Аралас этиологиялы гипоксия жиі кездеседі және гипоксияның екі немесе одан да көп түрлерінің қосарлануы болып табылады. Жоғарыда келтірілген оттегілік ашығу түрлері салыстырмалы сирек дамиды, жиі олардың әртүрлі қосарлануы кездеседі. Әдетте қандай да болмасын бірінші дамыған гипоксия белгілі деңгейге жеткенде биологиялық тотығуды қамтамасыз етуге қатысатын басқа ағзалар мен жүйелер қызметінің бұзылысын шақырады. Мысалы, қандай да болмасын генезді созылмалы гипоксия әдетте тыныс ферменттері қызметінің бұзылысымен және тіндік сипаттағы оттегілік жетіспеушілікпен асқынады. Карциномалық кахексияда біріншілік-тіндік гипоксия респираторлы, циркуляторлы және гемдік гипоксиямен қосарлануы мүмкін.
Экзогенді гипоксияЭкзогенді гипоксия жұтатын ауада оттегінің аз болуы салдарынан дамиды. Экзогенді гипоксияның екі түрін ажыратады нормобариялық және гипобариялық
Нормобариялық гипоксия
Нормобариялық гипоксия қалыпты атмосфералық қысымда жұтатын ауадағы оттегі төмендеген кезде дамиды. Мұндай жағдай көлемі кіші, ұзақ уақыт желдетілмеген кеңістіктерде болғанда, құдықта, шахтада жұмыс істеген кезде болуы мүмкін. Жұтатын ауадағы оттегінің төмендеуі гемоглобиннің оттегімен қанығуының жеткіліксіздігіне әкеледі, артериялық гипоксемия жиі гиперкапниямен жүреді.
Гипобариялық гипоксия
Гипобариялық гипоксия атмосфералық қысым төмендегенде дамиды. Ол биік тауға шыққан кезде жиі байқалады. Оның дамуының алдыңғы қатарлы патогенездік факторына гипоксемия жатады, бірақ нормобариялық гипоксиядан айырмашылығы қосымша теріс факторына гипокапния жатады. Гипокапния және газды алкалоз өкпелердің хеморефлекторлы, компенсаторлық жоғары желдетілуінің есебінен, көмірқышқыл газының шамадан артық шығарылуынан түзіледі. Өкпе капиллярларындағы қандағы көмір қышқыл газының парциалды кернеуінің төмендеуіне Халдейн әсері кедергі болады: альвеолалық ауадағы оттегінің парциалды қысымының төмендеуі СО2 шығарылуының қарқынын төмендетеді. Бірақ реттеудің мықты контуры СО2-нің сопақша мидың тыныс орталығына әсеріне байланысты.