1717 жылдан бастап 26 жасында елі мен жерін қорғау жорығы басталады. Найман түмендерін майданға бастап шыққан: • 1717 жылы Аягөз шайқасына, 1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1724 жылы 32 жасында Түркістанда хан сайланып, қазақтың Бас сардары (Бас қолбасшысы) дәрежесіне көтеріледі. 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы Аңырақай – Алакөл шайқасына, кейіннен Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырына айналды. • 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауды жеңгені үшін «Дарабоз» атанды. • 1751 жылы батыр қолы Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан азат етіп, Төле бидің билікке келуіне ықпал жасады. Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалады. • 1752-1754 жылдар аралығында Қабанбай басқарған қазақ сарбаздары алдымен Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысты. Осыдан кейін Қарақол мен Нарында, Үржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгенбай әскеріне қосылады. Одан кейін Баспан – Базар, Шорға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін жаудан азат етті.
Райымбек батыр - Райымбек Түкеұлы (1705, қазіргі Алматы облысы — 1785, Алматы) — батыр, қолбасшы. Ұлы жүз албан ішіндегі алжан руының сырымбет тармағынан. Атасы Хангелді батыр 18 ғ-дың 1-жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шығып, 1733 ж. Төле, Қодар билер, Сатай, Бөлек батырлармен бірге Ұлы жүз қазақтары атынан орыс патшайымы Анна Иоановнаға елші жіберген. Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанды. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы “Ойрантөбе” деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түсті. 1733 ж. Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Райымбектің ерекше еңбегін оның есімі албан тайпасының ұранына айналғанынан да білуге болады. Көзі тірісінде “көріпкел”, “әулие” атанған. Ол Алматы алқабында Шілік, Жалаңаш өңірінде тоған қаздырып, су шығартып, егін ектірген. Жазушы Ж.Тұрлыбайұлы роман, ақын М.Мақатаев “Райымбек, Райымбек” атты поэма жазған. Алматы облысында Райымбек есімімен аталатын жер-су аттары көп кездеседі. Торайғыр тауындағы Айырлы асуының маңында “Райымбек бастауы” бар. Алматы облысының Нарынқол, Кеген аудандары бірігіп, қазірде Райымбек атымен аталады, онда батырға ескерткіш орнатылған. Батырдың бейіті Алматы қ-ндағы оның есімімен аталатын үлкен даңғылдың бойында. Бейітінің басына кесене — күмбез тұрғызылған. 1990 ж. “Райымбек” тарихи-этногр. қоғамы құрылды.