Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар: 1. Көне қыпшақ ауызекі сөйлеу тілінде жазылған ескерткіштер.
2.Көне қыпшақ жазба ескерткіштері.
3. Кодекс Куманикус ескерткішін зертеудегі Ә.Құрышжановтың орны.
4. Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» поэмасының зерттелуі.
5.Ә.Нәжіп еңбектерінің түркітанудағы маңызы.
Дәріс №-7. Армян жазулы қыпшақ ескерткіштері XVI-XVII ғғ.қазіргі Украина, Молдавия, Румыния жерлерінде қоныс теуіп, қауым болып өмір сүрген, христиан дінінің армян-григориян бұтағын тұтынып қыпшақ тілінде сөйлеген этникалық топ «қыпшақ тілдес армяндар» ма, әлде «армян дініндегі қыпшақтар» ма деген күрделі мәселе тарих ғылымында әлі де даулы мәселе. Ал осы этникалық топтың армян әліпбиімен қыпшақ тілінде жазып қалдырған жазба жәдігерліктері бүгінде «армян-қыпшақ жазба ескерткіштері» деп айшықталып, зерттелуде.
Тарих іздерін шиырласақ, орта түркі дәуірінде (Х-ХҮ ғасырлар) түрік көшпелілерінің, алдымен, селжұқтар,қыпшақтар,содан соң монғол-татарлар, кейінірек Осман түріктерінің Арменияны жаулап алуы армяндардың басқа жерлерге қоныс аударуларына басты себеп болған.
Алтын Орда жерінен бірте-бірте ығысып барған армян-қыпшақтар ХV ғасырдың аяғында сол кездегі ең үлкен саяси және экономикалық орталық саналған Каменец-Подольский мен Львов қалаларына топтасады.
«Армян-қыпшақтар» ХV-ХVІІ ғасырларды өздері бағынышты болған Польша корольдігінің саяси-экономикалық өмірінде елеулі рөл атқарады. Олар өздерінің дербестігін,яғни суверенитетін сақтау үшін көп күш салады. 1496 жылы король Ян Ольбархт армян-қыпшақтарға «өз істерін өздерінің заңымен шешулеріне» рұқсат етеді. Осыдан бастап қыпшақ тілінде көптеген қолтума және аударма еңбектер пайда болады. Іс қағаздары, ресми документтер қыпшақ тілінде жүргізіледі. Көне армян тілінен діни кітаптар, көркем шығарма мен дұғалықтар аударылып, армянша- қыпшақша-полякша үш тілді сөздіктер, грамматикалар, жылнамалар қыпшақ тілінде ресми документтер Львов қаласының әкімшілік-сот орындарына поляк, украин, латын тілдеріндегі документтермен бірдей дәрежеде қабылданады. Сөйтіп, «қыпшақ тілі колонияларда мемлекеттік ресми іс қағаздары жүргізілетін тіл дәрежесіне көтеріледі».
Армян-қыпшақтардың жазба мұралары олардың экономикалық саяси-әлеуметтік және мәдени өмірінен мол мағлұмат беретін, жанры мен стилі жағынан әр түрлі көлемі үлкен жадығаттар. Осы саладағы зерттеулерде бұл жазба мұралар алты топқа бөлініп қарастырылып жүр: 1) тарихи жазбалар; 2) заң кодекстері мен акт құжаттары; 3) филологиялық еңбектер; 4) діни әдебиеттер; 5) көркем шығармалар; 6) жаратылыстану-ғылыми әдебиеттер (Гаркавец А.Н. Кыпчакское письменное наследие. Т.І. Каталог и тескты памятников армянским писмом. –Алматы: Дешт-и-Кыпчак, 2002.-1084б.).
Армян-қыпшақ ескерткіштерін жариялап, зерттеу ісінде Г.Алишан, Ж.Дени, Э.Шютц, Э.Трыярски, И.Вашари, М.Левицкий, Р.Кон және т.б. шет ел ғалымдарымен қатар, бұрынғы Кеңестер Одағында Т.И.Грунин, А.Н.Гаркавец, И.Абдуллин, Я.Р.Дашкевич, С.Құдасов сияқты ғалымдар көп еңбек сіңірді. Соңғы кезде аталмыш жазба ескерткіштерді Меһмет Куталмыш, Надежда Чирли, Ердоған Алтынкайнак сиқяты Түркия ғалымдары да зерттей бастады.
Армян-қыпшақ ескерткіштерін шаң басқан архивтерден тауып, жариялап, жүйелеп, зерттеп, қыпшақтану саласында үлкен үлес қосқан қазақстандық түркітанушы ғалым Александр Николаевич Гаркавецтің еңбегі зор.
А.Н.Гаркавец 2001 жылы «Армянша-қыпшақша дұғалықтың (Псалтир)» (1575-1580) екі нұсқасы мен оған арналған армянша-қыпшақша сөздікті транскрипциялап, жариялады.
2002 жылы Алматыдағы «Дешт-и Қыпшақ» Евразиялық зерттеу орталығынан «Кыпчакское письменное наследие: Каталог и тексты памятников армянским письмом» (1 том) деген атпен көлемі 1084 беттік еңбек жариялады. Онда 1519-1628 жылдар аралығында жазылып сақталған 109 қолжазба мен 1618 жылы қыпшақ тілінде армян жазуымен баспадан басылып шыққан «Алғыш бітікі»- дұғалықтар кітабының мәтіндері транскрипцияланып, көпшлігі орыс тіліне аударылып берілген.
2007 жылы «Кыпчакское письменное наследие. Т.2. Памятники духовной культуры караимов, куманов-половцев и армяно-кыпчаков» атпен қыпшақ жазба жәдігерліктерінің 2 томы жарық көрді, Көлемі-612 бет. Бұл жинақта діни шығармалар латын әрпімен транцкрипцияланып, кейбірінің орысша аудармасы берілген. Еңбекте қарайым, куман-қыпшақ және армян-қыпшақ тілдеріндегі бір жанрдағы материалдар топтастырылған.
2010 жылы осы кешенді еңбектің 3 тосы «Қыпшақ сөздігі» жаияланды. Көлемі-1802 бет. Бұл бірегей лесикографиялық еңбекте алғашқы екі томдағы мәтіндердің лексикалық бірліктері барынша қамтылған.
2003 жылы А.Н.Гаркавец «Армян төре бітігінің қыпшақ- поляк версиясы және армян-қыпшақ іс жүргізу кодексі, Львов, Каменец-Подольский, 1519-1594жж. деген еңбегін қазақ және орыс тілдерінде жариялан еді. Онда армян-қыпшақ, латын тіліндегі мәтіндер транскрицияланып, қазақ, орыс, украин тілдеріне аударылып, қыпшақша-қазақша, қыпшақша-орысша терминологиялық сөздік берілген.
С.Ж.Құдасовтың пікірінше, «А.Н.Гаркавец жариялаған бұл мұралар қыпшақтану саласына қосылған зор үлес екендігі, сонымен қатар қыпшақтану саласындағы соны ізденістерге, тарихи-салыстырмалы зерттеулерге жол ашатын еңбек екендігі ақиқат». Бүгінгі таңда жарияланған еңбектері сараласақ, армян-қыпшақ ескерткіштері тілінің өте бай екенін көруге болады. Оларда бүгінгі түркі халықтарының қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани дүиесіне қатысты сөздер, сөз тіркестері өте көп.
Түркітану ғылымында «армян-қыпшақ жазба ескерткіштері» деп аталып жүрген бұл мұралардың тілі «армян-қыпшақ тілі» деп аталып жүр. Дегенмен, Т.И.Грунин жариялаған ХVІ ғсырдағы Каменец-Подольский сотының қыпшақ тіліндегі документтеріне жазған алғы сөзінде Э.В.Севортян бұл жазбалардың тілін «польша армяндарының ескі қыпшақ тілі» деп атайды. ХVІ ғ.20-жылдары мен ХVІІ ғ.аяғы арасында жазылған ескерткіштердің бірі- Каменец-Подольский қаласында жазылған «Каменец-хроникасы». Бұл құжатта Каменец-Подольский қаласында ХVІ-ХVІІ ғғ.арасында болған жергілікті оқиғаларды әңгімелейді. Басқа елден көшіп келген армян-қыпшақтар Каменец-Подольский қаласындағы тыныс-тіршілігі, әр түрлі әлеуметтік және тарихи оқиғаларға қатысы хатқа түсірілген. Жазба армян-қыпшақтардың жергілікті қоныстарынан, Польшаның тарихынан көп мәлімет береді және көне қыпшақ тілінің тарихи-лингвистикалық қайнар көзі. Сонымен қатар Э.В.Севортян «заңдар жинағы «Төре бітікі» мен көркем-дидиктикалық шығарма-«Дана Хикар тарихы» ескі қыпшақ әдеби тілі үлгісінде жазылған» деген пікірге келген. «Дана Хикар сөзі»- армян жазуымен жеткен қыпшақ тіліндегі мұралардың ішіндегі көркем дидактикалық жанрдағы, әзірге белгілі, жалғыз шығарма. Қолжазба Австрияда, мхитаристердің Венадағы кітапханасында сақтаулы. Ескерткішті 1964 жылы француз ғалымы Ж.Дени мен поляк ғалымы Э.Трыярски француз тілінде жариялады.
Бұл жазба мұраны қазақ ғалымы С.Ж.Құдасов қазақ тіліне аударып, лингвистикалық тұрғыдан зерттеп, 1990 жылы «Ғылым» баспасының «Армян жазулы қыпшақ ескерткіші «Дана Хикар сөзінің тілі» деп аталатын монографиясын жариялады. Осы зерттеу түркітану ғылымында армян-қыпшақ жазба ескерткіштерін қазақ тілімен салыстыра зерттеудің жаңа толқыны болды.
Армян-қыпшақ тілін ұстанушы эрменилер («армяндар») өз тілдерін үш түрлі атаған: хыпчах тили «қыпшақ тілі», бизим тил «біздің тіл» (армян тіліне қарама-қарсы қою) және татарча «татарша».
Ол түркі тілдерінің қыпшақ-половец топшасына жатады.