Орындаған: Нұралы Айберген Сейілханұлы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология факультеті
«М017»- Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау мамандығының 1-курс магистранты;
Тексерген: Имаханбет Райхан Сахыбекқызы,
филология ғылымдарының кандидаты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология факультетінің
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы.
Тақырыбы: «Постмодернизм поэтикасы» тақырыбында ғылыми мақала
Алдымен «постмодернизм» не екенін анықтап алайық. Постмодернизм деген не деген сауалға берілер жауаптар өте көп. Нақты бір анықтамасы жоқ деуге де болады. Постмодернизм – модернизм өз кезеңін аяқтаған кезде, яғни ХХ ғасырдың ІІ жартысы оған қарсы бағытта тарих сахнасына шыққан ағым. Постмодернизм – белгілі бір ғылыми-теориялық, философиялық, эстетикалық ойлардың жиынтығы. Постмодернизмнің басты ұғымдары – екіұштылық, көпмағыналылық, күдік тудыру, әлемді хаос деп қабылдау, жанрларды біріктіру, адам рухының белгілі бір кезеңін, яғни жұмақты аңсайтын күйзелуші кейіпкердің оған жету мүмкін еместігін бейнелеу, оқиғалардың мерзімі, уақыты, кеңістігінің анық болмауы, кейіпкерлерінің жас мөлшерінің тіпті есімдерінің аталмауы т.б.
Қазақ әдебиетіндегі постмодернизмге келетін болсақ, профессор Бақытжан Майтанов постмодернизмнің алғашқы белгілері ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде пайда болғанын айтады. С.Ерубаев, С.Сейфуллин туындыларында бастау алып, кейін Т.Әлімқұлов, А.Нұрманов, Ә.Тарази, С.Мұратбеков, Ж.Молдағалиев, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Т.Әбдіков, Р.Сейсенбаев, Т.Нұрмағанбетов, Д.Досжанов т.б. туындылары арқылы постмодернизмнің үрдістері келгенін көрсетеді. Ғалым қазақ прозасындағы постмодернизмнің тұрақты орын теуіп ағымдық мән иелене бастауын ХХ ғасыр соңы және ХХІ ғасыр басында туған шығармалармен тығыз байланыстырады. Атап айтқанда, Р.Мұқанова, А.Жақсылықов, А.Алтай, Д.Амантай, А.Ихсанов сынды жазушылардың шығармаларында жаңа поэтикалық өлшемдер анықталады.
Ал ғалым Сейіт Қасқабасов «Постмодернизм – өндірісі қатты дамыған постиндустриялы елдерде кең таралған. Өйткені, олар бұрынғы классикалық әдебиеттен қол үзіп кеткен. Біз болсақ, классикалық әдебиеттен қол үзгеміз жоқ. Одан қол үзе алмайтын себебіміз, бізде әлі постиндустриялық қоғам құрылған жоқ. Ол үшін өндіріс өте мықты дамып, капитализмнің ең биік шыңына жетіп, бүкіл өмірдің бәрі индустриялануы керек. Сосын бүкіл қалалық өмір мен далалық өмір араласып, құжынап жатуы тиіс. Бірақ біз оған жеткен жоқпыз. Сондықтан постиндустриялық қоғам болмай тұрып, постиндустриялық қоғамның өмірін суреттей алмаймыз» деп, қазақ қоғамында әлі де таза постмодернистік шығармалар дүниеге келмеді-дейді.
Қазақ әдебиетіндегі постмодернитік шығармаларға келетін болсақ, соңғы бір жыл көлемінде көптеген постмодернистік шығармалармен таныстым. Солардың ерекше атап өтетінім: Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы» повесі мен Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы.
Жалпы, Төлен Әбдіков атамыз әдебиетімізде өз қолтаңбасын қалдырған жазушыларымыздың бірі. Өзіңдік жазу стилін қалыптастырған. Бұл жайында жазушы Дулат Исабеков: «Жалпы Төлен бұрқыратып жазған жігіт емес. Əлі күнге шейін сол ырғағын сақтап келеді»,-деп өте орынды айтқан. Ол қай мəселені қозғаса да, қай уақыттың шындығын жазса да, өмірлік, адами проблемаларды алға тартқандығымен көзге түседі. Т.Əбдікұлының «Парасат майданы» повесінде бір адамның екіге жарылып, екіұдай тартысқа түсуін өзіндік жазушылық жолмен- хат түрінде жүзеге асырған. Тартыстың хат түрінде жүзеге асуы, ойдың толық əрі терең, көркем жеткізілуі – жазушы шеберлігінің өзіндік бір қыры. Оның бұл повесі осы кезге дейінгі дәстүрлі шығармаларға мүлдем ұқсамайды. Бұл жайында Жомарт Əбдіхалық: «...көркемөнер, əдебиет жүйесінде «типтік жəне типологиялық образдар» арқылы белгілі бір идеяларды ширықтыра жеткізуге болатындығын ескерсек, соңғысы төл əдебиетімізде аса бедер танытқандай қалыптасып үлгермегендігін ашық мойындауға тура келеді. Кейіпкер характерін басым түрде ой желесі арқылы түзілдіру – бұл əлем əдебиеті үшін де, өзімізге етене таныс қазақ əдебиеті үшін де өте сирек кездесетін жəне стильдік терең мəні бар айрықша эстетикалық құбылыс»,- деп жазды.
Белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы «Парасат майданы» повесі жайында өз пікірін білдірген болатын. Ол «Парасат майданы» көркем шығарма ғана емес - жазушының адамзат баласына айтқан ескерту-аманаты. Философиялық туынды. Бұл повесінде басқа шығармаларымен салыстырғанда жазушының жанын кемірген ой-толғаныстары, үміті мен күдігі, ар азабын кешкен шақтағы уайымы, қоғамның келешегін ойлаған мазасыз қайғысы, жүрегін жаншыған ауыр сезімі бояуы қанық, айшығы анағұрлым анық етіп суреттелген»,- деп айтады.
Ал Әбіш Кекілбаев болса, осы повесть адам тағдырын жан дүниенің екіге жарылу құбылысы арқылы бейнелей отырып, мəдениетті іздеп жүріп, өркениетке адасып кеткен адамзат тағдырын көрсетіп берді. «Адамның бұдан былай өз құрбаны өзі, өз жендеті өзі» болатындығын меңзейді, яғни, адамзаттың іштей іріп-шіріп, адамгершіліктен азғындап, тіршілік əлеміне қажеті жоқ немесе қатер құбылыс ретінде рухани апаттан мерт болатындығын айтады.
Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романына келетін болсақ, Дидар ағамыздың «Гүлдер мен кітаптар» романы- қазақ әдебиетіндегі постмодернистік сипатымен ерекшеленетін алғашқы эксперимент-романдардың бірі. Өз басым, бұл романды оқыған кезде ойға түйетін нәрсе ала алмадым. Мүмкін бірнеше оқу керек шығар. Не дегенмен де жаңаша бағытта жазылғаны көрініп-ақ тұр.
Жазушы-драматург Д.Исабеков «Гүлдер мен кітаптарды» дәстүрлі роман үлгісімен салыстыра келе: «...оны роман деп айтатын болсақ, онда бүкіл дүние романға деген көзқарасын өзгертуі керек,.. оны роман деп айтуға болмайды»- дейді. «Гүлдер мен кітаптарды» роман деуден бас тартып отырғандығы қазақ әдебиетінде жаңа роман формасының туғандығын дәлелдей түседі. Яғни «Гүлдер мен кітаптар» – дәстүрлі роман қалыбынан тыс, мазмұны да, құрылымы да өзгеше роман. Бұл роман – қазақ әдебиетінде постмодернистік роман тудырудағы алғашқы талпыныстардың бірі.
Ал әдебиет сыншысы Ә.Бөпежанова автордың оқырманынан өзгеше қабылдауды, өзгеше оқуды талап ететін жаңа роман қалыбын жасауға ұмтылысын құптайды. Ол романның бірнеше қабаттан тұратындығын және романның толық оқылуы үшін оқырманның эрудициясы басты орында екендігін дәл анықтай келе:
«...Объективтi себебi- Дидардың төл прозамызға саналы түрде құрылымдық өзгерiстер енгiзуге ұмтылатындығында. Ал оны бiрден қабылдауға, зерделеуге оқырманның оқырмандық тәжiрибесi жетiспей жатады. Ницшеше қисындағанда: «автордың оқырманды ұятқа қалдырарлықтай немесе шошындырарлықтай парадокстары көп жағдайда кітаптан емес, оқырманның өз ойынан шығады». «Гүлдер мен кiтаптарң» мәдениет құбылысы»- деп бағаласа, ғалым ғалым К.Т. Жанұзақова: «Зерттеуші Д.Амантай шығармаларындағы көптеген кемшіліктерді, стильдік селкеуліктерді постмодернистік таным көрсеткіштеріне, тосын көркемдік құбылысқа балайтынын байқаймыз. Жазушы шығармалары оқушысына «осы қалай» дегендей ой салуы мүмкін, алайда қарабайыр тілмен суреттелген репортаждық көріністер, ақыл айтушылық, ежіктеп кету, керекті-керексіз көп ой тықпалау да көрінеді»,- деген тұжырымын ұсынады.
Жалпы қазақ әдебиетіндегі постмодернистік шығармалар жөнінде осы секілді бір-біріне кереғар пікірлер өте көп. Бірі постмодернизм керек дейді, бірі керек емес дейді. Өз басым «постмодернизм қазақ әдебиетіне жат ұғым»,- деген пікірге келіспеймін. Себебі, заман ағымына сай қай халықтың әдебиеті болмасын өзгеріп, өзіндік жаңалықтар еніп отырады. Әрине, шығарма жазу барысында дәстүрімізден ауытқып, Батыс әдебиетінен келген ауызға да алуға ыңғайсыз нәрселермен бүлдіру – зор қиянат. Десек те, бұл – әдеби бағыттарды тек тар шеңберде ғана түсіну. Заманға сай көркем әдебиетімізді дамытып, жаңа ғылыми бағыттарды дәстүрмен ұштастыра білу қажет. Жақсы жақтарын алып, жаманын сұрыптауды қола алуымыз керек. «Батыстың біртүрлі бағыты» деп өз әдебиетімізден ысыру – әдебиетіміздің даму жолына кедергі қою іспетті.
Достарыңызбен бөлісу: |