Систематикалық классификацияларда организмдер арасында филогенетикалық туыстығы бар, шығу тегі ұқсас болса, экологиялық классификацияларда организмдер арасында - ортақ белгілері жоқ. Экологиялық классификациялардың негізінде әртүрлі критерийлер бар, мысалы, қоректену түрі, қозғалуы, тіршілік ету орны, кейбір факторларға қарым-қатынасы және басқалары.
Қоректену түрі бойынша барлық организмдер екі топқа бөлінеді.
Автотрофтар (грекше autos - өзім, trophe - қорек) - күн энергиясын пайдаланып бейорганикалық минералды заттардан органикалық заттар синтездейтін организмдер. Бұларға фотосинтез процесі жүретін жасыл өсімдіктер, балдырлар, фотосинтезге қабілетті фототрофтық бактериялар жатады. Автотрофтылар - фототрофтылар және хемотрофтылар болып бөлінеді. Фототрофтылар органикалық заттарды синтездеу үшін күн энергиясын пайдаланса, хемотрофтылар химиялық байланыстардың энергиясын пайдаланады.
Автотрофты организмдер қауымдастықтардағы бірінші қоректік тізбек құрайтын биосферадағы органикалық заттардың алғашқы продуценттері. Автотрофты организмдердің табиғатта рөлі орасан зор, өйткені олар биосферадағы органикалық заттардың негізгі бөлігін құрайды.
Гетеретрофтар - (грекше heteros - басқа, trophe - қорек) — қорек ретінде автотрофтар синтездеген органикалық заттарды пайдаланады. Бұларға жануарлар, саңырауқұлақтар және көптеген микроорганизмдер жатады.
Қоректің түріне байланысты гетеретрофтар - өсімдіктермен қоректенетін фитофагтарға, жануарлармен қоректенетін -зоофагтарға, өлекселермен қоректенетін - некрофагтарға, жануарлардың соңғы өнімдерімен (экскременттерімен) қоректенетін - копрофагтарға, өсімдіктер шірінділерімен қоректенетін - сапрофагтарға және жартылай ыдыраған органикалық заттармен қоректенетін - детритофагтарға бөлінеді.
Гетеретрофты организмдер автотрофты организмдер түзетін барлық заттарды, кейде өнеркәсіпте адам қолымен жасалған көптеген заттарды да ыдырата алады. Оның кейбіреулерін жай ыдыратып, кейбіреулерін ыдырата алмайды. Мысалы, балауыздан анаэробты жағдайда Жер бетіндегі органикалық заттардың негізгі үлесін құрайтын геополимерлер (қара шірік, кероген) түзіледі. Биосферадағы органикалық заттардың ыдырауында жануарларға қарағанда саңырауқұлақтар мен бактериялардың рөлі зор.
Автотрофты организмдер мен гетеретрофты организмдер бірге қоректік (трофикалық) қатынастармен байланысқан біркелкі биологиялық жүйені құрайды.
Қоршаған ортаның жағдайларына байланысты автотрофты да және гетеретрофты да қоректенетін организмдерді (көк-жасыл балдырлар, паразит-өсімдіктер, жыртқыш-өсімдіктер, эвгленалар) миксотрофтылар деп атайды.
Экологиялық классификациялардың негізінде тіршілік ету орны да жатуы мүмкін. Мысалы, су организмдері (гидробиотоптар), су түбінде тіршілік ететін организмдер (актиниялар, губкалар, су түбінде тіршілік ететін балықтар) - бентос (грекше benthos -тереңдік), су ағысына қарсы тұра алмайтын организмдер (бір клеткалы балдырлар, медузалар) - планктон (грекше planktos - қаңғыма), суда жүзіп жүретін организмдер (балықтар, дельфиндер)
- нектон (грекше nektos - жүзуші) болып бөлінеді.
Экологиялық классификация бойынша организмдерді жарыққа, ылғалға, температураға, топырақ құнарлылығына байланысты топтарға да бөледі.
Организмдердің тіршілік формалары
Өсімдік немесе жануардың қоршаған ортаның жағдайларына байланысты бейімделген сыртқы келбеті түрдің тіршілік формасы болып табылады. Бір-бірімен туыс емес организмдер бірдей жағдайда тіршілік етуге бейімделе отырып ұқсас белгілерге де ие болады (морфологиялық бейімделу). Организмнің тіршілік ету ортасының экологиялық жағдайларына бейімделуін организмдердің тіршілік формалары (экобиоморфа) деп атайды. Бір тіршілік формаларына жататын организмдер әртүрлі экологиялық топтарға жатуы мүмкін. Мысалы, Asarum europaeum және Alchemilla vulgaris өсімдіктері тіршілік формалары бойынша қысқа тамырсабақты өсімдіктерге жатады. Егер оларды экологиялық классификация тұрғысынан қарастырсақ, мысалы жарыққа байланысты, онда Asarum - көлеңке сүйгіш, Alchemilla - жарық сүйгіш өсімдік. Ал ылғалдылыққа байланысты екі өсімдік те мезофиттерге жатады.
Тіршілік формалары деп шығу тегі әртүрлі, бірақ бірдей жағдайда тіршілік ететін, экологиялық-морфологиялық бейімделушіліктері ұқсас организм (өсімдіктер немесе жануарлар) топтарын атайды.
Өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік формалары әртүрлі, сәйкесінше олардың классификациялары да әртүрлі.
Өсімдіктердің тіршілік формалары туралы ұғымды алғаш рет 1806 жылы неміс ғалымы А.Гумбольдт қолданды. Ал өсімдіктердің тіршілік формалары туралы классификацияны дат геоботанигі К.Раункиер жасады. Классификация негізіне жылдың қолайсыз кезіндегі жаңару бүршіктерінің жер бетінен қандай биіктікте орналасуы алынған. К.Раункиер классификациясы бойынша өсімдіктер тіршілік формаларының мынадай 6 типі бар:
1. Фанерофиттер (грекше phaneros – көрінетін, phytos - өсімдік) жаңару бүршіктері қабыршақпен қорғалған жөне топырақ бетінен жоғары (30 см-ден биікте) орналасқан өсімдіктер (ағаштар, бүталар, лианалар). Фанерофиттер әдетте климаты жұмсақ жерлерде көп кездеседі.
2. Хамефиттер (chamai - жерде) - жаңару бүршіктері топырақ бетінен 20-30 см биіктікте орналасқан, әдетте қыста қар қабатымен қорғалған өсімдіктер (бұташықтар, жартылай бұташықтар, кейбір көп жылдық өсімдіктер). Хамефиттер негізінен тундрада, биік тауларда, шөлдерде көп өседі.
3. Гемикриптофиттер (һеті - жартылай, kriptos - жабылған) - жаңару бүршіктері жерге түскен қармен, жапырақтармен қорғалған және топырақ бетінде орналасқан өсімдіктер. Гемикриптофиттер негізінен орташа ендікте өсетін көпжылдық шөптесін өсімдіктер (сарғалдақ, бақбақ).
4. Криптофитгер (kriptos - жабылған) немесе геофиттер (geo - жер) - жаңару бүршіктері тамырсабақта, түйнекте, пиязшықта орналасып, топырақ (геофиттер) немесе су ішінде (гидрофит) өсетін өсімдіктер. Бұл өсімдіктердің жер беті мүшелері қысқа қарай өледі. Криптофиттерге көпжылдық өсімдіктер жатады.
5. Терофиттер (theros - жаз) жылдың қолайсыз кезін (қыс, қуаңшылық) түқым түрінде өткізеді. Оларға бір жылдық өсімдіктер жатады. Терофиттер негізінен шөл, жартылай шел, Солтүстік жарты шардың оңтүстік далалы аймақтарында өсетін өсімдіктер (көптеген крестгүлділер мен көкнәрі тәрізділер).
6. Эпифиттер (грекше ері - үстінде) - тамыры топырақта орналаспайтын, ағашты өсімдіктердің діңгегінде, бұтағында тірпгілік ететін әуе өсімдіктері. Орманда - қыналар, кей жағдайда - мүктер. Эпифиттер тропикалық ормандардың негізгі компоненттері (папоротниктер, орхидеялар). Эпифиттердің тамырларында ауадан су тамшылары мен минералдық тұздарды сорып алуға бейімделген жұмсақ қабаттары бар. Эпифиттерді К.Раункиер жеке тіршілік формасы ретінде қарастырмады.
Достарыңызбен бөлісу: |