Орта буын сынып оқушылары арасында сынып сағаттарын ұйымдастыру мен өткізу.
Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,
Өлген артық дүниені былғағаннан
Ш.Құдайбердіұлы
Қай заманда болмасын жас ұрпақтың өнеге тұтар өзіндік ұлттық тәлім-тәрбиесі болатыны хақ. Егеменді Қазақ мемлекетінің болашақ ұрпақтарының сана-сезімін, ұлттық психологиясын, оның сонау ерте замандағы ата-бабалар салт-дәстүрімен сабақтастыра тәрбиелеу – қазіргі күннің өзекті мәселесі.
«Бала – жүректің миуасы» деп қарайтын балажан халықтардың бірі қазақ халқы да балаға ежелден болашағым деп қарайды, игі де зор үміт артады, әр ата-ана арманын ұрпағына аманат етіп тапсырады.
Ш.Құдайбердіұлы: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын – адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек». Бұл сапалар адамды дүниеге келген күнінен бастап тәрбиелейді – деп есептейді.
Адамның Адам болып қалыптасуына ата-ана, тәрбиеші, мұғалімнің рөлі зор. Адамгершілікке тәрбиелеу ісі білім берумен ғана шектелмейді, бұл баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі дүниесін оятудың нәтижесінде оның дүниетанымын қалыптастырады.Адамзаттық құндылықтар бала бойына іс-әрекет барысында, түрлі ойындар, хикаялар, қойылымдар арқылы берілгені жөн. Өйткені өзгенің басындағыны өз басынан өткізетіндей етіп қабылдауы баланың болашағын аңғаруына, айналасындағылардың іс-әрекетін түсінуіне, ой елегінен өткізіп, сезінуіне ықпал етуі керек.
Сара Алпысқызы Назарбаева «Ұстаздан ұлағат» атты кітабында: «Тәрбие дегеніміздің өзі, ең алдымен баланың сезімін оятып, әсершілігін дамыту. Сезімді тәрбиелеу – яғни, баланы қоғамдық мәні бар, адамдарға жақсылық әкелетін қылық-қасиеттерден рахат, қуаныш табуға баулу деген сөз. Парасаттылық дегеніміз – адамзатқа қызмет ету», деп жазған.
Адамгершілік құндылықтар үлкен мен баланың арасындағы шынайы қарым-қатынаста беріледі.
Біз оқушылардың рухани адамгершілігін дамыту бағытындағы бағдарламаның тақырыбын «Мен және мені қоршаған әлем» – деп алдық.
Бұл бағдарлама бойынша жұмыс істейтін сыныптардың мақсаты:
Оқушыны кісілік парасаттылыққа жан-жақтылыққа,
салауаттылыққа, имандылыққа тәрбиелеу;
Қарым-қатынас мәдениетіне үйрету;
Ойлай білу және өзіндік пікір айту қабілетін дамыту;
шығармашылыққа және тағы басқа қабілеттіліктерін анықтаудың жолдарын іздеп табу.
Бұл бағдарламадан нәтиже күтуге болады, ол нәтижені алдын ала болжап айтсақ, рухани адамгершілігі дамыған жеке тұлғаның бойынан мынандай қасиеттерді көруге болады:
терең ойлылық;
жомарттық;
өмірді мәнін түсінетін, іздемпаз;
адалдықпен жақсылыққа талпынушы;
мәдени шараларға атсалысатын;
өнерге, ғылымға, білімге, дінге деген көзқарасы мол;
жеке тұлға ретінде қалыптасуда үзбей ізденетін адам.
Оқушының тәрбиелік көрсеткіштері:
Отбасындағы мінез-құлқы;
Отбасындағы істер мен мәселелерге атсалысып, өзінен кішілерге үлгі болып, үлкендерді сыйлай білуі керек.
Мектептегі мінез-құлқы;
Сабақта үлгілі, белсенді, тәртіпті болып, оқушы Ережесін орындап,
мектеп, сынып істеріне белсене араласып, мектеп мүлкін өзінің меншігіндей күте білуі керек.
Үлкендермен қарым-қатынасы;
Кішіпейіл, үлкендермен сөйлескенде әдептілік сақтай біліп, әрқашан көмектесуге дайын болуы керек.
Құрбы-құрдастарының арасында;
Қандай қиын сәт болса да қол ұшын бере алатын, берген сөзін орындайтын болуы керек.
Қоғамдық орындар мен көшеде;
Көшеде жүру тәртібін сақтайтын, табиғатты аялайтын, көпшілік орында өзін-өзі ұстай білетін болуы керек.
Өзіне деген;
Үнемі пайдалы іспен айналысатын, алдына қойған мақсатына жететін, адал, кішіпейіл, мейірімді, өзінің істеген істеріне жауап беретін болуы керек.
«Надеждин ЖББМ» КММ
Орта буын сынып оқушылары арасында сынып сағаттарын ұйымдастыру мен өткізу.
Серикова Гулнур Жанбырбаевна