Орман жолақтарының жер бетіне таяу орналасқан ауа қабаттарының температурасы мен ылғалдылығына әсері. Жолақтар арасындағы кеңістіктері ауаның температурасы мен ылғалдылығының өзгеруіне жел режимі әсер етеді. Жылдың жылы мерзімдеріндегі ашық күндерде орман жолақтарымен қорғалған егіс танаптарында жер бетіндегі ауа температурасы, ашық даламен салыстырғанда, 1-2°-қа жоғары болады.
Орман жолақтарының тығыздығы өскен сайын, температуралық айырмашылықтар да жоғарылайды, әсіресе ыстық күндері тығыз орман жолақтарында бұл айырмашылық 5-6-қа дейін жетеді. Ол жолақ шетіндегі егістіктерді күйдіріп жіберуі мүмкін. Тығыз құрылымды орман жолақтарында түнгі мерзімде ауа температурасы төмендейді, ал керісінше осы жерлерде үсік тудыруы мүмкін.
Селдір-сусымалы және сусымалы орман жолақтарында жел ағындары өзгерсе де, аталған теріс құбылыстар болмайды.
Орман жолақтарының барлық құрылымдары ауаның жер бетіне таяу қабаттарының ылғалдылығына оң әсер етеді. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы жолақаралық учаскелерде орта шамамен 2-3%-ға жоғарылайды. Аңызақты күндері салыстырмалы ылғалдылық 8-10%-ға жоғарылауы мүмкін.
Бұлыңғыр және бұлтты ауа райында ашық дала мен жолақаралық учаскелер арасында ауа ылғалдылығы бойынша айырмашылық байқалмайды.
Әсірісе, орман алқаағаштары шөлейтті аймақта ауа ылғалдылығына үлкен әсер етеді. Н.Д. Кракосевичтің мәліметтері бойынша орман жолақтарымен қорғалған учаскелерде ылғалдылық 8,2%-ға өседі.
Әдетте орман жолақтарының ауа температурасы мен ылғалдылығына әсері өзінің 10-15 Н-нен аспайды.
Орман жолақтарының булануға әсері.Климаттың құрғақтығын сипаттайтын әрі анықтайтын маңызды факторға-булану жатады. Ылғал балансы, ылғал транспирациясы және ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі буланумен тікелей байланысты. Сол себепті егіс қорғайтын орман жолақтарының булану процесіне әсерін білу өте маңызды.
Егіс қорғайтын орман жолақтар жүйесінде жер бетіндегі ауа қабатының температурасының шамалы жоғарылауы булану мөлшеріне әсер етеді. Орман жолақтарының әсер ету аймағында жел жылдамдығының төмендеуі және ауа ылғалдылығының артуы негізінде, ашық даламен салыстырғанда, булану әрқашан аз болады. Аңызақты күндері жолақтың ық жағындағы булану 3-5 Н қашықтықта 2-3 есе, ал 25 Н қашықтықта орта мөлшермен 30%-ға азаяды.
В.А. Бодровтың (1961) мәліметтері бойынша орман жолақтарынан әр түрлі қашықтықтағы булану қарқындылығының бір тәуліктегі мөлшері (% есебімен), ашық даламен салыстырғандағы келесідей көрсеткіштері бар: 3 Н қашықтықта - 35%; 5 Н - 50%; 10 Н - 69%; 15 Н - 76%; 20 Н - 80% және 25 Н - 86%, яғни орман жолақтарынан алыстаған сайын булану мөлшері артады. Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорациясы ҒЗИ-ның зерттеулері (1987) анықтағандай, ересек орман жолақтарының жүйесіндегі су айдынындағы булану орман жолағымен қорғалмаған егістермен салыстырғанда 20-50%-ға азаяды.
Г.Н. Высоцкий (1962) бойынша, дымқылдану коэффициенті жауын-шашынның жылдық мөлшерінің осы мерзімдегі булану көрсеткішіне қатынасы арқылы анықталады. Сондықтан, орман жолақтарымен қорғалған учаскелерде булану мөлшерін төмендете отырып, біз өсірілетін ауылшаруашылық дақылдарын жақсы ылғалмен қамтамасыз ететін дымқылдану коэффициентін жасанды түрде ұлғайтамыз.