымдар: Қ.Жалайыри, Ш.Уәлиханов. М.О.Әуезов, А.Ал-Машани, Ә.Қайдар, И.Қарақұлов, Б.Сүлейменов, Б.Адамбаева, А.Бұлдыбаев Т.Омарбеков, О.Мұқатова, Ж.Артықбаев, Н.Төреқұлов, М.Қазбеков фольклоршы Қаратай Биғожин тағы басқалары» деп көрсетеді. Бұл Орақты батырдың өз заманындағы тарихи тұлға екендігі мен әр кезеңдегі зерттеуші ғалымдардың зерттеу нысанына айналған танымалдығын білдіреді.
Бүгінгі кезең ‑ тарихтың тағы бір сынағы. Қиындыққа қарсы келер қуат беретін бір бастау көзі – ерлік пен батырлық жасаған тұлғалар есімі.Қазақ хандығы жаңадан қалыптасып жатқан кезеңде қолына ту алып, болашақ үшін, ел мен жерді қорғау үшін күрескен, Ұлы Дала төсінде айдарынан жел өсіп, төл тарихты найзаның үшы, тарландардың тұяғымен жазған батыр бабаларымыздың ерлік жолы, тағылымды тағдыры өз бойына ұлттың дагналығы мен даралығын сыйдырған ғажайыптың ғажайыбы емес пе?
Орақты батыр – ел аузында жыр кейіпкеріне айналған аңыз адам. "Орақты батыр"жыры – өте көне сюжетке құрылған тарихи жыр. Жыр мәтіні ҚР БҒМ Орталық кітапханасының сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақталған. Талдықорған өңірінде халық ақыны Қалқа Жапсарбаевтан жазып алған Қапез Елікбаев. Бұл күнде «Әдебиет порталынан» Р. Әшімов, А. Ешбаев, Қ. Қайроллаев және т.б. орындауында дыбыстық жазбаны тыңдауға болады. Тыңдағанда бойға рух беріп, ойға пайым үстейтін Орақты батыр ғұмырын саралайтын ерлік жыры – жас ұрпақ тәрбиесіне ықпалы зор алтын арна.
Тарихтың тереңінен толғайтын, бұл күндері туғанына 600 жыл болатын қас батыр Орақты батыр есімі ұмытылмауы керек. Себебі ол – елдігіміздің тарихы мен ел бірлігінінің алтын шежіресі. Тәуелсіздікті көксеген батырларымыздың есімін елдік тарихы беттеріне алтын әріппен жазып қана қоймай, жүрегіміз бен жадымызда сақтайық. Ол есімдер – тұлғалық болмысымыздың сипатын танытатын негіз, ұрпағымызға аманаттар рухтылық пен жігерлілік, қайраттылық пен сенімділік коды.
Қасымбек А.А.
«Батыр бабалар» музейінің ғылыми қызметкері.
Достарыңызбен бөлісу: |