«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев



бет16/24
Дата04.11.2016
өлшемі4,05 Mb.
#348
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   24

Тәуелсіздік күні туған

Белгілі кәсіпкер, абзал азамат

Мәлік Шаяхметов туралы сөз
1. Аялдамадағы әңгіме
Жетпісінші жылдардың басында осы Қостанай қаласында еңбек жолын бастаған тепсе темір үзетін бір топ жас жігіт қаланың шетіндегі КЖБИ мөлтек ауданынан пәтер алып, мәре-сәре болдық та қалдық. Ол кезде облыс орталығындағы қара көздер саны 8-10 пайыз мөлшерінде ғана еді. Сондықтан да болар сол шағын ауданда тұрып жатқан он-он бес қазақ отбасылары бір-бірімізді жақсы білетінбіз, той-домалақта басымыз қосылса, әңгіме-дүкен құра жөнелетін едік. Кейде автобус аялдамасында жолығып қалып, хал-жағдайды тәптіштейтінбіз. Ол кезде автобусты жарты сағат, бір сағат күту деген түк емес, оған да етіміз үйренген. Және келе қалған автобусқа ілігіп кетемін деудің өзі күпірлік еді. Жан-жақтан қаумалаған үлкен-кіші лап қойғанда, солармен бірге таласып, тармасып, ішке бас сұқсаң – жолыңның болғаны, әліптің артын бағып, үлкендер, балалы-шағалы әйелдер кіріп алсын деп, ізеттілік сақтап, іркіле берсең, сол күйіңде қала бергенің.Таң қылаң бере бір пәтерден Қайсар Әлім, бір пәтерден Ахметбек Өміртаев, көрші үйдің бір пәтерінен Мәлік Шаяхметов шығады. Мәліктің бізге қарағанда үш-төрт жас кішілігі бар. Және ол жолаушылар тасымалын ұйымдастыратын автокөлік мекемесінде істейді. Павлодардағы индустриялық институтты бітіріп келген жас маман. Кейде аялдамаға жұбайы, қараторының әдемісі, орта бойлы, толықша келген келіншегі Жұлдызайды қолтықтап келеді. Шіркін, жастық шақтың өзі сұлулық, өзі бақыт қой. Қос аққудай жарасқан жас жұбайларға сүйсіне көз салушылар да аз болмайтын, өзіміз де жаңа көршілерімізбен бірер ауыз сұхбаттасып қалуға тырысушы едік. Бір жақсысы, уақыт бар, автобус дегенің анда-санда бір келеді.

– Апыр-ай, осы автобустың мәселесін кім шешіп берер екен? – деп тағатсызданады радиокомитетте жұмыс істейтін Ахметбек ағамыз.

– Ол мәселені шешсе, мына Мәлік ініңіз шешеді, – дейміз біз Қайсар екеуіміз оған, – үйткені бұл жас жігіт осы салада істейді, жолаушы тасымалының маманы...

– Әп-бәрекелді! – дейді Ахаң. – Маған радиохабарына осындай бір маманның сөзі керек еді, жұмыс орныңызға барамын да, ойыңызды жазып аламын...

– Келіңіз, – дейді Мәлік сыпайы қалыппен.

Сондай хабарларда саладағы істің жай-жапсарын жақсы білетін маман кесек-кесек ой түйіп жатушы еді. Бәлкім, жолаушы көлігі саласындағы еңбек ұйымдастыруды жаңаша жолға қою мәселесі оның ойына сондай бір сұхбаттардың бірінде келген шығар...


2. Жас келсе – іске
Мәлік Бәйекеұлы еңбек жолын бастағанда облыстық жолаушы көлігі басқармасының бастығы Владимир Неровный болатын. Владимир Самсонович осы саланың білгір ұйымдастырушысы, облыстағы басшы кадрлар ішіндегі беделдісі, бірнеше мәртебелі ордендермен марапатталған тәжірибелі жан болатын. Ол жас кадрларға ерекше қамқор еді. Өткен жылы салиқалы жасқа келіп, дүниеден өтті. Неровныйды сол кездегі облыс басшысы Андрей Бородиннің өзі ерекше құрмет тұтып, іскерлігін ерекше бағалайтын. Сол абзал жан көзінің оты бар, білімді де жігерлі жас Мәлікті бірден аңғарды. Қызмет баспалдақтарымен ілгері жылжытты. Соның арқасында жас маманның еңбек жолы былайша жалғасты: 1973 жылғы 15 тамызда Қостанай таксопаркінің шебері қызметіне кіріскен ол кейіннен сол парк директорының орынбасары, 1983 жылы Қостанай автобус паркінің бас инженері, 1985 жылы автобус паркінің директоры болды. Ал 1993 жылы Қостанай жолаушы көлігі өндірістік бірлестігінің бастығы болып тағайындалды.Осы тұста Қостанай қалалық партия комитетінің екінші хатшылығы ұсынылды оған. Бұл лауазымнан үзілді-кесілді бас тартқанына куә болған жанның бірі мен едім.

Ал 1997 жылы жолаушы көлігін демонополизациялауға байланысты “Қостанайавтотранс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, оған басшылықты қолға алды.

Мәлік Бәйекеұлының нағыз іскерік қабілеті, оның ұйымдастырушылық шеберлігі дәл осы кезден басталды десе, қате болмас. Жекешелендіру оның шығармашылықпен жұмыс істеуіне кең мүмкіндіктер берді. Жолаушы тасымалы жүйесі кеңейді. Қала ішінде автобустардың, шағын маршруттық таксилердің саны көбейді. Оларды енді жолаушылар сағаттап күтпейтін болды. Белгіленген кесте бойынша әр 5-7-10 минут сайын күткен көлігің зу етіп келіп қалады. Баяғыдай тартысып-таласып жату деген жоқ. Бабымен кіріп, автобустан бабымен шығасың. Осы заманғы қолайлы көліктерде шалқайып отырып, діттеген жеріңе тез-ақ жетесің, рахат. Осы орайда бұдан отыз бес жыл бұрын автобус аялдамасында болған әңгіме еске түседі. “Жолаушы тасымалын бір жолға қоятын кісі болса – ол осы Мәлік інің” деп Ахметбек Өміртаев ағамызға тегін айтпаған екенбіз де өзіміз де мәз боламыз.

Рас, бүгіндер қаладағы жолаушы тасымалы, сөз жоқ, ерекше өркениетті шешілді. Күн санап ұлғайып, шекарасы кеңейіп келе жатқан Қостанайдың қай түкпіріне болмасын қоғамдық көлік қатынайды. Автобустардың көбі жаңа, көпшілік көңілінен шығады. Және бүгіндер жолаушы тасымалында осы Мәлік Бәйекеұлы басқаратын “Қостанайавтотранстан” басқа да компаниялар жұмыс істейді. Нағыз бәсекелестік бар. Үш жыл сайын қалалық әкімшілік жолаушы тасымалы көлігі бойынша тендер өткізеді. Сол байқауларда үнемі “Қостанайавтотранс” жеңіске жетеді. Өйткені, мұнда еңбек ұйымдастыру жақсы жолға қойылған, автобус жүргізушілеріне, еңбек мәдениетіне, халыққа қызмет көрсету сапасына ерекше мән беріледі.

Рас, кейде жолаушылардың арыз-шағыммен келетіні де болады. Мұндай бірең-сараң жағдайдың ешқайсысы да елеусіз қалмайды, арнайы тексеріс жүргізіледі, кім кінәлі, неге кемшілік кетті, талдау барысы бойынша қорытынды шығарылады.

Кезінде өзі ұстаз тұтқан Владимир Неровныймен, Сәбит Мұстафинмен, Кеңес Одағының Батыры Александр Парадовичпен автобус паркінде еңбек еткен ардагерлердің көпшілігі бүгіндер зейнет жасында. Мәлік Бәйекеұлы болса, олардың бірде-бірін назардан тыс қалдырмайды. Айтулы мерекелерде, Қарттар күнінде ұжым атынан сый-сияпат жасайды. “Біз жеке кәсіпорынбыз, өткен келмеске кетті” деп кеуде соғатындарға Мәкеңнің жұлдызы қарсы. Өйткені, ол бүкіл саналы ғұмырында төңірегіндегілерге жақсылық жасаудан қашқақтаған жоқ.

Жолаушы көлігі саласында басшы болғалы талай құрылыстар салынды, балабақша, дүкен, “Светофор” пионер лагері дүниеге келді. 1987-1993 жылдары автомобильшілер өз қызметкерлері үшін үй салды. Сол тұста 223 адам пәтер алды, оның ішінде 29 Ұлы Отан соғысының, 6 ауған соғысының ардагері жаңа қоныс тойын тойлап, қамқоршыларына алғыс айтты.

Бүгіндер де бизнесмен Мәлік Бәйекеұлы алдына көмек сұрап келген үлкен-кішінің меселін қайтарып көрген жоқ. Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар кездесіп жатады, той-жиынға, құдалыққа немесе жаман айтпай, жақсы жоқ, өлікті жөнелтуге автобус, басқа да көмек керек бола қалса, көпшілік осы “Қостанайавтотрансқа” келеді, ал шығармашылықпен айналысатын үлкен-кішіге де осы Мәкеңнің қамқорлық көрсетіп жүргенін өзіміз де талай естідік.

Әрине, үлкен бизнестің адамы үшін ең басты қасиет – үнем мен есептілік. Бар екен деп шаша бастасаң, бақ тайды дей бер. Оны біреу түсінсе, екіншісі түсінбейді. Молшылық өзінен-өзі келгендей көреді. Оның астарында қаншама еңбек, қаншама ізденіс, қаншама төгілген тер барын сол бизнесменнің өзі ғана білсе керек. Мәлік болса дәл сондай есептің адамы, сондықтан да оның ісі жылма жыл өрге басып келеді.

Лайым, солай бола бергей!..


3. Ұшқан ұя өнегесі
Мәліктің кіндік кесіп, кір жуған ыстық мекені Қостанай ауданындағы Тұңғыш ауылы.Сол құт мекеннің неліктен Тұңғыш атанғанын кім білсін, бірақ сол алтын ұяның бір азаматы, осы ауылдан шыққан тұңғыш ірі бизнесмен Мәлік Шаяхметов екенін бүгіндер екінің бірі біледі.

Ол көп балалы отбасында дүниеге келді. Әкесі Бәйеке талай қарадомалақтарды білім нәрімен сусындатып, тағылымды тәрбие берген ұстаз болатын. Сол Тұңғыштағы мектептің директоры болды. Анасы Зүмірет көбелектерінің тілегін тіледі. Отбасында апасы Райхан, қарындастары Роза, Ботагөз, Гүлбану, Айгүл, Гүлнәр, інісі Алик, және өзі сегіз бала еді. Ата-ана – ерте дүние салды, сол ата қоныста мәңгілік тыныстады.

Мәлік пен Жұлдызай өздерінен кіші қарындастары мен інісіне үнемі қамқорлық жасап, солардың үй-күй болуына көмек қолын созды. Кезінде Мәліктің шағын ғана үйі осы бауырларының үлкен өмірге аттанар тұрақжайы іспетті еді, бірі келіп, бірі кетіп жататын. Мәлік болса сол қарындастарын өз қолынан ұзатты, құдалығына барды, осы күнге дейін аға ретінде ол, жеңге ретінде Жұлдызай өсіп-өнген сол бауырларының отбасын іш тартып тұрады. Жалғыз інісі Алик дегенде де шығарға жаны жоқ. Ішкі істер басқармасында лауазымды қызмет істейтін сол бауырын бірер күн көрмесе, тұра алмайды.

Өзінің ұл-қыздары Қайрат пен Жанна да жайқалып өсіп, жан-жағын шуаққа бөлеп, нұр төгер еді. Әттең, Қайратының ғұмыры қысқа болды, айналдырған кесел өткен жылы ата мен ананы, ағайын-туған, жек-жатты қайғыға батырып, аһ ұрғызып, аңыратып алды да кетті. Тағдырдың ісіне не шара, көнді, сол жалғыз ұлдан қалған тұяқ Темірланын бауырға басып, шүкіршілік етті. Тіл-көзіміз тасқа, сол Темірлан бүгіндер қатарының алды, қазақ-түрік лицейінде оқиды, белгілі спортшы, гимнастикадан республика чемпионатының жүлдегері, қызы Жаннадан туған жиені – Әлібегі де көзінің ағы мен қарасындай құлыншағы.

Кейде Мәлік Бәйекеұлының туып, өскен құт мекені Тұңғышқа тартатыны бар. Бүгіндер мұнда ауыл жоқ. Баяғы “перспективасы жоқ” деген сылтаудың салдары. Бірақ Мәлік үшін осынау қасиетті топырақтан өзге жерұйық бар ма екен, сірә? Мұнда оның сәби күнгі жалаң аяқ құлын-тайдай ойнақтаған ізі жатыр, мұнда оның ата-анасы мәңгілік тыныс тапты, бауыр еті – балапаны Қайраты да осында жерленген. Туған топырақ оның ең қимас жандарын бауырына басып жатыр. Бастарына кесене тұрғызды, сәбилік, әкелік парызын орындады.

Иә, тағдырдың ісіне ешкім араша тұра алмаған. Тек өткенге – салауат айтып, болашақтан бақыт-береке тілейік. Бұдан алпыс жыл бұрын Тәуелсіздік күні қазақтың Тұңғыш деген әдемі сөзімен аталған ауылда туған түлегіміздің ендігі тағдыры тақтайдай тегіс, жолы даңғыл, мерейі үстем, достары көп, маңдайы жарқын, болашағы кемел, көңіл-күйі көтеріңкі болғай деп тілейік.



Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар

немесе кешегі кеңшар директоры, бүгінгі кәсіпкер

Тобылжан Серғалиев туралы сөз
1. Ауылы жоқ адам
Ата-ана Тобылдың жағасында туған ұлына Тобылжан деп ат қойыпты. Онысы, бәлкім, ағынды өзендей арынды, мөлдір суындай таза, толқынындай тынымсыз болсын деген тілектен шығар.

Ол туған 1946 жылдың ақпаны халықтың қанқұйлы соғыстан кейін еңсесі көтерілген, Ұлы Жеңістің қуанышына бөленген, қыс қатты болса да ауыл-аймақтың еңсесі түспеген, алдағы күннен көп үміт күткен бір берекелі шақ еді.

Кішкене сәбиін үлде мен бүлдеге бөлемесе де берекелі ошақтың шуағына ораған ата-ана да мәз еді. Әкесі Серғали Қонысбаев осы Ораз ауылдық Кеңесінің төрағасы болатын, анасы Шәріпжамал кішкен сәбиін әлдилеп, отағасысының жағдайын жасап, отбасының шырайын шығарып, бейқуат ғұмыр кешіп жатты.

Арада екі жыл өткен соң Серғали Хасенұлын осы Меңдіқара ауданының Қаратал ауылына қызметке жіберді. Тобылжан осында оң-солын таныды, мектеп есігін ашты. Ауыл сыртында толықсып ағып жатқан Тобыл өзенінің бір айдынды тұсына осында сүңгіді.

Осындағы мектепте өмірінде ерекше із қалдырған Раиса Федоровна Зайцева, Рәзия, Көпжасар Шаяхметовтер, Оразбай Жанарыстанов сияқты ұстаздардың алдын көрді, солардан тәлім-тәрбие алды.

Кейін Боровской поселкесінде оқып, орыс орта мектебін бітірді. Сабаққа алғыр, жастайынан пысық, өткір бала кәмелеттік аттестат алысымен көп ойланып, толғанып жатпай Қарабалықтағы Комсомол совхоз-техникумына тартты.

Бір қызығы сол кездегі "Каменск-Уральск" совхозының директоры, ауыл шаруашылығы өндірісінің білгір басшысы Кузьма Александрович Григорьев осы Тобылжанға техникумға оқуға жолдаманы өз қолымен жазып, арқасынан қағып:

– Сенен түбі жақсы маман шығады, – деп қанаттандырады.

Сол ағасының айтқаны келді. Тобылжан оқуын ойдағыдай аяқтап, жолдама алған ұжымына оралды, осы совхоздың Ақсирақ бөлімшесінде еңбек жолын агроном болып бастап, кейін осы бөлімшенің басқарушысы болды. Ақсирақтың аты алысқа кеткен кез еді бұл. Егіншілік пен мал шаруашылығы да жақсы дамыды. Жас маманның ісіне басшылар да, басқалар да риза еді. Сондықтан да болар, бірде оны облыстық ауыл шаруашылық басқармасына шақыртып, сол кездегі Орджоникидзе аудандық совхоздар тресіне аға агроном етіп жіберді.

Араға аз-мұз уақыт салып, жас маманды енді осы ауданның "Перелески" совхозына бас агроном етіп тағайындады. Бұл кезде Тобылжан Қазақ ауыл шаруашылық институтында сырттай окып, ғалым-агроном мамандығын алып шыққан болатын.

1976 жыл. Тың және тыңайған жерлерді игеру басталғаннан бері жиырма жылдай уақыт өтті. Осы мерзім ішінде танаптардың берекесі кетіп, топырақ құнарлылығын жоғалта бастады. Оны Тобылжан да, басқа ғалым-агрономдар да жиі айтатын болды. Сондықтан да болар 1980 жылы бүкіл Кеңестер Одағы бойынша агрохимиялық қызмет құрылып, іске кірісті. Аудандарда "Сельхозхимия" бірлестіктері пайда болды. Орджоникидзе ауданындағы осындай ұжымды басқару Тобылжан Серғалиевке тапсырылды. Бәлкім, мұнда техникумда агроном-химик мамандығын алып шыққаны да шешуші роль атқарған шығар.

– Еліміз бұл салаға ерекше маңыз берді, – деп еске алады Төкең, кеңшарларға көптеген жаңа техника, тыңайтқыштар, улы химикаттар келді. Орджоникидзе ауданындағы бірлестікке Жітіқара және Тобыл химиялык базалары да қарады. Жұмыс ауқымы да, жауапкершілігі де жоғары еді.

Агрохимиялық қызмет тың төсіндегі мүлдем жаңа сала болатын. Жігерлі де білімді жас тың топырағының құнарлылығын арттыру, оны арамшөптерден тазарту үшін көп іс тындырды. Агрохимиктер ішінде Тобылжанның беделі жоғары еді, оны жоғарыдағы басшылар да байқаған екен. Сондықтан да болар енді оны Науырзым ауданындағы "Науырзым" кеңшарына директор етіп тағайындады. Бұл 1982 жыл, өзінің туған күні қарсаңы болатын. Ол кезде кеңшар директорын облыстық партия комитетінің бюросы бекітетін. Оның алдында Алматыға барып, талай басшылардың, Орталық Комитеттің алдынан өту қажет-ті.

Тобылжан жаңа қызметке кіріспек бұрын өзінің туған ауылы Оразға соқты. Бұл оның кіндік қаны тамған жер. Ауылда тірі жан жоқ. Көшкен үйлердің көңі мен қар астынан қылтиған қираған үйлердің мұржалары ғана көрінеді. "Болашағы жоқ" деген айдар тағылған ауыл адамдары әлдеқашан жан-жаққа қоныс аударған. Тобылжан оны білетін. Ай мен күннің аманында бір қотан елдің құт мекенін тастап, жан-жаққа шұбағанына қайран қалатын. Өзінің туған ауылының жойылып кеткеніне қапаланатын. Солай бола тұрса да, ел сеніп тапсырған лауазымды қызметке кіріспес бұрын туған жердің топырағын басып, өзіне өмір сыйлаған жерге бас имек еді. Солай етті де. Сосын 1966 жылы дүниеден өткен әкесінің сүйегі жатқан, өзінің еңбек жолын бастаған, талай туыс-дос тапқан Ақсираққа тартты.

Машина ішінде келе жатқан оның сол бір сәтте не ойлағанын кім білсін...
2. Нардың жүгін көтерткен "Науырзым"
"Науырзым" кеңшары – Науырзым ауданындағы жер көлемі де, мүмкіндігі де орасан шаруашылық еді. Бірақ тізгінді Тобылжан ұстаған сәтте оның берекесі кетіп, әбден тұралап қалған тұсы екен. Ең бастысы тәртіп ақсап жатты.

Жаңа директор кеңседе алдағы істерге жоспар құрып, жалғыз отырған бір сәтте аяғын ақырын басып, егде тартқан еңселі адам кабинетке кірді.

– Қарағым, қызметің құтты болсын айтуға келдім. Жап-жас жігіт екенсің, оның үстіне ел жағдайын білмейсің, алғашқы кезде қиын болар, бірақ елге арқа сүйесең, алдыңнан ақ жол туар, – деп көшелі сөз бастады.

Бұл Ұлы Отан соғысының ардагері, ауылдың беделді ақсақалдарының бірі Күзембай Қоржықаев еді.

Тобылжан тілекші ағасын әңгімеге тартты. Тұрғындардың жай-жапсарын білді. Шежіре қарттың жадының мықтылығына, сөзінің салмақтылығына, бітім-біліктілігіне риза болды. Ақсақал талай мәселелерге директордың көзін ашты. Кейін Балта Қожин, Қыпшақ Ысмағұлов сиякты Ұлы Отан соғысының ардагерлері де нағыз дана қарттарымыздың дәстүріне сай сырттан келген басшыға ақыл-кеңес беріп, шынайы жанашырлық танытты.

Бірте-бірте жұмыс та оңға басты. Ең алдымен қордаланып қалған берешектерден құтылды. Кері кеткен шаруашылықты жыл санап өрге бастыра білді. Осы шаруашылықты он жылдан астам басқарған кезде "Науырзымда" 40 мың гектар егістік болды, ірі қара санын 10 000-ға, жылқы санын 1000-ға жеткізді. Совхоздың өз кірпіш заводы, шұжық цехы, асфальт заводы, наубайханасы, мектеп жанындағы интернаты болды. Елді мекендерде 200-ден астам жаңа үй салынды. Малшы, механизаторлар мен мамандар жаңа пәтерлерге қоныстанып, мәре-сәре болды. Кеңшардағы жолдар, механикаландырылған қырмандар асфальтталды. Тіпті совхоздағы асфальт заводы арқылы Семиозер-Арқалық тас жолының тоғыз шақырымына асфальт төселді.

Сол кезде "Науырзым" кеңшарындағы селолық Кеңес есебінде 5100 адам бар еді. Ұлы Отан соғысының 50 ардагері болатын. Тобылжан Серғалиев жұмыс істеген уақытта солардың қай-қайсысын болмасын назардан тыс қалдырған жоқ. Кезінде қанаттас еңбек еткен жастар мен мамандар жоғары қызметтерге ауысып жатты. Мысалы Алмабек Шәмшиев, Бақытжан Мұттақов, Сәбит Тұрсынбаев, Сейткәрім Имашев аудандағы басқа совхоздарға директор болып тағайындалды. Тобылжан Серғалиұлы олармен үнемі хабарласып, пікірлесіп, кейде ақыл-кеңес айтып, кейде өзі ақыл-кеңес сұрап, бір үйдің адамдарындай жарасымды тіршілік құрды. Күні бүгінге дейін қарым-қатынастары үзілмеген, сыйлас, сырлас достар.

– Науырзым өңірінде өткен жылдар – ерекше өмір мектебі, – болды деп еске алады Төкең. – Мен осы өңірде ана тілімнің кәусәр бұлағынан сусындадым, халқымыздың дана салт-дәстүрлерін бойыма сіңірдім.

Төкеңді "Науырзымның" халқы да алақанға салды. Әрине, басшы адам жұрттың бәріне жаға бермейді. Іс мүддесін ойлап, кейде біреуге қатты айтуға, жаза қолдануға тура келеді. Дегенмен халық басшының орынды талабын кек тұтпайтын. Қайта қиғаш тартқан тентегін өздері тезге шақырып жататын. Совхоз директорын сайлау кезінде осындағы үлкен-кіші:

– Бізге Серғалиевтен басқа жанның керегі жоқ, – деп бәрі бірдей Төкеңді қолдапты.

– Сонда қатты толқыдым, – дейді Тобылжан, – жоқ, мені сайламай қояды деп емес, бәрі бірдей жаппай ықылас танытқанына толқыдым. Осы адамдардың бәріне азды-көпті қамқорлық жасағаныма, елдің соны бағалағанына, сенім артқанына толқыдым...
3. "Қарлығашым" келдің бе?
Тобылжан Серғалиевті 1992 жылы Меңдіқара ауданындағы "Краснопреснен" кеңшарында директор етіп ауыстырды. Кезінде "Краснопресненнің" атағы алысқа кеткен-ді. Москваның Красная Пресня ауданынан келген тың көтерушілер іргетасын қалаған совхоз облыстың, бүкіл Қазақстанның мақтанышы еді. Ленин орденімен марапатталған санаулы шаруашылықтардың бірі болатын. Бірақ бүгінгі тыныс-тіршілігі тым жүдеу екен. Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау мұны да айналып өтпепті. Оның үстіне зейнет жасына келген бұрынғы басшы бұрынғы даңқа мастанып, жұмысты да қожыратып алған болып шықты.

Істе сыналған Төкең білекті сыбанып, ішкі мүмкіндіктер мен резервтерді іздеп, еңбекті жаңаша ұйымдастырып, құлауға аз қалған шаруашылықты аяғынан қаз тұрғызуға кірісті. Шындап кірісті. Жоспар-жобасы, алға қойған мақсаты болды. Жұмысты дөңгелентіп келе жатқан тұста ауданға келген жаңа басшы тырнақ астынан кір іздей бастады. Ақыры ауыл шаруашылығының білгір маманы, осы Меңдіқара ауданының төл тумасы Тобылжан қызметтен кетуге мәжбүр болды. Облыстағы басшылар қаладан қызмет, пәтер береміз деп уәде де берді. Бірақ ешкімнің алдында кінәсі жоқ, ары таза азамат бөтен жолды қалады. Қостанайдағы іргелі бір құрылыс ұйымына жұмысқа орналасып, арада аз-кем уақыт өткенде сол ұжымның өз адамы болып шыға келді. Бір жылдан соң құрылысты механикаландыру басқармасы өндірістік кооперативінің төрағасы болып сайланды. Міне, содан бергі он екі жыл бойы құрылыс саласының қызығы мен шыжығы мол жұмысына жегілген. Кейін "Қарлығаш" атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, оның мүшелері талай маңызды құрылыстарға қатысты. Атап айтсақ, "Қарлығаштың" техникасы Алтынсарин-Хромтау темір жолын салуға, Астана-Челябі тас жолын салуға көмектесті, Астанадағы құрылыстарда да жұмыс істеп жатыр.

Бірақ өмір бойы Жер-ананы аялап, дән сеуіп, өнім жинаған агроном жігітті дарқан дала өзіне тартады да тұрады. Сондықтан да болар ол кезінде өзі агроном, кейін басқарушы болған Ақсирақ ауылында шаруа қожалығын ұйымдастырды. Сол Ақсирақтың сыңарындай қатар жатқан Ақсуат ауылынан күй кете бастағанын көріп, осы құт мекенде де шаруа қожалығын ашуға тәуекел етті. Бұл ретте аудан әкімі Қайрат Ахметов інісінің қолдау, демеу көрсетіп, тәжірибелі ағасына сенім білдіргеніне ризашлығын үнемі айта жүреді.

Рас, Ақсуаттағы қожалық әлі қанатын кең жайып кете қойған жоқ. Өйткені құрылғаны да былтыр ғана. Амандық болса, агроном Серғалиев талай жылдар бойы тұқым себілмей арамшөп басқан танаптарды көктем шыға өңдеуді, оларды барлық агротехникалық талаптарға сай баптауды көздеп отыр.

– Ақсирақ та, Ақсуат та шағын ғана қазақ ауылдары, – дейді Төкең, – оларды қазіргідей қиын кезде демеп жібермесе, менің туған ауылым Ораз сияқты жойылып кетуі ғажап емес. Ал оған жол беруге болмайды. "Ауылы жоқ адам" болмауға тиіс қой...

– Тобылжан ағамыз Ақсуатқа қамқорлық жасағаннан бері тынысымыз кеңейе түсті, – дейді осындағы Спандияр Көбеев атындағы негізгі мектептің директоры Қарлығаш Ерментаева. Мектебімізге көмектесіп тұрады. Жазда тұрғындарға шөп жинауға қолқабыс берді. Бұрын Алакөлдің балығын да аулатпауға айналып еді, Тобылжан аға келгелі мұндай кедергі жоқ.

Төкең өзін бақытты жан санайды. Құдай қосқан қосағы Нариза екеуінің ұл-қыздары өсті, өз ошақтарының түтінін түтетті. Ләззаты мен Ғалымбегі отбасыларымен Алматыда тұрады. Ләззат тарихшы, Ғалымбек болса бизнеспен айналысады, бүгіндер "КАТЭКС" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, Қарлығашы "Қарлығаш" серіктестігінің заң қызметкері, әкесі мен шешесінің осындағы оң қолы. Төкеңнің немерелерінің үлкені Әнел Алматыдағы Қазақ экономика және менеджмент институтында оқиды, қалған немере-жиендері де ата-ананың көз қуанышы болып, желкілдеп өсіп келеді.

Өмір бойы Тобылжан мен Нариза аялап, алақанға салған Шәріпжан әжеміз тоқсанға келіп дүние салғанда Ақсираққа апарып, әке қасына жерледі балалары. Ата-анасының мәңгілік тыныстап жатқан жеріне қамқор болып жүрген балаларының өмірі мен ісіне әке мен ананың рухы да риза шығар.

Төкең өмірден өз орнын тапқан, ағайын-туғанға жаққан, үй де салған, ағаш та еккен, ұл да өсірген атпал азамат. "Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар" деген де осы болар.


Жер-Ана тамыршысы

Айтулы азамат Мереке Дихаев туралы сыр
1. Әке асқар тау
Кешегі Кеңес дәуірінде 1 Мамыр мерекесі – еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күні ретінде кеңінен тойланатын. Бұл күнді үлкен-кіші асыға күтетін. Ең бастысы қаһарлы қыстан аман шыққан ел-жұрт қолдарына "Мамыр.Еңбек.Ынтымақ" деген қызылды-жасылды ұран алып, кіп-кішкене бүлдіршіндер түрлі-түсті шарлар мен жалаушалар ұстап, көшеге әдемі бір шеруге шығатын. Жан-жақтан көңіл серпілтер тамаша әуен төгілетін. Радиодан үлкен-кішіге жігер берер ұрандар айтылатын. Бала күнімізде ең бір асыға күтер мереке де осы 1 Мамыр еді.

Бұдан дәл алпыс жыл бұрын осынау қуанышты күні туған ұлдарына ауыл мұғалімдері Қасым мен Гүлжиянның Мереке деп ат қоюы да тегін емес еді. Бүкіл ел болып мерекелік шат-шадыманға бөленіп жатқанда жас отауға қуаныш пен бақыт ала келген сәбидің болашағы да жарқын, қуанышты, мерекелі болсын деген тілектен туған шешім еді ол.

Бірақ, ойлағанның бәрі бірдей бола бере ме? Мерекенің енді ғана қалт-құлт етіп жүре бастаған шағы еді, бір жастан сәл асқан тұсы, аяулы әке аяқ астынан жарық дүниемен қоштасып жүре берді. Күн нөсерлі еді, шатыр-шұтыр найзағай жарқылдаған. Ен далада еркін басып келе жатқан жалғыз жолаушыға жай түсіп, жан тәсілім етеді. Сол бір сәт енді ғана тылсым тіршілік табиғатына сәбилік құштарлықпен қараған бала Мерекенің есінде еміс-еміс қалыпты. Кейде сол әке бейнесін көз алдына елестетіп, бүгіндер, алпыс атты арғымақ жасқа жеткен сәтте де үн-түнсіз мұңға беріліп, отырып қалатыны бар. Әкесінің көзін көрген, онымен кезінде бірге оқып, бірге қызмет істеген ағаларын көргенде сол кісілердің әке туралы айтқан сөздеріне жан-жүрегі елжіреп тұрады. Олардың айтуынша әкесі Қасым да, анасы Гүлжиян да нағыз ұстаз, үлкен-кішіге қамқор, ағайын-туғанға жұғысты жандар болыпты.

Өткенде үлкен бір жиында сол асылдарды жақсы білетін, балалық, жастық шағы бірге өткен белгілі ақын, Қостанай қаласы мен Меңдіқара ауданының құрметті азаматы Жолбарыс қажы Баязид ағынан жарылып, естелік айта бастағанда Мерекенің ерекше толқып отырғанына өзіміз де куәгер болдық.

" Әке – асқар тау" дейді біздің дана халқымыз. Бірақ, Мереке үшін сол тау тым ерте құлады. Дегенмен саналы сәби әке аманатына адал болып, оның өмірін лайықты жалғастыруды бала жастан өзіне басты парыз санады.

Көзінде оты бар жасқа жақындары да, ұстаздары да көмек қолын созуға, қолтықтан демеп, қиындықтан қалқалауға әзір еді. Сондай жандардың бірі өзі оқып, білім алған Меңдіқара ауданындағы Қаратал орта мектебінің директоры, көрнекті педагог, һәм жазушы Спандияр Кебеевтің үлкен ұлы Шәміл болса, екіншісі есімі облыс жұртшылығына белгілі ауыл шаруашылық саласының білгірі, өзінің немере ағасы Баймағанбет Дихаев еді.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет