1.7 “Информатика жəне есептеуіш техника негiздерi” пəнін мектепке енгізу
Сонымен, мектептерді компьютерлендіру саласындағы нақты ұйымдастыру-əдістемелік шараларды талқылауға «жалпы білім беретін жəне кəсіби мектептердің реформасының негізгі бағыттары» түрткі болды (1984 ж.) [58]. Сол уақыттағы мектеп реформасының басты қағидаларының бірі ол алғашқы рет ашық декларацияланған информатика жəне есептеу техникасын мектептің оқу-тəрбие үдерісіне енгізіп, жастарды жалпы компьютерлік сауаттылықпен қамтамасыз ету мəселесi болды. 1984 жылдың соңында КСРО Ғылым Академиясы Сібір бөлімінің Есептеу орталығы (А. П. Ершов) жəне КСРО ПҒА оқытудың мазмұны мен əдістері ғылыми-зерттеу институтының (В. М. Монахов) біріккен жетекшілігімен еліміздің түкпір-түкпіріндегі педагог-информатиктер тобын жұмылдыра отырып, жалпы білім беретін мектепте «Информатика жəне есептеуіш техника негiздерi» деп аталатын жаңа жалпы білім беру пəнінің бағдарламасын жасау жұмысы өріс алды. 1985 жылдың ортасында осындай жұмыс орындалып, КСРО оқу-ағарту министрлігімен мақұлданды [59]. Үкіметтің келесi шешімдерімен жастардың компьютерлік сауаттылығын қалыптастыру мəселесін тез шешуге мүмкіндік беретін негізгі стратегиялық жол ретiнде орта мектепке «Информатика жəне есептеуіш техника негiздерi» пəнін міндетті түрде енгізудің нақты мерзімі – 1985 жылдың 1 қыркүйегі болып қабылданды. Бағдарламадан кейін қысқа мерзім ішінде оқушыларға арналған оқулықтар [60, 61], мұғалімдерге арналған көмекшi құралдар дайындалды [62, 63]. Мемлекеттің мектепті компьютерлендіру мəселесiне үлкен көңіл аударғанына «Информатика и образование (ИНФО)» деп аталатын жаңа ғылыми-əдістемелік журналдың құрылуы куə болады, бұл журналдың бірінші нөмірі 1986-1987 оқу жылында шықты.
Қазiргi кездегі Ресейдегі экономикалық қиындықтарға қарамастан ИНФО журналының бүгiнгi күнге дейін қазiргi бiлiм беру жүйесi үшiн маңызы ерекше, информатика мен ақпараттық технологияларды бiлiм беру ауқымына ендiру үшiн қажеттi əдістемелік, дидактикалық, техникалық, ұйымдастырушылық, əлеуметтік-экономикалық, психологиялық-педагогикалық мəселелердi қарастыратын арнайы ғылыми-əдiстемелiк журнал болып отыр.
Ал, Қазақстанда 1992 жылы Қазақстан Білім Министрлігінің ғылыми-əдістемелік педагогтік «Қазақстан мектебі» журналының «Информатика, Физика, Математика» атты қосымшасы жарық көре бастады.
Жаңа пəнді оқыту үшін 1985 жəне 1986 жылдардың жаз айларында мұғалімдерді жедел дайындау курстары өткізілді, олардың қатарында негізінен физика, математика мұғалімдері мен білім беруді ұйымдастырушылар болды. Бұл құрам информатика жəне есептеу техникасы саласы бойынша тездете тереңдетіп дайындау жолымен физика-математика факультеттерінің 1985-1986 жылдардағы түлектерімен – болашақ жас мұғалімдермен толықтырылды. Сол кезде КСРО оқу министрлігінің шешімімен педагогикалық институттардың физика-математика факультеттерінің негiзiнде информатика жəне есептеуіш техникасы пəнінен жүйелі түрде мұғалімдер дайындауды ұйымдастыру бойынша жедел ұйымдастыру-əдістемелік шаралары қабылданды [10,11].
1985 жылдан бастап педагогикалық жоғарғы оқу орындарында физика-математика факультеттерінің қызметі халыққа білім беру мен халық шаруашылығына жоғары мамандандандырылған мамандар: математика мен информатика мұғалімдерін; физика-математика ғылымы жəне орта мектеп пен жоғары оқу орындарындағы математика мен информатиканың кейбір тарауларынан сабақ беру əдістемесі салаларынан ғылыми қызметкерлер дайындауға бағытталды. Осыған орай, 1985-1987 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің «Информатика жəне есептеуіш техника» кафедрасының қызметкерлері республикадағы «Информатика жəне есептеуіш техника негіздері» атты мектеп курсының мазмұны мен оны оқыту əдістемесін қалыптастыруға ат салысты.
1985 жылдан бастап Қазақстандағы мұғалімдер дайындайтын қара шаңырақ Абай атындағы АлМУ-да «Математика жəне информатика», «Физика жəне информатика» мамандықтарының оқу жоспарлары жасалып, сол бойынша орта білім беретін оқу орындары үшін «Информатика жəне есептеуіш техника негіздері» пəні бойынша мектеп мұғалімдерін дайындау жүзеге асырыла бастады.
Мектепке ИЕТН пəнін енгізуді мамандармен қамтасыз ету ауқымында, егер кеңiрек айтсақ, бүтіндей мектепті компьютерлендіру ауқымында қысқа мерзiм ішінде шешілуi қажеттi мəселелердiң қиындық деңгейі мен сипатын нақтырақ түсіну үшін 1980 жылдардың ортасында КСРО мектептерінде информатика жəне ЭЕМ саласында жұмыс істеген мұғалімдердің нақты дайындық деңгейінің қандай болғанын еске түсіре кеткен абзал.
Алғаш ЭЕМ-ге программалаудың қысқа таныстыру курсы – «Математикалық машиналар жəне есептеу практикумы бар программалау» деген оғаш аты бар 1964 жылы педагогикалық жоғары оқу орындары физика-математика факультетінің оқу жоспарында пайда болды. 1970 жылы педагогикалық жоғары оқу орындары физикаматематика факультетінің оқу жоспарына жаңартылған «Есептеу машиналары жəне программалау» (50 сағат) курсы енгізіледі, бірақ бұл курс бағдарламасының мазмұны программалаудың болашақ даму бағытына сəйкес келмеді. Келесі «Есептеу математикасы жəне программалау» жалпылама курсының ресми түрдегі бағдарламасы программалауға 70 сағатқа жуық бөліп, дербес жағдайда, жоғарғы деңгейдегі Алгол-60 тілімен танысуды ұйғарды [8]. Сол кездегі санаулы педагогикалық жоғары оқу орындарында, техникалық қамтамасыз етудің жоғары деңгейі болып саналатын, бір-екі «Найри», «Промин», «Мир» жəне т.с.с. кiшiгірім ЭЕМ-дің болғандығын айта кеткен жөн. 1970 жылдардың соңына қарай педагогикалық жоғары оқу орындарында программалау мене есептеу математикасы бойынша бар болғаны төрт кафедра ашылды (Мəскеу, Ленинград, Свердловск, Омбы), ал алғашқы дербес ЭЕМ-дер (отандық ДЭЕМ-дер «Искра», «ДВК», «Электроника») тек, 1980 жылдардың ортасында ғана санаулы жоғары оқу орындарында өте аз мөлшерде пайда бола бастады.
Жоғарыда айтылғандардан, информатиканы орта мектепке енгізу кезеңінде (1985 жылы), сол кезде мектепте жұмыс істеп жүрген педагогикалық жоғары оқу орындарының физика-математика факультеттері түлектерінің компьютерлік дайындық деңгейі жаңа ИЕТН курсын оқытудың талаптарына еш сəйкес келмегенін байқауға болады.
Оның себептерi айқын:
– педагогикалық жоғары оқу орнында білім беру информатика саласын оқытпады, ол тек программалаудың алғашқы элементтерiмен, информатика курсын мектепке енгізу кезiндегі деңгейге қарағанда, едəуір, одан қалды идеялық деңгейде, танысуға бағытталған болды;
– педагогикалық жоғары оқу орындарында программалауға дайындау тек білім беру сипатында ғана болды, ал ол осы пəннен оқушыларға сабақ беруге бағытталмады (мұндай мəселе болған жоқ едi).
Əлбетте, 1980 жылдардың екiншi жартысында мемлекеттік жəне аймақтық білім беруді басқаратын ұйымдармен қабылданған ең батыл жəне жедел түрде информатика жəне есептеу техникасын оқытатын физика, математика мұғалімдерін қайта дайындауды қамтамасыз ететiн ұйымдастыру-əдістемелік шаралары, тек ИЕТН мектепке енгізудің бірінші кезеңінің шұғыл шаралары ретiнде ғана жарамды болды. Ал, педагогикалық жоғары оқу орындары физикаматематика факультетінің негiзiнде информатика мұғалімдерін жəне мектептерді компьютерлендіруді ұйымдастырушыларды жүйелі түрде дайындауды қалыпқа келтіру, сол сияқты басқа мектеп пəндері мұғалімдерінің компьютерлік білімін лайықты жағдайға келтіру шараларын ары қарай жүзеге асыру түбегейлі ғылыми-əдістемелік негіздемелер мен талқылауларға сүйенуі керек.
Сол кездерде оқу орындарының, мектептерден бастап жоғары оқу орындарына дейін Қазақстан Республикасы халық шаруашылығының даму ерекшеліктері (менеджмент, ақпарат қажеттілігі жəне т.б.) нарықтық экономика жағдайында «информатика» мамандығы бойынша «информатика (оқытушысы) жəне компьютерлендіру менеджері» мамандандыруы, сол сияқты «информатика жəне ағылшын тілі», «информатика жəне экономика», тағы сол сияқты қосалқы мамандықтағы мамандар даярлауды талап етті. Мұндай мамандар дайындауды физика-математика факультеті базасында көп сатылы құрылымы бар оқу жоспарларына көшу арқылы іске асырылды. Осындай мамандарды дайындауға республикаға белгілі ғалымдар Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ұ.М. Сұлтанғазин, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы Ш.С. Смағұлов, ғылым докторлары Н. Т. Данаев, Т.Н. Бияров, С.С. Оспанов, С.Я. Серовайский, А. Дүйсембаев жəне т.б. ғалымдар физика-математика факультеті информатика жəне қолданбалы математика кафедрасында қосымша оқытушылық қызмет атқара отырып ат салысты.
«Информатика жəне есептеуіш техника негiздерi» курсын программалық қамтамасыз ету негізгі мəселелердің бірі болып табылады. Мұндай жағдай 1985 жылы қалыптасты, яғни информатика жəне есептеуiш техника негiздерi курсын сүйемелдеуге арналған алғашқы кешенді программалар сол жылдары пайда бола бастады. Бұл жұмыстар оқулықтар мен оқу құралдарының авторларымен тығыз байланыста болды [64]. Кейiннен компьютерлердiң əрбiр түрлерi үшiн программалық-əдiстемелiк кешендердi жасау мəселесi алдыңғы орынға шықты. Бұл оқу жоспарында қойылған мiндеттердi шешудi қамтамасыз ету үшiн онсыз да мүмкiндiгi шектеулi оқу есептеу машиналарын мейлiнше кеңiнен пайдалануды қажет етедi. Дегенмен, 1990 жылдардың басында ТМД-ның республикаларында, соның iшiнде Қазақстанда да есептеу техникаларын таңдауда, IBM-PC тектес компьютерлердi таңдау арқылы соңғы нақты шешімдері қабылданды. Сол жылдары отандық мұғалiмдер мен оқушылардың қолында А. П. Ершов пен В. М. Монаховтың жəне А. Г. Кушниренконың редакциялауымен дайындалған оқу құралы мен мұғалімдерге арналған əдістемелік құрал болды.
1985-1987 жылдары Қазақстанда Абай атындағы АлМУ-дың «Информатика жəне есептеуіш техника» кафедрасының меңгерушісі Е. Ы. Бидайбеков «Информатика жəне есептеуіш техника негіздері» курсын оқыту əдістемесі мен мазмұнын қалыптастыруға тікелей ат салысты. Ол А. П. Ершов, М. В. Монаховтың редакциясын басқарумен дайындалған 2-бөлімнен тұратын «Информатика жəне есептеуіш техника негіздері» деп аталатын оқушылар үшін байқау оқу құралын жəне мұғалімдер үшін «Информатика жəне есептеуіш техника негіздерін оқыту» əдістемелік құралының қазақша аудармасының арнайы редакторы болды [35-38]. Сонымен қатар, арнайы редактор ретінде аударудың ғылыми-əдістемелік деңгейінің тек дұрыстығын ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының орта мектептеріне жаңа пəнді енгізуді қамтамасыз ететін информатика бойынша қазақ тілінің терминологиясын енгізіп, тағайындады.
Бұл оқулықтардың екi нұсқасы үшiн де қажеттi қазақ тiлiндегi педагогикалық программалық құралдар жоқ болды. Тек Абай атындағы АлМУ-дың есептеу зертханасында университеттің барлық
факультеттерінің информатика жəне басқа пəндері бойынша оқу үдерісін сүйемелдеуден ғана емес, сонымен қатар əр түрлі қазақ, орыс тілдерінде педагогикалық программалар пакеттері (ППП) жасала бастады. Атап айтқанда, қазақ жəне орыс тілінде мынадай программалық өнiмдер: Е-практикум, ПРОЛОГ-Д, ПРОЛОГ-Б, ТІЛДІК ОРТА, ИЕРАРХИЯ, «Информатиканы оқыту əдiстемесi», «Есептеуіш техниканы оқу үдерісінде қолдану» пəндерiнде қолданылатын программалық құралдар пакетi жасалынып, ал кейбiреулерiнiң аудармасы, оқу үдерісіне енгізу масатында таратылып отырды. Кафедрада жасалған «ТІЛДІК ОРТА» программалық құралдар пакетi 1994 жылы Республикалық көрме-жəрмеңкеде бірінші дəрежелі дипломмен марапатталып, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде пайдаланылуға ұсынылды. Сонымен қатар, бүкілодақтық компьютерлендіру бағдарламасына сəйкес аталған университеттің физика-математика жəне басқа факультеттерінде компьютерлендіру (ДЕКАНАТ-автоматтандырылған басқару жүйесі, ректораттың оқу-тəрбие жұмысын автоматтандыру (кадрлар, аспирантура), кафедра мұғалімдерінің оқу жүктемесін есептеу жəне т.б. автоматтандырылған басқару жүйелері) жұмыстары жүргізілді.
Достарыңызбен бөлісу: |