Өскеменнің ар жағында, Бұқтарманың оң жағында әлемге аян Алтай бар



бет3/5
Дата08.11.2023
өлшемі254,09 Kb.
#190471
1   2   3   4   5
Байланысты:
Ақбілек. Жүсіпбек Аймауытов

Мағұлымнама
«Сартау елінің барлық қанын сорған, байлығын жиып алған Матай балалары. Себебі 1887 жылы Сартау еліне болыснай, опрабитл болған. Сонан үшбу уақытқа шақлы еліне өмірінің жүруі бөлек: аптаномиялы, ханлы ел сықылды.
1. Халыққа тарайтұғын алым-шығын, збор һәм қара шығын, поштауай ат һәм лау ат, ауылнай старшын сайлану һәм елу басы сайлану, — баршасы жалғыз Матай балаларының ықтиярында болған. Осындай өз қолымен сайлап қойған ауылнай старшынлар һәм народнай судьяларының мүһрлары Әбен Матайұлының қолында болды да, өзі керек қылған кезінде баса берді».
— Рас па?
— Біз қайдан білейік.
— Тыңда, ендеше.
2. «Ианеде елде ұрыларды көбейтіп, Әбен Матайұғлы олардан жүйрік, жақсы атлар алатүн. Сол алған атлар осы уақытта қолында бар: бір шек кер ат — ұры Ақмет Сағынайұғлынан; япас қарагер ат — ұры Босаға Салықбайұғлынан; ианеде көк ат алған».
— Білесің бе?
— Мен білмеймін.
3. «Ианеда біреуінің қатынын бұзып, босатып басқа біреуге малға сататүн. Сол ғадатын осы уақытта да істеп отыр: Бейсен Әбішұғлының қатынын бұзып Құлық Боржықайұлына сатып отыр. Ианеде көп кісілері билан һәр ауылнайға барып, қонақ болып, ол барған үйінің малы аса семіз болмаса, оған өзі үкім қылады: пәлен атын, яки пәлен түйесін әкеп берсін деп. Осы ісінен қорыққан нашар ауылдар өзлері шақырып семіз малын сойып беретүн».
— Бұ да өтірік пе?
— Ел аралайтыны рас қой.
4. «Ианеде Әбен Матайұғлының малайлары: алты жылқышы, төртеуі түнге, екеуі күндізге: үш қойшысы, бірі түнге, екеуі күндізге: бір түйеші, бір сиыршы. Екі үйіне төрт биеші, екі тезекші. Ианеде екі үйінде малдарын сауатын алты қатынлар. Осының бәріне бір тиын ақы берген емес. Себебі: қайсыларының жесір дауы, қайсыларының мал даулары бар, қайсылары қатын алғысы келеді; қайсыларының қатыны бұзылып жүрген; қайсылары ұры атында; қайсыларын құлым деп жұмсайды, осындай себеп илан қызмет істеп келеді. Ғұмырынша «тсар асбободтілден9» кейін адамды құл қылып ұстайтын рәсім жоқ еді. 52 жыл болды, Мүсәпір Жайтуғанұғлы құл есебінде болып, жылқысын бағып жүр, оның балалары құл болып қойын бағып жүр».
— Бұған не дейсің?
— Бұларды бекер деуге бола ма? Бай болған соң малай салмай тұра ма...
5. «Ианеде 1914 жылы «Көпкөл» деген зауат болған. Ол зауаттың тас көмір тартатын подретін Әбен Матайұғлы алып бұтына 11 тиыннан һәм барша крекешлерге бұтына 9 тиыннан қисап берген. Бір мүлиен бұт тас-көмір тасылған. Сонда барша кірекшелерден 20 мың сом пайда қылған. Ол уақытта орта қисап илан орта жылқы 20 сом болушы еді. Сонда барша крекешерден бір мың жылқы пайда қылған болар. Сол зауаттың опраблайшыны екі иақшы ат беріп, тамыр болып, бір иақшы мылтығын алды; үш ауызды, алыстан тиетұғын. Ол подрет біліп, опрабылайш қайтар уақытта тамыр болып берген екі буырлы атты өзі ұғырлатып алды. Осындай досына опасыздығы бар».
— Осыларды да естімедің бе?
— Естідік қой. Мұның бекері жоқ. Подреттен қанша пайда қылғанын қайдан білейік? Атын қайта алуы рас қой.
6. «Ианеде 1916 жылғы Сарыадыр жәрмеңкесінде Петрепаблының көпесі Патқұлланың 30 мың бұт жиған жүн-жабағысын подретке алып, Ертіске түсіріп беруге бұтына бір сомнан; крекешке 90 тиыннан беріп, халықтың үш мың сомын жеді. Ол уақытта қой 6 сом еді. Сонда 500 қой пайда қылған болады».
7. «Ианеде 1916 жылғы 25 июнь жарлығы болып, бұратана елден қара жұмысшы шақырғанда, Қарабас зауатынан Әбен Матайұғлы қорғасын тартатүн подрет алып, сол подретке кіргізіп, қара жұмыстан алып қалам деп, кіргізген кісілерінен 96 ат алды һәм ол тартқан қорғасынның кіре қақысын Әбен Матайұғлы өзі пайда қылды. Ианеде 19 бен 31-нің арасында болған жігітлерінің орнына бала салып һәм кәрі кісі салып, һәм ауру болып қалғандардан кісі басына бір ат алды; бермесең, көрсетем деп қорқытып. Осылардан алғаны 140 ат. Төрт кісі пайда серік боп бөліп алды: Ақып Жамшыбайұғлы, Адамбай Жүсіпұғлы иане Сейіт Төлемісұғлы...» — деп келе жатып, Жылтыр міңгірлеп кетеді. Өйткені Сейіт Бекболаттың әкесі еді. Бекболат сасып:
— Жоқ біздің әкей аман шығар...— дей берді.
— Аман болса, аман шығар,— деп Жылтыр тағы оқыды:
8. «Ианеде 1919 жылы дуандағы камендант Алексеевпен тамыр болып, жек көрген адамдарын абақтыға салғызды. Оларды шығарам деп кеп ақшасын алды. Камендант Матайұғлын земский сабранияға председатель сайлады. Мұнан Әбен Матайұғлы Шилі, Шеңгелді елдеріне барып, қорқытып 30 ат әкелді».
9. «Ианеде осы иыл ағүс айында Калшак өкіметі илан земстба бұйрық қылды деп, опрабител Аббас Матайұлы елге жариялады: бір июз отыз мың сом жиып налок салсын деп. Тез жинап салмасаңыз атрет шығарамыз деп, ауылнай, поштабайларын шапқызып, барша аталмыш ақшаларны жиып алды. Сол ақшаның үштен бірін салып, өзгесін болыснай Аббас Матайұғлы, Әбен Матайұғлы һәм... (міңгірлеп кетеді) һәм ауылнай Жүсіпұғлы пайда қылып отыр деп естиміз...»
— Бұған таласың жоқ шығар.
— Мен оған несіне таласайын? Ақша жиылып жүрді ғой. Бірақ кім-кім пайда қылғанын кім біледі.
— Білмесең, міне тыңдай бер: ,
10. «Ианеде 1919 жылы ағүс айында Семей барып, Калшак қазнасымен жақын болып, ғаскерге 300 ат беруге уағыда қылып қайтты. Үйіне келіп, 70 ат жіберді. 70 мың сомның кезлемесін һәм бір иуз он мың сомның ақшасын әкелген. Қалған 230 ат үшін Калшак өкіметі 500 сом перуат қылған. Мұнан соң қазнаға ат жиямыз деп, елдің яқшы атларын Әбен Матайұғлының қоса берген атларын жібер деп неше мәрте тілгарам келсе де жібермей ақыры сол 230 ат Матайұғлының қолында қалып, Ақбанұғлы, Темірбайұғлы, Төребай балалары һәм... (міңгірлейді) ұғлы пайдаланып кетті...»
— О жолы біздің әкей телімнен құр қалған шығар: араздығының басы со ғой.
— Оған мен таласпаймын, әйтеуір бірге жүрген кісі ғой.
— Оны нетуге болмас па?
— Жоқ оны артынан сөйлесерміз.
11. «Ианеде Калшак өкіметі жығылып, аклар қашқанда Әбен Матайұғлының атағына келген бір палкаунік, бір нашелнік канта жолдастары илан, баршысын алғашқы келген қызылдар ұстап алды. Бұдан бұрын Степанский полкінің арғы Сарытау сыртындағы Жаманқала поселкесінен жүргелі тұрғанда, Матайұғлы, Ақбанұғлы, Ермекбайұғлы, Темірбайұғлы һәм... ұғлы басқа болыстан қанша жолдаслары бар ақтардың 60 ғаскерін ұстап алған. Бір полемет, қанша ат, арба, қанша киімлар, қанша ақшалар, — баршаларын олжа қылған. Ұстап отырған үстіне қызылдар келіп қалып, алған нәрселерді тап деп, иане өзіңе тән жылқыңнан бізге екі жүз ат даярла деп бұйрық салған. Сонан кейін Матайұғлы пленнің нәрсесін жиылған ел таратып алып кетіпті, кім алғанын білмеймін. Бір кісі қосып берейін, өзлерің кісі жібер, солар жисын деп сұранған. Полк бастығы үш салдат қосып беріп, төрт кісіні нәрсе жинауға жіберген. Матайұғлы елден 200 ат жиғызып бергенде, бұлар арық ат нашар елдікі, өзіңнен 200 семіз ат бер деп қаһарлы бұйрық қылған. Елден тағы ат жинап жүргенде полктың жүретұғын уақыты болып алдыңғ 200 арық атпен жүріп кеткен. Сол аттар баршасы кетті. 10 ат қайтқан еді, оларды Матайұғлы иесіне бермей алып қойды; себебі лаушыны мен жібердім деп. Плен нәрсесін жиған үш кісіге үш мың сом, бір полемет беріп, қалған қанша қару-жарақ, бұйымларны жоғарда айтылмаш үш-төрт адам пайда серік болып бөліп алды».
— Бұған не айтасың?
— Ақтың нәрсесінен пайда қылды ғой жұрт.
12. «Мүнден кейін елге сайлаушы шықты. Сарытау еліне келген Шамен Айдарбекұғлы Матайұғлы илан сөйлөсіп 20 жылдан бергі 3-нші ауылнай старшыны боп жүрген Жүсіпұғлын болыснай репком сайлады. Шар жоқ, ауызша сұрау жоқ, бір болыс елдің барша ауылнай репкомларын да жазған. Матайұғлы жаздырып жіберді. Мүнден кейін сойысқа 40 өгіз берсін деген бұйрық келді деп, өгізі бар 40 кісіге бөлдік деп мелитсемен жиып алды...»
— Бұл рас. Біздікінен де бір өгіз алды.
«Сол малдарға қазына ақша бергенін де білмейміз. Берсе де өзіміздің жалмауыздар жеп қойғанын да білмейміз».
13. «Ианеде Матайұғлы екі жерге қыстау салып отыр. Біреуі Шақат бұлағындағы Әлкебай балаларының, Қорабай, Боқсарыұғларының... жерін тартып алып, екінші көл басында, күн батыс жағында Құрман балаларының күн шығыс жағында Тойбазар балаларының жерін тартып алып, тамам нашарларды жылатып, қаңғыртып отыр. Ианеде Әлкебай балаларының қора-мүлкі бар еді. Екі бөлмелі үй, қанша қора жабдық: есік, терезелерін өзіне бермей жылатып отыр».
— Бұ да өтірік пе?
— Қыстау салып, жер алып отырғаны рас қой.
14. «Ианеде бір қыстауынан бір қыстауын аударыстырып салатын ағаш үй иане түрлі жұмысларын елден жігітлер жинап, ақысыз олар жұмыс істейді. Өз үйінен тамақ жоқ, маңайдағы ауылдарға бұйрық салады: біз қонамыз, қымызын жиып, семізін даярлап отырсын деп. Халыққа зияны тимеген күні бір топ кісімен бір семізді сойғызып жеп кетеді».
15. «Ақыры Сартау елінің қазағы — қой; Әбен Матайұғлы қасқыр. Қой қанша көп болса да қасқырға қарсы келе ала ма?
Осы аталмыш залымларды елге жолықтырмай, бір орынға жиып қойып, бір ғаділ адам үй басынан жүріп жауап сұраса, баршалары басынан кешкен оқиғаларын айтар еді.
Мағлұм қылғандағы мақсұтым: Ғадалатлы өкімет, ғадалат, марқамат етсе, көп халықтан тәңір жарылғасын алсын деген.
Мен мағлүм қылушы сіздерден тіленемін: мені Әбен Матайұғлына білдірмесеңіз екен; Матайұғлының қаһары қатты еді. Мені сау қоймайды ғой.
Дайу мағлүм бергуші.
192х жыл, 20 май.»
Жылтыр арыз оқып болды да сұқ қолын ортан қолына тіреп, тырнағымен арызды бір шертіп қалды:
— Міне, мынау 15 пакт, 15 статия көтіне тас байласа да, сүркілдетпей ме?! — деді.
— Біз қайдан білейік, қара кісіміз ғой, — деп, Бекболат алақанын жайды. Өйткені мынау арыздан өзі де шошынайын деді.
Соңғы кезде Бекболаттың әкесі Әбенмен араз еді. Себебі Калшак тұсында жиылған ақшадан, 300 атқа алынған бұйымнан мәз телім бермеді деп өкпелеген. Сол өкпемен Әбеннің бір шақырғанына бармаған. Қорықса өзі тығылар деп қырық өгіздің тұсында Бекболаттың әкесінен бір өгіз алдырған. Сейіт оған ығыспаған. Содан кейін Әбен Сейітпен ауылнайлас Дүрбеуіл дегенді қолына ұстап адам қылған. Сейіт Дүрбеуілге ел билетпеймін деп ауылнай ішінен партия ашқан. Дүрбеуілге Әбен атсалысқан. Дүрбеуіл жақтағы біреудің Сейітке тән біреуде ақысы бар деп, мелитсе жіберіп бір сиырын қудырып алған. Сейіт баласын жіберсе де, сиырды қайырмаған. Содан былай Әбеннің Сейітке тізе көрсетуі көбейген. О жақтың қатындарын, жесірін кетірткен, жер дауын туғызғаны, аласыларын бергізбеген, барымта кірістірген — әйтеуір пәлені еккен. Сейіт Әбенге қарсы тұруға қармаулы сүйенер ем болмай, бата соға алмай жүретін. Жақын арада осы Жылтырдың қуғынымен Әбеннің қойған болысын түсіріп, оның орнына қаладағы Күреңбай деген көменес етікшіні болыс сайлатқан еді. Жылтыр «өзі қойған» Күреңбайын салғаннан Әбенге қарсы шығарып, бұрынғы ауылнайларды түсіртіп, өзіне тән адамдарынан қойғызып еді. Бұрын ел билеп көрмеген етікші қалай үйретсе де, Әбенге төтеп бере алмай, елді меңгере алмай есі шығып жүр еді. Кешегі пошта тартып алуы да «жаман болысты» басынғандығы ғой. Бекболат Жылтырға жолыққаннан бері, бұл әңгімелерге әбден қанған. Енді Жылтырды өзімсініп:
— Біздің отағасы да Әбенге наразы адамның бірі ғой: әлгі арыздан о кісіні шығарып тастауға болмас па екен?— деп сұрады. Бекболаттың аңқаулығын сезе қойды да Жылтыр:
— Е, әбден болад,— деді (алдақашан жіберіліп қойғанымен жұмысы жоқ). Heгe десең, Жылтырға ел керек қой.
Бірақ Жылтырдың жымиғанын Бекболат та сезді; әлгі сөзді байқамай айтқанын біліп:
— Бірақ ол арызыңыз жіберіліп қойған жоқ па?— деді.
— Е, ол арасы оңай, ретін табармыз,— деді.
— Ретін тапсаңыз дұрыс,— деген болды. Ар жағы Жылтырға сенбеді.
Бекболаттың Жылтырға сенбейтін де жөні бар ғой. Қалай сенсін?
Жылтыр аты шулы ала аяқ. Оның қылмаған бұзақылығы жоқ. Ол әуелде Матайдың Әбеніне тілмаш болған. Әбенмен бірігіп елді қанаған; Әбенге шәкірт болған. Ол қазынаның ақшасын да жеген; талай адамдардан «қарызға» ақша алып, дәт дегізген. Төңкеріс кезінде елге сайлаушы боп шығып, параны өкірткен. Бір тайпы ауылға түгел ет ас деп әмір қылып,— еттеріңді өздерің же — деп жүріп кеткен күндері де болған: ұлықтығын көрсетпекші ғой. Ол шалқасынан жатып, жеті қызға аяғын жуғызған. «Кемесермін», «Болдомошнмын», «бұйрығым» бар, «мандатым» бар деп елден салық та жинап алған. Ол түгілі бұ Жылтыр кісі де өлтірген; ұрлық та қылған, падлок мер, падлок документ алу да мұның қолынан келген. Оның бүлдірмеген елі, екпеген пәлесі жоқ. Ол абақтыға жүз түсіп, жүз шыққан... Ол — бір сынап. Оның өтірігіне найза бойламайды. Ол бір — су; орысшаға да, қазақшаға да бірдей. Ол талай қызды алып қашқан, талайды тастаған; қатын алу, тастау оған тымақ ауыстырып кигенмен бір есеп. Оның басына қандай тас тисе де, бір қайтпайды; ұрған сайын борсықша семіреді. Қашан көрсең де, көзі ойнақтап, пұшықтау мұрнының жұқа танауы делдиіп, дөңес маңдайы жалтырап, қунақ құланша атығырылып тұрғаны. Өзі де орта бойлы, арам ет жоқ, қағылез, сайтан секілді ұшып тұр. Жүріс-тұрысына, бет құбылысына, қол сермесіне көз ілеспейді; бір минутте жүз құбылады.
Бекболат бұрын Жылтырды ала аяқ деп еститін. Бірақ өзі көрген емес еді. Енді Жылтырмен таныс болған соң: «Мұндай да адам болады екен-ау! Бұларға өлім жоқ-ау» деп таң қалып жүрді. Әйтсе де: «Бұ кәпір әлде қай жерде аунатып кетеді?» — дегендей қауіпсінді. Бет-ауызы да, өзі де, сөзі де жып-жылмағай; қолға ілінерлік, табан тірерлік, түк кедергісі жоқ, жылтыр мұздың үстінде тұрған кісідей болды.
«Не де болса, ауруханадан кетсем екен; елге, кеңге шықсам екен. Байсалды қазақты көрсем екен; мынауың құрып қалсын! Адамның басын айналдырып жіберді ғой»,— деген оймен Бекболат ауруханаға кірді. Кірсе — дәрігер киініп кеткелі жатыр екен:
— Мені қашан шығарасыз?— деп тағы сұрады. Дәрігер:
— Ертең, ертең,— деп басын шұлғыды.
Бекболат көңілін бір демдеп төсегіне келіп жантайып, Ақбілегін тағы ойлады...
Ертеңінде сәскеде дәрігер жарасын көріп, дәрі сеуіп, қайта байлап, шығуына рұқсат берді. Әкесі — атқа мінесің, тойға барасың деген балаша қуанып кетті. Аурухананың киімдерін тастап, өз киімін киген соң, адам сияқтанып қалды. Тысқа шығып, шапанының өңірін сілкіп, жауырынын қимылдатып, қапастан шыққан құстай қомданып алып, артына қарамастан қаздаңдап жөнелді.
Күн бұлттау. Түнде жаңбыр жауып, жер сабыр боп қалған екен.
Таныс қала, таныс көше. Олай-бұлай өтіп жатқан матүшке, салдат. Үйез кеңсесінің алды толған қазақтың аттары...
Бекболат екі-үш көшені айналып, салған бойымен Төлегеннің пәтеріне келді. Төлеген үйде жоқ, қызметінде екен. Қазаншы матүшке ас үйде тамақ істеп жатыр екен:
— Аман, аман,— деп тани кетті...
— Е, етті кеп асып жатырсыңдар ғой.
— Қонақ келеді.
— Қандай қонақ?
— Камисар, кеп камисар.
— Мен де қонақ болам,— деді күліп.
— Жарайды. Арақ кеп, шошқа бар, — деп матүшке қалжыңдады.
— Қой, шошқаң құрысын!
Матүшке күлді. Бекболат кер-жерді айтып тұрып, арғы ас үйге қарай жөнелді. Матүшке:
— Ей, аяғың сүрт! — деп жеңінен тартты. Өйткені тақтайды жаңа жуып қойған екен.
— О, құрып қал! Аяғым таза,— деп босағада жатқан дымқыл кенепке аяғын сүйкеп, арғы бөлмеге кірді.
Тап-таза екі бөлме. Ауыз бөлме, ортада үлкен үстел. Жағалай орындық. Бұрышта ілуі Төлегеннің киімдері, екі шалбар, бірі қара шұға бірі көк диягнал, күзен ішік, брезент сулық, шолақ камзол, сырма шалбар. Соңғы екеуі Төлегенге киюге лайық емес. «Мұны қайтеді екен», — деп ойлады.
Бұл бөлмеде біраз отырып, киімдерді көтеріп көріп: — осының бәрін бір өзі кие ме — дегендей басын бір шайқады да, жоғарғы бөлмеге кірді.
Қос әйнектің арасында көк шұға жазу үстелі тұр; ортасында төрт бұрышты, бұрыштары былғары қалың қызыл қағаз, жез қақпақты, төрт қырлы тас дәуіт; оның екі жағында екі жез шамдал; қалам қыстыратын, шылым салатын тағы бірдеңелер; үстелдің ірге жағы қаттаулы кітаптар, қарсы қабырғада, бұрышта жалтыраған, солқылдақ крауат, ақ жастық, мауыт көрпе, крауат алдында, жерде кішірек қызыл масаты; қабырғаларда үлкен-үлкен үш-төрт сурет; крауаттың аяқ жағында айналы шкаф, жұмсақ барқыт қаптаған алты орындық.
Мұнша аспаптар қайдан келген? Осының бәрін Төлеген ақшасына сатып алған деп ойлайсыздар ма? Жоқ. Төлеген мұның бәрін кеңседен алған; кеңсе қаланың байларынан жиналған; өйткені қызылдар келісімен байлардың мүлкін қазынаға көшірген ғой. Төлеген сияқты есебін тапқан қызметшілер қазынадан пайда қылмай тұрсың ба? Төлегеннің алатын да жөні бар ғой. Ол өзі протком (азық-түлік) деген кеңседе кемесардың орынбасары. Өйткені Төлеген жылы жерді біледі ғой. Жақсы киім, жақсы тамақ проткомшілерден табылады ғой.
Бұлардың қайдан келгенін Бекболат қайдан білсін? Төлеген қара басына құнтақты жігіт екен деп ойлайды. Анығында да Төлеген құнтақты жігіт еді. Жақсы тұрғанды кім жек көреді? Сонда да Төлеген «Ел пайдасы» деген сөзді аузы айтқаны болмаса, ар жағы өз пайдасын көбірек қарастырушы еді. Ол қазаққа обал болар демеуші еді: елден лау, азық-түлік, салық жинайтын болса, кемесардың айтқанын екі қылмауға жанын салар еді. Жиналыста еш уақытта айтысып, тартыспаушы еді; өз ойын жарыққа салудан өлгенше сақтанар еді. Өзінен үлкен әкімге жағынудың ілімін әбден білген еді. Бірақ өте ақ жарқын, жайраңдаған жігіт еді. Анамен де, мынамен де «Ә, табарш»— деп өтірік күлгенсіп, иыққа қағып сөйлесер еді.
Өзіңдей жастар партияға жазылып жатса да, Төлеген әлі жазылған жоқ еді. Жазылмауында есеп бар еді: қызылдар құлап қалса, кім біледі... одан да байқай тұрайын деп ойлаушы еді.
Алайда партияға кірген жолдастарымен пікірі, қызметі, ым-жымы бір еді. «Пікір» дерлік Төлегенде пәлендей пікір де жоқ. Көптің ауқымы оған пікір; коменестер не айтса — құп. Алайда Төлеген пікірсіз жігіт емес. Онысы — рушылдық пікір еді. Қызметке адам сайласа, елге кісі жіберілсе, елден шығын жиылса, өз еліне, өз тұқымына бүйрегі бұрып отырар еді. Бірақ ол бұрғанын өмірі сездірмей, еппен іс қылар еді.
Төлеген қолы ашық мырза еді. Әсіресе, оның мырзалығы жолдас арасында көрінеді. Жолдастары түгелдей «Протком» деуші еді. Проткомнен табылмайтын нәрсе жоқ: киім-тамақ, — бәрі сонда ғой. Төлегеннің протком болуы өзіне де, кейбір жолдастарына да теріс емес еді. Оны екі жағы да сезуші еді. Сондықтан Төлегеннің тұрмысы тәуір боп жатқанын көрген сайын, олар жымиып:
— Әй, сен мыналарды қайдан тауып ала бересің?— дегенде Төлеген де мырс етіп:
— Е, елді-күнді, табылады ғой,— дей салушы еді.
Міне, бүгінгі Төлегеннің қонақ шақыруы да сол жағынудың салдары еді. Жағынбай қайтсін? Шешесін өлтірткен, қарындасын масқаралатқан Мұқаш туралы партияда сөз бопты. «Мұқаш еңбек сіңірді: оны бір жақсы орынға қою керек» десіпті. Қандай орын беруді ревкомге тапсырыпты. Ревкомдегі — Балташ. Кім біледі. Балташ кедейшіл, бір беткей жігіт. Мұқашты Сартауға болыс қылып жібере ме? Және Әбен бай болыспен, шатақтасып жатқаны мәлім: Сартау болысын өзгертпей тұра ма?..
Мінекей көк сүркейе қалпағының астынан қара бұйра шашы мен тышқан көзі бірдей көрініп, мұрты қырылған көк аяз ерні өтірік жымыңдап, жуан партпелін қолтықтап, әсем киімді Төлегеннің өзі де келді. Келе жатып, матүшкесінеп оны-мұны сұрап, үй-ішін түгел шолып:
— Беликолепно, беликолепно,— деп сөйлеп кірді.
Оның дауысы шығысымен Бекболат орнынан тұрып, алдынан қарсы шықты. Екі бөлменің арасындағы табалдырықта қарсы жолығып, Бекболат сәлем берді. Төлеген қолын созса да, табалдырықтан өтіп барып қолын ұстап амандасты. Неліктен екені белгісіз: «Табалдырықта тұрып амандасқан кісі араз боп кетеді» деген орыс әйелдерінің ырымы сол арада ойына түсе қалып еді.
— Е, аман-есен шықтыңыз ба?.. Жақсы болды... Қызметтен қол тимей, барып тұруға да болмады, — деп соңғы кезде көңілін сұрай алмағанын шайып-жуды. Онысы да өзінше есебі ме, кім білсін...
Партпелін үстелге қойып, ауыз үй жаққа барып, матүшкесіне бірдеңе тапсырып, қайта келе жатып:
— Ел жақтан хабар бар. Сіздің ауыл да аман дейді... Біздің отағасы да... — деп келе жатып, әнтек кідіріп: — Жақсы, көңілді болса керек, — деді. Онысы қарындасының табылғанын естіртпек болғаны еді. «Қалыңдығың табылыпты» деуге өзін қайын аға көріп, туралап айта алмап еді. Оны Бекболат та сезе қойды:
— Иә. Естідім. Жақсы бопты, — деді.
Төлеген Бекболаттың Ақбілектен әлі көңілі айнымағанын сезіп, тәуір көріп кетті. Тәуір көргендігін немен білдірерін білмей:
— Шылым тартасыз ба?— деп, қалтасынан күміс табетерткесін шығарып, әдемі шылымын алдына жайып қойды.
Бекболат шылым тартып машық қылмаса да алмауды қолайсыз көріп, екі бармағының ұшымен қолы әнтек қалтырап, шылымдарын шәшіп-төгіп бірін алды. Екеу-үшеуі үстелге түсіп қалып еді:
— Оқасы жоқ, оқасы жоқ,— деп Төлеген Бекболаттан бұрын жинап, сауытына сала қойды.
Мынадай құрақ ұшып тұрған «оқымысты» қайын ағасын көрген соң Бекболаттың көңілі Ақбілекке бұрынғыдан да бекіген тәрізденді. «Мынадай қайын ағасы, анандай қалыңдығы бар жігіттің не арманы бар?» дегендей, әнтек мақтаныш кірді. Бір жағынан өзі қарапайым қазақ болғанына «оқымысты» қайын ағасының алдында қорынайын деді. Әлгі қолының әнтек қалтыраған себебі де сол еді.
Төлеген қоржын шалбарының қалтасынан жұпар иісі мүңкіген ақ орамалын алып, олай-бұлай аяңдап жүріп, мұрнын шұқылап сүртті.
Бекболатқа оның бұ жұмысы да «үлкен төренің» қалпы тәрізді көрінді. Келген кісімен сөйлеспей отыруды тағылық деп білетін Төлеген күйеуімен тіл қатыспай отыруды қолайсыз көріп, аяндап мұрнын сүртіп жүргенде; не тақырыпты сөйлеуді ойлап жүр еді. Сыпай сөз осы болар деп:
— Бұ күн бір қонақ шақыруға қам қып жатыр ек. Дер кезінде жақсы келдіңіз,— деді. Қазақтың дәм үстіне келген адамға «Мақтап жүреді екенсіз» дейтін мәтелін айтқысы келсе де, оным тым қазақылық, тым ақтарылғандық болар, қайын аға басыма, оқыған басыма лайық болмас деп, өзін-өзі тоқтатты. «Жақсы келдіңіз» дегенде Бекболат та бірдеңе айтқысы келіп, қозғала түсіп, орынды сөз таба алмаған соң, «Ниетім түзу ғой» дегендей, ажарланып:
— Ә! — дей салды.
— Губернеден бір азаматымыз келіп еді. Оны да шақырып едік,— деді. Оны айтқаны: бір есептен жақындықты білдіру үшін; өз әлемінен де хабар бергені еді, екінші губерне азаматтарымен де әріптеспіз дегендей, күйеу баласына кішкене қоразданбақ еді. Әйтеуір сөз қатайын деп, Бекболат қозғалыңқырап:
— О кім деген жігіт?— деп сұрады.
Төлеген ол келген Ақбала деген, Губрепком мүшесі екенін білдірді.
Осындай сыпайы сөздермен біраз отырған соң, Төлеген: — Тамақты білейінші,— деп ауыз үй жаққа кетті. Жалғыз отыруды қолайсыз көріп, Бекболат та бой жазуға қораға шықты.
Қонаққа алдымен Ықаң мен Тыпаң келді. Төлеген алдынан шығып:
— А, Ықа, келіңіз, — деп қолын ұстап, орындық ұсынды.
Бекболат та қолын көкірегіне басып, сәлем беріп, қолын ұсынып еді, Ықаң көзілдірігі арқылы сүзе қарап, қу сүйек мықыр қолымен бостау ұстап:
— Аманбысың,— деді.
— А, Тыпа, келіңіз, — деп Төлеген шотбақ қара кісіге орындық ұсынды.
Бекболат Тыпаңды тани кетті. Екі қолымды бергенім қата болды ма деп, жеңін сыбанып, қалақтай алақанын Тыпаңның жып-жылы, жұмсақ уысына қырынан сұға қойды.
Тыпаң көзінің астымен бір қарап:
— Аман ба, шырағым!— деп иегін болар-болмас қозғалтып, Ықаңның қасынан орын алды.
Төлеген екі қонағына жайраңдап:
— Қанша айтқанмен бұрынғының кісілері қамшы салдырмайды-ау! Жақсы келдіңіздер!— деп білезігіндегі көздей сағатына қарады.
Төлегеннің сөйлеуі-ақ мұң екен, Ықаң үлкен қылмысты боп қалған кісіше шошып кетті, көзін бажырайтып, аузын үңірейтіп:
— Ерте кеп қалдық па?— деп басын қалтаң еткізді. Ықаңмен жарыса Тыпаң да:
— Белгілі қазекем баласы емеспіз бе? «Ет дегенде бет бар ма?»— деп Ықаңа бір қарап, қарнын бүлкілдетіп күлген болды.
— Жоқ, ерте емес. Алдымен келгендеріңізге қуанып айтам, деп Төлеген жылмаңдап: — Мінекей, тартыңыздар!— деп, манағы күміс сауытын ашып алдарына қойды.
— Е, бәсе!— деп, Ықаңның көңілі жайланды. Көнетоз шолақ қара бешпентінің қалтасынан ұзыншақ ақ қалбырын алып, ептеп ашып алдына қойып жатып: — Рахмет!.. Мен өз темекімді тартпасам, қанбаймын,— деп орысша бір-екі сөз қыстырды.
Тыпаң орған шабындының түбірі бейнелес шашын бір сипап, мәукіл басын бір шұлғып, быртық саусағымен бір шылым алып:
— Бізге табылғаны бола береді,— деп, бопылдатып алып, сора бастады.
Ықаң ақ қалбырынан төрт бұрыштап қиып, қаттап салған қағаздан бармағын жалап, бірді алып, қиыршық темекісін баптап орауға кірісті. Шылымын жуантық қып орап, қайта-қайта жалап жапсырды да, шүмекке шөметай орнатқан анаша, ыс болған шолақ түтігіне нығарлап бұрай сұғып, жілік тістеген Майлыаяқша бір езуіне ырсита қыстырды. Сонан кейін қаттаған уақ қағаздарын темекінің үстіне салып, қақпағын мықтап жауып, манағы қалтасына қалбырын жайғастырды. Мына қалтасынан оттығын алып; қабын сол бармағымен мықтап ұстап тұрып, оң қолымен шырпының тұмсығын шарықтың қажалған жеріне дәл тигізіп тұрып, сермеп кеп қалды. Оттық пыс ете түсті.
Ықаңның шылым жасап тартқанына Бекболат қарай қалды. Өйткені Ықаңның шылым жасап тартқаны үлкен тақуалардың баптанып дәрет алып, намаз оқығанынан бір кейін қалған жоқ. Мойнындағы бір ауыр міндетті атқарғандай, өмірдің бір мақсұты сол шылымда тұрғандай, сонша ықыласын қойғаны Бекболатқа жат көрінді. Ықаң шылымын тұтатқанда, әуелі аузын толтырып, түтінді жөдемелете будақтатып жіберді. Оны көргенде Бекболаттың көзіне кешке таман басына күл шашқан бұқа елестеді. Сөйткенше болмады, жел тұрып, түтін азырақ серпілейін деді. Ықаң тұтатып алған соң, аузынан жел жіберіп, түтінді айдап, шылымын сұқ қолы мен ортан қолының арасына қысып, рахаттанып отыр екен.
Әлде біреу Ықаңның шылым тартқанын осынша сөз қылғаны несі дер-ay! Десе жетпегендігі де. Мұнда үлкен мән бар. Көңілді қына, көзіңді торта басса, күйінсең, өкінсең, қайғыңды ұғар, сөзіңді тыңдар жан болмаса, қайғыға қарсы тұруға қайратың жетпесе, ішке толған қапырықты шылым, насыбай, апиын, арақ болмағанда немен сейілтер едің? Дәрігерлер темекіні де, арақты да, апинды да у дейді, денеңді улайды, тамырыңды қуалайды, қаныңды бұзады, дертті қылады, жасыңа жетпей кәртейтеді, өлтіреді дейді. Әлде көңілдің шері у емес пе? Ол жаныңды жемей ме? Әлде мейірімсіз, қорлық, зорлық жауыз өмір у емес пе? «Зәрдің басын зер алар» деп неге айтыпты. Әлім де, ілім де удың зиянын өзгелерге айта берсін. Біз Ықаңның шылым құмарлығын cөгe алмаймыз.
Cөгe алмайтынымыз: Ықаң (шын аты — Ыстыбай ғой) бұрын үлкен қалада тұрып, атбекеттік құрып, арғымақтың, арақтың игілігін көрген, орыстан қатын алған. «Керекең» тұсында Құрылтай мүшелерінің тізіміне де ілінген. Өзінше болған-толған кісі ғой. Қызылдар келісімен, сол салтанатты тұрмыстан жұрдай боп, шаштың ағында, өлер шағында «Ел тауып» осы қалаға келсе де, пәтер, отын, үй-сайманға жарымай, қызына пәлте, ұлына етік таба алмай, кәрі кемпірі күнде құлағын мұжушы еді. Өзі бір, бөлімнің бөлімшесінде (подотдельде) орынбасарлық қызметін атқарушы еді. Ықаң қайдан оңсын? Ащы темекісін бипаздап тартпағанда, Ықаң енді не бітіреді? Қой Ықаң байғұсты не қыласыз? Тыпаң болмаса.
Тыпаң міне жаңа бәтеңкесін көлденеңдетіп, екі аяғын айқастырып отыр ғой. Қарашұға шалбары да (ескінің жұрнағы ғой), қоңыр пенжегі де әлі сыны кете қойған жоқ, қайырма жаға тақталы көйлегіне қара шұбар галстук те тағып қойыпты. Тыпаң деп отырғанымыз — Тышқанбай деген кісі ғой. Ықаңдай үлкен оқулы болмағанмен, бұрын орын тепкен, беделді кісі болған соң, жұрт «Тыпаң» деп кеткен ғой...
Ықаң да, Тыпаң да «дәулет құсы» бастарынан ұшқан адамдар еді. Ықаң жаңа тәртіпті түгелімен жаратпаушы еді. Өйткені омырау балшебек келді де— баяғыдан бергі қызметті де, абырой-атақты да, әдет-ғұрыпты да талқан қылды; оқығаның, білгенің де, сақалыңның ағы да бес тиын тұрмай қалды. Одан да жаман пәлесі «пенсие» бола ма, жоқ па, — қараңғы. Оның үстіне бірдемесімен жасты бала-шағаның «ұлық» болып олай қыл, бұлай қыл — деп бұйырғаны-ақ батып барады. Төлеген сияқты құдайға қараған біреуі болмаса, Балташтар, әне бір қыли көздер кез келгенде сәлем де бермейді. Ал Тыпаң көр-жерден «Безабразия, пәлен-түген»...— деп қабағын түкситіп будырағаны болмаса, сәбет өкіметіне пәлендей қарсылығы да жоқ, сығалап қызмет қылып, көндігіп келе жатып еді. Өйткені, Тыпаң тесік табатын епті кісі ғой. Ал Ықаңда ондай еп жоқ. «Но!» деп бірақ өлетін кісі ғой.
Айтпақшы, Ықаң мен Тыпаңның жасы туралы түк айтпаппыз-ау! Ықаңды елуде десең де, алпыста десең де үлкен қаталасқан кісі болмаймыз, өйткені маңдай терісі құрысып, бет-аузы тырысып, көзіне тарта байланып тұратын кісі ғой. Ал Тыпаңның жасын адам біліп болуы қиын, өте құбылмалы еді. Өйткені анкет толтырғанда қырық бесте болып шығушы еді де, жасырақ әйел отырғанда отыз, отыз бестерге түсіп қалушы еді.
Төлеген қазақшылығы ұстады ма, немесе бір күніме керегі болар деді ме, жастардың қатарында бұл екеуін қонаққа шақырған еді. Оған бұлар «біз де жас екенбіз»— дегендей, әлдеқандай боп, дардиысып келіп отыр еді.
Тыпаң қыбыржып қарап отыра алмайтын кісі ғой.
— Қалай, Төлеген, қызмет жақсы ма?.. немене, әнеугі қалашылардың астығын қайтарттыңдар ма?.. Бұлар тіпті безобразия ғой,— деп қазаққа қабырғасы қайысатынын білдіріп, зорлық, жәбір көрген қазақтардың арызын сөз қып отырды. Тыпаң әлде бірдеңені көптіріп айтқанда, Ықаң көзін ежірейтіп:
— Е, разбе!? Е, разбе?! — деп таңырқағанын білдірді. Ықаңның таңырқайтын да жөні бар, өйткені баяндама, отшөт, анкет, нұсқау секілді есепсіз мол қағаздың ішіне кіріп кетіп, басы қатып, сыртқы дүниеде не болып, не қойып жатқаннан хабары кем еді. Дала қазағының не күйде жатқанын сұрап білейін деген пәлен ойы да жоқ еді.
Әңгіменің көбі жалақы, пәтер, отын, темекі, — қысқасы күн көріс жайынан болды. Сөйтіп отырғанда, жуан партпелдерін қолтықтаған өңшең қылқан кескендей жас кемесерлер де келіп қалды. Бұ келген төрт жігіттің бірі: қошқар туған қозыдай келбетті, бітімді Ақбала еді; енді бірі келбетті де, киімі де қоңырлау, жүріс-тұрысы да солапаттау Балташ деген жігіт еді; одан соңғы дердек ерін, жалпақ мұрын, бір көзін аса, бір көзін баса қарайтын, Доға деген қара бұжыр жігіт еді. Төртінші — Доғаның жанында ершіктей, Балташтың жанында шаппа шоттай жылмырайған Жорғабек деген кісі еді. Анау гүбірнеден келген Ақбала, мынау уездің бастығы Балташ, Доға — «Әкболбас»10, Жорғабек — жер бөлімінде қызмет етеді. Кемесерлер саусылдап кіріп келгенде Төлеген:
— Ә, келіңіздер, келіңіздер! — деп, алдарынан жүгірді. Біздің Бекболат та ұшып түрегеліп, босағада қаздиып тұра қалды.
— Ә, — деп Тыпаң да қутыңдап түрегелді.
Ықаң тұрудың да, отырудың да есебін таба алмай: «Е» деп күшеніңкіреп, орындықтан бөксесін тиер-тимес көтеріп бүкшиді. Тыпаң бір-екеуінің қолын ұстап, қалған екеуіне:
— Бүгін біз көрістік қой? — деп өтірік жымиған боп жатыр.
Ақбалаға қарап Ықаң басын қылқың еткізді. Бер шегінде тұрып Бекболат та қалақтай алақанын қырынан жапсырып жатыр.
Кемесерлер қалай болса солай партпелдерін лақтырып тастады. Балташ кереуетке барып серең ете түсті. Жорғабек Тыпанды сағалап орын алды. Ақбала отырмай, үстелдегі кітаптарды алып, аша бастады. Доға әйнек алдына жеке отырып, бір көзін қысып қойып шылым тартты.
Өңшең жақсы киінген төрелер кие-жара келіп, үйді билеп кеткен соң, Бекболат қымтырылып, әрқайсысының бетіне бір қарап, босаға жақта тұрды да, орындықтың шетіне таман ептеп отыра қалды.
Төлеген бір кіріп, бір шығып, ауыз үйге барып, пышақ-шанышқыларын сылдыратып, тамақ дайындатып жүр.
Ақбала бір кітапты қолына ұстап тұрып:
— Ей, мынада Каутский де бар ғой, — деді. Төлеген ауыз үй жақта жүріп:
— Бізде Энгельс те бар, Маркс болудан да дәмеміз бар, — деді.
— Уай қойшы! Маркс болып жарытпассың,— деп, төсекте жатып, Балташ кекете сөйледі.
Жорғабек пен Тыпаң ымы-жымы бір кісіше бастары тиісіп, күбірлесіп, күлісіп бірдеңе айтысып отырды. Teк арақтың жайын сөйлесіп отырды білем, Жорғабек:
— Ішуге неге болмасын?— деп қалды.
«Бұл мәжілісте адасқан қаздай ана шетте жалғыз қалған Ықаң, бұ жақта Бекболат еді. О кісі төмен қарап тағы да шылым жасауға кірісіп еді. Шылымын тұтатып алған соң, Ықаң теріс қарап аяңдап жүрген Ақбаланы нұсқап, Тыпаңды ақырын түртіп:
— Бұ қай бала? — деп сұрады.
— Губревком члені, Ақбала деген жолдас,— деп Тыпаң аузын толтыра жауап берді.
О кезде губревком члені естімеген кісіше, өлең айтқан боп ыңылдады. Аяндап жүріп әдемі кереуетке, масаты кілемге, барқыт орындықтарға көзі түсті, қабырғадағы хлупі Ленин, Троцкий жолдастардың, олармен қатар Төлегеннің суретін де байқады; шкафты, үстелді, ана жақтағы киімдерді де шолып өтті. «Тұрмысың жарайды, жігітім! Қонақ шақыратын жөнің бар екен» деген мәнде аяңдап жүріп:
— Ым-ым... да, — деді.
Уездік жерде кімдер қызмет қылады? Кімі қалай тұрады? Кімге сенуге, кіммен істесуге болады? Олар немен шұғылданады? Қандай кітап оқиды? Орыстармен арасы қандай? Кедейшілі, байшылы, адалы, арамы қайсы?.. Міне, мұндай нәрселерді білуге Ақбала құмар еді. Әлгі олай-бұлай аяндап, әр нәрсеге көз салғанда, «Ымда» дегені — «Сенің жайынды да білдік» дегендей бір қорытынды пайда болып еді. Ақбала тұтқиылда Балташтың қасына тоқтай қалып:
— Мұндағы байлар тегі жақсы тоналған ғой?— деді.
Үйдің төбесіне қарап, шашын үрпите уқалап, «Сен көменес болсаң, мен де көменеспін» деген түрде шалжиып жатқан Балташ оқыс сұрауды естіген соң, еңсесін азырақ көтеріп, мойнын қыңырайтып, бір көзін сығырайтып:
— Е, сыболыштарды өкіртті ғой!— деді. Онысы «Бай итті қанша тонаса да, менің қыртыма келмейді» дегені еді. Өйткені Ақбаланың не оймен сұрағанын білмей, өзінше, байшыл, кедейшілдігімді сынағалы сұрады ғой деп жорып қап еді.
Сұрауына Балташтың теріс мән бергенін Ақбала сезе қойды да, оған сенімін сездіргелі:
— Сол мүліктер орыстардың қолында кетті ме, қазақтардан да пайдаланушы болды ма?— деп сұрады.
Бұл сұрауға бәрі де құлағын тігіп аңтарыла қалды. Балташ барқыт орындықтарға қарап:
— Е, мекемеге келген мүліктен біздің кейбір жігіттердің де алып, ұстап жүргені бар,— деді.
О кезде ана жақта жүріп, құлағы шала-шарпы шалып қалған Төлеген де жетіп келіп, Балташқа қарап:
— О не?— деді.
Балташ — саған келген пәле жоқ, — деген кісіше бетін тыржитып:
— Жай, әншейін,— дей салды.
Төлеген әнтек қипалақтап тұрып:
— Кәне, жолдастар! Тамаққа жүріңіздер!— деді.
Қонақтар керенау қозғалып, ауыз үйге қарай аяңдасты. Олардың арт жағынан келіп, Бекболат та бір шеттен отырды. Жас төрелер Бекболатты жан екен деп елеп, кім деп сұраған да жоқ. Бекболат оған әнтек қорланып, ішінен оларды ұнатыңқырамай отырды.
Тамақ мол болды.
Алдымен ортаға туралған ет қойылды. Оның артынан кеспе келді. Одан кейін домалақтап қуырған шапқан ет тартылды. Соңынан қарбыз сойылды.
Етті үстелге әкеп қойысымен, Төлеген төргі үй жақтан ішіне тығып бірдеңе алып кеп еді, Тыпаң жымың ете түсіп, білмегенсіп:
— Сенің қолыңдағы не? — деп, өңірінен тартты.
— Іждеңе емес... кішкене әлгі не еді...— деп қолын үстелдің астына таман ұстап, қипақтады
— Немене, тазасы ма еді?— деп Тыпаң тағы қозғалды.
— Кішкене «Бозжорға» еді,— деп Төлеген сыпаны қонағына қарап жымиды.
— Үй, оның реті болмас,— деп Балташ түсін суытқансып, көзінің қырымен Ақбалаға қарады.
— Біздің құбыжығымыз жоқ, сендер болмасаң,— деп Тыпаң қарнын бүлкілдетті.
— Өзі де пелен көп емес, тек «апитет» үшін,— деп Төлеген мөлдіреген бөтелкені суырып алып үстелге қоюға ыңғайланды. Бәрі де бөтелкеге қарай қалды.
— Құрғыр, сен мұны қайдан тауып жүрсің?— деп Жорғабек те бір тамсанды. Төлеген:
— Елді-күнді бірдеңе болғанда,— дегенде:
— Бұл табатын жерін біледі,— деп Доға да бір көзін сығырайтып тамсанды.
— Бүгін кешке заседание (мәжіліс) жоқ па екен?— деп Балташ Тыпаңа қарады.
— Бүгін жоқ қой. Өзі де бір шатынап тұрған нағызы білем,— деп бөтелкеге қылмыңдады.
Бұлар сөйлесіп жатқанда, Ықаңның екі көзі бөтелкені ішіп-жеп бара жатыр еді. Ықаң арақ татпағалы қашан. Мынау — бір дәулет қой! Әттең, дүние өзіне дербес тиер ме еді!.. Жұрт олай-бұлай десіп, арақтың градысын санап, қипақтап отырғанына Ықаң шыдай алмады: алдында тұрған стақанды ұсынып:
— Бұ жарықтықты әуре қылмай, құйшы қарағым,— деді. Жұрт ду күлді. Манадан бері сыпайысып отырған Ақбала да:
— Ақсақал айтты ғой. Құй енді! — деді. Төлеген жымыңдап:
— Жөні со ғой!— деп даяр тұрған суды қосып, стақандарға құя бастады.
Балташ жан-жағына алаңдап, Бекболатқа:
— Әне бір әйнектің шымылдығын түсіріп жіберші!— деді. Қонақтар стақандарын көтеріп:
— Кәне, мұны кімнің құрметіне ішеміз? — дегенде, мұндайда көсемсіп отыратын Тыпаң қыбыржып Ақбалаға қарап:
— Жаңа келген қонақтың құрметіне ішу керек шығар,— деді. Ақбала жұлып алғандай.
— Ол жарамайды. Басқа бірдеңе үшін... Әлеумет маңызы бар жұмыс үшін демесеңіздер,— деп өзінің әлеуметшіл екенін, өзін көтермелегенді қаламайтынын білдірді.
Со кезде Балташ ұшып түрегеліп, стақанды көтеріп:
— Жасасын Сәбет өкіметі!— деп, әркімнің стақанына бір шағылыстырды.
— Жасасын! — деп, бәріде шу ете түсті. Жалғыз Ықаң, Тыпаңдардың көз құйрықтары ұшырасып қалғаны болмаса, «жасасын» деген дауыстың кемдігі болған жоқ. Қайта Тыпаңның «жасасыны» басым шықты.
Екінші көтерілісте — балшабекті, үшіншісінде қазақ аптономиясын, одан кейін жаңа қонақты, ең аяғы үй иесін де жасатқызып, арақ бірте-бірте ішіле берді. Тек Бекболат бұл көтеріліске қосыла алмай, көзі бажырайып, шанышқымен әлек боп отырды.
Бір бөтелке спирт екі жарым бөтелке арақ болды. Арақ ішілген сайын, күлкі көбейіп, мәжіліс қызуға айналды.
Ақбала губірне жұмысын үш есе арттыра мақтап, өздері тындырып жатқан болды. Манадан бері салқындау отырған, Доға мен Балташтар да Тыпаң мен Жорғабектердің қалжыңына құлақ қойып, кейде олармен бірге күлісіп те жіберді. Ықаң көбінесе араққа дендеді. Ет жағына келгенде Доға мен Тыпаң «битін» салды. Манағыдай емес, қонақтар қызарып-қызып сөйлегенде бірінің иығына бірі асылып, көздері кішірейіп, бірін-бірі тізеге салып қап, стаканды кейбірі түсіріп алып, шылымдар да қалай болса солай, үстелде жатып қалатын күйге ұшырады. Орысшаласу, түтін салысу, күлісу... мидай араласты. Тамақтан кейін қонақтар төргі үйге кетті. Бұлардың сөзі де, өзі де Бекболатқа түсініксіз көріне бастады; бұларды басқа дүниенің адамдарыңдай, өзімен олардың арасын жер мен көктей көріп, оқымағанның кемдігін Бекболат сонда бір қатты сезді.
Бұлар да өзімдей жігіттер-ау! Оқысақ біз де осылардай боламыз-ау!.. деп азырақ күндегендей боп отырды. Әйтсе де өзін елемегеніне қорланып, намысы келді. Оларды да кемітпек болды. Түтінін бұрқыратып, шылым тартқаны, арақ ішкені, қағаз шимайлағаны, орысшаласқаны болмаса бұлардың өмірінде не қызық бар? Тар үй, тар қала, тар көшеде, анау ұлан байтақ даланы, асқар ала тауды, жасыл орманды, ит жүгіртіп, құс салғанды көрмей не ғып шыдап жүреді екен?! Не ғып бойы жазылады екен?! Япырау бұлар мүлде осыған үйреніп алған-ау! Орыс болған-ау! Әке-шешесін, ел-жұртын бұлар да ойлай ма екен? Бұлар да бізге ұсап Ақбілек сынды қызды жақсы көре ме екен?.. деген ойлармен ауыз үйде отырып қалды.
Матүшке келіп, орындықтарды қозғап, үстелдегі ыдыс-саймандарды жия бастады. Бекболат матүшкеге оралғы бола берген соң, тысқа шығып, қолын жуып, бой жазды. Өйткені шылымның түтінімен басы зеңіп қалған екен.
Есік алдындағы тепкішекте Бекболат бірқыдыру отырып қалды. Ауруханада ағып тұрған Жылтырдың сөзінен басы даң боп, Бекболат тезірек елге кетсем екен деп бір ойлап еді. Енді мынау өңшең орысша сөйлескен, шылым тартқан, арақ ішкен, бықсыған қазақ әкімдерін көрген соң, тағы да ел есіне түсті. Тағы да елге қайтқысы келді. Бұлардың ішінде елеусіз бөтен кісі боп отырғанша, мен де өзімді ұғатын, өзіммен қалжыңдасатын, өзімді қадірлейтін жолдастарымды көрсем екен,— деп ойлады. Ауылдан кісі қатынасатын кезі болса керек еді. Не ғып келмей жатыр? Әкей де сөзбен әулігіп кеткен біртүрлі зең бас адам ғой! Мені керек қылмағаны ма?— деп ішінен әкесіне ренжіді.
Бекболат ауыз үйге кіргенде, төргі үйдегі төрелер қызу-қызу айтыста жатыр еді. Бір мезетте Бекболаттың құлағы «Матайдың Әбені», «Мұқаш» деген сөздерді шалып қалды. Мұқаш — кәдімгі Ақбілекті шығарып беретін Мұқаш, Әбен — мұның әкесімен араз боп жүрген Әбен. Екеуі де Бекболатқа керекті кісілер ғой. Бекболат ептеп кіріп, босаға жақтағы бос орындыққа отырып, әңгімеге құлағын тікті.
Сөйлеп тұрған Балташ екен. Үстелде жаюлы жатқан бір қағазды алақанының сыртымен соғып қалып:
—...бұл арыздағы сөздің бәрі рас... Бай неліктен бай болады дейсің? Елді жеумен, нашардың қанын сорумен, солардың еңбегімен бай болады. Матайдың Әбені, меніңше елді құртқан, барып тұрған сыболыш кісі, ең зиянды элемент. Меніңше, оның көзін жою керек. Мұқаштың үстінен мына материалды бергізіп отырған да сол сыболыш!.. Рас. Мұқашты да мен тап-таза жігіт деп айта алмаймын. Елге зияны тиген де шығар; бірақ оның зияны байға тиді. Ол — нағыз коменес, идейный коменес. «Цель оправдает средства» деп орысшалап барып керуетке отырды.
— Жолдастар, маған кішкене сөз беріңдерші!— деп, бір көзін қысып, Доға қолын шошайтты.
Ақбала тұмсығын көтеріп, Доғаның бетіне қарады да:
— Е, айта бер,— деді.
— Айтқанда былай, — деп Доға бір қолымен мықынын таянып, тартымды кісімсіп бастады: — Матайдың Әбені бай екені де рас, болыс болғаны да рас. Знашіт ол елге беделсіз емес, беделі бар. Бірақ құр бай екен деп, байдың бәрін бір күнде жоқ қылуға бола ма? Болмайды ғой. Знашіт, мынау арыздағы сөздің көбі бекер... бекер. Мұны жазып отырған белгілі атшайный Тақырдың Жылтыры, Жылтыры... Оның қазір қылмысы мойнына түсіп, аристабайт етіліп отыр, етіліп отыр... Знашіт, бұл арызды қолданып іс қылуға болмайды, болмайды... Ал Мұқаш болатын болса, о да тонын партияға айналдырып жамылып жүрген бір қу, бір қу...
Знашіт, оның ойы болыс болу, болыс болу... Осы күні партияға ұры-қарылар да кіріп кетіп отыр. Жаман ауыл жәшейкесіне жегі ұры жазылғаны кеше сексияда мәлім боп отыр, мәлім боп отыр... Знашіт Мұқаш сияқты жігіттерді таза коменес деуге болмайды, болмайды... Оның қылмағаны жоқ: елді ақтарға шапқызған, талатқан, қыз, қатындарын бастырған, бастырған, шығарып берген...— дегенде Төлегенге бір қарап қойды. Төлеген қызарып төмен парады. Бекболат та жерге қарап кетті.
— Иә, знашіт, оның материалы, міне, қолда отыр. Значить ол материалды тексермей, оны қызметке сайлауға болмайды, болмайды... — деп, Доға көбінесе қолымен, басымен сөйлеп барып, сөзін бітірді.
Ол бітірген кезде: «Маған... маған...» деп, Балташ та, Тыпаң да көтеріліп қозғалып қалды. Ақбала:
— Ана кісі айтсын,— деп, Тыпаңды нұсқады.
Доғаның Мұқашты жамандағаны Бекболатқа ұнаса да, Матайдың Әбенін жақтай сөйлегені ұнамады: «Мына кісі не дер екен» деп Тыпаңның аузына қарай қалды:
— Ay, жігіттер, жолдастар! Бұл жұмысқа кішкене қызуламай, қазақшылап қарайықшы... Жастар, жолдастар, сендер коменес болсаңдар да, қазақсыңдар ғой. Қазаққа бәріміз қызмет етеміз деп жүрміз...Қашаннан бері етіп те келеміз... Сендерден гөрі бір көйлекті бұрын тоздырдық қой: қазақтың жайын жақсырақ білеміз десек, мақтанған болар ма екеміз,— деп «осы сөзім қалай шығып кетті?» дегендей, Тыпаң бәрінің бетіне жағалай бір қарап қалды.
«Қазаққа қандай қызмет қылғаныңды білеміз» дегендей, Балташ тыржиып теріс қарады. Жорғабек «Мынау бүлдірді-ау!» дегендей, біресе Ақбалаға, біресе Тыпаңа қарап, қабатын түйді. Доға «Айта бер!» дегендей бас изеді. Ықаң шылымын орал өзімен-өзі болып, жем шоқитын құс тұмсықтанып, үстелге төніп қап отырды. Төлеген бұл әңгімеге қатысы жоқ кісіше, төмен қарап, оттықты шыр көбелек айналдыра берді. Балташтың жаратпай отырғанын Тыпаң да байқады:
— Әншейін тек үлкендік... ағалық жөннен неткеніміз болмаса, біз қатысатын да сөз емес еді, — деп манағыдай емес, жасып қалды.
Тыпаңның мұнысын естіген соң Ақбала:
— Жоқ, жоқ, айта беріңіз: сіздердің пікірлеріңіз де керек. Ел жайына сіздер қанық екендеріңіз рас,— деп, қуат берді. Оныкі де қулық еді. Қулық екенін Тыпаң түсінсе де, қызып алған кісі ер келеді ғой. «Қашанғы қорғалай береміз» дегендей, сөзін тағы бастады; манағы «қазақпыз ғой» деген сөзден қашайын деді.
— Сөздің шынына келейікші,— деп тамағын бір кенеп алды: — Бұл өзі шатақ жұмыс. Сартау елі қып-қызыл партия... Партиялықпен екі жағы да арызды жаудырып жатыр. Пәле салу, өтірік шағым дегеніңіз құдай сақтасын, ...айтпақшы «Құдай» деген сөзді не қылмаңдаршы, сөздің аялғысы ғой...— деп тағы бір сасқалақтап қалды.
— Өзге толып жатқан қағазды қояйын, мысал үшін, жақында ғана болған мына бір оқиғаны айтайын...— деп, әнеугі пошта талату туралы Жылтырдың айтқан хабарын сөйледі. Соны сөйлеп болып: — Міне, осының қайсысына сенуге болады? Қазақтың өтірігіне, жаласына адамның көзі жетпейді...— деп бір қойды. Жалпы қазақтың кемшілік мінездерін бұлдыратып суреттеп келіп, аяқ кезінде сөзінің бетін Әбен жаққа бұрды. Әбен газет-жорнал оқитын, көзі ашық адам екенін, мектеп ашып, бала оқытып жатқанын, елдің кедейлеріне кәсіп тауып беретінін, үй тұрмысын, шаруасын мәдениетті елдің қалпына түсіріп, елге үлгі боп тұрғанын, қазақ оқығандарына жәрдем беретінін, қашқан ақтардың шашыранды атраттарын қырып, қазақты жауынгерлікке үйреткенін, елін шабыншылықтан қорғап қалғанын, игілік іске алдымен халыққа басшы болатындығын, бір дуан елге беделі барлығын, онымен жауласса ел бүлініп, көтеріліс боп кететінін, — бәрін де сыпайы, майда тілмен айтып келіп, сөзін тоқтатты.
Тыпаңның сөзі недәуір әсерлі болғаны ғой, Балташ жүген көрген бас асау жылқыша басын жұлқып тастап, қабағын түйіп, сөз сұрап, оршып отыра алмады. Доға «Ақтан тигіздің, жарайсың сабазым!» деген кісіше, масайрап, қыли көзін ашып жұма берді. Балташ жұлқымса да, Ақбала үлкен жерден келгендігін, тәртібін көрсеткелі, сөзді Жорғабекке берді.
Жорғабек жорғалап алды да кетті. Ол Балташтың сөзін де теріс деген жоқ, Доғанікін де кеміткен жоқ; Тыпаңның кейбір сөзін де дұрысқа шығарды. Бұл әңгімені пәлендей үлкейткен де жоқ, қазақ арасының қашаннан келе жатқан шатағы, оған бола артық айтысудың да қажеті жоқ; әңгіме онда емес, қазақтың келешекте ел болуында, ел болуы үшін, алдымен оқу керек, дұрыс сот керек, анау керек, мынау керек; оның бәрін істейтін қазақтың ендігі жастары; жастарда өзара бірлік болу керек; ақылдасып іс қылу керек; бар үміт жастарда... — деген мәнде жастарды мадақтай, бірлікке шақыра, дәнекер бола сөйледі. Қалайда Жорғабектің сөзінен белгілі бір қортынды шығару қиын болды.
Бұл айтысты естіп отырған Бекболат кімдікі дұрыс, кімдікі теріс екеніне ақылы жете алмады. Әйтеуір Мұқашты жамандағанды тәуір көре берді. Одан өзгесін артық керек қылмады.
Бұ қалай болды? Бір жағы Әбенді өлгенше жамандап, Мұқашты мақтады. Енді бір жағы Әбенді көтермелеп, Мұқашты іске алғысыз қып шығарды. Бұлардың бір ауыз бола алмағанының себебі не? Ол себеп ашылмады ғой. Ашылмайтын жөні бар. Қайсы десеңіз, ол — мынау:
Балташ уездің бастығы. Оның руы, атасы басқа; басқа уездің жігіті. Бұл елдің жайына ол жетік емес. Бірақ Балташ кедейдің баласы; қолынан келсе, өзі кедейшіл болғысы келеді. Ол мына Доғаларды, Төлегендерді жаратпайды: ел жұмысына араласқан, былғанған деп есептейді. Балташ жоқта Доға мен Тыпаң Сарытаудың болысын түсіріп, әбеншіл біреуді қойған. Балташ келген соң, оған ренжіп, үлкен кемесерлігін қылып, ол елге Күреңбай етікшіні болыс қойып жіберген. Күреңбай содан бері Балташтың кісісі болып, осы қаладағы бір тәуір келіншекпен тамыр қылған. Онымен де тұрмай, Күреңбай Балташқа пәлте қылатын күзен жиып берген. Балташ ақша беріп сатып алса да, сол күзеннен өзі қауіптеніп жүретін. Күреңбаймен ымы-жымы бірігіп, Әбенді жамандаған сөздерін көп естіген. Оның Әбенді оңдырмай отырған мәні сол.
Ал, Доға ше? Доға шет жердің адамы, қаладағы жатақтың баласы. Бірақ Доғаның нағашылары Әбен руынан болатын. Доға Сарытау еліне сайлауға шыққанда, Әбен оны «жиен» деп қолын сүйіп күткен, көк жорғасының майын берген. Ол о ма? Доға дүниені де теріс көрмейтін жігіт қой, қалтасына жұмсақ қағаз да басылған. О да аз ғой. Доғаның ойында бір сұлу қыз алу да бар еді. Сол қыздың реті Әбен жақтан келе ме деп дәмеленуші еді. Неліктен оның сұлу қызға құмар боп жүргенін кейін естірсіз. Әзір түсін ашпай тұра тұрайық.
Тыпаң ше? Ой, Тыпаңның өткен замандағы істерін санап бітіре алмаспыз. Тыпаң о баста Әбеннің тілмашы еді ғой. Одан кейін, мировойда тілмаш болып, «бағы» көтерілген ғой. Тыпаңның руы да сол ел; алып отырған қатыны да сол елдің қызы. Әбен тірі тұрғанда, Тыпаңа не дәркер дейсіз? Қаза беріп не қылайық, осы да жетер.
Ал, Жорғабекке жол болсын! Бұ кісі оқуды кешірек бітіріп, әлеумет жұмысына жаңадан араласқан. Бұл өзі бір атақты болыстың баласы. Гимназияда оқып жүргенде-ақ зерек, пысық, шешен бала болған. Содан әлі пысық. Бірақ Колшак заманында көрнекті орында қызмет етіп, көзге түсіп қалып, қызыл келген кезде елде қашып жүруші еді. Қызметке қазақ оқығандары керек болып, өткен істерге кешірім жарияланғаннан бері, Жорғабек жақында келіп, жер бөліміне кіріп еді. Оның бар мақсаты: жастарды еппен ұстап, беделін, ықпалын жүргізіп, айтқанын істету еді. Қаза берсек түпкі ойы — бір үлкен орын еді. Ол ойы жүрегінің түкпірінде сары майдай сақталып жатушы еді. Сыртқы түрінде ептілік, шешендік, әлеуметшілдік, ісшілдік, бүтіншілдіктен басқа оғаш мінез білінбеуші еді. Әркімнің бетіне қарай құбылып, өз пікірін әсте сездірмеуші еді; ол көрімен де, жаспен де, коменеспен де, емеспен де жанасып кетер еді; онда дос та, қас та болмаушы еді; сыртынан жамандап жүрген адамымен жолыққанда жақсы сөйлесіп кетер еді. Өзінше қумын, жұрттың бәрін алдап жүрмін деп ойлар еді. Төлеген екеуінің мінездерінде бір ұқсастық бар секілді еді, бірақ Төлегеннен гөрі, бұл өтімді, тартымды, білімді, беделді, алғыр еді. Бір көрген, бір сөйлескен кісіні тез ұйытып, ерітіп әкетер еді. Топта сөйлесе, «Жорғабек жігіт!» дегізер еді.
Жорғабек сөзін бітірген кезде манадан бері зорға шыдап отырған Ықаң Төлегеннен рұқсат сұрап, үйіне қайтты. Өйткені Ықаңа бұл айтыстар түсініксіз, жат нәрсе еді. Ықаң қашаннан орыс ішінде жүріп, елден қол үзіп, алыстап кеткен кісі еді; елдің дау-шары о кісінің миына бармаушы еді; ел сөзінен гөрі о кісіге бір рүмке арақ кәдірлі еді. Және манағы арақтан азырақ жүрегі қобалжиын деді ме, әлде үйдегі кемпірі тықыртар деп қорықты ма, әйтеуір Ықаңа тысқа шығу керек болып еді.
Манадан бері Төлеген түк сөйлеген жоқ. Несіне бой көрсетсін? Доға мен Тыпаңнан қалатын сөз бар ма? Оның сенгені де солар ғой. Өзге жолдастардың сөзін тыңдап отырған Ақбала енді өзі сөйлеуге оңтайланды. Ақбала төңкеріс болғалы, топ алдында сөз сөйлеп, көсемдік қылып, ауызға ілініп жүрген жастардың бірі еді. Ол газет-жорналға да сөз жазатын, баяндаманы да жақсы істейтін, жұртқа «ой, пәлі-ай!» дегізгенді сүйетін жігіт еді. Кейінгі жастардың арасында беделі де бар еді. Коменес партиясына алдыңғы қатарда кіріп, қазақ жастарының партияға кіруіне себепкер болып, шынымен коменес болам деп жүрген, пікірлі, білімді жігіт еді.
Ол бір жерде отырып қызмет қылудан да жүргенді, сөйлегенді, думанды топты тәуір көруші еді. Өзі сөйлеп, өзгелер аузына қарап отырса, сонда оның жаны кіріп жымың-жымың етер еді.
Ол сиездердің қаулысын, жаңа шыққан кітаптарды көп оқушы еді. Әсіресе, Ленин, Троцкий, Бухарин, Сталин секілді атақты көсемдердің сиездердегі айтысқан сөздерін қызығып оқып, кейбір әдемі жерлерін, әдемі сөздерін жаттап алушы еді. Жаттап алмағанда да, солардың сөз сөйлеу оңтайын құлшынып оқығандықтан жадында қалушы еді. Білгіш адамдардың пікірін кейде өз пікірі қылып сөйлеп жіберетін де жерлері болушы еді. Естіген сөзін, хабарын ішіне сыйғызып тұра алмай, айтып салғанды тәуір көріп тұрушы еді. Әсіресе, еткен жиналыстарда оның не айтқанын, өзінің не дегенін қайта айтып беруге шебер еді.
Бірақ сонысына қарағанда, жеңілтек, ұшқалақ емес, жүріс-тұрысы, бойы сабырлы, айтыс-тартысқа шыдамды, табанды жігіт еді. Өзінің біліміне, енеріне, шешендігіне езі сенуші еді. Өзі жеңіліп, жығылып қалған жерлерде де, көңілі көп жабырқамаушы еді; өзінше басқа план, басқа шара қарастырып, бір жұбаныш тауып алушы еді; келешектен үміті зор еді.
Ол қазаққа шын пейілімен қызмет етпекші еді, бірақ көп нәрсені қиял қылушы еді. Кейде сондай бір қиялмен алданып жүріп, тұрмысқа жанаспайтын істерді де істемек болушы еді. Өз ойын, өз мақсұтын жарыққа шығару үшін, өмір иесі өзі болғанды қалаушы еді. Үйезге келгендегі бір мақсаты да жастарды өз соңынан ертіп, өзін танытып кету еді.
Үйездегі қызметкерлердей ел жұмысына араласып, артық былықпаған, параға, ажарға сатылудан аман, нағыз әлеумет қызметкері, нағыз майталман болуға өзін арнаған азамат еді.
Сондықтан Ақбала манадан бері айтылып жатқан сөздерге өзінше үлкен мән берді. Ол мәні — осы Сартау елінің жұмысы жайлансын деген мән емес, үйездегі азаматтар арасындағы алалық жойылсын деген де мән емес, бірінікін мақұлдап, бірінікін теріске шығарып, бірін-біріне жығып берем деген де мән емес, сол айтыстан шығарып, бір іргелі мәселені қозғап, енді өзіме қорытынды туғызуға болды деген мән еді. Ақбаланың бір жақсы жері: сөзді қазақша да, орысша да таза сөйлеуші еді. Ол қазақша сөйледі: Бекболатқа ұғымды болды.
— Иә, жолдастар! Мен енді өз пікірімді айтайын,— деп мұрнын орамалымен сүртіп, төмен қарап отырып сөз бастады. — Мәселе болыс, үйез маштабындағы мәселе болса да, жалпы қазақстандық мәселені қозғауға себеп болып отыр,— деп, кеудесін көтеріп, сұқ қолымен бас бармағын уқалап, басын әнтек шалқайтып, қарсы алдында отырған Тыпанның қарнына қадала қарады: мәселе сол қарында тұрғаннан жаман.
— Біз төңкеріске дайындалған ел емеспіз. Төңкеріс бізге көктен түсті. Біз орыс пралетариаты, орыс балшебектері қан төгіп алып берген даяр олжаға ортақ болып отырмыз,— деп бір нығыздап қойды. Бұл сөз төңкеріс болғалы талай айтылып, талай жазылып, иі қанған, ескі сөз болса да, Ақбала шыт жаңа сөздей қып айтты.
Иә, өкімет — жалшынікі, кедейдікі. Жалшылар тобы байлар табын жеңіп, қашаннан иемденіп жүрген жер-суын, фабрика-заводын, мал-мүлкін астынан аударып алып отыр... Иә, иә... орыста тап күресі басталғалы жүздеп жылдар өтті. Бізде тап тартысы әлі басталған жоқ. Ол неліктен? Әлде бізде бай, кедей, жеуші, жегізуші жоқ па? Әлде біздің елімізде қой үстіне бозторғай жұмыртқалап тұр ма? Жоқ, жолдастар! Жеу, қанау, жаншу, зорлық, қиянат деген нәрселерден бізде көз тұнжырайды. Бірақ өкімет байлардікі, күштілердікі болғандықтан жылауқордың көз жасы көрілмеді, тілегі берілмеді. Іштен тыныш, қапа боп, итшілеп күнелте берді.. Иә... Иә... Бай тегіннен-тегін бай болмайды; елдің байлығын, қанын сорып, малайдың еңбегін жеп бай болды. Бұл — талассыз шындық. Әлгі Әбендердің бай болу себебі сол. Оған дау жоқ... Иә, иә... Бізде кедейлер табы деген тап болып, байларға, жауыздарға қарсы тұра алмауы қалай? Олар да жан емес пе? Өз пайдасын, өлерін білмегені ме? Міне, бұған түрлі себеп бар. Бізде жалшылар, кедейлер бас қосарлық, ұйымдасарлық, мұң-мұқтажын сөйлесерлік фабрик-зауыт сықылды ордалы дүкендер болмады. Езілген, жаншылған кедейдің басы бірікпей, әр төбенің түбінде бытырап жүрді. Шын мәнісінде бізде пралетариат болған жоқ; болса да олар өлі аз; енді бізден жалшылар шықпақ, өйткені фабрик-зауыт кәсібі бізге де орнамақ. Кен жұмыскерлері бізде бұрын да бар ғой... Иә, иә... біздің кедейлеріміз, жалшыларымыз ақтан қараны айыра алмайтын, көзі соқыр болды... Иә, кедей баласы соңғы жылдарда ғана оқи бастады. Бұрын төрелердің, ақсүйектердің, байдың, болыстың баласы оқитын... (Жорғабек естімеген кісі боп, теріс қарайды). Иә, онсын бізде ру таласы деген пәле бар. Ру басы ақсақал, атқамінерлер өз пайдасына бола ру-рудың кедейлерін жауластырып, кедейді шоқпар қылды...
— Иә... Енді кедейдің өкіметі келіп отыр. Кедейді сүйе, кедейге тендік әпер, кедейдің кезін аш, шаруасын түзет деп отыр. Кедейді сүйеу бізге керек пе? Керек. Тап жігін, тап тартысын ашуымыз керек пе?— Керек. Қалай ашамыз? Қандай шаралар қолданамыз? Міне, мәселе — осында, — деп қалтасынан шылым алып, тұтатып, бір сорды да сөзін тағы қозғады. Тыңдаушылар «Тап тартысын қалай ашар екен?» дегендей, еңселерін сала құлақ қойды.
— Бұл мәселе туралы губернеде екі түрлі ағым бар... жазаласа үш түрлі ағым бар деуге болады. Бірақ мен үшінші ағымды ағым екен дегім келмейді, өйткені олар бізде тап жоқ, тап тартысы деген орысқа еліктегендік: бұл болмайтын әңгіме деседі — деген кезде Жорғабекке кезінің қырын бір жіберіп қойды. Жорғабек: «Маған айтып отырсың ғой» дегендей, артынан мықтайтын кісіше көзін бір қысып қойды.
— Біздер қазақтың коменестері ол пікірді қолдай алмаймыз... Біз төңкеріс жолына түсуіміз керек... Иә, сонымен екі ағым бар.
Бірінші ағымның айтатыны: қазаққа төңкеріс жасау керек: байдың жер-суын, мал-мүлкін, жазаласа артық қатынына шейін кедейлерге тартып әперу керек; пышақ үстінен бөліп беру керек, бай, кедей деген айырманы жойып, қолма-қол теңгеру керек. Әйтпесе, бай қолында малы тұрғанда, жер-суы тұрғанда, өмірі кедейге тендік бермейді деседі. Бұл ағымды бастаушы кейбір орыс жолдастар; оларға қосылатын біздің Жақсылық етікші тәрізді қаланың кедейлері және кейбір шолақ ойлы жастар...— деді. Соңғы сөздерінен Ақбала өзі бұл ағымға қарсы екені көрініп қалды. Өзіне қарсы кісілердің пікірін шолтитып, оңдырмай сөйлейтін, өз пікірін дәлелдеп, нығайта сөйлейтін айтушылардың әдеті ғой. Ақбала да сол жолды тұтынып, анау ағымдарды кеміте сөйледі.
— Ал екінші ағым айтады: ондай төңкерістен мән шықпайды, онымен кедей теңелмейді дейді. Бұлардың дәлелі,— деп көп сөзбен дәлелдерін санап, түсіндіріп етті... — Ол дәлелдері: осы күнде байдың малын тала десе, бұзақылар талап кететіні, кедейлер байдың малын пайдаға асыра алмай, жау малындай, ішіп-жеп қоюы; сөйтіп жалпы мемлекеттің байлығы кемуі, сол кездегі дерт, жұт, ашаршылық, соғыс елдің шаруасын күйзелтуі; байды кедей қыламыз деп жүріп, кедейді бай қылып алу қаупі, кедей оңай олжаға қызығып, еңбекке үйренбей кетуі, елді еңбексіздікке үйрету — сатсализім, көменезім жолына қайшылығы, кедей ақыл-ой, сана-саңылау жағынан теңелмей тұрып, жалаң малмен теңеле алмайтыны... тағы сондай көп сөздерді айтып келіп: — Кедейді оқыту, көзін ашу керек, ұйымдастыру керек, әкімшілік, сот, кедейдің қолында болу керек; каперәтіп, әртел ашып беру керек; кедейді отырықшы қылу керек; кәсіпке үйрету керек...— деп бір тоқтап, сөніп қалған шылымын тұтатып алды. Содан кейін:
— Бай, кедей, тап мәселесіне бізде осылай негізгі көзқарас болу керек. Әбен жалғыз емес, Әбендер кеп. Олармен біз алысуымыз керек; мүмкін ұзақ алысармыз. Өйткені оларда амал, айла кеп. Олар тесік таба біледі. Олардың агенті үйез түгілі, губернелік жерде, кіндікте жоқ емесін қайдан білеміз? Алдымен жуандардың ықпалынан, рушылдықтан қазақ азаматтары, өздеріміз тазаруымыз керек. Өзіміз тазармасақ, ешнәрсе жасауға болмайды,— деп сөзін аяқтады.
Ақбаланың сөзі күшті шықты. Күшті шықса да, бұл тыңдаушыларға ұнамады. Алдымен «Тап тартысын ашу керек» деген сөзі Жорғабек пен Тыпаңа ұнамады. Өйткені бұл екеуі әлгі кекетіп өткен үшінші ағымның адамдары еді.
«Байдың, жер-суын, малын тартып әперу керек емес» дегені Балташқа ұнамады. Өйткені Балташ шынымен кедейшіл жігіт еді. Бірақ Балташ айтысуды ойласа да, айтыспады. Өйткені, манағы екі-үш рет сөз бермей, тоқтатып қойғанды да ол кек қып отыр еді. Оның үстіне «Бірінші ағымдағы шолақ ойлы жастар» деген сөзі де бұған жайсыз келді. Айтыса қалсам мені де «шолақ ойлы» деп санай ма деп қауіптенді. Және өзіміз тазаруымыз керек деген сөзі де бұған арнап айтылған тәрізденді. Айтысуға өзі тығылып қалған кісі толық дәлелдері де болмады. Өйткені Балташтың білімі де Ақбаладан гөрі кемірек еді. Бұл жиналыстағы білімі тәуірлеу, кітапты көп қарастырғаны Жорғабек еді. Жорғабек қабағын түйіңкіреп алып, бірнеше сұрау берді. Сұрауларының сарыны мынау тәрізді еді:
— Орыстардың жұмысшыға, мұжыққа тұтынған шараларын, жолдарын өзгертпей, қазаққа да тұтынам деп ойлайсыңдар ма?
— Тап жігін ашуға, қазақтың қазіргі, бұрынғы тұрмысында қандай қолғабыс етерлік шарттар, жағдайлар бар?
— Тегінде тап тартысын саясаттың, өкіметтің күшімен жүргізуге бола ма?
— Қазақтың келешегіне қалай қарайсыңдар?
— Мал баққан, егін еккен, өнерсіз, білімсіз жұртта сатсализім орнайды деп Маркс айтқан ба екен? Мұндай оқиға, тәжірибе тарихта болып көрді ме?
— Жер жүзінде әлеуметшіл төңкеріс болмай тұрғанда, бір мемлекетте сатсализім орнатуға бола ма?
— Сатсиалдық шаруаны қалай жасамақсыңдар? Қазақ капитализм дәуірін кешіре ме, сатсализімге бір-ақ секіріп өте ме?..— деген тәрізді...
Жорғабектің сұрауларын Ақбала ішінен ұнатқан жоқ. Өйткені жауап беруге артық дайындығы да жоқ, түйдегімен келіп қалған, тосын сұраулар еді. Алайда, сыр білдірмейін деп:
— Бұл сұрауларыңызға мен қазір жауап беруіме де болады... Мәселен капитал дәуірін қазақ басынан кешірмеуі мүмкін, өйткені енді дербес бай, саудагер болмайды (онда «НЭП» жоқ кезі). Бірақ бұл арада бұл сұраулардың бәріне жауап беруді артық көрем; біз қазір әрі кішкене қызыңқырап алған кісіміз, әрі Маркс, Лениннен дәлел келтірмеген соң, жауабымыз жеңіл боп көрінуі мүмкін. Бұлар өзі тереңірек қарастыратын мәселе. Ал енді былайша, жалпы айта кетуге де болады. Тегінде, біз орыс еңбекшілерінен бөлек ешбір жол таба алмаймыз. Біз солардың соңынан еріп, солармен қол ұстасып теңдікке жетеміз. Қазақтың өз алдына саясаты да, тарихы да бола алмайды. Сондықтан орыстан бөлініп, іс қыламыз деудің, терең мәселелерді тексерудің бізге бұл күнде пәлендей қажеті де жоқ. Бізге күнбе-күнгі жұмыс керек. Мұжық арасында тап тартысын жүргізу мүмкін болса, қазаққа да мүмкін: шаруа-кәсіп жөнінен екеуінің пәлендей айырмасы жоқ. Мәдениет жөнінен де мұжық қара үзген жоқ. Біздің айырмамыз тек рушылдықта. Міне, осы жағына біз қатты көңіл бөлуіміз керек...— деген секілді бірталай сөздерді айтып кеп, аяқ кезінде: — Сіз Марксті оқыған көрінесіз... Не ғып төңкерісшіл болмай жүргенсіз?— деп кекей күлген болды.
— Төңкерісшіл емес екенімізді қайдан білдіңдер?— деп Жорғабек те күлімсіреді.
Бұлардың соңғы сөздері Бекболатқа құран сөзіндей түсініксіз болды. Бастапқы сөздерді де Бекболат әрең тыңдап отыр еді, өйткені ол сөздердің ішінде Әбен, Мұқаштар бар еді. Сондықтан Бекболат: «Осылай деңдер» деген кісіше:
— Ым-м!— деп орнынан түрегелді.
Тегінде құсбегілер, аңшылар өз сөзінен басқаға топастау келеді ғой, Бекболат та осы жолы өзінің топастығын байқайын деді. Қай жерде, қай дүниеде отырғанын өзі де білмеді. Сөз көбейген сайын басы қатып бара жатқан соң, тысқа жөнелді.
* * *
Тұңғыш көбік қар. Тымық. Қатқақ. Ауа шыныдай. Аттың ізі баданадай. Қаладағы шыға беріс тепсеңде шерттіре аяңдаған екі атты. Бергінің мінгені екі тақасқан, ешкі бас, құлан сан тобылғы торы. Әсем басады, қарды уыстап лақтырады. Үйт шіркін! Шерттір, шерттір! Құйысқан қысқа, ер ықшам, үзеңгі аяқтың ұшында... Тақым жабысқан: Сұр күпілі ақ құба жігіт қамшыны сипай түседі. Арғының астындағы жатаған жирен. Жарау. Бірақ торының аяңына ілесе алмай, бүлкіл қағады. Жігіті пәс, киімі көне.
Желдей ескен аяңшылға мінгенің бар ма? Мінсең, білесің: ат үсті адамды аруақтандырады, көңіліңді көкке серпеді, аузыңмен күс тістейсің!
Торылы қамшыны екі бүктеп анау тауды нұсқады:
— Уай, шіркін-ай! Деген қансонар екен! Ай, әттеген-ай! — деп саптамасын сарт еткізді. Жолдасы:
— Не айтасың!— деді.
— Бүркітті қайырғалы қанша болды?
— Жаңада, бір-ақ жұма...
— Бұ күн шықпаған соң не керек!
— Сонар болмаушы ма ед?
— Құсты ұмытып кеткенсіңдер ғой...
Мұны айтып келе жатқан Бекболат қой. Хабар кеш тиіп, Ақберген ат әкелгенше, со бопты. Ертеңгі шайдан кейін елге тартқан беті еді. Дәл жүрер күні қар жауып, қансонар боп қалар ма.
Бекболатта бір бүркіт, бір қаршыға бар-ды. Құстарын көрмегелі ай боп қалды. «Мал, жан аман бадан» кейінгі сөзінің көбі құстары болған. Ақберген құстарға жем іздеп, қоян атуға кеткенде, томағасы түсіп қалған бүркіт күшікке талпынып, екі шалғысын қиратып алған екен. Кешеден бергі «Әттеген-айдың!» бәрі сол шалғының өкініші еді. Ол екі шалғыны жамап алуға да болады ғой. Сонда Бекболат бүркіт баптап түлетіп, қанат, құйрығын бір самадай қып алдым ғой деп жүрген жылы еді. Бекболат құсына ренжігенде, Ақберген:
— Біз өзіңді уайым қып жүрсек...— тәйірі, қолдан келетін нәрсе ғой,— деп жұбата беретін.
Ақберген Бекболаттың жан жолдасы. Бала жасынан бірге өскен. Қашаннан бергі қоңсысы. Жанынан екі елі қалмайтын серігі.
Ақбергенде кәрі шеше, екі сиыр, бір қатын, бір ат. Содан басқа мал-жан жоқ. Оразасын өз үйінен ашқан, қысы, жазы үйде тұрған жан емес. Ол әрі құсбегі, әрі мерген, әрі әнші, әрі жақсы жолдас. Бекболаттың әкеден де, туысқаннан да артық сенетін адамы — Ақберген. Өйткені ол білмейтін сыр жоқ. Балалық, жастық, аңшылық, жел бастық, аштық, тоқтық, ойын күлкі — екеуінің бір тартқан тауқыметі. Бірге күйінген, бірге сүйінген.
Бес арқан бойы түпсіз құздардан Бекболат үшін Ақберген түлкінің күшігін алған. Аяғын әнтек жазатайым салса, ажал аузын ашып тұрған тік жартастың бетімен шыбынша өрмелеп барып, бүркіттің балапандарын әкелген. Бүркіт қашқан қарлы түндерде үш күн, үш түн дым сызбай тау-тас кезіп, үңгірге түнеген. Сақырлаған сары аяздарда бүркітті жауратпаймын деп ішкі тонына баласындай бөлеген. Әккі түлкіге бүркіттің аяғын шайнатпаймын деп өлерін білмей шауып, қия тастан ат-матымен домалап, бұғанасын қиратқан. Асау құсты үйретем деп, арпалысып, қолына әлденеше сүңгі соқтырған. Жастықтың талай тар кезеңдерінен асқанда, үнсізде — тіл болған, жолсызда — жол тапқан, қасқыр боп торыған мысық боп жорғалаған, ит боп ірге тырнаған, қазық боп ат ұстаған. Мұнан артық еңбекті туған ана болмаса кім сіңірер?
Онысына қарай Ақбергеннің аты да, асы да, киімі де Бекболаттан болатын. Қатын әперуге де Бекболат себеп болған. Бекболат үйленіп, бөлек отау тіксе, өз алдына саба орнатса, Ақберген қара лашығын жанына қондырса, Бекболаттың отауын емін-еркін билесе, — міне Ақбергеннің ендігі бір арманы.
Дүниеде дос деген болса, сондай шын дос Бекболат пен Ақберген еді. Бұларды дос қылған екеуінің де құмарлығы, әуесі — аңшылық еді; екеуінің сүйегінде де жалқаулық, серілік бар еді; екеуі де шаруаға қырбай еді; әкесі Бекболат екеуін «Екі әуейі» деуші еді. Алайда екеуінің жаратылысы екі басқа еді.
Ақберген Бекболаттан гөрі қажырлырақ, шыдамдырақ, айлакерлірек, қисығырақ, кекшілірек еді. Бекболат одан гөрі аяңкесірек, қиялшырақ, жасығырақ, мақтаншағырақ, әуесқойырақ еді. Бекболат қысылған, сасқан, кейіген жерде Ақберген ақыл тауып, тоқтау айтып, демесін болушы еді, жазаласа, Бекболат оның тілін көбірек алушы еді. Қатты қайырым-бейнеттің бәрін Ақберген көрген соң, Бекболат өзім істетіп жүрмін деп жұбанушы еді. Ақберген ондай бейнетті қажырым, ерлігім артық болғаннан істеп жүрмін, менен басқаның қолынан келмейді деп ойлаушы еді. Ақбергеннің еңбегі болмаса, Бекболаттың тіршілігі де қызық болмас еді; Бекболаттың аты, асы, киімі болмаса, Ақбергеннің күні де күн болмас еді. Бірінде жоғы бірінен табылып, екі жарты бір бүтін боп, тату-тәтті өмір сүрер еді.
«...Есептескен дос болмайды» деп жұрт айтады. Есептеспеген досты көргеміз жоқ. Сыртына шығармағанмен, екі достың есебі ішінде жүреді. Есепсіз кетсе, бірін-бірі алдаған, арбаған болып табылады; оның түбі теңдік емес, зорлық. Міндетсіз, сілетсіз, мақтансыз, қаяусыз, айнымас дос, болады дегенге сенбеңіздер. Өйткені өзін ұмытып кететін адам табылмайды: әркімге алдымен тіршілік керек, тамақ керек. Әрі өз басының, әрі досының пайдасы бірдей табылған соң адам шын дос боп жүреді (әлде «шын ұлтшыл», «шын әлеуметшілдер» де сондай ма екен?). Бекболат пен Ақберген сондай достар еді.
Кешеден бері үй-ішінің көр-жер аманатын орындап және Төлегендікінде болған соң, Бекболат досымен емін-еркін сөйлесе алмап еді; атқа мініп, оңаша шыққан соң, әңгіме қозғауға айналды. Бекболаттың әңгімесі Ақбілек болу керек қой. Бірақ Бекболат салған жерде Ақбілектен бастауды қолайсыз көріп, құс жайынан қозғағаны соның беташары еді. Ақберген «О күнде жұрт құсты ойлағандай болды ма?»— деген кезде Бекболат енді Ақбілекті сөз қылудың кезегі келді ғой, — деп ойлап:
— Иә, ол күндер естен қалмайтын күн болды ғой. Нағыз бір жұлдыздың терісінен шыққан екеміз... Бұ қояны құрғырдың жолы қатты болмай қоймайды... Со күні жолықпаймыз деген ойда бар ма еді?— деп бір қойды.
— Е, құдайдың әмірі десейші... О да бір соры бар қыз екен, деді Ақберген мырзасының ойын білгелі.
— Не сорын айтасың? Орыстың қолына түскенін бе, басқа ма?— деп сұрады Бекболат жолдасын байқағалы.
— Соры бар емей немене, ел-жұртқа әшкере болды... абиұры кетті,— дегенде, Бекболат та оның ойын біле қойып:
— Кім өмірі абиұрлы боп өтет дейсің, тағдыр да,— деді.
— «Е тағдыр ғой... Ақбілектің пердесін өзіміз ашпаймыз деген кімнің ойында бар?— деді.
Бекболат Ақбергеннің арбасып келе жатқанын білді де, сөздің бетін ашқалы:
— Сен де қу боп кетіпсің-ау!— деп жымиды.
— Оны неліктен айттың?— деп, түсіне қойып Ақберген де жымиды.
Өйткені бұрын бұл екеуінің арасында пернелі, қалытқылы сөз болмайтын; ойлағандарын бүкпесіз айтып салатын ғой. Мынадай түссіз әңгіме екеуіне де ұнамады. Не бірін-бірі тосаңсып, жатырқап қалғаны, болмаса өзге бір себептің барлығы сезілер еді. Ол себеп:
«Абиұрынан айрылған Ақбілекті қалай өмірлік жар қыласың?» деуге Ақбергеннің аузы бармай, «Ақбілекті әлі де болса аламын» дегенді Бекболат та ашып айта алмай келе жатуы еді. Бекболат елдің, досының аңысын аңдамақ еді. Ақберген мырзасын сынамақ еді. Неге десең, бұл өзі зор мәселе ғой. Өмір серік жар табу — бір қиын жұмыс. Тапқан жары Ақбілек еді. Ол мұндай күйге ұшырап отыр. Ақбілек оқиғасы қазақ баласының басында болмаған, төтен оқиға ғой. Жалғыз Бекболат пен Ақберген емес, мұндай оқиғадан кейін не істеу, қалай болу керектігін бүкіл қазақ баласы ойлап көрген жоқ қой.
— Қу боп қапсың. Мені жатырқағаннан саумысың? — деп Бекболат жолдасына назын білдірді.
Соны айтқанда Ақберген манағындай емес, ажары сазарыңқы тартып:
— Сені мен неге жатырқайын? Сені жатырқағанда менің табарым да белгілі ғой. Бірақ не айтудың жөнін таба алмай келемін... Өзің не ойлайсың? Әуелі соныңды естіртші... Саған деген менде бөтен ниет болып көрген жоқ, қара басым қара жерге кіргенше, ондай ниет болар деп ойламаймын...— деп достықтың нысанын көрсетті.
Бұл сөзге Бекболаттың да жүрегі еріп кетті: досын құшақтап сүйіп алғысы келді, бірақ ондай дағды өмірі болып көрген жоқ қой. Сондықтан:
— Сенде бөтен ниет болар деп мен де ойлаған емен. Әуелі құдай құдайдан соңғы жақыным да, досым да сен деп білем. Сен білмейтін сыр жоқ. Сенен басқа ақылдасар кісім де жоқ. Әкей екеш әкей де ананы қоя беріп, Ақбілекті айттырғаныма іші ырза емес-ті. Оны өзің де білесің... Енді жұмыстың түрі мұндай болды...— деп, Бекболат бала жасынан бері қарай қозғап, балалықты, жастықты, ойын-күлкіні, жолдастықты, достықты, елдің партиясын, партия тақырыпты, әкесі бұған қыз айттырғанын, оны менсінбегенін, екеуі ақылдасып, Ақбілекті көріп келіп ұнатқанын, — бәрін жыр қылды. Аяғында келіп: — О болса, ондай болды. Бұл мұндай боп отыр. Маңдайымның соры бар ма? Қайдан білейін. Ендігі ойым: «тағы да қыз іздеп, тағы да әкейді ренжітіп жүргенде, өмірдің де бірталайы өтіп кетер. Одан да неде болса тәңірінің жазуы шығар, жұрт не десе о десін, тәуекел деп соның өзін алғым келеді»,— деп күрсініп тоқтады.
Бекболат сөйлеп келе жатқанда, Ақберген: «Айтқаныңның бәрі «рас» деген кісіше; «Е, е, е!» деп басын изей берді. Бекболат тоқтаған соң, Ақберген де өзінің нашарлығын, жалғыздығын, қоңсылығын, достығын, тілеуі бірлігін айтып шықты. Бекболаттай ұзартып сөйлеген жоқ, шағымды, тиімді жерлерін басып өтті. Ақырында:
— Өз ындының солай болса, оныңа мен де бөтен сөз айта алмаймын. Жалғыз-ақ дос бар еді, дұспан бар еді, құрбы-құрдас бар еді. Екеуміздің осы жүргенімізді де көре алмайтын кісілер бар еді... Тек солардың табасына қаламыз ба, бірде болмаса бірде бетіңе салық қып, сүйегіңе таңба бола ма деп, артын ойлағанымыз болмаса...— деген сөзге әкеп тіреді.
— Онысын енді құдайдан күттім. Мен жамандығымнан, болмаса Ақбілек жамандығынан болып отырған нәрсе емес. Тұтқиылда кез келген тәңірінің бір апаты. Оған кім ара тұра алады. Айта берсек сол өңірде орыстан cay қалған әйел бар ма екен? Бірақ қайсысы безіп жатыр әйелінен? Ашылмаған қауын, жарылмаған жұмыртқа іздейтін баяғы бейбітшілік шағымыз бар ма? Елдің не қымбаты, не асылы құрбан болмай жатыр?— деп Бекболат жолдасын дәлелмен жеңбек болды.
«Артының намысы» дегені болмаса, Ақберген де артық таласқан жоқ.
Жолдасын өзіне серік қып алған соң, Бекболаттың көңілі бір демдегендей боп:
— Ел не дейді екен? Біздің үйдің іші қалай көреді екен? — деп сұрады.
— Ел деп енді, ел не демейді? Елдің сөзіне артық құлақ қойған да кici жоқ... Жалғыз-жарым Сайлаубай, Аязбек... секілді бықсыма күншілер айызы қанады білем... Қарындастарын алмай қойған соң, сүйтпей қайтушы еді... Ал тілеулес ағайынның әзір суық сөзі естілмейді... Өз үйлерің болғанда, би (әкесі) пәлен түс жарып, ештеңе айта қойған жоқ білем. «Ақбілек табылыпты» деген хабарды естігенде: «Е!» депті де қойыпты. Ал, Жанболат ағаң болса, ол енді аузы жеңіл кісі ғой: «Е, біздің Бекболат енді о қызды алмайды, орыстың сарқытын неғысын!» деп, үйіне келген, кеткен кісіге «перот» соғып отыратын болса керек,— деді.
— Е, о жігіт енді соға береді ғой... Елде жоқ, күндей перизатты тауып алған неме!— деп Бекболат күлді.
Ақберген қошамет қылды.
«Өйткені ағасының алып отырған қатыны да партия тақырыпты атастырған бір жетесіздеу адамның шажа байтал бейнелес кілбиген, маймақ, кәрі қызы. Қарны шермиіп, борбайы шыт-шыт боп, тек жыл сайын бір баладан қоздата беруді білуші еді. О жеңгесін Бекболат пен Ақберген дәйім мазақ қып, ашуландыра беруші еді. Оны көргенде екеуінің жыны қозып кетуші еді. Бұ жолы да күлуге сол себеп болды.
Ауылға жеткенше екеуінің әңгімесі — әйел болды. Әйел деген жарықтық өмірі таусылмайтын, адамды жалықтырмайтын қызық әңгіме ғой. Әсіресе біздің «Екі әуейі» әйелдің әңгімесіне жалыққан бар ма? Ауыздарынан сілекейі, көздерінен жасы аққанша күлісіп мәз-мәйрам болды.
Бекболат бір жасап қалды.
* * *
Балташ кабинетіне кіріп келді.
Қызыл шұғамен кежімделген емен үстел. Сұрала тас дәуіт, қалам сауыт, шамдал, басқыштар. Былқылдақ барқыт орындық. Тақтай айнадай. Үстел шытырдай. Оңында — Ленин, солында Сталин суреті. Үстелде тілипон. Қолын созса електір. Бір түймені басып шылдыр еткізсе — хатшы жетіп кеп, мойнын қылқың еткізеді.
Осы сынды кабинетіне Балташ кіріп келді.
Орындық та, үстел де, қаламдар да жегулі аттай жалаңдап: «Отыр да өкірте бер!»— деп тұр.
Балташ cap партпелді үстелге бір алып ұрып, бетті бір сипап, былқылдақ орнына алшия келіп отырды. Сол қолының түймелі жеңін ашты да уақытты білді. Тоғыздан қаңғып барады екен. Сол жағындағы қаттаулы қағаздарды алдына таман алып, қой қырқатын кісіше икемдей баурап, түйіліп қарай бастады. Біріне «Анықталсын», біріне «Тексерілсін», біріне «Мәжіліске салынсын», енді біріне «қаржы жоқ», тағы біріне «Тыңдалмасын», «Қайқайтылсын» деген тәрізді, бұрыш-бұрышына қиғаштап «Резеліс» (қарар) қондырып, қолды орақтатыңқырап, аяғына көлденең бір тартып қап жатыр еді, есік тырс етті.
— Можно?— деді.
— Можно болса, — уфин атделдің бастығы Бірдемештеин екен. Отыра қалып қағаздарын будыратып, қолын сиқырларша тулатып, сықбыртып еді, Балташ а — дегенде «мүмкін емес» деп басын шайқаса да, әр-берден соң «Ә, ол мүмкін» деп қолды қоя берді. Балташ ақша жұмысына онша жетік емес еді; параграф бартал, декрет, секрет — дегендер көбейіп кетіп, солардың кілтипанына миы жете алмай жүр еді. Жауапты қызметкер болған соң, бір жерімнен мүлт кете ме деп, сақтанушы еді; бірақ қай жерінен мүлт кетіп жүргенін өзі де білмеуші еді. Анығында пәлендей тіресетін де мәселелер емес еді. Алайда Балташ әуелі бір тіресіп, бетін қайырып алуды әдет қып еді: ісі пәлші болса алғашқы дүрсе қоя бергенде, беті қайтар, дұрыс болса, безектер, дәлел табар деген өлшеуіші болушы еді. Бірдемештеин кеткен соң, басын бір сипап:
— Шортты ызнат! Сыболыштар қайдағы жоқ пәлені тауып, ақша алады,— деді.
Балташ өкшесін тіреп, орнынан бір көтерілеңкіреп, орындығын ұмтылтып, орны беріктігін сезгендей, қайта нығарлана отырып, келген адамдарға түйіле қарап, біріне қол сермеп, бірінің қағазына қолын орақтатып, аяғына бір тартып қап жатты.
Бір мезетте Тыпаң кіріп кеп, жайраңдап бас изеп, жұп-жұмсақ қолымен кемесерінің қолын ғашық жарының қолындай, жақсылап қысып:
— Сәлемет пе...— деп, ақырын жымың етті. Өйткені кеше қызу үстінде қаттырақ кеттім ба, бірдеңе деп қойдым ба деп, ұйықтап тұрғалы зәресі жоқ еді. Мынау майда амандасу — соның майдалауы еді. Майдалап болған соң, енді бір састырайын — деген кісіше; — Бүгін сіздің баяндамаңыз болады екен, — бір жапырақ қағазды ұсынды.
Балташтың тоқ шегі қылып өте түсті. Қорқақтықтан дейсіз бе? Жоқ. Өз жұмысын білмейтіндіктен дейсіз бе? Жоқ. Бір тықыр таянды ма? Жоқ. Баяндаманы талай істеген, орны да, арты да мықты. Сонда да баяндамасы түскір кісіге бір қыпыл кіргізбей қоймайды. Қашан соны істеп, жауап беріп, айтысып, тартысып, аман-есен өткенше, көтіңе қыл батпайды, қыл көпір тәрізденеді де тұрады.
Балташ:
— Барлық материалды жинап, реттеп беріңіз,— деді.
— Болады, — деп Тыпаң иек қақты да шығып кетті. Әйтсе де, манағыдай емес, Балташтың сүреңі келіңкіремеді. Сөйтіп отырғанда таңқы мұрын, бадырақ жігіт кіріп келді. Келе:
— Амансыз ба, жолдас?— деп үстелден асыла қолын созды.
Өзі сүреңі бұзылып отырған кісі, мына қыр қазағының омыраулап келіп, қолын созғанын жаратпайды:
— Аман, — деп көзінің қырын түсірді.
Бұ келген Мұқаш еді.
Мұқаштың неге келгенін Балташ та біліп отыр. Қанша жақсы көрген кісің болса да, қайта-қайта келіп мазаңды ала берсе, ілтің пәлені тәуір көрмейді ғой. Және Мұқаштың материалы тексерілсін; оған дейін қызмет берілмесін деп, кеше Ақбала бар, бәрі қаулы қылысқан. Сондықтан Балташ оған отыр деп те айтқан жоқ, қараған да жоқ. Мұқаш өзі барып жақын орындыққа отырды. Балташ көз қырымен тағы бір қарап қойды. Мұқаштың кеудесі күпсиген, көзі— ежірейген. «Тындырып келдім» деп түрі айтып тұр. Онымен де қойған жоқ, отырар-отырмастан:
— Кәне, жолдас! Мені не қылатын болдыңыздар?— деді. Не боларына көзі жеткендей-ақ. Өйткені ол бюрода мақтау алған ғой; орынға қой деп, Балташқа тапсырған ғой.
— Сен немене?.. Қандай қызметке тұрғың келеді?— деді Балташ, не сұрарын білмей, көзін жұмыңқырап:
— Қандай қызмет болады? Жұрт істеп жатқан бір қызмет болады да, — деді.
— Елдегі қызметті қалайсың ба? Қалада болғың келе ме?
— Қала қызметіне менің оқуым жоқ қой. Елде болғаным дұрыс қой.
— Елде қандай қызмет қалайсың?
— Осы күні кім болса сол болыс боп жатыр ғой. Біз де соның біріндей қызмет қылармыз.
— Ә, болыс болғың келе ме?
— Қолдан келсе, не болмайық дейміз? Бұрын байлар да болды... Енді өзіміздің өкімет келгенде, біз де болайық та,— деп жымиды. Онысы Балташты өзімсінгені еді.
Балташқа бұл сөзі ұнамады:
— Сен партияға не мақсұтпен кірдің?— деп сұрады.
Бұл сұрау Мұқашқа шәлкем-шалыс келді: Мені тергеуші сен бе едің, — дегендей:
— Не мақсұты болады?.. Кедейді жақтайды, қызметке кедейді қояды, байдың малын кедейге әпереді... деген соң кірдік... Біз езілген таппыз. Малайлықта жүргеміз. Мойнымызға ершік салып жүк те көтергеміз. Енді біздің күніміз туған жоқ па?..— деп ажырайыңқырап, бірталай өзі білген қызыл сөздерді айтты. Балташ Мұқаштың мақсұты болыс болып, мал табу екенін байқады: ішінен «сен де бір сыболыш екенсің. Доғанікі дұрыс екен» деп ойлады. Мұқаштың надандығын, одан басқа мақсұт оның ойына кіріп шықпайтынын ескермеді. Мұқашты өзіне қоятын өлшеуішпен өлшеді. Сондықтан оған қызмет берудің орнына өзін бірталай сөгіп, тергеп, пікірі терістігін айтып келіп:
— Сенің бұл ойыңды білсе, партиядан дереу қуыласың... Елге сенің зәбірің көп тиген көрінеді...— деп оны қорқытуға айналды. Мұқаш оған пәлендей ығысқан жоқ: — Сен қоймағанмен бюро қояды,— деп ойлады да:
— Сонымен маған орын жоқ па?— деп түрегелді.
Балташ:
— Мелитсе болсаң қайтеді,— деп еді, Мұқаш басын шайқап:
— «Болмаймын»— деді...
Балташтікі де ұстап кетті:
— Болмасаң жүре бер!— деп қолды бір-ақ сермеді.
— Көреміз!— деп, Мұқаш есікті тарс қойып шыға жөнелді. Шыға беріп Балташтың әкесінен қозғай бір боқтап алды да, атына мініп «Бұйраға» тартты.
«Сәбет өкіметі кедейдікі дегені қайда? Кедейдікі болса, менен артық кедей бар ма? Менен артық сәбетке еңбек сіңірген кім бар?.. Әлгінің қыртып отырғаны не?.. Ол тұмсығын неге көтереді? Бұ бір «Боржой» ғой! Оқыған неменің өстіп селтие қалатыны бар... Сен қоймасаң да, қоятын кісіні табармын», деген оймен атын борбайға бір салып, жортып келіп, танымал мекеменің алдына түсе қалды.
«Бұйрада» Иванов дейтін арық, қу жақ орыс бар еді. Ауызда әр кімдер есік күтіп тұр екен. Мұқаш есікке таман келіп, кимелеп ашайын деп еді, — кезекпен кіресің деп, балалау орыс иығынан тартып кіргізбеді. Амал жоқ, қамшысын екі бүктеп, қолын артына ұстап, іріленіп, ежірейкіреп, тұрды. Алдында ноғайшалау, киінген бір мұғалім тұр еді; Мұқаш биікте тұрған кісіше, жан құрлы көрмей, көзін кепиеттене бір салып қойды. «Болыс болатын мен кірейін! Жаман мұғалім, саған не бар?» деген қарас екенін мұғалім қайдан білсін, жәй тұрмай:
— Жолдас, қай елдікі боласың?— деді.
— Не керек?— деді Мұқаш тұмсығын көтеріп.
— Тарбағатайлық болсаң, елге баруға серік бола ма деп едім. Мұқаш сөз қатуға ерініп, таңдайын бір қағып басын шайқады. Әлден уақытта Мұқашқа да кезек келді.
— А, Мукашка!..— деп Иванов қол ұсынды. Мұқаш бүктеулі қамшысын сермеп, балдыр-батпақ тілмен Балташтың қызмет бермегенін сөйледі.
— Не айтады?..
— Тыңдамайды... Өзі бір бүржой көрінеді, — деді. «Қасқырдың қара құлақ шамы» дегендей, «Бүржой» десе-ақ, балшебек шамданады деп ұғушы еді. «Бүржой» деген сөзді боқауыздан кем көрмеуші еді.
— Как буржуй?— деп, Иванов жымыңдап, телефон қақты. Мұқаш тыңдап тұр.
— Қандай материал? Тастаңыз, тастаңыз! Білем-білем. Бос сөз. Қалдыр пожалста. Жарамайд... — деген сөздерін ұқты. Қайда қалдыр деп, немене жарамайды деп жатқанына түсіне алмады. Бірақ Ивановтың қабақ түйісінен, қол сермесінен өзіне болысып, сөйлеп жатқанын сезді.
Иванов тілипонды шылдыратып қойды да:
— Күте тұр. Ертең мәжілісте қараймыз... Сені орналастырамыз,— деді.
Мұқаш «Бажалстыны» қағып, қол ұстап қоштасып: «Қираттым ба!» дегендей апыраңдап тысқа шықты.
Көшеде келе жатыр еді, бұрыннан танымал Жақып деген жігіт жолықты, Жақып біресе агент, біресе мілитсе, біресе істүктір болып жүретін орысшаға Мұқаштан гөрі жетік пысық жігіт еді. Сөйлескен жерден:
— Қайырлы болсын! Болыс болды деді ме?— деді.
— Кім айтты?
— Сартау жігіттері айтып жүр.
— Жоқ әлі.
— Ойбай! Ендеше сені болыс қоямыз деп, сұранып жатқан кісілер бар.
— Кім-кім?— дегенде, Жақып Мұқашты ертіп, ауруханадағы Жылтырға алып келді.
Жылтыр қашаннан күтіп отырған немеше асты-үстіне түсіп жылпылдап, бай біткенді оңдырмай, оның ішінде Матайдың Әбенін іске алғысыз қып, аяғында Мұқашты болыстыққа сұранып жатқандарын айтты.
— Болыстықтан басқа қызметке тұрма! Сені қайтсек те Сартауға болыс қоямыз. Бізге тек Әбеннің енесін ұрып берсең болғаны деп, Мұқашты әбден құтыртты.
Мұқаш не іс қылса, мұнан былай Жылтырға ақылдасып тұрмақшы болды. Жылтыр өзі «науқас себепті» ауруханадан шыға алмай жатқанын ескертіп, Жақыпқа: — Мұқашты апарып қонақ қыл, не керегін тауып бер,— деп тапсырды.
Жақып кешке таман қаланың шет жағындағы өзі сияқты жылмаңдаған бір қазақтың үйіне әкеліп, ет асқызып, самогон ішкізіп, қонақ қылды. Атын жемге көміп қойды. Қалтасына «жұмсақтан да» басты. Көңіл көтеретін бір әйел де табылды... Мұқаш мыршымға кірді. Мұқаш көкіді. «Болыс болмаймын»— деген ой жоқ.
Ертеңінде салып Ивановына барды.
Иванов кешегідей емес, «Мукашке» деп қолын созған жоқ. Салқын амандасып:
— Қандай қызмет қалайсың? — деді. Балташқа айтқан сөзін Мұқаш тағы айтты. Иванов басын шайқады.
— Агент боласың ба?— деп еді, Мұқаш болмайтынын білдірді: кешеден бері қарадай болыс боп қойған кісі емес пе? Агент болам деп бұрын былғанғаны тағы есінде. Иванов:
— Олай болса үйіңе қайт, керек қылсақ, алдырармыз, — деді.
Мұқаштың салы суға кетті, не айтарын білмеді.
Әңгіме былай: Доға, Төлеген, Тыпаңдар бас болып, Мұқашты Сартауға болыс қылмаудың әрекетіне кіріскен еді. Өйткені олар Әбеннің кісілері ғой. Олардан басқа да Әбеннің тілектестері әр мекемеде бар еді. Қалайда Мұқашты қаралау үшін «ЧК»-ның бір агентін соңына салып қойған еді. Мұқаштың қайда барып, қайда тұрғаны, кіммен сөйлескені, қонақта болғаны, самогон ішкені, әйелмен жақындық қылғаны... — бірі қалмай «ЧК»-ның «Лауқүл мақпүзына» тіркеліп еді. Кеше Балташтың сөзіне сенбей, Мұқашты жақтап отырған Иванов, бүгін сылқ ете түсуі сол «лауқыл мақпүздағы» жазуды көріп еді. Мәжілісте ол көргенін айтпағанмен, Балташтардың Мұқаш туралы материалды тексертейік деген жобасына «Қазақ жұмысына кіріспейтіндіктен» көнген еді.
Мұқаш Жылтырына барып көпті сөйледі. Ол таң қалды. «Иванов солай дедіні» естіген соң, о да кешегідей жалпылдамады:
— Мұнда бір машине бар екен. Сен енді өз шаруаңда жүре тұр. Біз мұның ізіне шөп салып көрейік,— деді.
Сонымен, Мұқаш әрі елге жексұрын боп, әрі өкіметтен жақсы ат ала алмай, пұшайман болып, қалада бір-екі күн сандалып жүріп, ауылына қайтты.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ҚАЙҒЫ
Мінекей, Ақбілек үйіне келгелі он бес шақты күн болды: Алғашқы кездегі Ақбілектің ісі: басына қара салыну, бата қыла келген қатындарға көрісу, жылау, үһілеу, күрсіну, алдына тосқан құманға қолын тосып, көз жасын шаю, дастарқандағы дәмді шымқып аузына салу, түзге барып келу, қайта келіп бір орнынан тапжылмай отыру болды. Бұрынғыдай емес:
«Жылқы ішінде шұбарым,
Жібектен таққан тұмарың.
Әлпештеген жан апам,
Тарқамай қалды-ау құмарым.
Есіктің алды қазған жар,
Жар жағалай қаз қонар.
Жан апамнан айрылып,
Ішімде қалың қайғым бар...» —
деген тәрізді, жырынды жеңгелері үйреткен құрама-сұрама жоқтауын, кісі келсе, сұңқылдатып қоя беретін болды. Жеңгелері солай деп жоқта деген соң, Ақбілек солай болуға тиіс екен деп айта берді. Әйтпесе ішіндегі қалың қайғысын білдіруге «Жылқы ішіндегі шұбар», «Есік алдындағы қазған жар» сияқты сөздердің түк лайығы жоқ, мәнсіз, жат сөздер мен жүректегі қайғының арасына сөйлеген сайын, жылаған сайын бірте-бірте көпір салынып, жалғасқан, байланысқан тәрізденді.
Әуелгі кезде: «Япырау, осы байы өлген, баласы өлген қатындар, өлісімен, қалай сұңқылдатып жоқтай алады екен?! Не ғып жүрегі аузына тығылып қалмайды екен?!» деп, ішінен таңырқап жүрді. Өйткені, Ақбілек әнеугүні Әмір ағасын тосын көргенде, одан кейін әкесіне, қатындарға, ауылына көріскенде түк айта алмай, екі сөздің басын ұйқастырып қоса алмай, тығылып қалды ғой. Кейін жеңгелерінен жоқтау үйреніп алған соң сондағысы өзіне бір түрлі балалық, топастық, өнерсіздік, ұят сияқты көрінді. Бірақ: «Ол күндегі менің жай-күйімді жұрт ұғар: мен онда шұғылдан көрістім ғой, аузыма сөз түскендей болды ма? Бұрын мен дауыс қып көрдім бе?..» — деген ойлармен өзін-өзі жұбатушы еді.
Ауылына алғаш кеп түскенде, қатындар қолтықтап, сүйрелеп әкеліп, әкесіне көрістірді. Жабыла кергілесе, апасы тірілетіннен жаман ауылдың біткен еркек, әйелі көкпарға, тартқан серкедей созғылап, илеп, жұлқылап, керіп, әбден есеңгіретіп, әлсіретті. Бәрі де: «Қарағым-ай! Шырағым-ай!.. Көз жақсым-ай!.. Еркежан-ай!.. Шырайлым-ай!..» деп есіркеді, аяды, өзеуреді, беті-қолын жуғызып, алдына дәм қойып, «Іше ғой, жей ғой, қарағым!..»— деп, үстіне түсіп, өліп-өшіп күтті, сыйлады. Ақбілек бәріне де нанды, бәрі де бауырым екен, мені аяйды екен, әлі де мені жақсы көреді екен деп ойлады. Ауыл күткен сайын, «Қарағым, шырағым!» деген сайын әнеугі ауылына таянып келе жатқандағы, өзінен-өзі именген, өзін ит тиген астай көріп жиренген, дүниенің қайғысын бір өзінің басына орнатқан, өмірге қол серметкен қалың ой, ауыр сезімдер бірте-бірте алыстап, үстін тот басып, ұмытылып бара жатқандай болды. «Басыма қара тұманды бекер орнатқан екем: жұрт маған онша өзгерген, тосырқаған, менен үріккен, жиренген көрінбейді ғой. Мен әлі де осы ауылдың, осы үйдің ардақты бір баласы екем ғой...» деп өз үйіне өзі үйренгендей, бауыр басқандай болды.
Күндерден күн өтті. Үнемі кірген-шыққан танымал кісі, күңгірлеген біркелкі «Қүлхуалла», «Қүледхүлла», «Олла һүйад-хүу..» жаттап алған «шұбар», «тұмар», есіктің алды...» дауыс қылған сайын Ұмсынайдың қашанғы өлген Әбілдасын жоқтауы, өзі кім болса, соған көріскені, қатындардың айырғаны, — бәрі де жапырақтың сыбдыры, судың ағыны, түйенің боздағаны тәрізді, Ақбілекті тербетіп, әлдилей, қалғытып, перде үстіне перде жапқандай, қайғысын бүркей береді. Бірақ қайғы ұмытылған жоқ, оның үстіне жаңа қайғылар жамалды.
Алғашқыдай емес, бата қылушылар сиреді. Ет пен шәй кеміді. Онымен бірге ауылдың қатындары да қатынауын сиретуге айналды. Жалғыз-ақ жақсы көретін Ұрқия жеңгесі жанынан кетпейді. Бәйбіше өлгеннен кейін осы үйдің шаруасына араласқан сол екен. Әлі де болса бас-көз болып жүр. Балалардың үсті-басын да сол қарастырып жүр.
«Балалар» дедік пе? Оларды айтпаппыз-ау. Ақбілектің он екі жасар Қажікен деген бауыры, жеті жасар Сара деген сіңілісі барды. Ақбілек өзінен бетер сол екеуінің жетімдігіне қабырғасы қайысатын. Қажікен ойын баласы ғой, көбінесе балалармен ойнап далада жүреді. Монтиған Саражан Ақбілектің жанынан екі елі айырылмайды; шашы жалбырап жабысып отырғаны. Сара байғұс-ай! Әйелдер дауыс қып жатқанда, Қажікен үйге келмейді. Сара Ақбілектің дауысы шықса, көзінің жасын көреді де, бірге жылайды. Қажікен апасының жоқтығын артық елемепті. Сара жүдеп кетіпті. Ақбілек біраз есін жиған соң, Сараның кірін жуғызып, жыртылған көйлегін тепшіп, үзілген түймелерін қадап берді; білтеленіп биттеп кеткен басын жуып, тарап, оңашада тізесіне жатқызып, битін қарап отыратын болды.
Әкесі бұрын да үй-ішімен көп сөйлесе бермеуші еді, енді мүлде тұнжырап кетіпті. Малшыларға: «Түйе келді ме?.. Көк ат суарылды ма?.. Қой қалай шықты?.. Ана жүгенді үйге апаршы!..» деген тәрізді, шаруаның бірдеңесін айтады; кейде Қажікенді шақырып алып, атқа мінгізіп бұзау айдап келуге жібереді. Бірақ келгелі Ақбілекке әкесі сөз қатқан жоқ. Ақбілекке, әуелі, қарамайды да.
Бұрын көзіне көрінбесе «Ақбілек қайда жүр» деп, сұрап отырушы еді; «Қарағым, ананы нетші» деп: оны-мұныға жұмсаушы еді; кейде Ақбілек еркелеп қасына таман келгенде: «Қарағым» деп маңдайынан иіскеуші еді; «Жел қарысар, беліңді буынсайшы, түймеңді салсайшы» деп жаны ашып отырушы еді. Енді оның бірде-бірі жоқ, жатырқап қалған тәрізді. «Апамның қайғысы шығар... Үйде кісі болған соң, именетін шығар...» деп ойласа да, Ақбілек әкесінің оңашада да бір ауыз тіл қатпағанына қапа болады. О түгілі әкесі Ақбілекпен оңаша қалудан қашатын тәрізді. Әкесімен екеуінің арасынан қара мысық кесіп өткендей бір өткел түскенін Ақбілектің жүрегі сезеді. «Әкесінің қабағы қашан жадырар екен, қашан жылы қарар екен, қашан тіл қатар екен?..» деп сарылып, сарғайып күтеді. Әкесінің көзі түсер ме екен деп, көзінің қырымен жансыз аңдып та отырады. Бір қараса да қайғысы жеңілетіндей, бақытты болатындай көреді. Сондада әкесі көз салмайды. Енді Ақбілекке шешесінің өлімінен де мынау жаман батты. «Жар дегенде жалғыз әкем мені жек көрсе, енді мен кімге сыямын?» деп қайғырды. Міне ендігі ауыр күрсіндіретін жаңа қайғы осы еді.
Ақбілек бұл қайғысын тірі жанға сездірмей, көп жүрді, көп күтті, көп дәмеленді. Далаға барса да Сара мен екеуі оңаша қалса да, сіңлісін бауырына басып, көз жасы бұршақтай домалайды. Неге жылай беретінін сіңлісі білмейді, көзі жаутаңдап: «Тәте қойшы, тәте қойшы!» дей береді. Ақбілек көзін сүрткен болады; бауырын уатып басынан сипаған болады. Аз толас боп тұрады да, жаңбыр тағы тамшылайды.
Ақбілектің бұл дерті ұлғайды. Ұлғая-ұлғая ішіне сыймауға айналды. Кімге айтар? Кімге шағар? Кім болушы еді? Жасынан бергі сырласы — Ұрқия жеңгесіне айтпаса.
Ұрқия — Әмірдің қатыны. Әмір — Мамырбайдың немере інісі (Әмірдің әкесі Тәуірбай Мамырбаймен бірге туысқан ғой). Әмір өзіндік ораза ашары бар біртоға, момын жігіт. Ұрқия түскелі он жылға айналып барады, жасы 27-ге келді. Бар айыбы: пұшпағы қанаған жоқ, әйтпесе жібі түзу әйел. Бәйбіше тірі күнінде Ақбілегін ойынға немесе бөтен ауылға жібергенде, жалғыз Ұрқияға сеніп, қасына соны қосып беруші еді. Туған шешесінен соңғы Ақбілектің жақсы көретін жақыны да, әдеп-өркен үйренген ұстазы да Ұрқия еді. Өз үйінде айналар бала-шағасы, кәусар шаруасы болмаған соң, Ұрқия, бәйбіше өлгелі, Мамырбай ақсақалдың туған келініндей боп, үйін ұстап тұра қалып еді. Осы Ұрқияға бір күні Ақбілек дөң астында отырып, қайғысын сөйледі. Ұрқия тыңдады да:
— Шырайлым-ау! О кісі апамның өліміне қайғыратын шығар. Сені неге жек көрсін?..— деді.
Десе де, ақсақалдың баласына салқындағанын Ұрқияның да іші сезуші еді. Ақбілектің көңілін аулағалы әлгідей дегені болмаса о да төмен қарап шөпті ширата берді. Онысы өз ойын айтарын да, айтпасын да білмей ойланғаны ғой.
Ұрқияның ойланғанын Ақбілек те сезді:
— Мен байқаймын ғой. Менен бойын қашықтата береді. Мені көрмеген кісі секілденеді. Неге сезбейсің? Сен де сезген шығарсың? Кеше Сара екеуміз оңаша отырғанда, үйге басын сұға түсіп, бізді көрді де, шығып кетті. Іле-шала сен де келдің. Сен сезсең де, маған айтпайсың ғой! Мені ренжір деп, аяйсың ғой. Сенің оныңды мен, білмеймін бе?.. Апамнан соңғы бар сырласатын кісім сен едің. Сен де ішіңе бүкпе сақтайтын болдың ба?— деп Ақбілек қамығып жылап жіберді.
Ақбілек жылаған соң, Ұрқия да жылады. Жылап отырып:
— Бауырым-ау! Сенен не бетіммен бүкпе сақтайын! Білген нәрсем болса, сенен жасырып... ойбой-ой! Енді қайтейін!.. О не дегенің, қалқам!.. Үлкен кісілердің не ойлайтынын кім біледі?.. Саған айта алмай жүрген бір сөзім бар екені шын, оны жасырмаймын. Қалқам — иә-ау! Жұрттың неге таңырқайтынын білмеймін. Осы үйге кім келсе де, бар ғой, бәрінің көзі сенде болады (бір тамсанып қояды). Саған жұрттың таңырқап қарағанына ішімнен мен күйіп-пісіп отырмын... сондағы ойлары не екен десейші?.. Дәуде болса ішім айтады: орыстардан кейін қандай боп қалды екен? Өзгерді ме екен? Жоқ бұрынғы қалпында ма екен? Орыстар оған не көрсетті екен?.. деп қарайды-ау деймін. Әйтпесе таңырқайтын несі бар?..
«Жұрттың ойы» десе де: Ұрқияның өз ойы да осы еді. «Орыстар апарған соң не істеді екен?» деген сұрау өз аузына да келіп қайтып тұрушы еді. Бірақ өзі мынадай сорлы боп отырған «Шырайлымнан» қалай беті шімірікпей аузы барып сұрасын?
Әлгі сөзді естігеннен Ақбілек жасын тыйып, көзі мөлдіреп, қиялға түскендей, алдында тұрған жез шәугімге қарап бедірейе қалды. Қарашаттағы құйын соққандай астан-кестен күндер заматта көз алдынан шапқан аттай бұлдырап өтті.
Ақбілектің бедірейе қалғанын көрген соң, Ұрқия ойын бөлейін деп:
— Сені аман-есен келеді деген тірі жан болған жоқ. Өзіміз күдер үзіп қойдық... Орыс шіркін өлтіріп тастады той деп ойладық: үлкен апамды көзіміз көрді ғой. Құдай сақтайын десе, қайда сақтамайды? Шыбын жаның қалған соң не керек,— деді.
Ұрқияның «ернінің емеурінінен» оның ойын Ақбілек те біле қойды. Орыстардың не ғып жібергенін бұ да естігісі келеді екен деп ойлады. Ұрқия сездірмесе де, ай-жай болған соң, Ақбілек сырын өзі де айтпақшы еді. Бірақ «Мақтанған кісіше несіне айтам? О бір жақсы нәрсе болса екен...» деп, ішіне сақтап жүруші еді. Енді айтатын орын келді ғой деп, жеңгесіне бастан-аяқ көрген оқиғасын сөйледі. Жеңгесі тамсанып, тыңдай берді. Қара мұрттың атып тастай жаздаған жерін, қасқыр қамаған жерін айтқан кезде: «Ойпырымай, ойпырым-ай!» деп үрейленіп, әңгіме біткен соң:
— Қалқам-а-ай! Қалқам-а-ай! Көрмегенді көрген екенсің ғой!.. Әйтеуір көп орыстың талқысынан аман болғаныңды айтсайшы!— деп, таңдайын қағып, басын шайқады.
Бұл сырды тірі жанға шығармасқа, Ақбілек жеңгесінен уәде алды. Содан кейін екеуі бұрынғыдай қалтқысыз дос боп кетті. Оңаша болса: жеңгесі Қарашат жайынан оны-мұны сұрап қояды. Ақбілек дүние көрген кісі боп, кейде Қарамұрттың қылықтарын асыңқырап айтатын да болды. Өткен күндер бір түрлі жиренішті болса да, айта-айта жиренішті жақтары ұмытылып, сұлу жақтары көбейіп, ертегі тәрізденіп кетті. Сырын айтқаны Ақбілекке де тәуір болды: бір сыпыра қапырығы сейілген іспеттенді.
Алайда «Әкем неге түзу қарамайды?» деген жұмбақты Ақбілек шеше алмады. Ол жұмбақтың шешуін Ұрқияның іші сезсе де, Ақбілекті аяп, айтпады, Ақбілек бұл тұрмысқа да жүре-жүре көндіккендей болып, анасының орнына үй шаруасын басқаруға кірісті. Жарылып өлсін бе, қайтсін?..
Мамырбай ақсақал неліктен баласына салқындады екен? Не ойлағаны бар екен? Әңгіменің бетін солай қарай бұрайық.
Сыртына шығармай, тоң айбатпен жүретіні болмаса, Мамырбай ақсақал тегінде балажан кісі еді.
Кім баласын сүймейді?
«Сен туғанда Нұрайлым,
Төбел бие сойдырдым
Төрт қырлап ошақ ойдырдым...
Қара кеске бөлеттім
Ал қара кес батад» — деп,
Бала кеске бөлеттім.
Апыннан шүмек ойдырдым,
Күмістен түбек қойдырттым...
деп Би Едіге — Ер Едіге айтқандай, кім баласын үлде мен бүлдеге орайын демейді? Кім баласының арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Аплотондай ақылды, Жиреншедей нақылды болғанын сақалының ағында, өлерінің шағында үйде ырыс, түзде epic болғанын тілемейді? Мамырбай ақсақал да баласының жақсы болғанын бір кісідей тілеуші еді. Тілегені емей немене: заманындағы құрбы-құрдасынан кейін қалмасын, өнер үйренсін, адам болсын, жатқа жалындырмасын... деп, Төлегенін он екі жасында қалаға оқуға беріп еді. Алты-жеті жыл оқып, міне адам болды. «Жат жұрттық бала ғой; бізбен қанша жолдастығы бар? Оң жақта аз күн тайраңдап, дәурен сүрсін!» деген бәйбішенің тілін екі қылмай, Ақбілегін маңдайға шерткен жан емес еді; оның тана-моншағына, сән-салтанатына дүние аяған жоқ еді. «Жыламайтын, теңі ғой» деп, бәйбіше ұнатқан соң, Ақбілегін Бекболатқа тәуелді қып еді. Ана екі баланы қойшы: әлі жас қой.
Бала қамын жесе де, ақсақал баладан «Қол жалағам жоқ» деп ойлаушы еді. Неге десең, оқып өзі адам болғаны не керек, қалада жатып хат жазғаны, болмашы істен жан тартқаны не керек — Төлеген «қақайып орыс болып кетті. Жаз бір-екі ай елде тұра ма, тұрмай ма, он ай көзі көрмейді. Онысы да оқа емес қой, Төлеген айттырып қойған әжептәуір қалыңдығын қоя беріп, малын босқа шығын қылды. Оған да артық қынжылмас еді. Бірақ суық хабар естиді: Ресей жақтан қаңғып келген, атасын, жетесін білмейтін бір ноғайдың қызын алғалы жүр деседі. Мамырбай ақсақал «Ноғай» десе, аза бойы қаза тұрушы еді; өйткені баяғыда Нәсірден деген бір бақалшы ноғай Құла атының ақшасын жеп кеткен ғой. Ақсақалдың Төлегенге, әсіресе, ренжігені: кешегі бәйбішеден өлідей, Ақбілектен тірідей айырылып, басына қара түн туып, жалғыздық көргенде сол шіркіннің бір көрініп кетуге жарамағаны еді. Келмейді деген кімнің ойында бар? Ағайын да, ауыл да күтті. Қолынан еш нәрсе келмесе де, қаран суалып отырған әкесін жұбатып кетсейші. О жаман туған, шіркін!
Төлегені түз баласы болғаны, көзше тоғанақ боп, өзін күтетін, сыйлайтын қарағы — Ақбілек еді. Ажары да, мінезі де қолайына жағушы еді. Қақ-соқпен ісі жоқ, әдеп-өркенді, салмақты боп өсіп еді. «Құдай бұйрығынан» құтыла алмай, атастырып қойғаны болмаса, Ақбілегін қолынан шығаруға қимаушы еді. Ең болмағанда төрт-бес жылға дейін бермеспін деп, құдасынан мал алуға да асықпаушы еді. Сөйткен Ақбілегі мұндай күйге ұшырады...
Алғашқы кезде ақсақал Ақбілекті өлгенге санап жүрді. Бірақ «Өлді» десе де өлімге іші қимады. Кеше ғана күлкісі бұлбұлдай сайрап, сүйріктей боп өсіп келе жатқан көзінің құрты, алданышы, қуанышы емес пе? Бәйбішенің орны бір үңірейіп қалса, Ақбілектің орны одан да бетер үңірейіп, үйі мүлде қуарып, адыра қалған моладай көрінді. Анау екі жас бала бұралқы күшіктей сенделіп, кірлеп, биттеп-құрттап, жүдеу басқа айналып бара жатқанын көргенде Ақбілекті тіпті керексіді. О болса, апасының opнына балалардың үсті-басын қарастырар еді, үйді үңірейтпес, қуартпас еді: қашан бір қатын алып үйлігін түзеткенше, шаруаға да бас-көз болар еді. Туған-туысқанға не сенім бар? Бөрінің көздегені — өз пайдасы.
Бірақ Ақбілек «Барсакелмеске» кетті. Жай кеткен жоқ, сүйекке таңба салып, масқара боп кетті... «Пәленшенің қызы сондай бопты...» деген атақ мәңгі жайылар ма? Әкесін бүйтіп қор қып кеткенше, алланың ақ өлімінен кетсе, не арманы бар еді. Ақбілегін жақсы көргені, аяғаны, қызғанғаны, өкінгені, жиренгені, қорланғаны бәрі араласып, ақсақалдың жүрегіне зіл қара тастай бір бітеу жара пайда болған еді? Әнеугі «Ақтар ұсталыпты» деген хабарды естігенде, ақсақал қорлықты да, намысты да ұмытып, аталық мейірімі жеңіп: «Ақбілек қайда екен?» деген сөз аузынан қалай шығып кеткенін өзі де байқамай қап еді. Сол қызудың үстінде кісі аттандырып, сұрау салғызып еді.
Енді, Ақбілек табылып, үйіне келген соң, оның сорлы болған түрін көрген соң, оның масқаралығын ойлаған соң, ақсақалдың намысы қайта қозғалды. Бұрынғы нәрестедей бала, ақ қағаздай таза көріп жүретін Ақбілегі енді күйе жаққан қағаз, бала емес қатын боп қалды. Ақсақал баласын құдай қосқан күйеуінен де қызғанатын іші тар кісі еді, баласы кірсіз, таза болғанын қалаушы еді. Енді Ақбілек баласы емес, бөтен әйел іспетті. Кімнен қалған әйел десейші! Қазақ, қазақ болса бір сәрі ғой. Ол о ма? Келген-кеткен кісінің көзі Ақбілекте болатынын алдымен әкесі сезеді. Бәрі де:
«Мамырбайдың орыс талқылаған қызын қара!» деп, ақсақалды көзге шұқыған тәрізденді. Енді Ақбілегі әкесіне масыл болды. Бала ұстаған емес, жұртқа тамашалауға маймыл ұстап отырған кісі тәрізденді. Ақбілектің қырсығынан ақсақал масқара боп абыройынан, адамдығынан айырылғандай болды. Міне ақсақалдың баласына түзу қарай алмай, қашқақтап жүргені сол еді. Қызғаныш, жиреніш, өкініш, аяныш, ыза, қорлық — бәрі ұласып, оның тірі қалып, көзге күйік болғанына бармағын шайнап, зығырланар еді. Бірақ өз қолын өзі кессін бе? Өз ішіне өзі пышақ ұрып, жарылып өлсін бе? У жеген қасқырдай іші алау-жалау боп өртеніп, шықпаған сүлдесін сүйретіп жүр еді.
Кейде ақсақал оңаша отырып, терең ойға батар еді: «О бақырда не жазық бар?» деп баласын бір ауық аяр еді. «Оны да құса қылмайын, түс жылытайын» деп бір ойысып келсе де, оның басынан өткен күндері есіне түскенде, Ақбілек кеудесінен итеріп тұрғандай бірдеңе оның маңына жолатпаушы еді. Бір ауық «тезірек құтылсам қайтер еді...» деп ойлар еді. Бірақ қалай құтылар? Бекболат жуырда ала қояр ма?.. Және үйі болса иесіз тұр. Әуелі өзі бір шүйке бас тауып алып, оның қамын содан кейін ойлаған дұрыс қой. Соңғы кезде ақсақалдың ойлап-ойлап, тапқан түйіні осы еді.
Бірақ, ақсақалға енді қатын ала қою да оңай жұмыс емес: жасы жер ортасынан асып, міне елудің бесеуіне шықты. Енді қартайғанда мал шығарып, біреудің жас қызын алып, баулып: адам қыла алар ма? Ол алғаны қандай адам боп жолығар? Бала-шағаны ол көтере алар ма? Кәрі кісіге қанағат қып отырар ма? Ұяты бар біреу кез келсе — құба-құп. Жеңіл-саяқ біреу килігіп, бозбаламен жыртыңдағанын көрсе, одан өлгені артық қой. Соны ойлайды да. «Бесік көргеннен» ойды қуады: «Есік көргенді» салмақтайды. Қайтып келген қатын тегінде жеңіл ойлы, ұятсыз болады деп жаратпайды. Байы өлген қатынның не баласы, не әмеңгері болмай тұрмайды. Сыбай-салтаң, ар-ұяты бар, шаруаға ұқыпты әйел қайдан табылар екен? Ой тәңірім-ай! Дүниеде қартайғанда қатының өлмесін! Одан үлкен қырсық болар деймісің? Бабы табыла ма? Пәле-дағы! Сол пәле Мамырбай ақсақалдың басына орнаған еді.
Мамырбай ақсақал артық бай болған да кісі емес, жоқшылық зарын да тартқан кісі емес. Өзі өз болғалы жаз саумалы мен бір тоқтысын, қыс бір табақ етін қонағына беріп, әңгімелесіп, күліп-ойнап отырып жегенді — өмірдің бір қызығы деп білген кісі еді.
Ауылнай ортасына да, болыс ішіне де содырынан қадірі басым, салмақты, тартымды табанды кісі еді. Ертеде бірер сайлауда би болып, кейінгі уақытта оны тастап қалаған адамын қарақшы қып, қойып жүруші еді. Әйтсе де ағайын арасының сөзі ақсақалдың алдынан тараушы еді: жалаң сөз қуып кетпей, бір жағынан шаруасын да қарап, аттан түспеуші еді. Бата қылған, «Қайырлы болсын» айтқан ағайынның аяғы сиреген соң, үйге ие табылған соң, ақсақал бір беткей шаруа жұмысына кірісті. Қыс болса, түсіп қалды, қарашаның қары жауды. Алымсағы, берімсегі, соғымы, қаласы, даласы дегендей орда шарқы үйдің жабдығы аз ба?
Ақсақал сөйтіп шаруасына айналып жүргенде, бір күні үйіне бір жолдасымен Әлдекей деген тұрғыласы келіп қонды. «Іпсекем үйінің қамшы жағы тілек, мінер жағы солақ, со жақ танауының шегі бар, тебе таңбалы жалпақ торы биесі, Ысқақ үйінің мінер жақ алдынан ойық, ақ айыл, ақ жал, бөдес сары биесі» жоғалып, соған сұрау салып жүр екен. Әлдекей жолыққан кісіге осыны саулатып жүріп, замандасына «сәлем беріп, бата қыла кетейін» деп түскен екен. Қоналқаның кезіне кеп қалды ма, кім білсін — әйтеуір Әлдекеңнің айтысы солай.
«Әлдекей түсіп жатыр» дегенде, ақсақал: «Осы да қаңғи береді екен!» деген. Өйткені, Әлдекей жоқ қуып, дау сауып, ел кезе беретін, өзі кедей болса да, еті тірі кісі еді. Ақсақалдың әлгідей дегені болмаса, Әлдекейден пәлендей жиренген жоқ. Өйткені әрі замандас, әрі әңгімелесіп, көңіл көтергісі де келді. Сондай біреу болмаса, өзінен именетін ауыл-отан кісілерімен көсіліп сөйлесе ала ма? Үнемі ауыл-үйдің адамы кісіні жабыландырып, тынысыңды, өрісіңді тарылтып, қатынбасшы, үй күшік қып жібереді ғой.
Әлдекей «Әліп — ләмға» «Қүл хуалданы» үш еселеп қосып, құран оқып, амандасып болған соң, өткендегі бір ханның қайғылы боп басын көтермей жатқанда, бір бидің көңіл айтып, басын көтерткенін мысалдап, замандасына баптап көңіл айтты. «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме!..» деген Абай сөзінен де бір ауызды айтып жіберді. Бұл Әлдекей ескіше бірталай сауаты бар, ескі сөзді көп білетін, «Мың бір түн», «Қырық уәзір», «Тотының тоқсан тарауы», «Алты бармақ», «Қыссасүл анбияларды» жатқа соғатын, шежіре кісі еді. Жасында Байшуақтан бір жаман жығылғаны болмаса, балуан, домбырашы, әнші, насыбайшы, сықылдаған бозбала болған, қалжыңға да ұста кісі еді. Бұл күнде насыбайы, қалжыңы, ескі сөзі. «Ондай қыл, мұндай қыл» деген ойыны болмаса, өзге өнерінен жұрдай боп, дау қуып, ет аңдыған, екі күрек тісінен айырылған, саптамасының қонышы салпылдаңқырап кеткен сұқымдау шал еді.
Отырысымен-ақ, Әлдекей әңгімені шерте бастады. «Арун Рашиттен» қозғады. Әз Жәнібек те, Жиренше шешен де, Лұқман Әкімде кіріп кетті. Сол елдегі пәлен жақсы, түген билердің сөздері де еске алынды. Қалайда, Әлдекей отағасының сөзі желге кеткен жоқ, көкірегін қапырық басып жүрген біздің ақсақал әңгімені тыңдаған сайын, ауыл-отыннан қиялы алыстап, басқа бір дүниеге кіргендей, бұ жалғанның опасызын білгендей, көңілі жадырайын деді. Жадырағаны ғой:
— Уай, әлгі қойшыны шақыршы!.. Мына кісіге бір тоқты әкеп сойсын... Кәрі саулықтың еті бар еді, оған тісі өтпес,— деді.
О кезде Әлдекей қаз мойын қара шақшасын жаман қоныштан суырып, бас бармағын сұқ қолымен қаусырмалап тырнағына насыбайын нәшіне келтіре сілке бастады. Манадан бергі тіл мен жақты безеп отырғандағы қаразы да — бір тіске жұмсақ еді. Енді қара шақшаны қалай құтыртып сермесең де жарасты. Қақ, шіркінді қақ.
— Сен осы үйден бір күл жағып, насыбай уқалап алшы!— деп балалау жолдасына әмір қылды. Бағлан сойғызған соң, Әлдекейден әмірі күшті кім бар? Әлдекейдің серпетін де жөні бар: мылтығы бар мілитсе, агент немесе болыс болмаса, елдің кім көрінгенге мал соя беруі сиреуге айналған, баяғыдай мол дәулет жоқ: шығын көп. Және соғым соймаған бір жаман мезгіл ғой. Кешегі қонып шыққан үйі «Бір сірі» жегізіп, Әлдекей түйіліп өліп қала жаздап, жолшыбай боқтап келген ғой.
Әлдекей отағасы жеңінің аузын қоңыр тібенмен ұштаған сұр күпісін желбегейленіп, қызыл елтірі тымағының мінер жақ құлағын айқыш-ұйқыштай жымырып, шалқайып отырып, шәйді да жақсы ішті. «Әйел баласы бір аяулы бала екен! Әттең, орыс сөйтіп тастағаны болмаса!» деп ішінен ойлап қояды. Өйткені әкесі тоқты сойғызған соң, бұ бір сый кісі екен деп, Ақбілек қара шәй салғызып еді. Шәйға қанып, құрыс-тырысы жазылып алған соң, Әлдекей қайдағы жоқ күлдіргі қулық тауып алып, бәйбішесі өлгелі езу, тартпаған ақсақалды күлдірді: тоқтының етін ақтап жеу керек қой. Қашан ет піскенше Әлдекейдің аузында дамыл болған жоқ. Бір сөздің кезегінде:
— Балаларды жүдетпей, бір шүйке бас алуыңыз екен,— деп басып өтті.
Ақсақал Ақбілек жаққа көзінің қырын бір салып:
— Ой, Әлдекей-ай! Енді қартайғанда қатын алып не мәз боламыз? — деді. Онысы: арғы жағын қатын алуға бел байлап қойса да, өзі іздеген болмай, жұрт ұйғарып әпергенді қалағаны еді. Және бала-шағаның көзінше «Қатын алам» деп қалай айтсын?
— Е, о не дегеніңіз? Әлі тұғырдан түсетін кезіңіз болған жоқ қой. Екі күрек тісім жоқ, мен де Салиманы құшақтап жатырмын. Қатын алмаған соң, ретіңіз келмейді ғой,— деген тәрізді бір талай «Наштақат» айтты. Сүйтіп отырып: — Сізге лайықты кім бар екен?.. Ә... Қыз алуға сіздің әптіңіз келмейді ғой. Қыз енді ұстатпайды.
Шаруаға ұқыпты, байы өлген, тоқал қатын болса әй, сізге сол мәш келер еді — деп, елдегі тоқал қатындарды бір-бірлеп екшей бастады. Ақсақалдың өз ойына мұныкі дөп келді.
Ертеңінде шайдан кейін ақсақал қораның бұрышында Әлдекей екеуі отырып бір қыдыру сөйлесті. Не сөйлескенін қайдам? Әлдекейдің аты ерттеулі тұр еді: есік алдында тұрған Әмірлерге ақсақал:
— Уай, мына кісіні аттандыршы! — деді.
Әлдекей, келіп кеткеннен былай не ғажап екені белгісіз ақсақалдың Ақбілекке бұрынғы қарасы өзгерді. Баласын жылы тартып:
«Қарағым, ананы үйтсейші, мынаны бүйтсейші!» деп, шаруаның, балалардың жайын сөйлеуге айналды. Ақбілек тірілді: әкесін жаңа тауып алғандай болды. Содан кейін ішкен асы бойына тарап, ажары кіре бастады.
* * *
Әйнектің тарам-тарам қырауы табандығына тырс-тырс тамады. Іркінді суда тоңазыған шыбындар жүзеді. Күзгі күн төрдегі сары жайнамазға аппақ сәулесін төгеді. Әйнек алдында бастары тиісе жаздап шүңкілдесіп екі жас әйел іс тігеді. Келіншек көк суыртпақты ерніне тістеп, сусылдата суырып жіп ширатады. Сұлу қыз кішкене көк камзолды тізесіне салып, омырауына ойған тана, күміс қадайды. Олардың артында, бұрышта қара шашы жалбырап маңдайына түскен, томпиған бала бақайын жыбырлатып, ақ қайшымен қуыршағына көйлек пішеді. Сұлу қыз артына бұрылып «Келші, қалқам!» дейді. Қалқасы алдына кеп селтиіп тұра қалады. Әпкесі жаңа бітірген көк камзолын кигізіп, шашбауын төмен басып, омырауынан сипайды. Жаңа камзолына бала мәз. Тігіп кигізгенге, әпкесі мәз. Екеуі де жымың қағады. Жаңа камзол киген бала қуанғаннан ыршып түсіп, әпкесінің мойнын құшады. «Қалқам, енді былғамай ки!» деп әпкесі бетінен сүйеді. Қандай жарасып тұр! Жалғыз-ақ келіншектің ажары келмейді: ауыр күрсінеді.
Бұл күрсінген Ұрқия еді. Жаңа камзол киген кішкене Сараның гүл-гүл жайнаған ажарын көргенде, ішкі дерті тағы бір қозғалып, еді. Ой, дүние-ай! Тым болмаса, жасаған осындай бір жалбыр шашты қимады ғой! Дүниеде баладан қызық, баладан тәтті не бар дейсің! Қуарған қу бас өмір — бейне бір жапырақсыз ағаш. Онда не көрік, не дән бар? Баласы болса, Ұрқия да осындай камзол тігіп кигізбес пе еді? О да тана-моншаққа омырауын саусылдатпас па еді? Балапанын бауырына басып, еміреніп, еркелетіп, жеп қойғандай құшырлана сүймес пе еді? Көңілдің бар кірбіңі демде жойылып, мауқы басылмас па еді. Ой, бала шіркін-ай! Неден мұндай ыстық болады екен!
Бала десе Ұрқия ішкен асын жерге қояды. Балалы қатындарды көргенде, іші жарылып кете жаздайды. «Осылардың да арманы бар ма екен?» деп ойлайды. Кедейлік, жоқшылық, аштық, дерт, қайғы — бәрі де бір баланың қасында түк емес тәрізді. Қандай ғана қатын аузы барып, баласын қарғайды екен, жылатады, ұрады екен? Сараның сәнденгенін көргенде, баласыздық Ұрқияға тағы қатты батты. Баланы өмірі мұндай тілеп көрмегендей болды. Балаға аңсап, шөлдеп, үш жүз алпыс екі тамыры түгел кеуіп, суалып бара жатқандай, емешесі құрыды. Неше күн шөлде жүрген адам да мұндай шөлдемес.
Ұрқия күйеуім қатын алады-ау мені шетке қағады-ау деп қорықпайды: Күйеуіне сенімді ғой. Қайта «Тоқал ал!» дегенді зарыққан кезде, өзі айтып жүретін ғой. Десе де кім біледі, жасаған иіп, бойына бала бітіп қала ма деп, екеуі де дәмеленетін. Ұрқия жатса да, тұрса да, құдайдан бала сұрайды, бақсы-балгерге қаратқан, қажы-молдаға үшкірткен, әулие тасқа әлем байлап түнеген, құдайы садақаны да талай берген, мойнына бұршақ салып тілеген. Сонда да әлі бала жоқ.
— «Еркежан, бері келші! Сен маған бала болсаң қайтеді?— деп Ұрқия Сараны алдына алып, қысып-қысып сүйді.
— Боласың ба?— деп, Ақбілек жымиды.
Сара «Шын айтып отыр ма?» дегендей әпкесіне қарады.
— Ой, жасаған-ай! Біз де бала сүйетін күн болар ма екен!.. деп, тағы бір уһлеп қойды.
— Басың жас, құдайдың қазынасы кең ғой. Сүйерсің.
— Қайдан білейін... айтқаның келсін-ау!.. Шырайлым-ау, саған жорытайыншы. Бүгін мен бір түс көрдім... түсімде біздің ауыл көшкен екен дейім. Сені мен екеуміз көштен адасып қалған екеміз дейім. Бір асудан ассақ, алдымыз екі таудың қуысындай, бір құдайдың уысындай құлама құз екен дейім. Құздың үстінде қалықтап жүрген бір қара бүркіт, бір мезетте бізге таман төніп келді де, сені көтеріп алып кетті. Ойбай-ай! Өлтіреді-ау! деп, қайтерімді білмей, безектеп тұрмын. Бүркіттің бауырында көйлегің желпілдеп, тура күншығысқа қарай кетіп барасың. Алыстаған сайын қара бүркіт ақ бауыр торғайдай боп көрінеді. Бүркіт сорғалап, темен құлдилайды. Енді жейді-ау, енді жейді-ау,— деп, тастан тасқа секіріп, жүгіріп келем... Қарасам — сен бір ақ үрпік балапан бопсың. Бүркіт жоқ. Жартастың басында көзің бақырайып отырсың... Қайдан келгенін білмеймін, ар жағынан әнеугі өзің айтқан Іскендір дуана шыға келді... Балапанды қолына қондырып әкеле жатыр. «Дуана-ау! Балапаныңды маған берші!» деп едім, дуана ұстата берді. Балапанды бір қолтығыма қысып келе жатырмын... көзіне қараймын... аумаған сенің көзің... Балапан дегенім сен екенсің... таң-тамашамын... Шырайлым-ау! Бұ қалай түс? Сен жорышы!
— Ойпырым-ай! Тамаша түс екен!.. Мен қалай жориын?... Құдай-ай! Мен тағы бірдеңеге ұшырайтын болармын ба? — деп, Ақбілек көзі бажырая қалды.
Олай жорыды, бұлай жорыды, екеуі де жори алмады, қорықты. Ақырында «түс — түлкінің боғы да» десіп, бірін-бірі жұбатты.
Сара байғазы сұрай ауыл қыдырып кетті. Ақбілек пен Ұрқия шәугім алып, түзге жөнелді.
Күнгейдің қырбық қары кебірленіп өкшеге жабысады. Жел-кем. Қоңыр салқын. Ақ киімді алып таулар ауылдың үстіне төніп тұр. Ақ шымылдықтың бетіндегі қара шыбындай анау беткейде қой жайылып жатыр. Тау басындағы бүркіттей боп қойшы көрінеді. Сырттағы терең сайда аттардың жоны қылтылдайды. Бауырдан артына таяғын көлденең ұстап, талтаңдап біреу келеді.
Ұрқия мен Ақбілек шапандарын бүркеніп, күнгей жақ төмпейден асып барады.
—...Сондағы басбағып келгені осы төмпей ғой! — деді Ақбілек төмпейге шыға беріп.
— Осы төмпей,— деді Ұрқия жан-жағына қарап.
— Оқтың қиюындай, ей жасаған-ай, деймін-ау, тап со күні сап ете түсуі қалай!
— Апырым-ай десейші...
Осындай әңгімелерді сөйлескелі төрт-бес күн болды. Әкесінің қабағы түзелгеннен бері, Ақбілек күйеуін есіне ала бастап еді. Бекболаттың жараланғанын, қалада жатып емдетіп жазылғанын әнеугүні Ұрқия естірткен ғой. Бірақ ол кезде Ақбілек етжей-тегжейін сұрағандай болған жоқ, жатса, тұрса, әкесінің өзгеруіне уайымдады ғой. Енді көңілі бір жайлы болды. Келімді-кетімді кісі азайды. Оңаша үйде Ұрқиямен отыруы көбейді. Ұрқиядан бүгетін сыры бар ма? Күйеуін сөз қылғанды сүйетінін сезіп, оңаша болса, Ұрқия да әңгіменің бетін солай бұра беруші еді. Бекболаттың көңілі бұрынғыдай ма екен, жоқ, өзгерді ме екен? Екеуінің шеше алмай жүрген жұмбағы сол еді. Сол жақтан келген бір жігітке — білші — деп тапсырып жіберіп еді. О жігіт қатынамағалы бірсыпыра боп барады. Түзге шықса екеуі төңірекке көз салады: Кісі қара көрінер ме екен... дейді ғой.
Соңғы күндерде, не екенін қайдам, Ақбілек күйеуін көп ойлайтын күйге ұшырады. Бұрын бозбалаға да онша телміре қарамаушы еді. Еркекті аға, өзін қарындас деп санаушы еді. Күйеуінен өзге бозбаламен, берісі: әзілдесуге, әрісі: орамал тастасып, бетінен сүюге болады, бірақ қойнына жатқызуға болмайды деп ойлаушы еді. Енді еркек көрсе, қойынға жатқаны, құшақтағаны қандай екен деп ойлайтын болды. Киімшең еркекті жалаңаш түрінде көзіне елестеткісі келді. Ол ойынан өзі ұялып, безейін десе де, безе алмады. «Япырым-ау, мұным қалай? Ұят-ау? Шынымен бұзылып кеткенім бе?! Қатын болғаным ба?!» деп таңданар еді. Әйел біткеннің бәрі осылай ойлай ма екен? Жалғыз мен бе екем? деген сұрау келсе де, Ұрқиядан сұрауға батылы бармаушы еді. Кім біледі, Ұрқия да бұзылған екен деп ойлар деп, сақтанушы еді. Өйткені Ұрқияның көзінде әлі бала ғой; кеше ғана қолында өсті ғой.
Күндерден күн асқан сайын, Ақбілектің күйеуін көксеуі толғақша жиілене берді. Күйеуін ойламаса отыра алмайды. Ойлау тұрсын — тілейді; тілеу тұрсын — ынтық болады. Үй оңаша болса, Ақбілек керіліп-созылып, шалқасынан жатып, көзін жұмып, қиялына күйеуін әкеледі. Күйеуін құшақтаса, сүйсе... сонда құмары тарқайтын тәрізді. Енді Ұрқияны көрсе:
— Ана жақтан хабар жоқ па? Жасаған-ау, неге кешігіп жатыр?— деп, серт байласқаннан жаман Бекболаттың келуін күтті.
— Хабар жоқ... кім біледі, о жақтағы елдің не деп жатқанын,— деп, Ұрқия күдік сөйлесе де, Ақбілек ол ишараға түсінбей:
— Неге хабар бермейді екен?.. Неге кісіні әуре қылады екен?.. Қыздың күні де бар болсын!— деп, өз ойын сөйлей береді...
Бір күні апақ-сапақта Ұрқия келді. Шам жағудан гөрі ерте, алайда үй жарық та емес. Ақбілек бұрыштағы кішкене кілемнің үстінде жастық шынтақтап, жантайып жалғыз жатыр еді.
— Шырайлым-ау! Бейуақта неғып жатырсың; Шам жағатын уақ болды ғой,— деп еді, Ақбілек енжарлана есінеп, еркелі, назды майда үнін созып:
— Жа-ғы-лар,— деді.
— Шам қайда еді? Мен жағайын...
— Жеңеше, несіне асығасың, ерте ғой,— деп, Ақбілек еңсесін бұраңдатты.
«Жақпағаныңды көремін!» дегендей, Ұрқия қасына таянып, қолын созып:
— Мына қолымда не бар? Тапшы,— деді.
— Қолыңда ма? Құрт.
— Жоқ.
— Қант.
— Жоқ.
— Күміс.
— Жоқ.
— Енді не? Түрі қандай?
— Ақ.
— Ақ... Ақ... жұмсақ па, қатты ма?
— Онысын айтпаймын... Әйтеуір өзі тәтті нәрсе.
— Өзі — ақ, өзі — тәтті. Қант — тағы.
— Қант емес, бірақ не керек нәрсе.
— О немене, жеңеше?
— Бұл сондай қымбат нәрсе. Өмірдің бір қызығы осында.
— Ойпырым-ай! Бұ немене екен?! Мүдуар қылмай, айтшы, жеңеше!
— Әуелі сенің бағың осында...
— Ой, алақай-ай! Хат екен ғой!
— Таптың, таптың... бермейін деп ем,— деп Ұрқия қалжыңдап, тұмарша бүктелген кішкене қағазды алақанына басты.
Манадан бері шам жақпай, енжарланып жатқан Ақбілек дереу атып тұрып, шам жағып, жерге қойды да, қағазды жеп қоятындай қадала қалды.
Хаттағы сөз мынау:
«Ғиззетлу уә қурметлу, газиздан көргуші магшщым Ақбілек жанға кәптен-кәп езгу саламларымызны ырсал айладік. Бағдында бізден хал-ахуал сурасаңыз, алқамдылелла, саг-саламат деп білерсіз. Қайын ағамыз Төлегеннің ярдемі арқасында, жарақатымыз жазылды. Бұл күнде атқа мініп, құс салуға да жарадық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет