ЖОСПАР:
Ақпан революциясы, оның Қазақстанға әсері
Қазан революциясы
Алаш автономиясының құрылуы, оның мақсаты
Қоқан автономиясының құрылуы
Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тән дағдарыстың салдары болып табылатын 1917 жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде патша үкіметі құлатылды.
Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы зор қуанышпен қарсы алды. “Қазақ” газеті 9 наурыздағы санында: "…Киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды, жақсылық, қуаныш тек қана орыстікі емес, отаны Руссия болған жұрттың бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш" - деп жар салды. Ақпан революциясы қалың бұқараның саяси құқықтарын кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Елдегі қоғамдық өмірде саяси партиялардың ролі орасан өсті. Революция патшалық цензураны жойды. Жұртшылық сөз және жиналыс бостандығын кеңінен пайдаланды.
1917 жылы ақпанда Ресейде буржуазиялық-демократиялық революция нәтижесінде монархия құлатылды, оның Қазақстанға әсері:
1. Қазақтар патша билігінің құлатылуын құптап, оны өздерінің ғасырлар бойы жүргізген күресінің нәтижесі деп білді.
2. Ұлт-азаттық қозғалыстың басшылары ұлттық автономия құрып, жалпы ұлт мәселелерін шешетін сәт туды деп қанады.
3. Елде қос өкімет орнаған жылы наурыз-сәуір айларында жер- жерде жұмысшы, солдат депутаттарының Кеңесі және Уақытша үкімет органдары жұмыс істеді.
Қазан революциясы. 7 қараша (ескі күнтізбе бойынша қазан) Кеңес үкіметі тұсында өмір сүріп еңбек еткендер үшін ерекше дата. Себебі 7 қараша Ұлы Октябрь революциясының орнағанын атап өтетін күні. Бұл дата әлем тарихында өз ізін қалдырып, көптеген елдер мен халықтардың тағдырына әсер еткен ХХ ғасырдың ірі оқиғасы болып қала бермек.
Қазан төңкерісінен кейін социалистік жүйе құрылды. Ал, социалистік жүйе, бір сөзбен айтқанда, адамзаттың даму заңдылығына қайшы келеді. Ол жеке адамның тұлғалық қабілетін ашпайды, тек аз ғана топтың саяси мүддесін көздейді. Адамның басты міндеті ең алдымен жеке басының мүддесін іске асыру десек, социалистік жүйеде түрлі шектеулермен басып тастайды. Егер, сен партияға қарсы болсаң халыққа қарсысың, қылмыскерсің. Совет үкіметі полициялық жүйе құрды. Капиталистік қоғамда да қайшылықтар болған, бірақ, капитализмнің өз реттегіш тетіктері бар. Социалистік жүйеде бірін-бірі реттейтін, бақылайтын механизм болған жоқ. КСРО-ның ыдырауын көбінесе сыртқы себептер деген пікір айтады. Кеңес одағында қоғамдық жүйедегі ішкі қайшылықтар асқынып, ең соңғы шегіне жетті. Бұл жүйеде жеке адамның құқығы да, мүддесі де жоқ, бірінші кезекте әскери саланы дамытуға күш салынды.
Кеңес одағында білім жүйесі жақсы дамығанын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, социалистік жүйені сақтау үшін білімді адамдар керек еді. Социализмнің абзалдығын көрсету үшін кейбір саланы дамытуға басымдық берілді, денсаулық сақтау жүйесі жақсы дамыды және тегін болды. Мұның бәрі жүйені нығайту үшін қажет. Алайда, одақты жайлаған екіжүзділік, жалған мәліметтер беру, өтірік көрсеткіштер, жоғары жақтың қойған міндеттемелерін орындау, осының бәрі жүйені іштей ірітті. Ғылыми негізде жасалмаған мұндай жасанды жүйе әрине құриды. Лениннен басталған көзбояушылық соңғы кезде, тіпті, шиеленісіп кетті. Саяси элита халықтан мүлдем бөлек өмір сүрді. Халыққа жақсы өмір сүруге мүмкіндік бермеді. Сондықтан, оның ғұмыры ұзаққа бармады. Жалпы, бір қоғамдық жүйе үшін 70-80 жыл қысқа мерзім саналады. Кезінде Маркс капиталистік қоғамды да жойылады деген, бірақ, ол бұл жүйенің өзін-өзі реттейтін тетіктерін байқамады. Ал, Ресейдегі кеңестік жүйенің осындай реттеуші тетіктері болған жоқ, тек партия жоғары тұруы тиіс болды.
Алаш автономиясы (1917—1920) — 20 ғ. басында қазіргі Қазақстан Республикасы жерін мекендеген қазақ-қырғыз республикалық мемлекеті. Алаш автономиясы — 1917 ж. 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен 2-жалпықазақ съезінде жарияланған қазақ халқының ұлттық-терр. мемлекеттігі. Съезд қазақ автономиясы мәселесі бойынша Халел Ғаббасовтың баяндамасын талқылап, төмендегідей қаулы қабылдады: “Автономия туралы Халелдің баяндамасын тексеріп, қазанның аяғында Уақытша үкімет түскенін, Руссия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын ... және бұл бүлікшілік біздің қазақ-қырғыздың басына келуін мүмкін деп ойлап ... съезд бір ауыздан қаулы қылады: Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі — халқы қазақ-қырғыз, халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға; Қазақ-қырғыз автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын; ... Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады ... Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлттық Кеңес құрылсын. Мұның аты “Алашорда” болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылады. Алашорданың уақытша тұратын орны — Семей қаласы. Алаш автономиясының үкіметі — Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды.
Алаш партиясының басты мақсаты – қазақ еліне өзін-өзі басқару мүмкіндігін беретін мемлекеттік жүйе құру, яғни оның ұлттық мемлекеттікке құқы бар екендігін метрополияға мойындату, ал түбінде дербес мемлекеттікке қол жеткізу, қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс аударушылар толқынын тоқтату, әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып қазақ қоғамы жаңа өмір сұранысына сай өзгерту (модернизация), демократиялық принциптерді қадір тұтумен бір мезгілде, әсіресе, білім мен ұлттық мәдениеттің өркен жаюына жол ашу болды.
2-бүкілқазақ съезі Түркістан өлкесін мекендеген қазақтардың Алаш автономиясына қосылу немесе қосылмау мәселесін талқылау үшін Сырдария облысы қазақтарының съезін шақыруды қажет деп тапты және оған өз өкілдері ретінде Бақыткерей Құлмановты, Міржақып Дулатовты және Тұрағұл Құнанбаевты жіберуге ұйғарды. Осы мәселеге байланысты Ә.Бөкейханов пен М.Шоқай біріккен мәлімдемеге қол қойды. Мәлімдеме “Қазақ” газетінің 1917 жылғы желтоқсанның 18-індегі 255-і санында жарияланды. Большевиктер партиясы мен Кеңес үкіметі ұлттық-мемл. құрылыс мәселелерін шешудің негізіне таптық жіктелу принциптерін алса, Алаш көсемдері бұған керісінше ұлттық бірлік, терр. тұтастық принциптерін таңдады. Ә.Бөкейханов 2-жалпықазақ съезінің қазақтың автономиялы ұлттық-терр. мемлекетін құру туралы шешіміне саяси баға бере келіп кейінірек (1919 жылғы 11-і ақпан) былай деп мәлімдеді: “съездің бұл шешімдері қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына жол бермеу мүдделерінен туындады ... Сол кезде Россияда орын алған жағдайда қазақтардың жариялаған автономиясын жүзеге асыру мүмкін емес еді. Кезекте бостандықтың жауы — большевизммен күрес тұрды”. Азамат соғысы жылдарында большевиктер басқарған Кеңес үкіметіне қарсы күресте Алашорда үкіметі жеңіліс тапты. Нәтижесінде жеңіске жеткен Кеңес үкіметі Алаш автономиясын және оның үкіметі Алашорданы тарих сахнасынан күштеп кетірді.
Түркістан Автономиясы немесе Қоқан автономиясы — Түркістан өлкесі халықтарының өзін-өзі басқаруын қамтамасыз ету мақсатында 1917 жылы 28 қарашада Ресей мемлекеті құрамында құрылған автономиялы мемлекет. Оның өмірге келуіне кеңестік биліктің Түркістан халықтарының өзін-өзі басқару құқығын мойындамауы түрткі болды. 1917 жылы Қазан төңкерісі жеңген соң, 22 қараша күні Ташкентте өз жұмысын аяқтаған 3-Түркістан өлкелік кеңестер съезі өлкеде кеңес билігінің орнағанын, соған байланысты Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрылғанын, өлкедегі биліктің ендігі уақытта соның қолына өтетіндігін мәлімдейді. 14 мүшесі бар бұл үкіметтің құрамында жергілікті мұсылман халықтарының бірде-бір өкілі жоқ еді. Бұл кеңестік биліктің отаршылдық сипатын танытқан оқиға болатын. Бұған жауап ретінде қүрамында Мұстафа Шоқай, Махмұд Бехбудий, т.б. бар "Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі" 26 қараша күні Қоқан қаласында 4-Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезін шақырды. Үш күнге созылған съезд 28 қараша күні Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы деп жариялап, Түркістан Құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылдады. Түркістан Уақытша Кеңесі құрамына барлығы 54 адам енді, оның 32-сі Түркістаннан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар еді. Бұлардың арасында негізгі тұрғындары қазақтардан тұра¬тын Сырдария мен Жетісу облыстарынан 11 өкіл бар болатын. Кеңес құрамында, сондай-ақ мұсылмандар съезі сайлаған өкілдермен бірге, каланың өзін-өзі басқару ұйымдары съезінің 4 өкілі, түрлі өлкелік "еуропалық" ұйымдардың 13 өкілі бар болатын. Түркістан Уақытша Кеңесі 12 орыннан тұрған Түркістан автономиясының Уакытша үкіметін бекітті. Съезд Түркістан өлкесіндегі барлық халықтардың құқығын сыйлап, қорғайтындығын мәлімдеп, өлкенің барлық мұсылман, орыс, т.б. тұрғындарын Түркістан автономиясы төңірегіне топтасуға шақырды. Сонымен, 1917 жылы қарашада Түркістанда қос билік орнап, оның алғашқысы кеңестік негізде құрылып, ең алдымен ресейлік қоныс аударушылардың мүддесін көздеп, жағдайын нығайта түсуге қызмет ететіндігін білдірсе, соңғысы отарлық езгіге қарсы, діни және ұлттық негізде құрылып, жергілікті халықтардың өзін-өзі бас¬қару құқығын баянды ету басты мақсаты екендігін жариялады. Түркістан Уақытша үкіметінің төрағасы және Ӏшкі істер министрі болып Мұхамеджан Тынышпаев, Ӏшкі істер министрінің орынбасары болып заңгер Ә.Оразаев бекітілді. Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі қызметіне Мұстафа Шоқай тағайындалды. Көп ұзамай Түркістан автономиясы үкіметінің төрағасы Мұстафа Шоқай болды. Түркістан автономиясының құрылуын Түркістан өлкесінің жергілікті халықтары зор қуанышпен карсы алып, оған қолдаушьшық танытуға даяр екендіктерін білдірді. 1918 жылы қаңтарда Түркістан қаласында өткен Сырдария қазақтарының съезі Сырдария облысы Алаш автономиясы жарияланғанға дейін Түркістан автономиясы құрамында болатындығын білдірді. Халық зор үміт артқан Түркістан автономиясын 1918 жылы 2 ақпанда Кеңес үкіметі қарулы күшпен таратып, оның бірнеше мүшелерін тұтқынға алды.
Назарларыңызға рахмет!