Отбасында әкенің орны қандай?


Қ. Сәтбаев атындағы орта мектеп- гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары



бет2/2
Дата23.05.2017
өлшемі1,71 Mb.
#16584
1   2

Қ. Сәтбаев атындағы орта мектеп- гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Қазіргі кезде ата-ана, көбінесе әкелер тіршіліктің күйбеңімен аласұрып, жұмыс бастылықтан арыла алмай, ақша тауып отбасын асырау, материалдық жағдайын жасау қамымен жүр. Ал, тәрбие екінші орынға ысырылып қалған. Оған себеп жеткілікті: әкелер отбасында үнемі бола алмайды, үйден тысқары жерде жұмыс істеп, бала-шағасын ұзақ мерзім көрмейді. Сол себепті бала тәрбиесі анаға ғана тиесілі болып қалған. Отбасында әке тәлімі жетпей жатқанда, мектеп жасындағы балаға әке тәрбиесінің жұрнағын бере алатын ер ұстаздар қатары да сирей түскен. Бүгінде ер мұғалімдер ұжымдағы ұстаздардың 5-10 пайызын ғана құрайды. Онда да сынып жетекшілік, яғни тәрбиешілік қызмет атқармайды, көшілігі дене шынықтыру және технология пәнінің мұғалімі болып келеді. Ал, ұл бала тәрбиесінде әкенің, атаның, жалпы ер адамның алатын орны ерекше. Әйел қанша ақыл айтқанмен ол баланың жетесіне жетпеуі мүмкін, ал әкенің бір кесіп айтқан өктем сөзі ерекше әсер етеді. Ол балаға мың күн азық. Өзімізде бала кезімізде әкеміздің қас-қабағына қарап өстік. Ер адамның айтқан сөзі біз үшін заң болды. Одан жаман болғанымыз жоқ. Бүгінгі балаға бұрынғыдай тәрбие беріп, қатал ұстау мүмкін емес шығар. Дегенмен де әкенің көмегімен бала кішкене күнінен отбасының қорғаушысы, асыраушысы екендігін сезініп өсуі тиіс. Сондықтан әке қажет кезінде баласының қасынан табыла біліп, әртүрлі тақырыпта, оны мазалап жүрген сұрақтарға жауап беретіндей жиі әңгіме-дүкен құруы керек. Баласының мәселелері әке үшін маңызды екенін сездіріп, перзенті алдында өзінің әлсіздігін, білімсіздігін көрсетпеуі тиіс.

Тәрбие дұрыс берілуі үшін үйде ата-ананың, мектепте ұстаздың айтқан сөзі үндесіп жатуы керек. Әр отбасындағы тәрбие – өзінше жеке ілім, жеке дәстүр. Әкесі бар бала мен әкесі жоқ жеткіншектің тәрбиесінде едәуір айырмашылық кездеседі. Әкесі қайтыс болған отбасындағы бала үшін «Әке» деген сөз қасиетті, оның бейнесін анасының айтуымен, өзінің білуімен үлгі етіп, өмірге бейім, өзіне ғана сенетін, анасына қамқор, намысшыл бала болып тәрбиеленеді. Ер адамның сөзіне, ақылына құлақ асады. Ол үшін досының әкесі де, ағалары да үлгі. Әкесі маскүнем, үнемі ағай-шу шығарып жүретін отбасындағы бала ашуланшақ, жасық, сабаққа ынтасы болмай, өзін өзгеден төмен санап, қорланып өседі. Әке тәрбиесінің дұрыс берілмеуі бала болашағына үлкен әсерін тигізеді.

Мысал ретінде айта кетсем, мектеп ішінде өткен сынып сағатында мұғалімнің: «Қазіргі аталардан өсиет немесе нақыл естіп көрдіңдер ме?» – деген сұрағына оқушылар: «Жоқ, естіген жоқпыз», – деп жауап берді. Осының өзі әкелер мен аталардың ұрпақ тәрбиесіне жеткілікті деңгейде атсалыса алмай отырғандығының бір дәлелі.

Өз тәжірибемде байқағаным, қазіргі әкелердің тоқсан пайызы баласының сабағына алаңдамайтындығы. Мектепішілік ата-аналар жиналысында да әкелердің бірен-сараңы ғана қатысады. Оның өзінде бала тәрбиесі мәселелері талқыланып жатқанда тек тыңдаушы болып қана отырады.

Менің ойымша, қазіргі әкелердің өздерін тәрбиелеуде ата-ана және қоғам тарапынан кемшіліктер кеткен сияқты. Әр ата-ана баласына бойындағы барын береді, жоғын қайдан алсын. Тәлім-тәрбиесі мол газет-журналдарды, педагогикаға байланысты кітаптарды ізденіп оқымаса, тағылымы мол телебағдарламаларды зерделеп қарамаса, өзі білгені мол, тіл байлығы зор, жан дүниесі рухни бай тұлға болмаса, отбасы үлкенінен, ата-бабасынан алған мұрасы, тағылымы жеткіліксіз болса, ұрпағына қандай тәрбие бермек. Баланы тек әке, ана, ата, әже, ұстаз ғана емес, қоршаған ортасы да тәрбиелейді. Осыған орай ата-ана, яғни әке баланың досы кім, қайда кіммен жүреді – бәрінен хабардар болып отыруы керек. Ол үшін әке мен бала бір-біріне жат емес, жақын болып, перзент әке махаббатын сезініп, көріп, біліп өсуі тиіс.



Ер мұғалім жоқтың қасы

Болатхан Боранбаев,

аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы:

– Қазіргі таңда мектептердегі ұстаздың көпшілігі әйелдер, ер мұғалім жоқтың қасы. Бұл жағдай ұлдар арасындағы тәртіптің нашарлауына әкеліп соғады. Себебі, балалар ер жеткен сайын әйел ұстаздарға аз бағынады. Бұл жағдай бірте-бірте қыздар тәрбиесіне де әсер етеді. Себебі, сыныптың жартысына жуығын ұлдар құрайды. Осыған орай мектепте ер ұстаз көп болса, ұлдар тәртібінің түзеліп, дұрыс жолға түсуіне оң әсер етер еді. Сол себептен де мектептегі ер ұстаздардың сандық үлесі жалпы педагогтардың жартысына жуықтаса дұрыс болар еді. Отбасында не әкесі, не шешесі болмаса, балаға қиын тиері анық емес пе?! Мектепте де солай...

Ер ұстаздарды мектепке көптеп тарту үшін ұстаз беделін барынша жоғарылату қажет. Біздің кезімізде үлкен кісілер алғыс айтып, бата бергенде: «Мұғалім бол, балам!» – дейтін. Неге десеңіз, ол заманда ұстаздың рөлі биік еді. Ауылдағы ең құрметті адам саналатын. Бүгінде мұғалімнің табысы төмен, материалдық жағынан көп нәрсеге зәру. Сондықтан жас жігіттер ұстаз болуды армандамайды, мұғалім мамандығын меңгеріп, мектепте жұмыс істеуге ұмтылмайды.

Отбасындағы әке рөлін, баланың әкеден алатын тәрбие-тәлімін басқа ештеңе де ауыстыра алмайды. Алысқа бармай-ақ әкесіз отбасында тәрбиеленген балалардың өміріне зер салу арқылы-ақ бұған көз жеткізуге болады. Бұл тек материалдық жағдайға ғана қатысты емес. Анасы қанша ақылгөй, парасатты, қажырлы, қайратты жан болса да әкенің орнын жалғыз өзі толтыра алмақ емес. «Әке – асқар тау», – деп бекер айтылмаған ғой. Ол – балаға да, оның анасына да пана, қорған, сүйеніш болатын адам. Бірақ, барлық әке осы атқа лайық болып жүр ме, бұл әрине, ойландыратын мәселе. Ел басына экономикалық қиындық туған тоқсаныншы жылдар көптеген ер адамның боркемік, шарасыз, өмір тудырған күрделі мәселерді шешуге дәрменсіз екендіктерін көрсетіп берді. Керісінше, әйел адамдар қиындыққа қаймықпай қарсы шығып, оны дұрыс шеше алатын күш пен қуатқа ие екендіктерін дәлелдеді.

Бүгінгі бала тәрбиесіне әкелердің неге аз атсалысатынының бір мысалын осыдан білуге болады. «Болмысты тұрмыс билейді»,–деген бекер емес. Бұған, араққа, жалқаулыққа бейім, бейқам жандарды қосыңыз. Сол кезде бала тәрбиесінен сырт қалатын әкелердің қатары өсе түсетінін көреміз. Бірақ, жауапкершілігі жоғары, келешекті ойлай білетін, балаларын жанындай жақсы көретін жақсы әкелер бізде аз ба? Аз емес, ондай жандарды қоғамның әр тобынан-ақ көруге болады.

Мен, өз басым еліміздің әл-қуаты артқан сайын балаларымыздың тәрбиесіне ата-ананың көбірек көңіл бөліп, жастарымыз білімді де, өнерлі болып өсіп, келешекте жақсы азаматтар боларына кәміл сенемін. Бірақ, біз еш уақытта өз ұлтымызды, тілімізді, тарихымызды, салт-дәстүрімізді құрметтеуді ұмытпауымыз керек. Оны ұмытсақ, бар өміріміздің зая кеткендігі. Жалғандыққа бой ұрғандығымыз. Тек қара бастың қамын күйттегеніміз болмақ.

Сондықтан ұлтымыздың асыл қасиеттерін сақтайық. Әрбір әке өз баласының өзінен асып туып, әлдеқайда бақытты болғанын қалайтыны белгілі. Бұл игі тілек біздің бәріміздің жүрегіміздің нақ төрінен орын алған аяулы арман. Бақыт деген – тек қана байлық, жақсы тұрмыс, молшылықта өмір сүру емес. Ол ең әуелі бойына сапалы білім, саналы тәрбие сіңірген, заман талабына сай бәсекеге қабілетті, өнерлі де өнегелі ұрпақ тәрбиелеу екендігін ұмытпайық, ағайын!
Алтын қазық

Ғалия Саңқайбаева,

Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары:

– Бала – өсіп келе жатқан өркен сияқты. Қалай исең, солай қарай бағытталады. Сондықтан жас өркенге дұрыс күтім жасаудың маңызы зор. Осы тұста ата-ана мен мектеп бірлесе жұмыс істесе, күтілер нәтиже де жемісті болмақ.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ата-аналар мектеппен байланыс жасап, баласының сабағына қатыспақ түгілі, жылына болатын жалпы ата-аналар жиналысына да келмейтін кездерді бастан өткіздік емес пе. Осыған орай 2006 жылы мектеп ұжымы алдымызға перспективалық жоспар құрып, мектептегі тәрбие жұмысын жандандырудың бірден-бір тетігі әке-шешемен жұмысты мықтап қолға алдық. Соған сай әр оқу жылында ата-аналармен айлық өткізу дәстүрге айналған.

Өткен жылы «Әке – отбасының алтын қазығы» тақырыбында дәстүрлі ата-аналар айлығын жарияладық. Осылайша әке-шешемен жұмысты басқа қырынан, яғни тәрбиенің құлдырауының алдын алудың бірден-бір тетігі әкелермен жұмысты жандандырудан бастадық. Ата-аналармен байланыс нығайтылып, әсіресе әкелер жиі келетіндіктен мектептің сәні кіріп қалды десек болады. Олар жиі сабаққа қатысып, өтіп жатқан түрлі іс-шараны қызықтап, балалар өміріне қатысты жұмыстарға араласты. Ал, айлық барысында өте бір қуантарлық жағдай ата-аналардың мәдениеттілік, сауаттылығы күннен-күнге жетіліп, педагогикалық ұйымдастырушылық қабілеттерінің бар екендігін әкелердің сабақ беруінен-ақ байқадық. Бірінші сыныпта «Әкем – берік қорғаным» атты әкелер сайысын Күдеров Құрманхан, 7 сыныпта «Әке – асқар тау» тақырыбында тәрбие сағатын Кузембаев Руслан сынды азамат өткізіп, семинарға қатысушыларды өздерінің сөйлеу мәдениеті, ұйымдастырушылық қабілеттерімен тәнті етті. Осындай жұмыс нәтижесінде ата-аналар жағы «Ұлы бар үйде қуат бар, қызы бар үйде шуақ бар» дегенге көздері жетіп, «Асырауды біліп, тәрбиелеуді білмеу – ата-анаға сын» деген тоқтамға келді.

Иә, расында да бүгінгі күні босаңсып кеткен тәрбиені тез арада жолға қоймасақ, ертең кеш болуы әбден мүмкін. Бұл тұста Елбасы Н.Назарбаевтың «Егер біз адамгершілігі жоғары қоғам болғымыз келсе, ең бастысы ата-ананың балаларының алдындағы жауапкершілігін күшейтуге тиіспіз», – деген сөзін келтіре отырып, жас ұрпақтың болашағына нұрлы жол ашатын бірден-бір кілт – әке-шеше, ендеше бала тәрбиесіне әкелер көңілі бөлінсе екен дейміз. «Тамызығын тапсаң тас та жанады», – дей отырып, ата-анамен жұмыстың тиімді әдістерін іздестіру ұстаз, мектеп, қоғам, біздердің міндеттеріміз екенін есімізге салғым келеді. Өйткені, бүгінгі бақытты балалық, сенімді болашақ емес пе?

Соның нәтижесінде бүгінгі таңда мектептегі тәрбие жұмысының, оның ішінде ата-аналармен жұмыс жүйесінің бір жолға қойылғандығы және бала тәрбиесіне әкелер көңілінің бөлінгендігі біздің мектебіміз үшін үлкен жетістік деп ойлаймын.




Міне, жоғарыда көтерілген тақырыпқа орай Ақсу ауданының тәрбиеге жауапты мамандары өздерінің ойын бөлісті. Бір ұстазымыз әкелер ата-ана жиналысына қатыспайды деп наз айтса, енді бірі тәрбие саңлағы әкені мектепке тартудың жолдарын іздеп тауып, өз іс-тәжірибесімен бөлісіп отыр. Бұл барлық мектепке үлгі етуге тұрарлық игі бастама, жарқын іс. Әкенің бала тәрбиесіне деген жауапкершілігі төмендей түскен бүгінгі уақытта мұны мәселенің бір шешімі деуге болады. Бірақ, мұнымен әкелер тақырыбына нүкте қоя алмаймыз. Өйткені, әкенің бала алдындағы жауапкершілігін арттырудың басқа да жолдарын қарастыруымыз қажет. Заң аясында да ерлі-зайыпты жандар ажырасқанда әке алимент төлеумен ғана шектеледі. (Тіпті оны әкелердің басым бөлігі төлемейді де). Ал әкенің бала алдындағы жауапкершілігі жайы тағы да ескерусіз қалады. Бұл орайда сіз қандай ұсыныс айтар едіңіз, құрметті оқырман! Әкенің отбасы, балалары алдындағы жауапкершілігін қалай арттыруға болады? Осы жөнінде ой бөлісуді ұмытпағайсыздар.
Есенбаева А.

Меншікті тілші,



Облыстық қоғамдық-саяси «Жетісу» газеті, №25 23 ақпан 2013 жыл




Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет