Қазақтың ұлт болып қалыптасқанға дейінгі қолданылып келген әліпбилерін нақты мына әліпбиден кейін мына әліпби қолданылды деп кесіп айтуға болмайды, өйткені, ол кездерде жаппай сауаттылық болмаған және көбінесе жазумен әр халық немесе тайпа басшыларының арнайы адамдары айналысқан. Сондықтан түркі тілдес халықтардың арасында әртүрлі әліпбилердің ішінара қатар қолданылған тұстары да болған.
Қазақстан жерінде орхон әліпбиінен басқа ҮІ-ҮІІ ғасырларда ұйғыр-найман деген әліпби болған. Бұл әліпбидің орхон әліпбиінен айырмашылығы араб әріптері секілді сөз басында, сөз ортасында және сөз аяғында болуына байланысты әр түрлі болып жазылған. «Орхон да, ұйғыр да арамей әліппесінен өз алды өзгертілген, бірақ қай уақытта екені белгісіз…» – дейді С.Аманжолов әліпбилер тарихы туралы еңбегінде [4]. Орхон әліпбиіне қарағанда, ұйғыр әліпбиін қазақ халқына бір табан жақын деуге болады. Оның себебі ерте кезде сол әліпбиді қолданушы наймандар – бұл күнде қазақ халқының ішіндегі бір рулы ел. Екінші жағынан, ұйғыр әліпбиі қазақ ел болып қалыптасқаннан кейін де, Абылайға дейінгі қазақ хандығын, Еуропаның көбін өзіне қаратып алған монғолдардың заманында да түркі тілдес (ХІ-ХҮ ғ.) халықтардың негізгі әліпбиі болып саналды.
Қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесін арнайы зерттеп, әліпби құрастырған қазақтың алғашқы фонологі – Ахмет Байтұрсынұлы өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тілі ғылымын дамытқан. А.Байтұрсынұлы қоғам, ғылым және мәдениеттің өркендеуі жазу арқылы іске асатынын жақсы түсінді. Ғалым сауатсыздықты жою үшін әріп, оқулық мәселесін кезек күттірмейтін мәселе екенін біліп, 1910 жылдан бастап, араб жазуының қазақ тілі үшін қолайлы емес жақтарын түзеп, оны тілдің дыбыстық ерекшеліктеріне сай етіп, сингармониялық ұлттық әліпби түзеді.
Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы полиграфиялық жағынан қолайлы-қолайсыз жерлерін, оқыту процесіндегі тиімді-тиімсіз жақтарын таразылай отырып, 24 әріптен тұратын әліпби құрастырады. Әліпбиде қазақ тіліне тән, төл дыбыстарға ғана орын беріліп, кірме дыбыстар алынбайды.Ғалым гетерогенді сипат алған емлені, әліпбиді жалпыхалықтық, ұлттық негізде қарастырады.