2.3. Дене тәрбиесі әдістемесінің ерекшеліктері
Орта мектеп жасындағы оқушылармен дене тәрбиесі сабақтарын жүргізу әдістемесі негізгі базалық спорт түрлерінің (жеңіл атлетика, гимнастика, спорттық ойындар, шаңғы спорты, суда жүзу) жаттығуларын тереңдете үйрету, жетілдіруге бағытталған.
Орта сыныптарда оқушылардың жеке қасиеттері айқындала бастайды. Олардың дене қасиеттерінің даму деңгейлері, қимыл-қозғалыс мүмкіншіліктері, психикалық қалыптары мен қасиеттері, ағзаларының физиологиялық даму деңгейлері әр түрлі болып келеді. Дене тәрбиесі мұғалімі, спорт бапкері осы ерекшеліктерді жақсы білуі, балалардың бойынан осы қасиеттерді көре, тани білулері қажет. Өздерінің сабақ, жаттықтырулар жүргізу барысындағы жаттығулар техникасын үйрету, жетілдіру, дене қасиеттерін дамыту кездерінде осы ерекшеліктерді ескере жұмыс жүргізу керек. Әсіресе, дене дайындығы жоғары және төмен оқушылармен жұмыс жүргізгенде жекелілік, даралық әдістерді, қағидаларды қолдану қажет болады. Оларға сабақ кездерінде жеке тапсырмалар беру, үй тапсырмаларын бергенде ерекшеліктерін ескеріп, басқадай тапсырмалар беру секілді жұмыстарды дене тәрбиесі мұғалімдері ескерсе дұрыс болады.
Орта мектеп жасындағы оқушылармен жұмыс жүргізудің тағы бір әдістемелік ерекшелігі – олардың жыныс ерекшеліктерін ескеру. Қазіргі кезде ол ерекшеліктерге өте жоғары деңгейде мән берілуде. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 21 маусым 2002 жылғы № 506 бұйрығында: «5-сыныптан бастап дене тәрбиесі сабақтары қыздар мен ұлдар арасында бөлек жүргізілуі керек», - деп жазылған министрліктің осы бұйрығы жалғасын тауып, жергілікті және ауылдық жерлердегі мектептердің спорттық базалары жақсарып, құрал-жабдықтары көбейіп, жыныс ерекшеліктері ескеріліп, дене тәрбиесі сабақтары ұлдар мен қыздар арасында бөлек жүргізіліп жатса өте дұрыс болар еді.
Дене шынықтыру адамның бойындағы материалдық, руханилық, әлеуметтік және биологиялық қасиеттерді байланыстырады. Ол адамның денелік және рухани қасиеттерінің үйлесімділігіне жетудің құралы ретінде қазақ халқының жалпы мәдениетімен диалектикалық бірлестікте қарастырылуы қажет. Адамның денелік жетістігіне арналған, дене шынықтыруды механикалық және тұрпайы қимыл әрекеті ретінде қабылдайтын қалыптасқан түсінігінің ерекшелігі – қазақстан қоғамында дене шынықтырудың құндылықтары, туралы ерекше бір жүйе түзу керек болды, ол дене шынықтыруды ең алдымен тарихи және философиялық-мәдени тұрғыдан қарастыруы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |