Инклюзивті білім беру.
Қазіргі балаларды оқыту кезінде ерте жастан бастап өмір бойы білім алу үшін жаһандық дағдылар мен қызығушылықтарды қалыптастыру өте маңызды. Осыған байланысты білім берудің мақсаты білім алушылардың үйлесімді қалыптасуы мен дамуына қолайлы, кең ауқымдағы дағдыларға ие білім беру кеңістігін құру болып табылады.
Инклюзия кез келген баланың білім алу қажеттіліктеріне бейімделген моральдық, материалдық, педагогикалық ортаны қалыптастыра отырып, мектептің барлық әлеуметтік процестерін терең қамтиды. Мұндай қолайлы жағдайлар тек ата-аналармен тығыз ынтымақтастықта, білім беру процесінің барлық қатысушыларының бірлескен командалық өзара іс-әрекеттестігінде ғана жасалуы мүмкін. Бұл жағдайда барлық балалар оларға табысты болуға, осы қоғамда қауіпсіздікті және өз орнын сезінуге мүмкіндік беретін қолдаумен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі уақытта мектептің міндеті – барлығын және әрқайсысын оқыту болып табылатындықтан, әрбір педагогтің көкейінде мынадай орынды сұрақтар туындауы тиіс: Мұны қалай іске асыруға болады? Барлығын қалай оқыту керек? Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды әдеттегі сыныпта қалай оқытуға болады? Оларға мақсатқа қол жеткізуге қалай көмектесуге болады және сол уақытта басқа балаларды қалай назардан тыс қалдырмауға болады? Сыныптағы барлық балалар табысқа жететіндей оқу процесін қалай құру керек? Бұл сұрақтарды бүгінде көптеген заманауи педагогтер қоюда, олардың көпшілігі осы мәселелерді оңтайлы шешу – дифференциалды оқыту деп санайды. Инклюзивті білім беру жағдайында негізгі мектеп мұғалімдерінің алдында әлеуметтік-мәдени интеграцияға және бейімдеуге байланысты проблемаларды шеше отырып, барлық білім алушылардың, оның ішінде ЕБҚ бар білім алушылардың жеке қасиеттерін дамыту деңгейін арттыру, түлектердің кәсіби дайындығын, өмірлік өзін-өзі анықтауын, әлеуметтік қауіпсіздіктегі мүдделерін, қажеттіліктерін іске асыруды қамтамасыз ету және бүкіл қоғам шеңберінде әлеуметтік-мәдени процестерге қосу міндеті тұр.
Жаңартылған мазмұнның оқу бағдарламасы оқытудың спиральды түрінде болады, яғни оқушы пәнді қайталаған сайын ақпарат қайталанады және есте қалады; спиральды білім беру бағдарламасы жеңілдетілген идеялардан күрделіге логикалық түрде ауысуға мүмкіндік береді; оқушылар білімді оқу немесе білім беру бағдарламаларының келесі бөлімдерінде қолдана алады. Спиральді оқыту моделінде құрылған оқу бағдарламалары оқушылардың сыныптан сыныпқа көшуіне қарай білім мен түсініктерді қайта қарауды көздейді. Мұндай бағдарлама ЕБҚ бар балалар бар сыныптардағы сабақтың мақсатын іске асыруға көмектеседі.
Инклюзивті білім беруде әртүрлі білім беру қажеттіліктері бар балалар оқу үдерісіне енгізілуі тиіс, ал білім беру ұйымдары бұл үшін оларға тиісті жағдай жасауы тиіс деп болжайды, өйткені барлық оқушылар мектеп қауымдастығының тең құқылы мүшелері болып табылады.
Оқыту қиындықтарының сипаты мен айқындылық дәрежесіне байланысты білім алушыда бір немесе бірнеше ерекше білім берілуіне қажеттілік айқындалуы мүмкін. Білім алушылардың ерекше білім берілуіне қажеттілігі білім алудың кез келген кезеңінде пайда болуы мүмкін.
Білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау ерекше білім беру қажеттілігін бағалау негізінде жүзеге асырылады. Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау – анықталған оқу қиындықтары мен олардың пайда болу себептері негізінде оқу процесінде оқушының қолдау түрлерін, формалары мен көлемін анықтау.
Қажеттіліктерді бағалауда білім алушыларды қолдау секілді деңгейлік сипатқа ие бола алады. Бір деңгейді қолдаудан қолдаудың қарқындылығын арттыру жағына да, қолдауды азайту жағына да басқа деңгейді қолдауға көшу мүмкіндігі бар.
Бірінші деңгейде оқушының қажеттілігі мен қолдауын бағалауды тікелей мұғалім жүзеге асырады, өйткені ол бірінші болып формативті бағалау процесінде оқытудың қиындықтарын анықтайды. Бұл жағдайда мұғалімнің міндеті – қиындықтар сипатын, олардың пайда болу себептерін өз бетінше анықтау, оқушының қалыптасатын білімдеріндегі олқылықтарды анықтау. Алынған ақпарат негізінде мұғалім әртүрлі әдістер мен жеке тәсілдеме арқылы сыныпта оқушыны қолдауды ұйымдастыруы қажет. Егер мұғалімнің барлық күш-жігеріне және жеке көмек беруіне қарамастан, білім алушыда бір және одан да көп негізгі пәндер бойынша оқу бағдарламасын меңгерудің қиындықтары бір тоқсан бойы сақталса, онда мұғалім психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінен көмек сұрай алады.
Екінші деңгейде қажеттіліктерді бағалау мен қолдауды тек мұғалім ғана емес, сонымен қатар психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі мамандарының командасы (психолог, логопед, дефектолог мұғалім, әлеуметтік педагог және т.б.) жүзеге асырады. Оқушының мамандардың көмегіне қажеттілігін бағалауды жүргізу үшін оқушының ата-анасының жазбаша келісімін алу қажет. Әрбір маман қажетті әдістер мен әдістемелерді қолдана отырып, оқушыларды оқытудың қиындықтарын тудыратын себептерді анықтау мақсатында психологиялық, логопедтік, арнайы педагогикалық тексеру жүргізеді.
Зерттеу барысында маман оқушы дамуының әлсіз жақтарын ғана емес, сондай-ақ оқудағы табысты болу үшін оқушының қолда бар ресурстарын да анықтайды. Тексеру нәтижелері бойынша мамандар келесілерді анықтайды:
- оқу бағдарламасының бейімделуіне оқушының қажеттілігі;
- оқушыға оқу-жаттығуда қиындықтарды жеңуге көмектесетін нақты мамандар (психолог, логопед, әлеуметтік педагог т.б.);
- ең тиімді оқыту әдістері мен тәсілдерін ұсыну;
- оқушының оқу орнын бейімдеу қажеттілігі.
Мамандардың көмек бағыттары мұғалімнің сабақтағы жеке тәсілдеме мазмұнымен, ата-аналар тарапынан оқушыға көмек мазмұнымен келісіледі. Мамандардың көмегі жеке немесе топтық сабақтарда көрсетіледі.
Мұғалім мен мамандардың көмегі бейімделген оқу бағдарламасын (1-3 оқу тоқсан бойы) табысты меңгеруіне әкелмеген жағдайда, қолдау қызметі оқушылардың ата-аналарының ұсынымдарын алу үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға жіберу туралы шешім қабылдауы мүмкін (ата-аналардың келісімімен).
Үшінші деңгейде оқушының қажеттілігін бағалауды психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның мамандары анықтайды, оның нәтижелері бойынша оқушыға оның ерекше білім беру қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ұсыныстар беріледі.
Білім беру жүйесін жаңғыртудың заманауи жағдайында мектеп барлық білім алушылардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, оқытудың түрлері мен әдістерін таңдау тұрғысынан неғұрлым икемді және бейімделген болады, сонымен қатар білім берудің жаңартылған мазмұнының бағдарламалары саралау және дараландыру принциптерін ұстануға жеткілікті жеңіл мүмкіндік береді. Бұл ретте білім беру процесінің барлық қатысушылары, бірінші кезекте, мектеп әкімшілігі мен педагогтер инклюзивті білім берудің басты қағидатын сақтауы тиіс: бала қолданыстағы шарттар мен нормаларға «сәйкес келмейді», керісінше, барлық білім беру жүйесі нақты баланың қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктеріне «ыңғайластырылады».
Ерекше қажеттіліктері бар білім алушы өзін мектепте сенімді және қорғалған сезінуі тиіс. Бұл жағдайда мәселе тек физикалық қауіп туралы ғана емес. Баланың психологиялық және эмоциялық қорғалуы маңызды.
Білім алушы, егер оған көмек қажет болса, міндетті түрде көмектесетініне, егер өз идеяларымен бөліскісі келсе, оны міндетті түрде тыңдайтынына, егер сұрақ туындаса, оған міндетті түрде жауап беретініне сенімді болуы керек
Арнайы мектептерде/сыныптарда оқушыларды оқыту дамудың бұзылу түрлері бойынша ұйымдастырылады:
есту қабілетінің бұзылымдары бар балаларға арналған;
көру қабілетінің бұзылымдары бар балаларға арналған;
ауыр тілдік бұзылымдары бар балаларға арналған;
тірек-қозғалыс аппаратының бұзылымдары бар балаларға арналған;
психикалық дамуының тежелісі бар балаларға (бұдан әрі – ПДТ) арналған;
зияттық бұзылымдары (жеңіл және орташа ақыл-ой кемістігі) бар балаларға арналған.
Арнайы мектептердегі/сыныптардағы бастапқы деңгейде оқу-тәрбиелеу процесі келесідей нормативтік-құқықтық құжаттармен реттеледі:
- Қазақстан Республикасының Білім және ғылым Министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 «Тиісті түрдегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережесін бекіту туралы» бұйрығы;
- Қазақстан Республикасының Білім және ғылым Министрінің 2017 жылғы 14 ақпандағы № 66 «Арнайы білім беру ұйымдарының түрлері қызметінің Үлгілік ережесін бекіту туралы» бұйрығы;
- Қазақстан Республикасының Білім және ғылым Министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 «Қазақстан Республикасының бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің Үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» бұйрығы;
- Ерекше білім беру қажеттігі бар оқушыларға арналған Үлгілік оқу бағдарламалары (ҚР БҒМ 05.02.2020 ж. № 51 бұйрығы).
Арнайы мектептерде/сыныптарда негізгі орта деңгейде оқыту ұзақтығы оқушылардың танымдық ерекшеліктерін, оқытудың баяулатылған қарқынын, жалпы білім беру пәндеріне оқу бағдарламаларының мазмұнын толыққанды игеруге ықпал ететін пропедевтикалық және толықтыру-дамыту бөлімдерін енгізу қажеттігін ескере отырып, 10 сынып есебінен 1 сағатқа ұзартылған. Оқу жылының 5-10 сыныптардағы ұзақтығы 34 оқу аптасы. Оқу күнінің тәртібі оқушылардың жоғары шаршағыштығы ескеріліп белгіленеді: бірінші ауысымда оқыту және үзілістерде демалуға уақыттың жеткілікті болуы. Есту, көру қабілетінің, тірек-қозғалыс аппаратының, ауыр тілдік бұзылымдары бар, психикалық дамуының тежелісі бар оқушыларға арналған Үлгілік оқу жоспарларының инварианттық бөлігінің жалпы білім беру пәндерінің тізбесі және олардың негізгі мазмұны Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының (бұдан әрі - МЖБС) талаптарына сәйкес келеді (ҚО БҒМ 31.10.2018 ж. № 604 бұйрығы). Оқыту оқушылардың психикалық-дене ерекшеліктері мен танымдық мүмкіндіктері ескеріліп, бастауыш орта білімнің оқу бағдарламасының негізінде әзірленген арнайы оқу бағдарламасы (бағдарламалар Академияның –www.nao.kz сайтында орналасқан) ретінде де жалпы білім берудің оқу бағдарламасы ретінде де пайдаланумен іске асырылады. Екінші (қазақ немесе орыс) және үшінші (ағылшын) тілдерін оқыту оқушылардың тілдік даму деңгейі ескеріліп іске асырылады, оқыту әдістерін бейімдеу және жетістіктерді бағалау қарастырылған. Оқу процесінде арнайы ОӘК, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептерге арналған ОӘК пайдаланылады. Көрмейтін балаларды оқыту жалпыға білім беретін мектептерге арналған Брайль қарпімен, ал нашар көретіндер үшін ірілендірілген қаріппен басылған оқулықтар бойынша жүзеге асырылады.
Зияттық бұзылымдары бар оқушыларға арналған Үлгілік оқу бағдарламалар бөлімдерінің және оқу пәндерінің тізбесі, сондай-ақ оқу бағдарламалары мен оқулықтарының мазмұны МЖБС талаптарына бағдарланбаған. Оқу процесі жеңіл және орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған Үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкес арнайы оқулықтар мен оқыту әдістемесін пайдаланумен арнайы оқу бағдарламалары бойынша іске асырылады. Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушылар саны жеткілікті болғанда осы оқушылар үшін арнайы сыныптары бар екінші бөлім ашылады. Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқыту орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған Үлгілік оқу бағдарламаларынының негізінде жасалған Үлгілік оқу бағдарламаларына және жеке оқу бағдарламаларына сәйкес және сынып педагогы мен психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мамандарының оқушыны кешенді психологиялық-педагогикалық зерттеу негізінде іске асырылады. Жеке оқу бағдарламасы жарты жылға жасалады, оқытудың жеке бағдарламасы жүзеге асырылғаннан кейін әрбір оқушыны жетістігін талдау жүргізіледі және келесі жарты жылға жеке оқу бағдарламасы жасалады. Педагог әрбір оқушының жеке мүмкіндіктерін және білім беру және жеке жетістіктерге мониторинг жүргізу нәтижелерін ескере отырып, оқытудың мазмұнын, әдісін, нысанын, дидактикалық құралдарын дербес таңдайды. Екінші бөлімнің сыныптарында оқыту мазмұны мыналарды қалыптастыруға бағытталған: өзі туралы түсінік; өзіне қызмет көрсету және өмір сүруді қамтамасыз ету дағдылары; қоршаған орта туралы және ортада бағдарлану туралы қол жетімді ұсынымдар; коммуникативтік біліктер; пәндік-практикалық және қол жетімді еңбек қызметі; практикалық бағытталған және тәрбиеленушілердің психикалық-дене мүмкіндіктеріне сәйкес келетін жалпы білім беру пәндері бойынша қолжетімді білімдер.
Үлгілік оқу бағдарлама негізінде ұйым онда оқытылатын оқушылар құрамының ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, әрбір сынып үшін Жұмыс оқу жоспарын жасайды. Оқушылардың ерекше білім беру қажеттіліктеріне сәйкес Үлгілік оқу бағдарлама оқу пәндері арасында (Үлгілік оқу бағдарламасының жалпы сағаттар саны шеңберінен шықпай) педагогикалық кеңестің шешімі бойынша сағаттарды қайта бөлуге рұқсат етіледі. Білім беру ұйымы оқушылардың ата-аналарымен немесе оларды ауыстыратын тұлғалармен бірлесіп, оқытылатын пәндер тізбесін анықтайды, үйде жеке оқытудың Үлгілік оқу жоспарының бөлінген сағаттарының шегінде сыныптар бойынша пәндер сағаттарын олардың жеке мүмкіндіктеріне сәйкес бөледі.
Арнайы мектепте/сыныпта оқу-тәрбилеу процесі мектеп штатының психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мамандары (психолог, логопед, арнайы педагогтар: тифлопедагог, сурдопедагог, олигофренопедагог, сондай-ақ ЕДК нұсқаушысы, әлеуметтік педагог) жүргізген әрбір оқушының қажеттілігін психологиялық-педагогикалық бағалау мәліметтеріне негізделген, сарамалы және жеке тәсілдер қолданылады. Психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету педагогтары мен мамандарының жұмысы мектеп директоры бекітетін жергілікті нормативті актілермен реттеледі. Арнайы мектеп/сынып оқушылары психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мамандары жүргізетін фронталды, топ бөлімдеріндегі және жеке сабақтарда оқушылар Үлгілік оқу жоспарының тиісті бөлімінде қарастырылған сағаттар шеңберінде (түзету құрама бөліктері) арнайы психологиялық-педагогикалық көмегін алады. Психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мамандарының барлық арнайы мектептер мен арнайы сыныптар түрлерінде сабақ өткізулері міндетті болып табылады. Сабақтардың негізгі міндеттері:
1) есту қабілетінің бұзылымдары (естімейтін, нашар еститін) бар балалар үшін:
- жоғары психикалық функцияларды қалыптастыру, жалпы білім беру пәні бойынша білімді меңгеру базасы сияқты тұрмыстық ұғымды игеру үшін тілді меңгеру;
- электр акустикалық аппаратурасын пайдаланып, естіп қабылдауды қарқынды дамыту жағдайында қозғалыс пен тілді дамыту;
- оқушының коммуникативтік қызметін қамтамасыз ету, сөйлесу-күнделікті сөздік қорын дамыту.
- ауызша тілді қалыптастыру және сөйлеу естілімін дамыту;
- есту арқылы қабылдауды, айтуды, еріннен оқуды оқушылардың ауызша тліін қалыптастырудың және жетілдірудің есту-көру негізі ретінде дамыту.
Республика мектептерінде естімейтіндерді оқыту процесі есту-көру негізінде іске асырылады, ымдау тілі оқыту процесінде бағдарламалық материалды аса терең түсіну үшін көмекші құрал ретінде пайдаланылады;
2) көру қабілетінің бұзылымдары (көрмейтін, нашар көретін) бар оқушылар үшін:
- көздің қалдық көруін және көру арқылы қабылдауды дамыту;
- әлеуметтік-тұрмыстық бағдар (ӘТБ);
- кеңістікте бағдарлау;
-бет қимылы мен пантомимиканы дамыту;
-тіл дамуының және қозғалыс кемшіліктерін еңсеру;
3) тірек-қозғалыс аппаратының бұзылымдары бар оқушылар үшін:
- қозғалу саласын қалыптастыру және жетілдіру;
- танымдық қызметті дамыту;
- тіл дамуының кемшіліктерін еңсеру;
4) ауыр тілдік бұзылымдары бар оқушылар үшін:
- тіл дамуындағы ауытқуларды меңгеру;
- моторлық, тілдік моторлық, тілдік ойлау қызметін дамыту;
5) психикалық дамуының тежелісі бар оқушылар үшін:
- білімін және қоршаған болмыс туралы түсінігін байыту, дамудың алдыңғы сатысындағы олқылықтың орнын толтыру;
- жалпы қозғалыс пен қозғалысты үйлестіруді дамытудағы ауытқуларды еңсеру;
- тіл дамуындағы кемшіліктерді еңсеру;
- танымдық қызметін және эмоционалдық-жеке саланы дамыту;
- оқу қызметін қалыптастыру;
- оқу бағдарламаларын игерудегі олқылықтарды толтыру.
6) зияттық бұзылымдары (жеңіл және орташа ақыл-ой кемістігі) бар оқушылар үшін:
- қозғалу саласын (жалпы және ұсақ қозғалыс) жетілдіру;
- эмоционалдық саланы, коммуникативтік дағдыларды, әлеуметтік қонымды мінез-құлық нормаларын дамыту;
- танымдық қызметті дамыту;
- оқу қызметін дамыту.
Түзеу циклының сабақтары топта, қосымша топтарда күннің бірінші және екінші жартысында жеке өткізіледі.
Түзеудің құрама бөліктерінің пәндерін оқу жоспарының инварианттық құрама бөліктерінің пәндерімен ауыстыруға, сондай-ақ бұл сағаттар санын қысқартуға рұқсат етілмейді. Оқытудың толықтыру-дамыту бағыттанылуы жалпы білім беру циклының, түзеу пәндерінің шеңберінде, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесінде жүзеге асырылады.
Еңбекке оқыту, жұмысшы кадрларының қажеттілігіне бағдарланған өңірлік, жергілікті жағдайларға қарай және тәрбиеленушілердің психикалық-дене дамуының жеке ерекшеліктері, денсаулығы, мүмкіндіктері мен олардың және ата-аналарының немесе заңды тұлғаларының мүдделері ескеріле отырып, еңбек саласын таңдау негізінде ұйымдастырылады. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушыларды еңбекке оқыту Үлгілік оқу бағдарламасы бойынша немесе оқушылардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктері ескеріліп, мұғалімдер дайындаған және мектептің педагогикалық кеңесі бекіткен бағдарламалар бойынша жүргізіледі. Кәсіби-еңбекке оқыту сабақтары бойынша сыныптар 5-ші сыныптан бастап, ал ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған сыныптар 4-ші сыныптан бастап екі топқа бөлінеді. Еңбек түрлері бойынша топтарды жинақтау оқушылардың психикалық-дене күйі және мүмкіндіктері ескеріліп, дәрігердің ұсынысы бойынша іске асырылады. Оқушыларды қатар және аралас сыныптардан қосымша топтарға біріктіру мүмкін болады. Ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған мектепте оқыту еңбекке оқыту бойынша емтихан тапсырумен аяқталады. Оқушылар белгіленген тәртіппен бітіру емтиханынан босатылуы мүмкін. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бойынша сабақтарды өткізу кезінде сынып екі топқа бөлінеді.
Еңбекке оқыту саласы бойынша факультативтік сағаттар мен элективтік курстардың сағаттары, жалпы білім беру циклының пәндерін үйренуге, жаңа пәндерді, қосымша білім беру модульдерін, арнайы курстарды енгізуге және оқушыларды әлеуметтендіруге, даму кемшіліктерін еңсеруге, мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге ықпал ететін практикумдар, сабақтары үшін пайдаланылады.
Негізгі мектептің курсы ішінде жалпы білім беру бағдарламаларын табысты игерген оқушылар үшін жалпы орта білім және мамандық алу мақсатында әрі қарай кәсіби колледждерде, кешкі мектепте оқу мүмкін болады.
Есту, көру қабілетінің, тірек-қозғалыс аппаратының, ауыр тілдік бұзылымдары бар, психикалық дамуының тежелісі бар оқушыларға арналған арнайы мектепті бітірушілер алған білімінің деңгейін растайтын мемлекеттік үлгідегі аттестат алады. Жеңіл және орташа ақыл-ой кемістігі бар мектеп бітірушілер арнайы білім беру ұйымының осы түрі үшін белгіленген үлгідегі аттестат алады (ҚР БҒМ 2015 жылғы 28 қаңтардағы «Мемлекеттік үлгідегі білімі туралы құжаттар түрі мен нысанын және оларды беру Ережесін бекіту туралы» № 39 бұйрығы).
Достарыңызбен бөлісу: |