Босанудан кейінгі кезеңде босанған әйелдің жатырындағы физиологиялық өзгерістер.
Босанғаннан кейінгі кезең немесе пуэрперальды кезең босанудың үшінші кезеңінің соңынан бастап 6-8 аптаға созылады. Босанудан кейінгі кезеңде жүктілік және босану кезеңдерінде өзгерістерге ұшыраған мүшелер мен жүйелердің инволюциясы дамиды. Тек сүт бездерінің және гормональды жүйенің қызметі арта бастайды және әсері бір жылға немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Кейбір анатомиялық өзгерістер өмір бойы сақталады: сүт бездерінің пішіні мен көлемі, жатыр мойнының сыртқы ернеуінің саңылау тәрізді пішіні,қынаптың қыртыстылығы. Босанудан кейінгі өзгерістер негізінен ОЖЖ және гормоналды жүйедегі өзгерістерге байланысты.
ОЖЖ жағдайы және гормональды статус .Жүктілік кезіне тән жүктілік доминантасының орнына ананың ОЖЖ де аналық инстинкке тән сезімдер пайда болады. Бас ми қыртысында қозу басым болады , ол психиканың лабильділігімен қосарланады. Босанғаннан кейінгі кезеңде негізінен эндокринді жүйеде өзгерістер болады; плацентарлы гормон деңгейі күрт төмендейді, гипоталамо-гипофизарлы жүйе қызметі қалыптасады. Лактацияның басталуы үшін эстроген, прогестерон, пролактин маңызы зор. Босану мен овуляторлы циклдің қалыптасу мерзімнің арасындағы интервал шамамен сәбиді емізбейтін әйелдерде 50 күнді, ал сәбиді емізетін әйелдерде 100 күннен астам уақытты құрайды.
Жыныс мүшелері мен сүт бездері.Босану аяқталысымен жатыр денесі тез жиырылады. Босанудан кейінгі 14 тәулік бойы жатыр пішіні шар тәрізді болады, оның түбі шаттан 15-18 см жоғары тұрады. Жатырдың қалыңдығы түбінде айқын болып, жатыр мойнына қарай аздап жұқарады. Жатыр қуысында аздаған қан болады. жатыр мойны қолдың 2-3 саусағын өткізеді. Жатыр қабырғасы іш жағыгаг қыртысты, плацентарлық аймақ тамырлар облысындағы тромбтарымен бірге бұдырлы жарақаттық беткей түрінде болады. Жатырдың басқа аймақтарында децидуальды қабықша мен бездердің қалдықтары болады, олар кейіннен эндометрийдің жазылуына әсер етеді. Жатырдың жалғамалық аппараты босанудан кейін созылған болады, сондықтан ол оңай ығысады. Қалған қанды сығып шығаруға тырысу кезінде жатырды кіші жамбас қуысына оңай ығыстыруға болады, ол кезде жатыр мойны қынап кіреберісіне жетуі мүмкін. 2 апта бойы жатыр салмағы тез азаяды: босанудан кейін оның салмағы -1000г құрайды, бірінші аптаның соңында жатыр салмағы 500 г, екінші аптаның соңында -325 г, үшінші аптаның соңында -250 г, босанудан кейінгі кезеңнің соңында 50г га тең, яғни алғашқы жүкті емес кезеңдегі қалпына келеді. Жатырдың салмағы оның бұлшықет талшықтарының босанудан кейінгі кезеңде тұрақты түрде тоникалық жиырылуына байланысты. Тамырлардың көбісі облитирацияға ұшырайды. Жатыр мойны инволюциясы денесіне қарағанда баяулау жүреді. Босанғаннан кейін 10-12 сағаттан соң ішкі ернеу жиырылып бастайды, диаметрі 5-6 см дейін кішірейеді. Сыртқы ернеу бұлшықет қабырғасы жұқа болғандықтан өзгермейді. Осыған байланысты жатыр мойны каналы құйғыш тәрізді болады. бір тәуліктен кейін канал тарылады. 10-тәулікте ішкі ернеу жабылады. Сыртқы ернеудің түзілуі баяуырақ жүреді. Сондықтан жатыр мойны босанудан кейінгі кезеңнің 13-аптасының соңында өз қалпына келеді. Сыртқы ернеудің алғашқы пішіні босану кезіндегі созылу мен бүйір бөліктерінің жыртылуына байланысты қалыптаспайды. Жатыр ернеуі көлденең саңылау түрінде болады, жатыр мойны цилиндр пішініне ие болады. Жатырдың ішкі эпителизациясы 10-12 тәуліктің соңында аяқталады, ал плацентаның орны тек үшінші аптаның соңында жазылады. Жатыр қуысындағы децидуальды қабықшалардың қалдығы және қан ұйындылары протеолитикалық ферменттердің әсерінен босанғаннан кейінгі 4-10 тәулікте сылынып ериді.Жатырдан бөлінетін бөліністерді лохиялар деп атайды. Босанудан кейінгі 2-3 күн – қанды бөлініс 3-4 күннен 1-аптаның соңына дейін – серозды бөлініс 10-күннен 3 аптаға дейін – құрамында лейкоциттер басым ақшыл-сары түсті бөліністер 3- аптада жатыр мойны каналының кілегейі араласады, сілтілі реакциялы және арнамалы иісті болады. 5-6 аптада жатырлық бөліністер тоқтайды. Алғашқы екі аптада қанайналым азаяды, ісіктері қайтады, бұрынғы қалпына келеді .Жүктілік кезінде аздап ұлғайған аналық бездері кішірейеді.. Алғаш босанушыларда қынап бұрынғы қалпына келмейді, ол кеңдеу күйінде қалады. Босанудан кейінгі кезеңнің алғашқы аптасында қынаптың көлемі қысқарады. Оның қабырғаларының ісінуі, қызаруы, сызаттары жойылады. Қыздық пердеден емізікше тәрізді түзілістер қалады. Босанғаннан кейінгі үшінші аптаның соңында жатыр байламдары өз қалпына келеді. Аралықтың бұлшықеттері жарақаттанбаған болса, алғашқы күннен кейін бастап өз қызметін қалыптастыра бастайды да, босануданкейінгі кезеңнің 10-12 күндері өзінің қалыпты тонусына келеді.
Іш қабырғасы алдыңғы іш қабырғасының бұлшықеттерінің шамадан тыс созылуынан ұзақ уақыт бойы әлсіреген күйде болуы мүмкін. Бұлшықеттердің ажырауы, әсіресе, қайталап босануларда өмір бойы сақталуы мүмкін.
Босанғаннан кейінгі сүт безінің альвеолярлы жасушалары пролактинннің әсерінен алдымен уыз, содан кейін сүт өңдіріледі. 2-3 күн бойы сүт безінің секреті уыз болып табылады. Уыз – емшек ұшын қысқан кезде пайда болатын қою сұйықтық. Құрамы: уыз денешіктері, сүт дөңгелектері мен лейкоциттер кіреді. Сондай-ақ нәруыздар, май және қажетті май қышқылдары, фосфолипидтер, холестерин, дәрумендер, гормондар, минералды заттар т.б. бар. Босанғаннан кейін 2-3-күндері сүт пайда бола бастайды, сәби үшін ең қажетті қоректік тамақ сүт-ақ сұйықтық, реакциясы сілтілік.
Жүрек-қантамыр жүйесі: Әйел босанғаннан кейін айналымдағы сарысу көлемі, айналымдағы эритроциттер көлемі және айналымдағы қан көлемі шамамен 13 % төмендейді. Босанудан кейін бірден тахикардия, жүректің айдау көлемінің жоғарылауы, АҚ 5-6 % транзиторлы жоғарылауы байқалады.
Зәр шығару жүйесі: Босанғаннан кейін бірден қуықтың гипотониясы байқалады, оны ұзақ уақыт босану, ірі ұрықтың болуы да асқындырады. Жүктілік кезінде көбейген түйінді фильтрация, эндогенді креатинин клиренсі, босанғаннан кейін 8 аптада қалпына келеді. Бүйректік қан айналым босанғаннан кейінгі кезеңде азаяды. Оның қалыпты деңгейі орташа босанғаннан кейінгі 5-6 аптада қалпына келе бастайды.
Асқорыту мүшелері: Босанғаннан кейінгі кезеңде асқазан-ішек жолының біріңғай салалы бұлшықеттерінің атониясының салдарынан іш қату байқалуы мүмкін. Жиі (80℅ әйелдерде) босанудан кейін геморроидальды түйіндер пайда болады.
Достарыңызбен бөлісу: |