Қазақ жеріне ислам дінінің таралуы және тигізген әсері. Қазақ даласына ислам діні арабтардың Орта Азияны бағындыру нәтижесінде кірді .Шындығын айтқанда, ислам діні Қазақстанға күштеп енгізілген жоқ. Қазақстанда сол дәуірде қалыптаса бастаған феодалдық қатынастарға ислам дінінің кері әсері болмай, қайта ол феодалдық қарым-қатынастарды жандандыра түсетінін көре білген феодалдық үстем тап иелері ислам дінін қуана қарсы алды. Өйткені бұрыннан келе жатқан шаман діні феодалдардың талап-тілегін, мақсат-мүддесін қанағаттандыра алмады. Ал ислам діні болса халықты рухани жағынан болсын, саяси жағынан болсын мығым ұстай алатын мемлекеттік дін бола алды. Осындай тиімді жақтарына қарамастан қазақ тайпалары өзінің бұрыннан келе жатқан шаман дінін, ата-баба аруағын қастерлеуді ұстанып, ислам діні қағидаларына мән бермеді.Академик Бартольд В.В: “ХІІІ ғасырдың басында мұсылман Хорезм билеушілері мұсылман емес Сырдариядағы және Торғай облысындағы қыпшақтармен соғысуына тура келді,”— деп жазуына қарағанда, сол кездерде қазақ тайпаларының басым көпшілігі әлі мұсылмандық жолға түсіп, ислам дінін қабылдамаған сияқты. Рузбиханның жазуына қарағанда, қажет десеңіз XVI ғасырдың өзінде де қазақтар пұтқа табынушылар деп танылып, оларға қарсы “ғазауат” соғысына шығуды талап еткен.Өйткені шариғат заңдарын араб миссионерлері үндеп, үгіттеп, насихат жүргізгендеріне қарамастан, халық ата-баба аруағына, тәңірге, жұлдыз-айға ұзақ уақыт бойы сиынды. Ата-баба аруағына сиыну бәлекеттен сақтап, өздеріне бақыт, молшылық, жақсылықтар әкеледі, мал басының аман болуына, өсіп-өнуіне көмектеседі деп, сол үшін олар аруақты разы етуге тырысты. «Аруақ аттаған оңбас» деп аруақты ұмытпады.Әбу Ханифа жол салған суниттік ағым басқаларына қарағанда көнімпаз, басқа халықтардың әдет-ғұрып заңдарына бой ұсынғыш болуы себепті қазақ тайпаларына да өте тиімді болды. Сондықтан да қазақтардың әдет-ғұрпы өз кезегінде ислам діні шариғат заңдарын кері итеріп тастамай, қайта феодалдық қарым-қатынастың жандануына игі әсер ететін шариғат заңдарын қабылдап алды. Сөйтіп, екі наным ұзақ мезгіл бойы бір-біріне зиян келтірмей, қатар өмір сүрді.Сол себепті де қазақтардың әдет-ғұрпы көбіне өзінің бұрынғы болмысын сақтап қалды. Билер қазақтардың қоғамдық маңызы зор мәселелерінің көпшілігін ежелден келе жатқан бұрынғы ата-бабалары әдет-ғұрып заңдары бойынша талқылап шешті. Ал өз кезегінде араб миссионерлері де қазақ тайпаларының тілін, әдет-ғұрпын, сенімдерін, праволық нормаларын, мәдени жетістіктерін лақтырып тастамай, санасуына тура келді. Бұлардың бәрін исламға қайшы келмейтіндей етіп, қырын жатқызуға тырысты.
Қорытынды Қорыта келгенде Ислам дінінің қасиетті кітабы «Құран Кәрім» өткен мен қазіргі уақыт сабақтастығын жүзеге асырды, онда көптеген халықтардың тарихы мен тағдыры тоғысты, терең тарихи тамырлары, уақыт пен кеңістік аясындағы әр түрлі халықтар тұрмысындағы ұқсастықтары ашылып, адам қоғамның пайда болуының алыс-жақын түп-тамырлары зерттелді: Құранның уақыт өтсе де, маңызы кемімейтін қасиеті де осында. Ислам діні көптеген халықтардың рухани табиғатына сай келді. 1500 жылғы ислам тарихы, Мұхаммед пайғамбардың өмірі, оған дейінгі пайғамбарлар тарихы осыған дәлел. Исламның терең тарихы бар Көне Қазақстан жеріне келуі мәдениеттің дамуына, қоғамымыздың өзіндік санасы мен руханилығы игі ықпал еткені баршаға аян.Мұсылман мәдениетінің артықшылығы тең рухани салада ғана көрініс тапқан жоқ. Дін—наным-сенімге, этикаға, философияға және Қазақстандағы ғылым мен мәдениетті дамытуға зор ықпалын тигізді. Сонымен қатар қазақ жеріне ислам дінінің таралуын қазақ халқына тигізген оң әсерлерін қазақтың төл салт-дәстүрімен байланысуы, қазақ халқының отбасылық өмірінде ислам уағыздарының адамгершілікке толы қасиеттер мен тәлім-тәрбиенің ұқсастығының молдығын барынша ашып көрсеттім деген ойдамын.Атамыз қазақ «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бала шыр етіп , жарық дүниеге келген күннен имандылықта бойына сіңіру, мектепте де, жоғарғы оқу орындарында да мұны талассыз жүргізіп отыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін айтқым келеді .
Пайдаланылған әдебиеттер 1. М.С. Қазақ сенімдерінің бастаулары. Алматы 2002ж. 103-б.
2. Н.Өсеров, Ж. Естаев. Ислам және қазақтардың әдет-ғұрыптары. Алматы 1992 ж. 135-б.
3. Е.Т.Қартабаева. Орта ғасырдағы Араб-Түрік мәдени байланыстарының тарихы.Алматы 2007ж. 106-б.