ҚОРҚыт ата атындағы


ҒЫЛЫМИ - ТЕХНИКАЛЫҚ КІТАПХАНА



бет2/2
Дата05.11.2016
өлшемі0,57 Mb.
1   2

ҒЫЛЫМИ - ТЕХНИКАЛЫҚ КІТАПХАНА

АНЫҚТАМА - БИБЛИОГРАФИЯЛЫҚ

және ӘДІСТЕМЕЛІК БӨЛІМ

Ұлттық мәдениет, өнер, ағарту ісінің қайраткері - Темірбек Жүргенов

Қызылорда,2013


ЖҮРГЕНОВ

Темірбек Қараұлы

(1898-1938)

Бүкіл дүниежүзілік мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде,

соны үйренгенде ғана жетуге болады

Т. Жүргенов



оқырманға
Бұл библиографиялық ұсыныстық тізім Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, Республиканың көрнекті мемлекет қайраткері, әдебиетші-журналист ТЕМІРБЕК Қараұлы Жүргеновтің өмірбаяны мен шығармашылығына арналады.

Тізім төмендегідей бөлімдерден тұрады:



  1. Өмірдерек

  2. Т.Жүргеновтың өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері

  3. «Сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге тиіссіз !»-

Бауыржан Иманғалиев, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан

Журналистер одағының мүшесі



  1. Темірбек Жүргенов еңбектерінің тізімі

  2. Қоғам қайраткері туралы жазылған еңбектер


ӨМІРДЕРЕК
ЖҮРГЕНОВ Темірбек Қараұлы (1898, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап а. — (25.2.[1938]), [Алматы]) — мемлекет қайраткері. Тұрмағамбет Ізтілеуов ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алған. 1917 ж. Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. Осында оқып жүріп қоғамдық өмірге белсене араласады, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады. 1918 ж. “Қазақ мұңы” газеті редакциялық алқасының құрамына енді, Торғайдағы кеңестер съезін шақыру бюросының мүшесі болды. 1919 ж. Ырғыз уезі Кенжеғара болысы ревкомитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған. 1920 ж. БК(б)П қатарына өтіп, Ырғыз уездік ревкомитеттің, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып сайланды, 1921-23 ж. Орынборда жұмысшы факультетінде оқиды. 1923 ж. Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. Осында оқып жүріп, ол Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі болып тағайындалады, Қазақ АКСР-і мен Түркістан Республикасының ОАК-теріне мүше болып сайланады, өлкелік және республикалық партия ұйымдарының конференциялары мен пленумдарына қатысады. Орталық Азияда құрылған республикалар аумағының ұлттық-территориялық межеленуіне ат салысады. Бұл мәселе төңірегінде “Еңбекші қазақ”, “Советская степь” газеттеріне мақалалар жариялады. 1926 ж. Ташкенттегі Қазақ пединститутының директоры болып тағайындалады. Институтқа академик В.В. Бартольд, профессор С.Е. Малов секілді ғалымдарды шақыртып, институт жұмысын жандандыруға күш салды. Жоғары оқу орындарына арналған саяси экономия және құқықтану пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударды.

Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға ат салысты. 1929 ж. Тәжікстан үкіметінің қаржы комиссары, 1930-33 ж. Өзбекстан үкіметінің халық ағарту комиссары, 1933-37 ж. Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарды. Ол Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов сияқты қайраткерлерді тартты. Жүргеновтің тікелей ат салысуымен “Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы” қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артуына негіз қаланды. Жүргенов Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырды. Ол 1934 ж. Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетін, 1936 ж. Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін негізгі ұйымдастырушылардың бірі болды. Онкүндік кезінде республикамыздың өзге де мәдениет қайраткерлерімен бірге Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Жүргенов — ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, т.б. қайраткерлердің шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады. Жүргенов Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Қазақ әндері туралы А.В. Затаевичке көптеген мәліметтер берді. 1937 ж. КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Осы жылы 3 тамызда “халық жауы” деген жалған айыппен ұсталып, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-, 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілді. КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының 1957 ж. 18 сәуірдегі шешімімен кінәсіз жазаланғаны анықталып, ақталған. 1993 ж. Алматыдағы Қазақ ұлттық өнер академиясына Жүргенов есімі берілді. Алматы, Қызылорда қалаларында, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы мен Қызылорда облысы Жалағаш ауданында Т. Жүргенов есімімен аталатын мектептер мен көшелер бар. 1998 ж. Т. Жүргеновтің 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтті. Туған жері Жалағаш кентінде ескерткіш орнатылды.



Темірбек Жүргеновтің

өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері
Темірбек Жүргенов 1898 жылы Қазалы уезінде малшының отбасында дүниеге келді.

1904-1908жж. Талантты ақын Тұрмағанбет Ізтілеуовтың Шығыс мәдениеті мен әдебиеті саласында білім алады.

1909-1913жж. Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде оқиды.

1913 жылдан бастап аудармамен шұғылданады. Некрасов, Крылов, Пушкин шығармаларына көңіл бөлді

1913-1917жж. Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алған.

1917ж. Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі.

1918ж. Торғайда шыққан «Қазақ мұңы» газетінің жауапты хатшысы (редакторы Нәзір Төреқұлов)

1919-1921 жж. Ырғыз уезі Кенжеғара болысы ревкомитетінің төрағасы.

1921 ж. Орынборда жұмысшы факультетінде оқиды.

1923-1927жж. Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне түседі.

1923-1926жж. Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі.

1926ж. 29 қазан Ташкенттегі қазақтың тұңғыш пединститутының директоры.

1929ж. Тәжік Республикасының Қаржы комиссары

1930-1933жж. Өзбекстан Халық ағарту комиссары

1933жж. БК (б) Өлкелік комитетінің бюро мүшесі.

1936ж. маусым Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды

1938ж. 25 ақпан. Репрессия құрбаны болды.
Бауыржан Иманғалиев, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
«СІЗ РЕСПУБЛИКАНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІН

БІЛУГЕ ТИІССІЗ ! … »
Ахмет Байтұрсынов! Темірбек Жүргенов! Ілияс Омаров! Өзбекәлі Жәнібеков!

Бұлар халқымыздың рухани-мәдени, оқу-білім саласын әр қилы замандар мен саяси жүйе жағдайында өрге сүйреген Қайраткерлер. “Елім”, “жұртым” деп жан айқайымен жанын оққа да, отқа да қарсы тосқан Күрескерлер. Жоқты бар қылған, барды зор қылған Жасампаздар. Сол жасампаздық, туындыгерлік еңбектерімен есімдері ел есінде мәңгі қалған арыс Тұлғалар! Тарих оларға, белгілі ақынның образды сөзімен айтқанда, “бір мезгілде әрі ағартушы, әрі жарық түсіруші” міндетін жүктеді. Ал олар бұл миссияны көбеден қандары, кеудеден жандары шыққанша абыроймен атқарып кеткендері бүгінде дау-дамайсыз тарихи ақиқатқа айналып отыр. Дүниеде өз бойындағы жаратылыс сыйлаған талант өртіне өртеніп өлгендер, өнер салмағын көтере алмай мертігіп ажал тапқандар аз емес. Қарап отырсақ, соның көбі жиырма мен қырық жастың арасында, ой мен қырды бірдей барлап тұрған шағында кеткен екен. Өз тағдырын өзі жасаған кісіге не дауа, ал бойынан өмірге құштарлық отын бір сәт бәсеңсітпей, еліне деген алаулы сезімі жүрегімен қоса дүрсілдеп соғып тұрғанда ғұмыры мезгілсіз қиылғаннан аянышты нәрсе бар ма екен ?!

Т.Жүргенов небары 39 жыл жасады – үшінші мүшелінен шыға бергенде өзі керемет үміт еткен мына өмірге жанар бағып соңғы рет дұрыстап қарап та үлгермей, керек десе не болғанын жөнді ұғып та үлгермей кете барды. Кешегі 37-де орылып түскендердің баршасының түйінді тағдыры бұл. Олардың барлығы көмбесіне жетпей құлаған сәйгүлік тәрізді бойындағы барын сарқи алмай кеткендер.

Темірбек Қараұлы Жүргенов есімі тек қана қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламы қарымды сыншы-көсемсөз иесі саналады. Ол Тәжік АССР-інің қаржы наркомы, Өзбек АССР-інің Халық Ағарту комиссары, Қазақ АССР-інің Халық Ағарту комиссары қызметтерін абыроймен атқарған азамат. Т.Жүргеновтің ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиеті, ғылымы мен білімін дамытуға, олардың аса қиын кезеңде қалыптасуына қосқан үлесі зор. Ол қазақ өнерінің дамуы мен қазақ тілінің республикада негізгі қолданыс тілі болуын арман етті және сол үшін күресті.

Оның жазушылық, публицистикалық қызметін қайраткерлік қызметінен, қалам сапасын қайраткерлік сапасынан бөліп алып қарауға келмейді, қоғамдық-әлеуметтік қызметі біршама зерттелсе де, Т.Жүргеновтің қаламгерлік қарымы назардан тыс қалып келеді. Себебі, оның қаламгерлік қабілеті мемлекеттік қызметінің тасасында қалды.

Темірбек Қараұлының жаны ғалым, зерттеуші еді. Жаратылыс сыйлаған осы бейімнің соңына біржола түсуге заманы мұрша бермесе де, ол өмірінің ақырына дейін тасқа басылған сөзге деген сағынышының сарығын баса алмай өтті.

Т.Жүргенов 30-жылдар басында әдеби сын мақалалар жазуға, соның ішінде театр сынына көбірек көңіл бөлген. Бұл өреде Б.Майлиннің “Шұға” пьесасының алғашқы қойылымына арналған “Ушуга” рецензиясын (Казахстанская парвда, 1934, 21 маусым) атап айту жөн. Автордың пайымдауынша, ендігі жерде әдебиетке Меруерт тәрізді шарасыз бейнелер емес, Шұға сынды сындарлы, рухты, кесек образдар қажет.

Халық Ағарту комиссары екі тілде бірдей жазған алғашқы билинг қайраткер - қаламгерлеріміздің бірі болды. Тілді жазушы еңбегінің құрылыс материалы ғана емес, мәдениеттің, білімнің іргетасы деп білген ол тіл туралы айтыстан шет қалмай, сол өредегі білікті де салмақты пікірлерін көп талқысына салып, ең бастысы, практикалық басшылық саласына көшіріп отырған. Қайраткердің қазақ тілінің түсініктілігі, мәдениеттілігі, тазалығы туралы ойлары, әсіресе терминологияға қатысты ұсыныс-пікірлері әлі күнге маңызын жойған жоқ. Жүргенов тіл қолданушыларды, әсіресе зиялы қауымды қазақ әдеби тілінің бұзылып көпшілікке түсініксіз жаргонға айналуынан сақтандырды. Осы тақырыпты «Қазақ тіліндегі терминология мәселелері», «Қазақ әдеби тіліндегі келеңсіз жағдайлар» атты мақалаларында өрбіткен ол 20 жылдары А.Байтұрсынов бастаған термин жасаудың ғылыми принциптерінен ауытқымауды, яғни термин сөздерді метаморфалау, морфологиялық және синтаксистік тәсілмен қазақтың төл сөздері мен ұғымдарынан жасау әдісін жалғастыруды, сонымен бірге аударуға келмейтін, қазақша барабар (адекват) мағынасы жоқ халықаралық аталымдарды өзгеріссіз алуды ұсынды.

Т.Жүргеновтің ана тілге деген сүйіспеншілігі мен қамқор көзқарасын белгілі композитор Е.Брусиловский өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты мемуарлық кітабында төмендегідей сүйсіне еске алады:

«Жүргенов өз кабинетінде мәжіліс өткізбек болды. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам – қарағандылық Б.Н.Орлов және мен – орыс жұртынан едік. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлеп отыр. Бір кезде Борис Николаевич орнынан тұрды да Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, сөйлеушілерді ол түсінетіндей болуы үшін орысша сөйлеу жөн екенін айтты. Бір кезде Жүргеновтің қара көздері ұшқындап кетті… Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!» Ашу найзағайы үрейлене бүгжиген қайраткерлердің үстінен ойқастай шапшыды. «Сіз қайда жүрсіз, өзіңіз!» - деп Жүргенов дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі: «Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! …Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?»- деп өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап етті».

Апырмай, ұлт намысы дегенде жанып кетер сондай батылдық бүгінгі қандас шенеуніктердің бойында болса ғой деп ойлайсың. Өкініштісі, басқа ұлттың бірлі-жарым өкілі отырса болды-ақ: «Бәрімізге түсінікті тілде сөйлейін», - деп, орысша сайрай жөнелетін дерттен біз әлі де арыла алмай жүрміз-ау. Жүргеновтің қылышы жалаңдап тұрған сол 30-жылдардағы мәрттігі осы ұрпаққа зор тағылым. «Бүкіл дүниежүзілік мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде, соны үйренгенде ғана жетуге болады», -деген Темкеңнің сөзі бүгін өз көкейкестілігін жоғалтқан жоқ.

Темірбек Жүргенов – ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист. Оның көсемсөз мұрасы бастауын 3 нәрседен: жеке басының бұйдагерлік (лидерлік), саясаткерлік және ұйымдастырушылық үздік қабілетінен алады. Бұған оның «Қазақстандағы мәдениет революциясы», «Қазақстандағы сауатсыздықты жою» кітаптары, «Саяси экономия» оқулығы, «Орта Азиядағы қазақ халқының күйлері», «Қазақ педагогикалық институтын құру», «Қазақ халқының ақындары мен жыршылары» т.б.очерктер мен мақалалары жатады. Аталған дүниелерде ой айқындығы, дәлел мығымдылығы, сондай-ақ сипаты жағынан экономика тарихын және саяси тарихты молынан қамту, саяси полемика, мемлекетшілдік қасиеттер тән. Соңғы айтылған жәйт Жүргенов публицистикасын өзгеден бөлектейтін, тек соған ғана хас белгі.

Темірбек Қараұлының көсемсөз мұрасының бір бөлігі жедеғабыл шұғылдығымен назар аударады. Әсіресе, бұл оқу-ағарту саласын қамтитын мақалаларына тән болғандықтан олар өз кезеңінің ең өзекті, ең көкейкесті ең қажет мәселелеріне арналып отырған. Темірбек Жүргенов өзі өмір сүрген кезеңнің идеологиясына қалтқысыз сенген қайраткер, ол не жазса да өзі жүрегімен сеніп, иман келтірген нәрсені ғана жазды. Оның әдеби-публицистикасының салмағын да осы шыншылдығы көтеріп тұр.

Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргенов өмірінің соңғы күндеріне дейін қазақ халқына, еліне адал қызмет етті, қалың жұртшылық арасында үлкен құрметке, зор беделге ие болды. Амал нешік, өзі құрысқан үкіметтің солақай саясатының кесірінен репрессия құрбаны болды.

Қайраткердің зайыбы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Ленинмен кездескен тұңғыш қазақ Әлімхан Ермековтің қарындасы Дәмеш Ермекова Темірбек атылған күні абақтыға жабылған, 18 жыл ғұмырын АЛЖИР-де өткізген. Күйеуінің де, өзінің де жазықсыз жазаланғандығы жөніндегі ақтау қағазын алғаннан бері 30 жылдан астам уақыт бойы ол бар күш жігерін игілікті іске – Темірбек Қараұлының халқына сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу ісіне сарп етумен келді. Айнымас адал жарының қажырлы ізденістері нәтижесінде Жүргеновтің екінші, мәңгілік өмірі басталды. 1957 жылы КСРО Жоғары сотының әскери коллегиясы Т.Жүргеновті толық ақтағасын, Дәмеш Ермекова жарының адал есімін халқына жаңғыртам деп фольклорист М.Байділдаевпен көп шаруа тындырды. Қайраткердің туғанына 80,90,100 жылдық мерейтойды атап өту тұрғысында естелік - әңгіме, кітап шығарып, ерінің еліне істеген ерен еңбегін жұртшылыққа жариялап жүріп, өзі де өмірден өтті. Өткен жылдың 14-15 қарашасында туған жері Қызылорда, алғаш қызметін бастаған Ақтөбе облыстарында қайраткер-қаламгердің 110 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтілді. Ғылыми–танымдық конференциялар мен фестивальдар ұйымдастырылып, әр түрлі мәдени шаралар өтті.

Ал Мәдениет және ағарту басшылығында қызмет етіп, еңбегі сіңген Алматы қаласы мен өзі айқара ашқан театр ұжымдары, бүгінгі Өнер академиясы тікелей Т.Жүргеновтің аяулы есімін атап өтуді ұмытып кеткендей болды.

Қазіргі уақытта, Т.Жүргеновтің мол мұрасын зерттеу ісі әлі баяу жүргізілуде. Өзі мерт болса да оның ісі, атқарған қызметі, халқының болашағына сіңірген қалтқысыз еңбегі бүгінде толық өз дәрежесінде бағалануда деп айту қиын.

Қорыта айтқанда, артында мұра болып қалған 7 кітабы 150-ге жуық әдеби-мәдени, оқу-ағарту саласында жазған құнды дүниелері 70-80 жылдан бері шаң басқан мұрағат сөрелерінен алынып, ғылыми айналымға түсіп өз бағасын алса деген ниет білдіреміз. Себебі, әлі күнге дейін қолымызда бар қайраткер-қаламгердің қолжазба мол мұрасы толық жүйелі жинақ болып жарыққа шыққан жоқ. Осыған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мұрындық етеді деген сенім бар. «Жүргеновтің публицистикалық мұрасы» атты тақырып алда өз зерттеушісін күтіп тұр. Оның осы саладағы қызметі жүйеленіп, жазғандары түгел жарыққа шаққаннан кейін жүргеновтанудың аясы кеңейіп, міндеттері саралана түспек.


//Ана тілі.-2009.- 5 маусым

Қазақстан Республикасының көрнекті мемлекет қайраткері,

әдебиетші-журналист



ТЕМІРБЕК жүргенов еңбектерінің тізімі



1

Т.Жүргенұлы, 1916 жылғы қазақ көтерілісінде қала мен ауыл арасындағы наразылық //Қаһарлы 1916 жыл (Құжаттар мен материалдар жинағы)- Т.2.- Алматы,1998.-19-22 б.

2

Жүргенов Т. Азық-түлік программасын іске асыру советтердің төл міндеті.-Алматы,1984.-36 б.

3

Жүргенов Т . Қазақстанда мәдениет революциясы, А., 1935.-45 б.

4

Жүргенов Т. қазақстандық тоғызыншы кеңестер съезінде сөйлеген сөзі// Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы.Т.2 /Құраст.Қ.Жарықбаев,С.Қалиев.-Алматы,998 .-210 б

5

Жүргенов Т. Қазақстанда сауатсыздықты жою жұмысы туралы, А., 1936.-16 б.

6.

Жүргенов Т. Мектептің түп кемшілігін кетіру үшін күрес, Таш., 1933.- 50 б.

7

Жүргенов Т. КСРО мен Қазақстанды әкімшілік-шаруашылық жағынан аудандарға бөлу проблемасы, Қ.-О., 1927

8

Жүргенов Т. Политэкономия, Қ.-О., 1928

9

Жүргенов Т. Қазақ педагогикалық институтының бір жылғы жұмысы, Таш., 1928

10

Жүргенов Т . Қазақтың халық ақындары, М., 1936

11

Жүргенов Т. Мәдениетті болуға жұмылыңдар//Лениншіл жас.-1935.-7 ноябрь

12

Жүргенов Т. Мектептегі оқу тәрбие жұмысы және «дүмше молдалар» туралы// Социалды Қазақстан.-1937.-28 февраль; //ауыл мұғалімі.-1937.-7март

13

Жүргенов Т. 15 жылда Қазақстан мәдениеті//Қазақ әдебиеті.-1935.-24 октябрь

14

Жүргенов Т. Ташкенде ашылатын қазақ институтының қазақ институтының мақсаты //Еңбекші қазақ.-1926.- 6 сентябрь; //Еңбекші қазақ.-1937.-17 январь


Темірбек Жүргенов жөнінде жарық көрген еңбектер
Кітаптар:


1

Л.Ахметова, Советтік қазақ музыкасы:тарихи очерк. Қазақ ССР-ң «Ғылым» баспасы.-1975

2

Тоғызақов Қ.,Өнер өрендері, Алматы.-1975

3

Ә.Тәжібаев Жылдар, ойлар. Алматы.-1976.-132-134 б.

4

Н.Бекжанов, Өсиет.Алматы.1982

5

А.Қ.Жұбанов Өскен өнер: мақалалар мен зерттеулер.-Алматы.-1985.-186-189 б.

6

Ш.Жиенқұлова Өмірім менің – өмірім.-Алматы:Жазушы.-1992.-51-54 б.

7

Қайта оралған есімдер:библиографиялық көрсеткіш, Алматы.-1998.-54-59т б.

8

Сыр өңірі тарихы. Атамұра,1998

9

Жүргенов Т., Таңдамалы / Т. Жүргенов.- Алматы: Арыс, 2001.- 277; 21,4 см.

10

Жүргенов Т., Таңдамалы=Избранное. / Т. Жүргенов.- Алматы: "Арыс" баспасы, 2001.- 277 б.; 60х90.

11

Қазақтың Ұлттық энциклопедиясы.Алматы.-2002

12

Дайрабай Т.,Тұғыры биік тұлға.-Алматы:Өнер.-2005

13

Сыр елі.Қызылорда облысының энциклопедиясы, Алматы.-2005

14

Ж.Аймауытов шығармалары. ІІІ том.,Алматы.-2005.-110-128 б.

15

Құрманғазы, Алматы:Жазушы.-2005

16

Айдосов Х.,Киреев М.,Қалиев Ы.,Қызылорда-Тұмар 2005

17

Диярова К., Шара. Алматы:Өнер.-2005.-3-4 б.

18

Қазақстан тарихы энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы, 2006

19

Алаш ақиықтары. Алматы.-2006.-218-219 б.

20

Қазақ өнерінің тарихы.І том.Алматы.-2007

21

Қазақ өнерінің тарихы.ІІ том.Алматы.-2007

22

Т.Ізтілеуұлы шығармалары 4-ші том. Алматы.-2007

23

С.Міркемеұлы Қанаты қырқылған қырандар.-Алматы:Білім.-2008

24

Қызылорда көшелері.-Алматы.-2009

25

Дайрабай Т., Сыр перзенттері, Алматы.-2010

26

Күзембай С. Қазақ музыкасының тарихынан дәрістер,Алматы.-2011

27

Қайталанбас дауыстар:Сыр саңлақтарының антологиясы.-2011


Мақалалар:


1

Аңсатова М Н, Темірбек Жүргенов және рухани-мәдени өмірдегі даму белестері. / М.Н. Аңсатова//Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Хабаршысы.- 1999.-N1.-38-41 б.

2

Туған жерге ту тіккен / Темірбек Жүргенов туралы: Әзірлеген Зәмзагүл Ибрагімқызы//Сыр бойы.- 2005.-14 қазан.-3б.

3

Ұлт тәуелсіздігін аңсаған арыстар: Қызылорда-80//Сыр бойы.- 2005 -12қазан -1б.

4

Бектібаева Л., Тұғыры биік тұлға: Жүргенов Темірбек- мемлекет және қоғам қайраткері, білім саласының білікті басшысы / Л. Бектібаева//Қазақстан мұғалімі.- 2008. - 19 желтоқсан.- 5б.

5

Ғибратты ғұмыр: Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Т. Жүргеновтың туғанына 110 жыл//Сыр ардагері.- 2008. - 1 қазан. - 2б.

6

Аңсатова М, "Темір нарком": Темірбек Жүргеновтың туғанына - 110 жыл / М. Аңсатова//Сыр бойы.- 2008.-14 қараша.-3б.

7

Дайрабай Т., "Темірнаркомның" туған жерін неге тұмандата береміз? / Т. Дайрабай//Айқын: Темірбек Жүргеновтің туған жері.- 2008 - 20 желтоқсан 5б.

8

Жалғасова Г., Алты Алаштың ардағы: Т. Жүргеновтің 110 жылдығына арналған "Алты Алаштың ардағы" атты республикалық ғылыми-танымдық конференция / Г. Жалғасова//Сыр бойы.- 2008. - 18 қараша. - 1-2б.

9

Жүргенов Т., Мағыналы, бай, көркем тіл жасауымыз керек: Темірбек Жүргенов / Т. Жүргенов//Ақиқат.- 2008. - №9. - 3б.

10

Құдайбергенов Қ., Үш өкініш=Өмір өрімдері / Қ. Құдайбергенов//Егемен Қазақстан.- 2008.-29 наурыз.-5б.

11

Мекебайұлы А., Дала мінез, тау тұлға: Темірбек Жүргенов / А. Мекебайұлы, Т. Дайрабай//Ақиқат.- 2008.- N 12.- 109-114б.

12

Пірәлиев С., Ахаң дәріс оқыған аудиториядан ескен леп: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарихы. / С. Пірәлиев//Ақиқат.- 2008.- N 12.- 79-88б.

13

Сауяев Н., "Темірбек Жүргенов - Алты Алаштың ардағы". / Н. Сауяев ,//Ақмешіт апталығы.- 2008 .- 20қараша.- 1-2б.

14

Көлбаев Тілеу., Қуғын - сүргін құрбандарының тағдыры ұлт бірлігін қажет етеді. / у. Көлбаев Тіле//Айқын.- 2009.-30 мамыр.-6б.

15

Дайрабай Т., Зобалаң құрбандары Жүргеновтер әулетінің ақиқаты: 31-мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. / Т. Дайрабай//Түркістан.- 2009.-28 мамыр.-8 б.

16

Иманғалиев Б., Көмбесіне жетпей құлаған құлагер / Б. Иманғалиев//Сыр бойы.- 2009. - 21 наурыз. - 8б.

17

Жалдыбаев Әбуғали., Жүргенов те жазықсыз жазаланды: ақтаңдақтар ақиқаты / Жалдыбаев Әбуғал//Ақиқат.- 2009.-№8.- 30-35б.

18

Жалдыбаев Ә, Ұлтын сүйген ұлы жүрек: Темірбек Жүргенов / Ә. Жалдыбаев//Ана тілі.- 2009. -30 шілде - 5 тамыз.-9б.

19

Ұлттық тәлім-тәрбиелік ғылымдардың дамып, қалыптасу тарихынан (1920-2000ж.ж.)//Кітапта: Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы.- 2009.- 6 том. - 400б.

20

Пірлер мен ахундар хақында, Батырлар мен билер жайлы//Кітапта: Дайрабай Т. Тұғырлы тұлғалар.- Астана, 2009.-360б.

21

Исатаева Нәзигүл., Асыл тұлғаларға тағзым. / л. Исатаева Нәзигү//Тәрбие құралы.- 2010.-№3.-68-69б.

23

Жүргенов Темірбек Қараұлы (1898-1937)=Ұлы ағартушылар//Самопознание. KZ.- 2011.-№8.-10-10б.

24

Темірбек Жүргенов туралы: Қазақстанның халық әртісі Евгений Брусиловскийдің "Дүйім дүлдүлдер" атты кітабынан үзінді / редакциядан//Түркістан.- 2012.-23 ақпан.-7 б.

25

Абзалқызы Ә., Темірбектей темір тұлғаның беделі биікте: Темірбек Жүргенов туралы. / Ә. Абзалқызы//Ақмешіт ақшамы.- 2012.-24қазан.-11б.

26

Дайрабай Тынышбек, Белгілі тұлғалардың беймәлім қырлары...: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы; Темірбек Жүргенов; Бұқарбай батыр Естекбайұлы / Т. Дайрабай//Түркістан.- 2012.-22 наурыз.-11 б.

27

Темірбек Жүргенов туралы: Қазақстанның халық әртісі Евгений Брусиловскийдің "Дүйім дүлдүлдер" атты кітабынан үзінді / редакциядан//Түркістан.- 2012.-23 ақпан.-7 б.

28

Асабаев Зәкір, Үш алыптың достығы: Б.Майлин, Т.Жүргенов, Ж.Шанин / З. Асабаев//Егемен Қазақстан.- 2013.- 14 ақпан.- 5 б.

29

Исабеков Д., Елі үшін туған ер /Т.Жүргенов туралы //Егемен қазақстан.-2013.- 2 қазан.- 5 б


Құрастырған – Доспаева Р.Т.
Каталог: ntb -> doc
doc -> Қазақстандағы жоғары білім
doc -> Мазмұны: Қалыптасқан қазақстан -2050 стратегиясы
doc -> Мазмұны: Қалыптасқан қазақстан- 2050 стратегиясы
doc -> Ғылыми техникалық кітапхана анықтама библиографиялық және Әдістемелік бөлім білім және ғылым
doc -> Қазақ поэзиясының дүлділі
doc -> Қалыптасқан қазақстан 2050 стратегиясы
doc -> Мазмұны: Қалыптасқан қазақстан- 2050 стратегиясы
doc -> Қалыптасқан қазақстан- 2050 стратегиясы нұрлан темірбеков, Д. Серікбаев атындағы ШҚмту ректоры, профессор. Айқын да жарқын бағдарлама
doc -> Мазмұны: Қалыптасқан қазақстан -2050 стратегиясы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу