Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлы (1861-1903), ақын. Зираты Жабасай қорымында. Кіші жүз Жетіру тайпасының Кердері руынан шыққандықтан, ел арасында «Кердері Әбубәкір» атанған. Бабасы - Тарантұқымынан, өнерпаздар көп шыққан. Өз әкесі Боранқұл қолөнер шебері әрі сауықшы адам болған. Ер шауып, ағаштан туйін түйіп, тыным таппай, шоқандап отыратындықтан, жеңгелері «Шоқан» атаған. Ел арасындағы осы лақап атымен бірқатар зерттеушілер Әбубәкірді Шоқанұлы деп келді. Әбубәкір ауыл молдасынан сабақ алып[1], кейін Орынбор, Троицк қалаларындағы мектеп, медреселерді бітірді. Тұзтөбе, Орал, Ақтөбе, Ор, Орынбор маңындағы елдерде бала оқытты, дін шариғат жолын ұстады. Сауатты, сергек, шешен, ақындық өнерді ардақ тұтатын Әбубәкір біраз жыл ел әкімдерінің қасында жүріп, хатшылық қызметтер атқарды. Сарыарқа, Оңтүстік және Батыс Қазақстан өңіріндегі ақын, жырауларды жақсы білген. Шығармалары 1902, 1905 ж. «Әдебиет қазақия, яки Әбубәкір молланың сөздері» деген атпен екі дүркін жарияланған. Өлең-толғаулары ел арасына кең тараған. Туындылары өлең, толғаулар, хат-өлеңдер, арнаулар, айтыстар, шежіре-жырлар түрінде келеді. Өлең толғауларында заман, адам, дін, өнер, ғылым, әдет-ғурып, имандылық, мінез-дағды туралы тебіренді, дәуір бағдарын байқап, халқымыздың бағзы тұрмыс-тіршілігі мен хал-жағдайын жырлады. Өлең, толғаулары «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Бес ғасыр жырлайды» (1985, 1989) жинақтарында жарияланған. «Қазағым»аталатын жеке жинағы 1993 ж. жарық көрген. Әуезов «Әбубәкір өмірі мен шығармалары»жөнінде зерттеу-мақала жазған. Ол зерттеуі М. Жолдыбайұлымен және Ә. Қоңыратбайұлымен бірігіп жазған «XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу құрамы» деген кітапта жарияланған (7-сыныпқа арналған, А,, 99-102-беттер, 19
24. Сегіз сері Баһрамұлының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндаңыз.
Сегіз сері (1818-1854) - шын аты — Мұхамедқанапия Баһрамұлы Шақшақов.
Арғы атасы Қожаберген — әрі ақын, әрі әнші, әрі батыр кісі екен. Қалмақтармен шайқаста қол бастап, көзге түскен. "Ақтабан шұбырынды" заманының ұлы ескерткіші — "Елім-ай" дастаны мен әннің иесі. Өз әкесі Баһрам батырлығына қоса білімді, діндар адам болған. Баласын жастайынан мұсылманша өзі оқытып, мылтық атуға, садақ тартуға, найза шаншуға, қылыш шабуға, ат өнеріне, балуандықтың айла-тәсілдеріне баулыған. Кейін талапты жігіт қамшы өруден бастап, киіз үйдің шаңырақ, керегесін, аттың ер-тұрманын, өмілдірік-тартпасын, жүгеніне дейін өзі жасайтын шеберге айналған. "Сегіз" деп ат қойған — жеңгелері. Себебі, ағаларына ілесіп аңға барып жүргенде сегіз жастағы Мұхамедқанапия оқтап берген мылтықпен қашқан киікті атып түсіріпті. Он үш жасынан домбыра тартып ән айтатыны, есейе келе бүркіт, қаршыға баптап, жүйрік ат ұстайтыны байқалған соң "сері" деген ат қосылған. Сегіз он жеті жасында қазіргі Қостанай облысының "Құсмұрын" деген жерін қоныс етіп отырған аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың ауылына қыдырып келеді. Серінің жан-жақты өнерін тамашалаған Шыңғыс дүниеге жаңа келген сәбиіне соған ұқсап өсер ме екен деген тілеумен Мүхамедқанапия деп азан шақыртып ат қояды. Шоқанның шілдехана тойын арнайы шақырылған Сегіз сері бастады деген дерек бар. Омбыдағы орыс әкімдері оны қазақтың ру басыларымен, беделді билерімен келісім сөз жүргізу саясатына пайдаланғысы келген.
Түпкі мақсаттары — халықтың ең шұрайлы жерлерін тартып алу екеніне ерте көзі жеткен Сегіз әуелі ауызекі наразылық білдіреді, қисыны келмеген соң атқа қонады.
Айналасына жігіт жинап, отаршылардың мекен-жайына ойран салады, соғыс өнерін жетік білетін ол мұздай қаруланған әскерден де қорықпай жол торып, аңдып жүріп соғысады, талай рет жеңіске жетеді. Бірақ екі жақтың күші тең емес еді. Патша әкімдері оны ұстап қамауға, алыс Сібірге айдауға, қарсыласса атып тастауға жарлық береді. Сегіз Нияз сері деген сенімді жолдасымен бірге Сырдария жаққа қоныс аударуға мәжбүр болады. Той-думаны көп Сыр бойында жас жігіттің асыл қасиеттері жарқырап ашылған. Көпшілік жиналган жердің көркіне айналып, жақсы көрген қыздарға арнап, талай тамаша әндер шығарған. Ерлігімен көзге түсіп, Бұхара, Хиуа жақтан қарумен келіп, бейбіт елдің мал-жанын тонайтын қарақшыларға қарсы жасақ ұйымдастырады, басқыншылардың талай рет бетін қайтарып, кек алған.
Алайда бұл жақта да көп тұрақтау қиын-тұғын, артында қуғын бар. Өзіне ерген жігіттерді бастап, ол Батыс Қазақстан жаққа жол тартады. Жайық өзені мен Нарын құмында бұл кезде патша, хан саясатының озбырлығына қарсы наразылық оты лаулап келе жатқан. Бүл ел Сегіздің нағашы жұрты болғандықтан ішке оңай сіңеді. Исатай, Махамбет бастаған көтерілісшілерге әскери кеңес береді.
Бұл жақта да тұрақтай алмай, Кавказдағы елдерге өтеді, атақты Шәміл бастаған мұсылмандар көтерілісіне катысады. Соңынан Иран, Ауғанстан жаққа кетеді. Ақырында төрт жылдан кейін Сыр бойына қайтып оралады.
Мұз жастанып, қар төсеніп, жорықта жүрген жылдарында өкпесіне суық тигізіп, Сегіз 36 жасында (1818 жылы туған) ауырып қайтыс болады. Нияз сері, Біржан сал, Жаяу Муса, Нүржан т. б. шәкірттері ол туралы арнау өлең шығарып, жоқтау жазған. Оның қайғылы махаббаты жайында шөкірттері "Мақпал-Сегіз" деген бірнеше дастанды жарыса жазып, елге таратқан.
Сегіз серіні бүгінгі ұрпақтары әлі күнге дейін жөнді тани алмай келеді. Шындыққа жүгінсек, ол — қазақ сал-серілерінің атасы!
25. Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндаңыз.
Найманбаев
(1867-1922)
Әсет Найманбайұлы атақты суырып салма ақын, әнші және композитор Қарқаралы уезінің Темірші болысының Сегізінші ауылында (қазіргі Қызыл арай колхозы, Қарағанды облысы) дүниеге келген. Руы Арғын, оның ішінде Қаракесектен тарайтын Майлық деп аталатын аз атадан. Әкесі Найманбай кедей шаруа болыпты. Ауыр тұрмыстың айдауымен 1875 жылы Семей қаласына көшіп келген. Кейіннен Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Бақты ауылына қоныс аударған. Осында Әсетті медресеге оқуға береді. Он бір жасында бірінші рет мектеп есігін ашқан зерделі бала төрт-бес жылда медресенің білімін жақсы меңгеріп алады. Зайнолла медресесінде арабша оқып, жазуды тез үйренді. Медреседе жүргенде-ақ ақындық таланты ашыла бастайды. Араб тілін, шығыс поэзиясын меңгеріп, Абай ауылында жиі болған ақынның әндері халық арасында кеңінен таралды.
Жасы ұлғайған шағындағы бір өлеңінде ақындық өнер сапарының он үш жасында басталғанын айтады:
Елуден жасым менің белең асқан,
Өлеңге он үш жастан араласқам.
Қызыл тіл қимылдаса қызуымен,
Текпінді терең сөзден жаза баспан… –
дейді ақын Әсеттің алғашқы ақындық қаламындағы айтатын, жазатын өлеңдерінің тақырыбы көбінесе жастық, махаббат туралы және суырып салма айтыс өлеңдер болды.
Әсет – ақындық өнерді өзгеше жоғары бағалап, табиғаттың тартқан ерекше қасиетті сыйы деп біліп, ардақтаған адам. Ақындық өнерін халқына арнаған Әсетті туған елі қадірлеп, құрметтеген.
Замандастарының айтуынша, өткен ғасырдың барлық көрнекті қазақ әншілері, ақындарының Қоянды жәрмеңкесінде өнер көрсетуінің өзіндік орны болған. Қоянды ауылына Әсет Найманбаев та барып, екеуі де танымал, тәжірибелі, тапқыр ақындар бір-бірін жеңе алмаған ақын қыз Рысжанмен сайысқа түскен. Сапар барысында Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі көптеген жаңа әндерді алып келген Әсет тек көрнекті әнші ғана емес, сондай-ақ, ірі ақын-импровизатор болған. Сонымен қатар, Әсет айтысы оның жоғары талғамымен, сөз таңдауымен ерекшеленді.
Әсет поэзиясының тақырыбы көп қырлы. Реалист ақын поэзиясында демократиялық мотив басым. Жаяу Мұса сияқты Әсет Найманбаев қыздарға арналған жоқтау (ән – күй), эпиграммдар, арнау және ғашықтарға арналған махаббат өлең – хаттарын жазған. Сондай-ақ, ақын шығармаларында дінді, мұсұлман дінін жырлайтын өлеңдер кездеседі.
1923 жылы Құлжа қаласына келген Әсет ақын Қытайдағы қазақтардың қиын өмірі туралы айтған. Өзінің Отанына оралмайтынын, туған өлкесін көрмейтінін сезген үлкен ақын және композитор Әсет Найманбаев 22 наурызда Отанынан алыста, бөтен елде қайтыс болған. Халық, асыл қазыналы, өткен мәдениеттен еңсерілмейтін, өз әншісін және көптеген әдемі әндердің авторын ұмытқан емес. “Әсет” әні кеңес композиторларының көптеген шығармаларында айтылды, бұл әннің негізгі әуені композитор Латиф Хамидимен бірге жазған “Абай” операсынан Абай ариясында қолданылған.
Көптеген көрнекті халық композиторлары, сүйікті әншілер мен ақындар қатарында Әсет Найманбаев құрметті орындардың біріне ие. Ақынның туған жерге деген сүйіспеншілікті жырлаған шығармаларында отбасы, әйелдердің тең құқылығы, білімге, мәдениетке, өмірдің мәнін ұғынуға шақыру көшпелі тұрмыс, қазақ халқының тарихы, этнографиясы көрсетілген. Әсет шығармашылығында Біржан сал мен Ақан сері бастаған Сарыарқаның ән дәстүрі дамыды.
Әсет Найманбаевтың музыкалық-поэтикалық дарындылығы атақты ақын Бақтыбай, Әріп, Қали, Сәмет, Рысжан, Кемпірбай және Таңқай ақындарымен айтыста көрініс тапты. Халық арасында “Інжу – Маржан”, “Қаракөз”, Майда қоңыр”, “Әпитөк”, “Гаухар қыз” әндері, “Ағаш ат”, “Үш жетім қыз”, “Мәлік – Дарай”, “Ақырғы сөз” қисса-дастандары танымалдылыққа ие. Әсет шығармалары алғаш рет С. Сейфуллиннің қолдауымен 1925 жылы жарық көрсе, алғашқы жинағы 1968 жылы 34 өлеңнен, 4 айтыстан, 4 қисса-дастаннан тұратын Б.Адамбаевтың құрастыруымен шықты. Әсет пен Рысжанның айтысы, “Сағила – Әмен” поэмасы және басқа да шығармалар біздің заманымызда бірнеше рет басылып шыққан.
1990 жылы 19 қыркүйекте Мақаншы ауылында Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес Әсет Найманбайұлының 125 жылдығына орай әдеби-мемориалдық мұражай ашылды. Мұражайдың үш залында 1700-ге жуық жәдігер қойылған, оның ішінде Әсеттің жеке заттары, отбасылық фотосуреттер, ақынның шығармалары, сондай-ақ, Әсет Найманбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет беретін құнды жәдігерлер сақталған.
Достарыңызбен бөлісу: |