1.2 Математикалық бағдардағы мектептер негізінде программалауға мамандандыру
Орта мектептiң оқушыларына арналған бірінші ресми программалау курсы бойынша оқу бағдарламаларының пайда болуына 60-жылдардың басында жалпы орта білім беру негiзiнде есептеуіш – программалаушыларды алдын ала кəсіби дайындауды іске асыратын, математикаға мамандандыратын мектептердің ашылуы себепкер болды. Сол жылдары С. И. Шварцбурдтың Мəскеу қаласының Первомайский ауданындағы №425-ші мектептің сыныптарының бірінде 1959 жылдың қыркүйек айынан бастап жүргізген тəжірибе жұмысы кеңінен белгілі болды [15-17].
1960-1961 оқу жылынан бастап программалаушылар дайындайтын мектептердің саны өсе бастады. Мəскеулік №425-ші мектеп пен басқа да есептеуші-программалаушылар дайындайтын мектептердің тəжірибесі негізінде 1961 жылдың маусымында Ресейдiң ағарту министрлiгi математикаға мамандандыратын мектептер үшін оқу жоспарына, математиканың жалпы курсы бойынша «Математикалық машиналар жəне программалау», «Есептеуіш математика» (бұл пəн алғашқыда «Жуық есептеулер» деп аталды) оқу пəндері бойынша бағдарламалардың алғашқы нұсқасын бекітті. Сол кездерде Қазақстанда Республикалық физика-математика мектеп-интернаты мен С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің базасында есептеуші-программалаушы қосымша мамандыққа даярлау бағытында орасан зор жұмыстар жүргізілді.
1976-1984 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі А. Т. Лукьяновтың жетекшілігімен С. М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің мамандандары мектеп оқушыларын программалау мен ЭЕМ-де жұмыс істеуге үйрету жұмыстарын жүргізді [18, 19]. Бұл жұмыстардың бір ерекшелігі модельдеуге, математикалық модельдеуге көңіл бөлінуінде екендігін атап өткен жөн. Осыған ұқсас жұмыстар Ядролық ғылыми зерттеу институтында, тағы басқа жерлерде де жүргізілді.
Программалау саласындағы мамандықтары бар мектептер қатарының дамуы оқушыларға программалауды оқыту мəселелеріне арналған көптеген мақалалар мен əдістемелік зерттеулердің, құралдардың шығуына үлкен ықпал жасап, барынша маңызды оң рөл атқарды. Мысалы, 1960 жылдардың басынан шыға бастаған «Математика в школе» журналы үшін оғаштау программалауды оқыту бойынша материалдарды (С. И. Шварцбурд [15,17]), сонымен қатар, математикаға мамандандырылған мектептер үшін арнайы материалдарды (мысалы, 1965-1970 жылдары шыққан «Проблемы математической школы» атты тамаша сериясының алғашқы мақалалары жинағын [20] атап өтсе де жеткілікті) айтуға болады.
Осы жылдары математикаға мамандандыратын мектептер үшін дайындалған А. Л. Брудноның [21] мазмұнды белгілеулердегі программалау жүйесіне негізделген оқу құралы кеңінен танымал болды. Жоғары əдістемелік деңгейде жазылған бұл кітаптар программалау бойынша факультативтік курстардың қалыптасуына да елеулі рөл атқарды. 1980 жылдардың басында Қазақстан мектептерінде программалау тілдері бойынша арнайы курстар жүргізілді, ал Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектеп-интернатында 8-10 сынып оқушыларына программалау тілі ретінде ФОРТРАН тілі оқытылып, мектеп бітіргенде оқушыларға бірінші разрядтағы есептеуші-программалаушы куəліктері берілді.
Достарыңызбен бөлісу: |