«Китаб-бұлғат әл-муштақ фи-лұғат ат-түрік уа әл-қыпшақ» («Түрік пен қыпшақ тілдерін жақсы оқып үйренушілер үшін жазылған кітап»). ХІҮ ғасырда Сирияда жазылған бұл еңбектің авторы араб ғалымы – Жамал ад-дин Мұхаммед Абдуллах ат-Түрки. Парижде ұлттық кітапханада сақтаулы. Қолжазба екі бөлімнен тұрады: есім-етістік. Бұл еңбек арабша – қыпшақша сөздік түрінде жазылған. Аталмыш жәдігерліктің екі бөлімін де пояк ғалымы А.Зайончковский 1938 және 1954 жылдары бастырып шығарды. Қолжазбада 1500 дей сөз бар. Түркі, оның ішінде қыпшақ тілдерінің грамматикалық құрылысы жөнінде көптеген мәліметтер береді. «Китаб-бұлғат әл-муштақтың» тілі жайында Өзбекстанда Ш.Файзуллаева жазба мұраның фонетикасын, морфологиясын, зерттеп, екі бөлімінің толық аудармасын жасап, кандидаттық диссертация қорғады (1969), ал Татарстанда Г.Р.Гаинутдиновалар кандидатық диссертация қорғады (1969 ж.). Қазақстанда да зерттелу үстінде.
«Әл-каванин әл-күллия ли-дабт әл-лұғат ат-түркия»(«Түркі тілдерін үйрену үшін жазылған толық құрал»). Авторы белгісіз. ХІҮ ғасырдың аяғы мен ХҮ ғасырдың басында Мысырда жазылған. Қолжазба екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім түркі тілдерінің грамматикалық ерекшелігін анықтауға арналған, ал екінші бөлім сөздік берілген, 500-ден астам сөз ұшырасады. Бұл кітап грамматика мен сөздіктен тұрады. 1928 жылы Рифат Білге Стамбулда түрік тіліне аударып, бастырып шығарды. Екінші рет проф. С.Телегди тарапынан 1937 жылы Будапешт қаласында басылды. Қазақстанда бұл еңбек жайлы Ә.Құрышжанов бірнеше мақала жазды. Мамлүк қыпшақтарының ескерткіштері болып танылатын бұл мұрағаттың мазмұндық, графикалық, орфографикалық, фонетикалық ерекшеліктерін қазақ тіл білімі тұрғысынан С.Ж.Дүйсенов зерттеді.
«Китаб ад-дурра ал-мудия фил-лұғат ат-түркия алат-тамам вал-камал»(Түркі тілі туралы жан-жақты және толық аяқталған інжу-маржан кітабы). ХІҮ ғасырда Мысырда, яғни мәмлүк қыпшақтарының мемлекетінде қыпшақ тілін үйрену үшін жазылған сөздік. Жоғалып кетті деп есептелген бұл еңбекті 1963 жылы поляк түркітанушысы А.Зайончковский Флоренцияның атақты Лоренцо Медичи кітапханасынан осы сөздіктің қолжазбасынн тауып, француз тіліне аударып, бастырып шығарды (Варшава,1965-69ж). Көлемі-24 парақ,әр парақтың екі бетінде 15-16 жолдан тұратын арабша-қыпшақаша сөздердің тізімі бар. Араб сөздерінің семантикалық жіктеліміне орай тиісті лексикалық материалдар 24 тааруға бөлініп берілген. Сөздіктің авторы, жазылған уақыты белгісіз.