1. Метафора тәсілі арқылы атаудың ауысуы белгіленетін заттардың тұлға, түс, қимыл ерекшелігінің ұқсастығына негізделеді. Белгілердің ұқсастығына қарай бір заттың не құбылыстың басқа бір заттың не құбылыстың атауы мен аталуының негізінде сөз мағынасының ауысуы метафора деп аталады. Мысалы, Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі (Абай) деген сөйлемдегі кілт сөзі «ашатын құрал» дегенді емес, «шешуші» деген мағынаны білдіреді. Бұл мағына – кілт өзінің номинативті мағынасы (ашатын құрал) негізінде жасалға туынды мағына. Мәселенің кілті деген сөз тіркесіндегі кілт сөзінің мағынасы да осы аталған мағынамен барабар.
Метафора - әр түрлі тілдердің бәрінде де бар құбылыс. Қырғыз тілі мен қазақ тілінде бел анатомиялық атау ғана емес, сонымен бірге «асу» (арқа, жон), «таяныш, сүйеніш» деген мағыналарда да қолданылады. Бел – таудың кез келген тұсы емес, оның арғы бетке асып түсуге, өтуге қолайлы, анатомиялық белге ұқсас тұсы. Бұл сөздің «таяныш, сүйеніш» деген мағынасы «адам денесінің жоғарғы бөлегі тірелетін таяныш» мағынасындағы анатомиялық «белмен» ассоциация жасаудан туған.
Тіл-тілде сөз мағыналарының ауысу тәсілдерінің ішінде өте жиі кездесетін және ең бастысы – метафора тәсілі. Метафора құбылысының сөздің мағынасынан орын тепкені және әбден үйреншікті болып кеткені соншалық, метафораның негізінде туған қосымша мағынаның көп жағдайда туынды,
келтірінді мағына екені бірден аңғарыла бермейді. Метафораның негізінде туған келтірінді мағына, әдетте, сөздің туынды мағынасы ретінде қалыптасып орнығып кетеді. Мұндайда метафораның негізінде туған мағына сөздің сөздіктегі мағыналық мазмұнына еніп, оның туынды мағыналарының біір ретінде қаралады. Мысалы, істің төркіні, сөздің төркіні дегендердегі төркін мен қыздың төркіні дегендегі төркін сөзін салыстырсақ, соңғы мысалда бұл сөз «қыздың ата-анасы, туған-туыстары» дегенді білдіреді де, алдыңғы мысалдарда «түп негізі, тегі, сыры, мәнісі» дегенді білдіреді. Сонда, бұл мағына (түп негізі, тегі) төркін сөзінің негізгі мағынасымен іштей байланысты туған қосымша туынды мағына болып саналады да, осы сөздің қалыптасқан, орнықты лексикалық мағыналарының бірі ретінде ұғынылады. Осы туынды мағынасында оны бүкіл халық қолданады.
Метафора көркем сөз стилінде бейнелеуші, мәнерлеуші тәсіл ретінде ерекше қызмет атқарады. Бірақ жеке ақын-жазушылардың тіліндегі метафоралардың барлығы бірдей жалпы халықтық сипатқа ие бола бермейді. Жазушылар кейде сөздерді айрықша мәнерлеп, көркемдеп айту мақсатымен дағдылы қалпынан басқаша етіп тіркестіреді де, соның нәтижесінде сөз әр түрлі реңкке ие болады. Ондай реңк жалпыхалықтық сипатқа ие болғанда ғана, мағына ретінде ұғынылады; сөздің сөздіктегі мағыналық мазмұнына енеді. Ал, егер ол жалпыхалықтық сипат ала алмаса, онда жазушының сөз қолдану ерекшелігінің бірі ретінде ғана ұғынылады. Ондай реңкті дербес мағына деп есептеуге де болмайды, оны тек қолданыс деп түсіну қажет.