3. “Торғайға тағзым етемін”
Сол бір жылдары аудандарда механизаторлар кадрларын даярлайтын селолық кәсіптік-техникалық училищелер ашыла бастады. Торғайда да осындай оқу орны ашылғанда Марат Қасымов сонда жіберілді. Директордың орынбасары ретінде оның аяғынан қаз тұрып, өңірдің кадрлар көрігіне айналуына жанын салды.
Арада көп уақыт өтпей аудан жастары Маратты аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына сайлады, кейін бірінші хатшы болды, аудандық кәсіподақ комитетін басқарды. Торғай төсіндегі астықты совхоз “Юбилейныйды” басқарды. Іскер жігіт жауапкершілік жүгін терең сезінді, қолға алған істі тиянақты тындырды. Енді оған жаңа жұмыс жүктелді. Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Халық депутаттары аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағалығына жоғарылатылды.
Торғай – тарихи өлке, ұлттың ұясы. Талай біртуар жандар түлеп ұшқан құт мекен. Қазақтың қасиетті топырағы. Осы өңірді гүлдендіру үшін Марат та жанын салды, жоқты бар етті, ізденді.
Жанкелдин ауданы республика бойынша экономикалық-әлеуметтік дамуы жөнінен артта қалған 30 ауданның бірі еді. 1989 жылы 28 наурызда сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сол отыз аудан атқару комитеттерінің төрағаларын жинап, Алматыда үлкен кеңес өткізді. Осы республикалық мәжілісте Марат та сөз алды. Торғайда ұшақтар қонатын асфалтты-бетонды алаң салуды аяқтау үшін қаражат сұрады. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл мәселені бірден шешеді. Торғайға АН-24, Л-410 ұшақтары ұша бастады. Л-410 ұшағымен кейін Нұрекеңнің өзі ұшып келіп, аудан халқымен кездесу өткізді.
Сол мәжілісте Марат Әнуарбекұлы көтерген мектеп, бала бақша, тұрғын үй, өндірістік нысандар, жол, ауыз су, құрылыс материалдары мәселесінің көпшілігі ойдағыдай шешімін тапты.
Ең бастысы Үкіметтің бекіткен шараларына сәйкес Қостанай облысының әрбір совхозы Торғай селосына бір тұрғын үйден салатын болды. 1988 жылы 256 үй пайдалануға берілді. Шын мәнінде, жаңа қала салынды. Осыншама көлемді жұмысты басқару, жан-жақтан келген адамдарды күтіп алып, техника, құрылыс материалдарын орналастыру оңай шаруа емес еді. Оның үстіне жергілікті халық ескі үйлерінен шықпай, ата-бабамыздың құт қонысы, бізге осы да жарайды деп тіресіп отырып алған кездері де болды. Бірер ай киіз үйде тұра-тұрыңыз, осы мерзімде сыңғырлаған сәулетті үй салып береміз дегенге де болмағандар табылыпты. Оған енді не дерсіз. Ақысыз-пұлсыз, осы заманғы қолайлы үй береміз дегеннен қашқақтаған қазағыма не айтуға болады. Бәлкім, мұның астарында қанағатшылдық қасиетіміз, көнбістігіміз, кісіге салмақ салуға дауаламайтындығымыз жатқан шығар. Бүгін қалай дегенмен де Торғай халқы сол үйлердің қызығын көріп жатыр.
4. “Тыңды біз де көтердік”
Мәкең былай деп еске алады.
– 1954 жылы біздің Сатай ауылына алғашқы тың игерушілері келді. Біз анамыз және алты бала екі бөлмелі үйде тұратынбыз. Ауыл басшылары біздің үйге Василий және Григорий Смирновты әйелдерімен және Николай Курочкин мен Анатолий Степашинді түсірді. Төргі бөлмені матамен бөліп әр қайсына “пәтер” жасады. Біз ауызғы бөлмеге тығылдық. Түнде қонақтарымыз үстімізден аттап, олай-былай жүре беретін. Кейін екі бойдақ жігіт бригадаға кетті де, әйелдері бар екеуі екі қыс біздің үйде қыстады. Тың дегенді балалық шақта осылай қарсы алдық.
Мәкең бүгіндер өзін сол тың игерушілер ісін жалғастырушы, сол тыңның қасиетті топырағы түлеткен түлек санайды. Тың және тыңайған жерлерді игерудің 20, 30, 40, 50 жылдығына арналып шығарылған мерекелік медальдармен Мәкең де наградталған. Ендеше оны қалайша тың игерушілер санатына қоспаймыз. Оның үстіне Жанкелдин ауданындағы жаңадан құрылған “Юбилейный”совхозын 7 жыл, Қамысты ауданындағы “Краснооктябрь” совхозын 8 жыл басқарғанын қосыңыз. Кезінде бұл шаруашылықтардың аты алысқа кеткен-ді.
Марат Әнуарбекұлы қазір облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының механизация бөлімін басқарады. Ауыл-селоларымызда осы заманғы тамаша техника көбейе түссе, онда осы Мәкеңнің де ауыз толтырып айтар еңбегі бар. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында еткен 48 жыл бойғы еңбегінде оның ел игілігі үшін төккен тері, қалдырған ізі, жеткен жетістігі аз емес. Отбасына да береке-бірлік дарыған, балалары мен немерелері көз қуанышы, өрісі, өмірінің жалғасы. Мәкең мен жеңгеміз соған тоба дейді.
Атадан қалған бір тұяқ
Жақсылық Кәкеновпен сырласу
Құрметті Жәке!
Сізді көптен бері білетін, сыйлас-сырлас жандардың бірі ретінде қолға қалам алып, сыр сабақтағалы отырмын. Соғыс жылдары туған ұрпақтың қаншама қиыншылық көріп, қайғы-шер жұтқанын әркім де біледі. Сіздің әкеңіз Кәкен Шоланов 1941 жылы қолына қару алып, ел қорғауға аттанғанда Сіз ана құрсағында қалған сәби екенсіз. Кәкен марқұм сол кеткеннен мол кетеді. Ұрыс даласында мерт болады. Тағдыр әкенің ұлын, ұлының әкесін көруіне жазбапты. Алдыңызда туған төрт қыздан кейін әке өсиетін орындар, өмірін жалғастырар ұл туғанына ағайын-туған, көрші-көлем ерекше қуанып, шүкір деседі. «Артында бар оңалар» деп, анаңыз Рузияға басу айтады.
Сол ағайынның айтқаны келіп, айтулы азамат атандыңыз. Әрине, қиын сәтте қол ұшын беріп, қамқорлық көрсеткен ағайын-туған болмаса, әскер отбасына деген туған елдің жәрдем-қолдауы болмаса, шиеттей бес баланы қатарға қосу қаншама қайсар болса да Рузия анаға оңай да тимес еді. Сол бір қиын-қыстау сәтте арқадан қағып, маңдайынан сипаған туыстарыңыз Мұқан Жұмағалиев пен Қадірғали Шолановты сіз де, сіздің апаларыңыз да ұмытқан жоқ, үнемі алғысқа толы ілтипат сезімін білдіре жүресіздер. Көптің батасы, жетімдердің тілегі шығар, сол ағалардан қалған айтулы ұрпақ бар бүгін. Бәрін бірдей атап жатпай-ақ қояйын, Мұқанның Рахымбегін бүгіндер бүкіл ел біледі. Кезінде Сұлукөл сынды асыл тұқымды қой заводын басқарып, оның даңқын аспандатқан замандасымыз кейін ұзақ жылдар бойы Ұзынкөл сияқты облысымыздың іргелі ауданына басшылық жасады. Айтарлықтай із қалдырды. Ал Қадірғали ағамыздың қызы – Мүгілсім болса, облысқа танымал ұстаз, Ыбырай Алынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың емен діңгектерінің бірі, ұл-қыздарымызды ана тілі мен әдебиетінің кәусар бұлағынан сусындатып, олардың заманына сай саналы саңлақтар болып қалыптасуына ерекше күш-жігер жұмсап жүрген үлкен жүректі тұлға, тамаша педагог.
Соғыстың өршіп тұрған, жаудың беті қайтпаған, сағы сынбаған 1941 жылың қоңыр күзінде туған Сіз Ұлы Жеңістен соң халықтың рухы көтерілген, бірақ әлі ел еңсесін түземеген кезде мектеп есігін аштыңыз. Апаларыңызбен бірге Шилі, Қаратал, Албарбөгет мектептерінде, кейін Торғай орта мектебінде оқып, оны 1959 жылы бітіріп, сол жылғы күзде Қостанай педагогика институтының тарих, орыс тілі мен әдебиеті факультетіне түсіп, оны ойдағыдай аяқтадыңыз.
Осы институтқа түсуге, қалада тұрып, оқуға сол кездер облыстық «Коммунизм жолы» газетінде еңбек етіп жүрген апа-жездеңіз Айткүл мен Аңсаған Атымтаевтар үлкен көмек көрсетті. Кейін облыстық газет Тың өлкесінің құрылуына байланысты жабылып қалғанда, Аңсекең мен Айткүл Аманкелді аудандық газетінде жұмыс істеді. Мына қызықты қараңыз, сол газет редакциясында хатшы болып қызмет атқарып жүрген 18 жасар Райхан Сіздің өмірлік серігіңізге айналды. Өзіңіздің мұғалім досыңыз Біржан, жездеңіз Аңсаған үшеуіңіз Райханды алып қашқандарыңызды жыр қылып айтудан осы күнге дейін жалықпай келесіз. Құдайға шүкір, Райхан отбасының құт-берекесі болды. Маржандай-маржандай бес қыздың анасы.
Қолына келін түсірген анаңыздың қуанышын айтсаңызшы. Соғыс жылғы ауыр жұмыс титықтатқан ананың соңғы кездері ыңқыл-сыңқылы көбейген еді. Келін оның қолын ұзартты, көңіліне демеу болды., Бірақ Сізді аяқ астынан әскер қатарына алуы анаға да, жаңа түскен келінге де оңай тимеді. Ана 1966 жылдың бесінші ақпанында дүние салды. Солдат Кәкенов асыл ананы ақырғы сапарға жөнелтуге жетісе алмады. Өйткені сонау Ашхабадтан Шиліге жеткенше төрт күн өтті.
Бірақ Сізді елде ананың ауыр қазасымен бірге ерекше бір қуаныш та күтіп тұр еді. Ананы ақ арулап жер-бесікке бөлеген күні Райхан аман-есен босанып, Гүлдана атты алғашқы балаларыңыз дүниеге келді. Өмірдегі сабақтастық, ұрпақтар жалғасымы деген осы болса керек.
Адам қашан да болмасын белгілі бір дәрежеге жетемін десе, алдына мақсат қоюы керек, Сіз сондай мақсаттың адамы едіңіз, Жәке! Олай дейтініміз, Торғай сияқты қазақы елде мектеп бітіріп, оқуы орысша педагогика институтына түстіңіз. Қиналдыңыз, бірақ намысқа тырыстыңыз. «Орыс тілін орыстардан артық білмесем, кем білмейтін боламын» деп өзіңізді-өзіңіз қайрадыңыз, жігер бердіңіз. Ақыры солай болды да. Сіз қай салада еңбек етсеңіз де қатарыңыздан қалған жоқсыз, орыс тілін де, қазақ тілін де жетік меңгердіңіз.
Әскерден азаматтық міндетіңізді орындап келген соң Шилі орта мектебінде мұғалім болдыңыз, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін де мінсіз атқардыңыз. 1970 жылы жігерлі жас Сізді Жанкелдин ауданының жастары аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы етіп сайлады. Содан бастап Сіздің партия, кеңес органдарындағы жемісті жолыңыз басталды. Сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы Қайырбай Алматовтың жанашырлық көңіл-пиғылын, ағалық ақылын Сіз күні бүгінге дейін зердеңізден шығарған жоқсыз. Кейін облыстық комсомол комитетінің үгіт және мәдени-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болып ысылдыңыз, жақсылар мен жайсаңдарға жақын жүріп, олардан үлгі-өнеге алдыңыз.
1973 жылы Аралық қалалық партия комитетіндегі қызметіңіз басталды. Мұнда төрт жыл бойы үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып, жаңа облыс орталығының тыныс-тіршілігіне етене араластыңыз. Сол жылдары обком хатшысы болған Өзбекәлі Жәнібеков сынды ұлтжанды, біртуар азаматтан үйренгеніңіз де көп. Кейін Торғай облыстық партия комитеті партиялық бақылау комиссиясында істегенде облыс басқарған Сақан Құсайынов, Еркін Әуелбеков, О.Қуанышев сияқты ағалардан үйренгеніңіз де аз емес. Олар да іске жауапкершілікпен қарайтын, білімді де білікті қызметкерді оң бағалайтын. Сол кездері газет тігінділерін, шыққан брошюра, кітаптарды парақтап отырсаңыз, облыс басшылары Сіздің есіміңізді талай атапты, жұртқа үлгі-өнеге ретінде атапты.
Бүгіндер Сіз облыстық ақпарат басқармасында жемісті еңбек етіп келесіз. Мұнда тіл туралы заң мен құжаттардың орындалу барысы, діни бірлестіктермен жұмыс, республикалық саяси партиялардың облыстық филиалдар жұмысына сараптама жасау, «Қазақстан-2030» стратегиясын, салауатты өмір салтын, жылма-жылғы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын, Қазақстан Үкіметінің аймақтық бағдарламаларын түсіндіріп, насихаттауға байланысты облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердің ақпараттық-насихаттық топтарының жұмысына талдау жасау мәселесімен айналысасыз. Жергілікті жерлерде де жиі болып, қалалық, аудандық деңгейдегі әріптестеріңізге ақыл-кеңес бересіз. Жұртпен тез тіл табатын, білімдар және өнерлі Сізді аудандар мен қаламызда да жақсы біледі. Реті келгенде домбыраны қолға ала салып, әуелете ән шырқайсыз. Жиналған жұрт ұйып тыңдайды, шын көңілмен қошеметтейді. Жанкелдин ауданында іссапарда бірге болғанымызда оған өзіміздің де көзіміз жетті.
Сөзіміздің бір жерінде Сіздің екі тілге бірдей жүйрік екеніңізді айттық қой. Соның нәтижесінде Сіз қос тілде бірдей жаза бересіз. Республикалық, облыстық газет-журналдарда шыққан талай мақалаларыңыз бар, талай салиқалы жиында жасаған баяндамаларыңыз бен сөйлеген сөздеріңіз бар. Олардың бәрін тізбелей берсек, газет беті де жетпес еді.
Құрметті Жәке! Кешегі қанқұйлы соғыста Отан үшін опат болған майдангердің ананың құрсағында қалған тұяғы, бір әулеттің бас көтерер азаматы өзіңіз туралы сыр ақтара отырып, өмір жолыңызға үңіле отырып, біздің бүгінгі тәуелсіз еліміз, шат өміріміз, жарқын болашақ үшін шыбын жанын шүберекке түйген Сіздің әкеңіз – арманда кеткен Кәкеңді де еске алуды парыз деп білейік. Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында барлық боздақтарды еске алайық, ортамызда жүрген майдангер ағаларға бас иейік! Есіміңізді Жақсылық деп қойғанда да ауыл-әулет, аяулы ана осы бір асыл сөзге ерекше мән берген болар, Жәке! Олай болса мынау тылсым дүниеде тек қана жақсылық болсын, жақсы істер көп болсын!
Ақиқаттың ауыр жолы
немесе ішкі істер органының ардагері, полковник
Қабдыраш Сүлейменов туралы ақжарма сыр
Менің полковник Сүлейменовпен жақынырақ танысуыма оның басына үйірілген бір бақытсыздық себеп болды. Ағамыздың бір сәттік ағаттық үшін шеннен де, шекпеннен де айырылып, қайраңға шығып қалған балықтай күй кешкен тұсы еді бұл. 1949 жылдан бастап ішкі істер органында мінсіз қызмет еткен оның басына қара бұлт үйірілген 1978 жылға дейінгі уақытта алған бірде бір ескертуі немесе сөгісі де жоқ еді. Милицияның орта мектебін, кейін РСФСР Қоғамдық тәртіпті қорғау министрлігінің жоғары мектебін тәмамдаған ол облыстық ішкі істер басқармасы штаб бастығына дейінгі жолдан өтіп еді, полковник шенін алған-ды.
Ішкі істер органында жұмыс істей жүріп Сүлейменовтың алған 20-дан астам наградасы болды. Осы оқиға болардан бір жыл бұрын, яғни 1977 жылы КСРО Ішкі істер министрінің бұйрығымен аты-жөні жазылған сағатпен наградталған. Сол жылдың қарашасында КСРО Ішкі істер Академиясы бастығының бұйрығымен оған алғыс жарияланған. Ол қызмет істеп жүргенде Сүлейменов басқаратын облыстық басқарманың штабы республикада төртінші, кезекшілік бөлімі – екінші орын алған. 1956 жылдан КПСС мүшесі болатын, төрт рет бастауыш партия ұйымының хатшысы болып сайланған. Ал сол 1978 жылғы қыркүйекте 180-нен астам коммунист оны партком мүшесі және XXXI қалалық партия конференциясына делегат етіп сайлаған.
Яғни сол бір оқиғаға дейін полковник Сүлейменов туралы ұжымның пікірі орнықты, оны өз орнындағы, қабілетті, инициативалы адам деп таныған.
Ал енді аяқ астынан не болып қалды? Оны Қабдыраш Сүлейменов сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа жазған апелляциясында бүкпесіз ашық баяндады:
“1979 жылы 10 қаңтарда Қостанай облыстық Совет атқару комитеті ішкі істер басқармасының цехтық партия ұйымы мені КПСС қатарынан шығарды. Бұл шешім 25 қаңтарда қалалық партия комитеті бюросының, 21 ақпанда облыстық партия комитетінің бюросында қуатталды.
1979 жылғы 1 ақпанда мені Ішкі істер министрлігінің органынан босатты. Оған дейін облыстық ішкі істер басқармасының штаб бастығы болып, ішкі істер қызметінің полковник шенінде қызмет еткен едім.
Қазір, жасым 52-ге келді, төрт балам – студент, біреуі – мектеп оқушысы. Әйелім – сырқат. Бөтен мамандығым болмағандықтан, міне, екі ай жүзі болды, жұмыс таба алмай жүрмін.
Менің төңірегімде үш ай бойы ұйымдастырылған жағдай-жақият мені КПСС қатарында және Ішкі істер министрлігі органында кездейсоқ адам деген пікірге әкеп сайып отыр. Осы уақыт ішінде менімен тіпті әңгімелесуді қажет деп таппады, ал мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің номенклатурасында едім. Менің бұл адрестерге жолдаған қатынастарыма мәселеге терең бойламаған адамдар жауап қайтарып жатты. Менің мәселемнің бүк-шігіне жетуге тырысушылық байқалмады”.
Одан әрі полковник ағамыз мәселенің неден туындағанын ағынан жарыла ақтарады:
“... Мәселе былай болды. 1979 жылы 23 қарашада Алматыдан келген жерлесім самолетке шығарып салуды өтінді. Ол Қостанай ауданы Маяковский атындағы совхозда туысын жерлеуге қатысып, Алматыға оралып бара жатыр екен. Біз ішкі істер министрлігінің зейнеткері А.Ахановтың үйінде болып, тамақ іштік, спирттік ішімдік те болды.
Сосын төртеуіміз сағат 14.00-де аэропортқа келіп, билетті тіркеттік. Бірақ қонақты ішіп алған себепті самолетке отырғызбады. Осы төңіректе аэропорт қызметкерлерімен арамызда кикілжің сөз туындады, артық-ауыс сөз болғаны да жасырын емес”.
Осы әуежайдағы кикілжің ушығып, ақыры партия органдарына жетеді. Жеткенде де оған ұлтшылдық астар беріліп, әсерленіп жеткізіледі.
Осы арада осы оқиғаның басы-қасында болдым деп, түсініктеме берген аэропорт қызметкерлерінің аты-жөнін келтіре кетейік. Олар диспетчер Сердечная, тасымал қызметінің бастығы Ефанова, фельдшер Дербуш, зал кезекшісі Михайлюкова, жүк тексеруші Кухта, қоймашы Иванникова, электрокара жүргізушісі Щербаков және басқалар.
Жалпы мәселенің ақ-қарасын анықтау, полковник Сүлейменовтың тағдырын шешу барысында жолаушы Панкратовтан алынған түсініктеме көп роль атқарғандай. Ол оқиға болған күннен 44 күн кейін берген түсініктемесінде Сүлейменов туралы оны бұрын-соңды бес саусағындай білетін қалып танытады. Егер, сол күні аэропортта полковник Сүлейменов милиция киімімен жүрсе, жаңылыс басты деу ағаттық болар еді, бірақ аэропортта ол формасымен емес, кәдімгі кез-келген адам иығына ілер киіммен жүрген. Бұған дейін ол полковникті көріп-білмеген адам, бірақ дауысын, жүріс-тұрысын ежелден білетін жандай түсініктеме жазған. Абыр-сабыр болып жататын аэровокзалда бұрын көріп-білмеген адамның айтқан сөзін, бет-бейнесін бір жарым айдан кейін айнытпай қайталап айту деген көңілге қона қоя ма? Менің мұны айтып отырғаным, полковник Сүлейменов оның мәселесі сөз болған инстанцияларда аэропорт қызметкерлері тарапынан ұлттық намысқа тию фактілері орын алғанын, оның белгілі дәрежеде ашу-ыза туғызғанын, дөрекіліктің де соған байланысты болғанын мәлімдегенде, басшы жолдастар бейтарап адам Панкратовтың түсініктемесін алға тарта берген.
Ал ол түсініктеме қалайша туды? Оны облыстық ішкі істер басқармасы партия комиссиясының төрағасы Н.М.Лебединский өзінің қызмет бабындағы кабинетінде оңаша, комиссияның басқа мүшелерінің қатысуынсыз алған. Бұрын үш жылға бас бостандығынан айырылған жолаушы милицияның үлкен бастықтарының бірі Лебединскийдің кабинетінде соның ырқына қарай жығыла берген іспетті. Әйтпесе, бәрін көріп-біліп тұрғандай, әдейі осы оқиғаны қағазға айна-қатесіз түсіру үшін жүрген адамдай ұсақ-түйекке дейін тәптіштемес еді. Оның жазуынша, кикілжің аэропорттағы шаштаразда болған, ал ол кезде мұнда мұндай мекеме мүлдем жоқ-ты. Панкратовтың айтуынша, Сүлейменов кепка киіп жүрген, ал кейін мәлім болғандай, оның басында құлақшын болған.
Бірақ мәселені шешуге келгенде жауапты қызметкер, коммунист Сүлейменовтың аэропорттағы лайықсыз ісі, аэропорт қызметкерлеріне тіл тигізгені және саяси ұстамсыздығы алдыңғы қатарға қойылған. Сөйтіп ол КПСС қатарынан шығарылды.
Оның алдында полковник Сүлейменов КСРО Ішкі істер министрлігі кадрлар басқармасының өкілі майор Смородин жинаған материалдар негізінде қызметтен босатылған еді.
Аэропорттағы осы жағдай, оның артының дау-дамайға ұласуы, одан жоғары партия ұйымдарының хабардар болуы және өздеріне тағылып қалар “саяси соқырлық” қауіпі кейбір жолдастарға мөселеге тереңірек бойлауға, байыбына баруға мұрша бермегендей әсер қалдырады. “Сүрінген адамды сүйеп неміз бар, өз обалы өзіне, өзіміз аман болсақ, болды” дегендей немқұрайлылық, адам тағдырына деген енжарлық байқалады. Әйтпесе, тек полковник емес, жалпы басы жұмыр пенде ретінде Сүлейменовтың де ағаттығына байыптырақ қараудың артықшылығы бар ма еді?
Міне, мен де журналист ретінде, жалпы азамат ретінде осы сұрақты өзіме қойдым. Қойдым да журналистік зерттеу жүргізіп, осы өзіміздің “Қостанай таңы” (ол кезде “Коммунизм таңы”) газетіне мақала жарияладым. “Тіршіліктің бір сабағы немесе бір сәттік ағаттық және оның ақыры туралы әңгіме ” атты сол мақала ерекше пікір туғызды. Сол жария-ланымға үн қосқан Ә.Бақтыгереев, М.Ізғұттин, Т.Бимақов, А.Таңатов, Ә.Омаров, Б.Серғазин, Ш.Ботақанова, С.Қожахметова және басқалары адам тағдырына ат-үсті қараудың орын алғандығын, бұл мәселеге қайта айналып соғу керектігін жазды. Мысалы, О.Ерманов, М.Асқаров атты азаматтар былай деп жазды:
“Коммунизм таңы” газетінің 24 августағы номерінде басылған С. Меңдібаевтың “Тіршіліктің бір сабағы” атты мақаласын бірнеше қайталап оқып шықтық. Ондағы оқиғаның орын алуы, өрбу желісі, тексерілу тәсілі және партия ұйымдарында бағалануы кешегі тоқырау заманын еске түсіреді. Ол кезде кімдер ішіп, көпшілік жерге бармады, самолетке отырмады. Бірақ олардың бәрі бірдей жазаланған жоқ. Жалпы оқиғаның бас себебі кезінде мән берілмеген ұлттық намысқа тиетін жағдайда жатқан сияқты. Бұған қосымша айтпағымыз егерде жолаушы Панкратовтан түсініктеме қалай алынса, басқа аэропорт қызметкерлерінің ішінен шыққан “куәлерден” де түсініктеме солай алынбағанына кім кепіл?
Адам тағдырын шешу үшін тағайындалған партия комиссиясы председателінің бұл оқиғаны тексеруде бір ғана мақсат ұстауын қалай түсінуге болады?
Осындай тексерудің нәтижесі жоғары партия және басқа орындарды да белгілі қателікке әкеліп ұрындырған жоқ па деген ой да келеді бізге.
Біз Қ.Сүлейменовті 10 жылдан артық білеміз, бір мекемеде қызмет істейміз. Осы уақыт ішінде ол кісінің тәртіп бұзып, ішкілікке салынып, біздің қоғамға жат іс-қимыл көрсеткенін көрген емеспіз. Өзіне тапсырылған жұмысын ұқыпты, адал атқара алатын қызметкер деп қана танимыз. Оның үстіне ол насихатшы ретінде біздің коллективте еліміздің сыртқы және ішкі саясатын, совет заңдарын үнемі насихаттап отырады.
Осы жылдың сентябрь айында Қ. Сүлейменов біздің коллективтегі көп жылдық және адал қызметі үшін облыстық Совет атқару комитетінің 17 августағы қаулысымен “Еңбек ардагері” медалімен наградталды. 8 сентябрь күні кәсіподақ комитетінің есеп беру-сайлау жиналысында бір ауыздан осы комитеттің мүшесі болып сайланды.
Аталған қарама-қарсы екі жағдай Сүлейменовке қолданылған жазаның әділ деңгейден асып түсіп жатқанын аңғартса керек. Қазіргі қайта құру кезеңінде мұндай қайшылықтар қатты айыпталып, кеш болса да шындық, әділдік жеңеді деп сенеміз. “Ештен кеш жақсы” деген бар ғой”.
Басқа да редакцияға келген хаттардың мазмұны осы тектес еді. Бәрі де адам тағдырына сергек қарау керектігін, Сүлейменов мәселесін шешуде сыңаржақтық орын алғанын жазды.
Ақыры осы мақалаға орай мәселе облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, Қабдыраш ағаның партияға мүшелігі қалпына келтірілді. Айта кету керек, бұл үлкен жеңіс еді, әйтпесе бастауыш ұйым қарап, оның шешімін қалалық партия комитетінің бюросы, кейін обкомның бюросы бекіткен шаруаны ол кезде өзгерту мүмкін болар іс емес еді. Тек сол бір тұста облыс партия ұйымының тізгінін ұстаған Н.Т.Князевтің шешімділігі арқасында әділеттік салтанат құрды.
Бұл кезде Қабдыраш аға полковник шеніндегі офицерге тиесілі зейнетақының тек тең жартысын ғана алатын. Партиялылығы қалпына келтірілген соң бұл реттегі шектеу де алынып тасталды. Кейін КСРО Ішкі істер министрлігінің кадрлар және оқу орындары бас басқармасының бөлім бастығы В.М.Капитанишин былай деп хабарлады:
“Қ.Сүлейменов жолдас!
КСРО Ішкі істер министрлігінің 1990 жылғы 18 маусымдағы № 295 бұйрығымен Сізден зейнетақымен қамтамасыз етудегі шектеу алынып тасталды”.
Бір сәттік ағаттықтың ақыры осылайша қайырлы болды. Әділеттік орнап, кеудені қуаныш кернеді. Сол бір тұста Сүлейменовтер отбасы газет редакциясына алғыс айтып, өздерінің ақжарма тілектерін былай білдірді:
“Осыдан төрт-бес жыл бұрын біздің үйге соғыс және еңбек ардагері, дербес пенсионер Егізбаев Қабду деген кісі келді. Ол кісі ұлағатты ұстаз еді. “Қабдраш, Жібек. Мен сендерге Мәлік Ғабдуллиннің “Менің майдандас достарым” деген әңгіме-очерктер кітабын әкеліп отырмын. Мұнда “Қуанышпен аяқталған қорқыныш” деген әңгіме бар. Қабдраш! Сенің басыңа түскен жағдайға өте ұқсас. Атақты ақынымыз Дихан Әбіловты қиянатты жазадан тамаша азаматтар: Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, журналистер Сергей Дубинин мен Яков Герасименко аман алып қалған екен. Біздің Қабдрашқа да сондай шындықты сүйетін азаматтар болар ма еді? дегенде, ондай Мәлік, Дубинин, Герасименко сияқты абзал азаматтар қайдан табылады деп, өкінгеніміз бар. Сол очеркті жатқа айтып бер десеңіздер де, айтып берер едік.
24 тамызда (1989 ж.) “Коммунизм таңы” газеті жариялаған “Тіршіліктің бір сабағы” деген мақаладан кейінгі біздің үйдің, бала-шағаларымыздың жүрек толқысында, қуанышында шек жоқ. “Өшкені жанып, өлгені тірілгендей” деген осылай болады екен ғой.
“Бәсе бір үлкен әділетсіздік, адам тағдырына бойламаушылық, біржақтылық бар ғой деп ойлаушы едік, расында да, солай болған екен ғой” деп үйге келіп, телефон соғып, қуаныш, көңілдерін білдіріп жатушылар көп-ақ.
Адам тағдырына сергек қарап, мәселені әділ шешу де азаматтықтың арқасы деп білеміз.
Жақсылықтың, жариялылықтың жаршысы баспасөз майданының қызметкерлері, сіздерге қаламдарың ұштала берсін, шындық, әділеттік жолындағы еңбектерің жемісті бола берсін демекпіз. Газетке мың да бір рақмет!
СҮЛЕЙМЕНОВТАР ОТБАСЫ”.
Міне, енді сол Қабдыраш ағамыз да 82 жасында дүние салды. Аяулы жары Жібек апамыз, жоғары білім алып, өз ошақтарын маздатқан төрт қызы мен өз жолын қуған полковник ұлы және немере-жиендері, ағайын-туған мен жолдас-достары айтулы азамат, ішкі істер органының ардагері, абзал әке, мейірімді ата, сүйікті жар Қабекеңнің жарқын бейнесін әрдайым есте сақтап, қадір тұтып жүрері анық.
Қабдыраш ағаның кезінде тағдырына араласып, ақиқаттың ауыр жолынан сүрінбей өтуіне аз-кем қолқабысымыз тигеніне өзім де үнемі шүкіршілік айта жүремін. Көрген сайын айналып, толғанып жататын Жібек апамызды да туған анамыздай көремін. “Ағалап” ерекше ықылас-пейілмен қарайтын Қабекеңнің төрт қызы мен ұлына деген ықылас-пейілім де ерекше.
Ақиқаттың ақ жолын іздеген ағамыздың алды – пейіш, арты – кеніш, қуаныш болғай, ағайын!
Достарыңызбен бөлісу: |