Байланысты: orman melioratsiyas praktikal k sabaktar (1) (1)
«Орман мелиорациясы» пәні №1-2 тәжірибелік сабақтар Орман мелиорациясы туралы түсінік Орман мелиоративтік екпеағаштары
Қазақстанда табиғат ресурстарын қарқынды игеру мен антропогендік әсерлер салдарынан нашар экологиялың жағдайлар қалыптасып, топырақтардың тозуы және су ресурстарының азаю процестері күшейді.
Қазіргі кезде қоршаған ортаны қорғау өте жауапты мемлекеттік маңызы бар мәселе, оны дұрыс шешу тек қазіргі ұрпақтың ғана емес, келешек ұрпақтардың хал-ахуалдарына да тікелей әсер етеді.
Осы мәселелер ішінде орман ресурстарын қорғау, тиімді пайдалану, қайта өндіру және республика аумақтарының ормандылығын арттыру мақсатында орман өсіру ерекше орын алады.
Республикамыздың жалпы орман қоры 01.01.1993 жылға дейінгі есеп бойынша 24,5млн. гектарға тең, оның ішінде орманмен қамтылған аумақ-9,7млн. га.Соңғы 30 жыл ішінде еліміздің ормандылығы біртіндеп өсу үстінде: 1965 жылы ол 2,95%, 1978 жылы-3,31%, 1993 жылы-3,70%. Орманмен қамтылған аумақтың өсуіне, негізінен, мемлекеттік орман қоры жерінде екпе ормандар отырғызу және ормансыз жерлерде алқаағаштарын өсіру әсер етеді.
Тек 1960-1990 жылдар аралығында республикамыздың ауыл шаруашылық кәсіпорындары аумақтарында 218,3 мың га қорғаныш ормандары отырғызылды. Оның 95,3 мың га егістіктерді қорғау орман жолақтары, 80,8 мың га қолайсыз жерлердегі қорғаныш ормандары және 42,2 мың га жайылым қорғау орман жолақтары болып табылады. Бір айта кететін жағдай, қорғаныш ормандарын өсіру жұмыстарына ағаш өсіруге қажет жерлерді уақытында бөлмеу, ауылшаруашылық кәсіпорындарының қорғаныш ормандарын өсіруден бас тартуы, осы жұмыстарды жүргізуге қаржылардың жоқтығы көп кедергі жасады.
Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорациясы ғылыми-зерттеу институты екпе ормандар мен орман мелиоративтік қорларын олардың табиғи, экономикалық және қазіргі жағдайлары негізінде талдап, республикамыздың облыстары аумақтарының ормандылық нормативтерін анықтады. Қазақстан бойынша жалпы (оптимальды) ормандылық 5% мөлшеріне анықталса, оның ішінде солтүстік пен батыс облыстардағы ауылшаруашылық жерлердің нормативті ормандылығы 2,7 - 4,3 %-ға, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста - 3,6 %-ға, суармалы жерледе - 1,5-2,0 %-ға тең.
Ормандылықты арттыру негізінен ауылшаруашылық жерлердегі орман мелиорациясы, атап айтқанда, егіс танаптарын қорғау ормандарын, жайылымдарды қорғау ормандарын және қолайсыз жерлерде орман өсіру аркылы жүргізіледі.
Осы мақсатта республикамызда әр түрлі маңызды 3 млн га қорғаныш ормандарын, оның ішінде 1,2 млн га егіс танаптарын қорғау жолақтарын, 1,4 млн га жайылым қорғау ормандарын және қолайсыз жерлерде 0,4 млн га эрозияға қарсы ормандарды өсіру қажет.
Осы шараларды жүзеге асыру-орманның әлеуметтік-экономикалық және экологиялык, маңызын түсінуге, орман қорының шикізаттың және табиғатты қорғау маңызын арттыруға, республикамыздың ормандарын қайта қалпына келтіруге жағдай жасайды.