Сәду Шәкіров атындағы орта мектебі
Эссе тақырыбы:
Химиялық байланыс
Орындаған: Айдаралиева А.
2022 – 2023 оқу жылы
Химиялық байланыс туралы ілімнің дамуы
Химиялық байланыс туралы ілім − қазіргі химияның негізгі проблемаларының бірі.Өйткені не себепті атомдардың бір-бірімен әрекеттесіп заттар түзетінін және олардың түзілу механизмдерін білмей тұрып, заттардың құрамын, құрылысын, реакцияласқыштық қабілетін білуге болмайды.
Химиялық байланыстардың түзілу механизмін түсіндіру электрон ашылғаннан кейін ғана мүмкін болды.
1916 жылы неміс ғалымы В.Коссель бір элементтің электрон беруі, екінші элементтің осы электронды қосып алуынан түзілген иондардың арасындағы тартылыстың нәтижесінде химиялық байланыс түзіледі деген теориясын ұсынды.
В.Коссель идеясы байланыстың иондық теориясын жасауға негізгі тірек болды. Бірақ бұл теория да бірдей атомдардың арасындағы байланыстың табиғатын түсіндіре алмады.
Сол жылы американдық ғалым Г.Льюис әрекеттесетін атомдардың дара электрондарын ортақтастырудың нәтижесінде түзілген екі атомға да бірдей ортақ қос электрондар арқылы химиялық байланыс түзіледі деген теориясын ұсынды. Коссель мен Льюис теорияларын химиялық байланыс теориясының екі жағы деп қарастыруға болады. Өйткені Коссель теориясы бойынша химиялық байланыс (иондық) электрон беру, қосып алу нәтижесінде болған иондар арасында түзіледі, ал Льюис теориясы бойынша химиялық байланыс екі элементтің ортақтастырылған қос электрондары арқылы түзіледі. Қазіргі кезде қолданылатын химиялық байланыс туралы ілім Коссель мен Льюис теориялары негізінде дамыды.
Химиялық байланыстардың түзілуі
Химиялық байланыстар атомдардың әрекеттесуі нәтижесінде пайда болған екі атомдық немесе көп атомдық тұрақты жүйелерде (молекулаларда, кристалдарда) түзіледі. Ковалентті химиялық байланыс түзілу механизмін сутегі молекуласының пайда болу мысалы арқылы қарастырайық. Сутегі атомы бір протоннан, бір электроннан тұрады.Осындай екі атом жеткілікті мөлшерде бір-біріне жақындасқанда бір атомның ядросы мен екінші атомның электронының арасында тартылыс күші, ал екі атомның ядролары мен электрондарының арасында тебу күші пайда болады. Атомдардан молекула түзілуінің ең басты шарты − молекула түзілгенде энергияның бөлінуі, яғни атомдардың энергия қорынан молекуланың энергия қоры аз болуы керек. Молекулалардың, иондардың, радикалдардың, сондай-ақ кристалдардың түзілуіне әкелетін атомдардың әрекеттесу құбылысын химиялық байланыс деп атайды. Химиялық байланыстар түзілуі нәтижесінде атомдар инертті газдардағыдай электрондық конфигурацияны қабылдай алады, онда (гелийден басқасында) сыртқы қабатта сегіз (октет) электроннан бар. Мұндай тұрақты электрондық қабат жасауға ұмтылысты октет ережесі дейді. Бұл иондық байланыс үшін де, коваленттік байланыс үшін де әділ болып қалады.
Химиялық байланыстың сандық сипаттамалары. Химиялық байланыстар энергетикалық және геометриялық параметрлерімен (өлшемдерімен) сипатталады.
Достарыңызбен бөлісу: |