Байланысты: orman melioratsiyas praktikal k sabaktar (1) (1)
Топырақтың жел эрозиясы Бүлдіруші стихиялық процестердің ішінен жел эрозиясы мен оның шаңды дауылдар түрінде көрінетін соңғы стихиясы ауыл шаруашылығына үлкен зиян келтіреді.
Жел эрозиясы негізінен жауын шашын мөлшерінің булануға қарағанда елеулі мөлшерде аз түсетін құрғақ зоналарда байқалады. Бұл зоналар вегетациялық кезеңнің ұзақтығы, климаттың құрғақтылығы және күшті желдердің болуымен сипатталады.
Дефляцияға топырақтардың механикалық құрамы бойынша жеңіл болып табылатын құмды, құмдауытты және жеңіл саздақ топырақтар бірінші кезекте ұшырайды. Шашыраңқы түрдегі ауыр карбонатты қара топырақтар және қара қоңыр топырақтар да жеңіл келеді.
Жел эрозиясының дамуына әсер ететін табиғат факторларымен қатар ұйымдастырушылық шаруашылық факторлардың маңызы да өте жоғары. Оларға механикалық құрамы жағынан жеңіл топырақтары бар аумақты шектен тыс көп жырту, топырақты дұрыс өңдемеу, табиғи дамыған ағаш пен бұта өсімдіктерін құрту, малды ретсіз жаю, ауыспалы егістіктер түрлерінің бұрыстығы т.б. кемшіліктер жатады.
Өсімдіктері шығып үлгермеген жыртылған жерлер немесе әлсіз, әлі толық бекімеген көк өскіндер бар аумақтар, өңдеу кезінде топырақты қатты майдалайтын құралдар қолданған жағдайда желдің әсеріне тез ұшырайды.
Шаңды дауылдардан топырақты сенімді қорғайтын шараларды топқа бөлуге болады: ұйымдастырушылық шаруашылық, агротехникалық және орман мелиоративтік.
Ұйымдастырушылық шаруашылық шаралар негізіне әрбір жеке шаруашылықтың пайдаланатын жерлерін топырақты эрозиялық зерттеу жатады. Бұл зерттеуді құрамында жерге орналастырушы, топырақтану маманы, агроном және орман мелиораторы бар мамандар тобы жүргізеді. Зерттеу барысында әртүрлі дәрежеде жел эрозиясына ұшыраған және келешекте ұшырау қаупі бар учаскелер анықталады. Жел эрозиясына қарсы берік топырақтарға жақсы түйіршікті сазды топырақтар, кесек құрылымды сортаңды топырақтар жатады. Шашыраңқы құрылымды топырақтар желге онша берік емес, ал карбонатты қара топырақтар мен қара қоңырлау топырақтардың беріктігі де одан төмен. Құрғақ аудандардың құрылымсыз құмдауыт және құмды топырақтары дефляцияға көп ұшырайды.
Осы зерттеулердің негізінде әрбір шаруашылық үшін эрозияға қарсы агротехникалық және орманмелиоративтік шаралар жоспары жасалады.
Агротехникалық шаралар ішінен бірінші кезекте дұрыс ауыспалы егіс түрлерін анықтауы тиіс. Жел әсеріне ұшырамайтын топырақтарда берілген климат зоналарында ұсынылған әдеттегі ауыспалы егістікті қолдануға болады. Жел ұшыруға бейім аумақтарда егістердің көпжылдық шөптесін өсімдіктер жолақтарымен алмасып отыратын топырақ қорғайтын ауыспалы егістер кіргізілуі керек. Шаңды дауылдардың әсеріне қатты ұшыраған учаскелерде көпжылдық шөптерді ұзақ мерзімді пайдалануды көздейтін қоректік ауыспалы егістер қолданылады.
Шаңды дауылдар әсеріне ұшыраған аумақтарда ауыспалы егіс танаптарының ұзын жақтары дефляцияға ұшырататын желдер бағытына көлденең орналастырылады. Жел эрозиясын тоқтатуға бағытталған техникалық шаралар:
Жер бетіндегі орылған егіс түбірін сақтау, қар тоқтату, биік сабақты өсімдіктер (күнбағыс, қыша) өсіру арқылы топырақтағы ылғалды молайту;
Жер қыртысында орылған егіс түбірлерін қалдыра отырып, топырақты қайырмасы жоқ плугпен жырту;
Эрозиялық қауіпті желдер бағытында жер жыртуға, қатарлық себуге және қопсытуға жол бермеу;
Жатық катоктар орнына доңғалақ, шығыршықты катоктар қолдану;
Топырақты жел эрозиясынан қорғаудың сенімді тәсілі орман жолақтарын өсіру түрінде берілетін орманмелиоративтік шаралар болып табылады. Орман жолақтары жел жылдамдығын төмендете отырып, қорғау аумағында топырақ бөлшектерінің көшуін баяулатады. Орман жолақтарының әсерінен өсімдіктердің микроклиматы өзгеріп, шөптесін өсімдіктер қалыңдайды. Егістіктерде ылғалдың ұлғаюына септігін тигізетін қар көп жиналады т.б.